Тоқыраған аудан тұрғындары Теміртауға қоныстана бастады

Бір бөлігі қоныс аударушыларға берілген үйдің сыртқы көрінісі. Теміртау, 19 қыркүйек 2012.

Қарағандыдағы тоқырауға ұшыраған аудандардың 300-ден аса тұрғыны (160 отбасы) Теміртауға қоныстанды.

Қоныс аудару «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілді.

ЖАЛҒА БЕРІЛГЕН БАСПАНА

Теміртау әкімдігі тоқырауға ұшыраған аудандардан қоныс аударған тұрғындарды орналастырған көп қабатты үш тұрғын үй бюджет есебінен жөнделді. Пәтерлердің біразын баспана кезегінде тұрған мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтар алды. Қалған баспананы Қарағанды облысының болашағы жоқ аудандарынан көшіп келген тұрғындарға бөліп берді. Азаттық тілшісі сондай үйлердің біріне барып қайтқан еді.

Қаланың 71 кварталындағы бұрын жатахана болған тоғыз қабатты №43Б үйді төрт қабатты ғимарат етіп қайта жасапты. Дәліздері ұзын, адасып кетуге болады. Бір қабатта он шақты пәтер бар.

22 жастағы Азамат Өтебергенов Теміртауға билік болашағы жоқ санатындағы ауылдар қатарына қосқан Ақтау кентінен қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшіп келіпті. Оған бұрын отбасылық типтегі жатақхана болған үйден баспана беріпті. Азамат шағын бір бөлмелі пәтерді жалға алыпты. Ол – еңбекпен қамту бөлімі ұсынған жұмысқа орналасудан бас тартқандардың бірі.

Азамат Өтебергенов, қоныс аударушы. Teміртау, 19 қыркүйек 2012.

– Қоныс аудару бағдарламасы бойынша мұнда жалғыз көшіп келдім. Әке-шешемнің кентте өз үйі бар, олар сонда қалды. Мұнда көшіп келерде бөлінген 16 мың теңге субсидияны карточкама аударды. Басқа қоныс аударушылар сияқты мен де келісім-шартқа отырдым. Жұмысты өзім тауып алдым. Ең бастысы, жұмысы бар, азып-тозған ауылға қарағанда тұрмысы тәуір қалаға көшіп келдім. Қазір қаладағы фирмалардың бірінде күзетші болып жұмыс істеймін. Айына 50 мыңдай жалақы аламын. Қазір мамандығым бойынша басқа жұмыс іздеп жатырмын. Мен – құрылысшымын. Келесі жылы Теміртаудағы индустриалды университетті бітіремін. Сырттай оқимын. Дипломды маман болмақпын, – деді Азамат Өтебергенов Азаттық тілшісіне.

Азаматтың пәтерінен бір қабат жоғары тұратын көп балалы отбасы да Ақтау кентінен көшіп келіпті. Теміртауға келген соң отағасы мен әйелі жұмысқа орналасыпты. Алты баланың кішісі – үш жаста, үлкені – 16-да.

– Біздің отбасымызға жалға үш бөлмелі пәтер берді. Тұруға әбден болатын баспана екен. Көңілімізден шықты, – дейді отағасы.

ҚОНЫС АУДАРУ АЯҚТАЛДЫ

Теміртау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі мамандар Азаттық тілшісіне құлдыраған ауылдардан тұрғындарды көшіру бағдарламасы биыл мамыр айында басталып, тамыздың соңында аяқталғанын айтты. Теміртауға қоныс аударған 160 отбасының (барлығы - 334 адам) 137-сі – Ақтау кентінен, 23 отбасы – Қарағанды облысының Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаров, Жаңарқа, Шет және Бұхар жырау аудандарынан көшіп келген.

Жұмыспен қамту бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әсел Нәбиеваның айтуынша, қоныс аударушыларға көші-қон жәрдемақысы беріліпті. Ақтау кентінен көшіп келген отбасының отағасыға 16 180 теңге тиген. Ал отбасының әр мүшесі 8 400 теңгеден алыпты. Аудандардан көшіп келгендер үшін қарастырылған жәрдемақының мөлшері бөлек: отағасы 40 450 теңге, ал оның отбасының әр мүшесі 24 270 теңге алыпты.

«Бұл – бір рет берілетін көмек. Енді олар отбасын өздері асырауы тиіс» дейді Әсел Нәбиева.

– Біз көшіп келген тұрғындарды жұмысқа орналастыруға да көмектесеміз. Көшіп келгендер қаланың өндірістік кәсіпорындары мен жеке меншік шағын секторға жұмысқа орналастырылды. Сегіз адам «жұмысты өзіміз табамыз» деп, біздің ұсынысымыздан бас тартты. Біреулеріне еңбек жағдайы ұнамаса, енді бірі жалақыны азырқанды, – дейді жұмыспен қамту бөлімінің директорының міндетін атқарушы Әсел Нәбиева.

Теміртау көшелерінің бірі. 13 маусым, 2012. Көрнекі сурет.

Әсел Нәбиеваның айтуынша, қалаға қоныс аударушыларға пәтерлер жалға берілген. Жалдау ақысы пәтердің көлеміне қарай. Коммуналдық және басқа қызметтерге бөлек төлейді. Баспананы жалға беруден түскен ақша республикалық бюджетке аударылады.

– Қазір тұрғындар орналысып болды. Бос пәтер жоқ. Оларға пәтер қаланың 71 кварталындағы 43Б, 4А кварталындағы 1А, Шоқан Уәлиханов көшесіндегі 14-үйден берілді. Азаматтарға бұл пәтерлер қызметтік баспана ретінде берілді. Бұл үйлерді олар қалдық құнымен бес жылдан кейін ғана жекешелендіре алады. Жекешелендіру тәртібі бойынша олар осы пәтерлерде бес жылдан кем тұрмауы керек және жұмыс істеуі тиіс. Көшіп келгендердің дені – оралмандар. Әр түрлі жастағы адамдар бар, бірақ отағасылардың арасында зейнет жасындағылар жоқ. Биылға бөлінген пәтердің бәрі беріліп болды. 2013 жылға пәтер әлі бөлінген жоқ. Жоспарда бар. Бірақ бізге әлі жауабын берген жоқ. Бағдарлама бойынша жұмысты 2014 жылы да жалғастырамыз. Яғни үй болса, қоныс аудару бағдарламасы да жалғасады, – дейді Әсел Нәбиева.

Әсел Нәбиеваның айтуынша, «Жұмыспен қамту бөлімі қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар мен қаладағы жұмыссыздар үшін ай сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізеді. Алғашқы жәрмеңкеден соң 10 адам жұмысқа орналасуға жолдама алды, екінші жәрмеңкеге 100 адам қатысып, 50 адам жолдама алды».