Ресми инфляция мен нақты инфляция

Базар. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.

Нақты құнын жоғалтқан теңге біртіндеп құнсызданып барады. Жылына 5-10 пайызды құрайтын «сырғымалы» инфляция қарапайым азаматтардың қалтасын жұқартады.
Қарапайым қазақстандықтар инфляция немесе бағаның өсуіне наразы. Базар не дүкенде сауда жасап, коммуналдық қызметтің ақысын төлеген адам бағаның қалай өскенін байқайды.

Сарапшылар инфляцияның себебін тиімсіз ақша-несие саясатын жүргізуден, Қазақстан экономикасының шикізат экспортына ғана сүйенуінен іздейді. Табиғи ресурстар экспортына сүйенген елде инфляция көтеріледі.

БАҒА ЖӘНЕ БАҒАНЫ БАҚЫЛАУ

Ресми статистика деректері бойынша, биыл қыркүйек айында тауар және қызмет бағасы тамыз айымен салыстырғанда 0,2 пайызға өскен. Жыл басынан бері азық-түлік өнімдерінің бағасы 4,6 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 3,1 пайызға, ақылы қызметтер 11,4 пайызға қымбаттаған. Бірақ қазақстандықтар ресми статистикаға сене бермейді.

Инфляцияның көтерілуіне наразы тұрғындар «баға мемлекеттің ықпалымен реттелуі тиіс» дейді. Азаттық тілшісімен әңгімелескен Өскемен қаласының тұрғыны Клара Қабиева:

– Қазақстанда инфляцияны дұрыс есептемейді де, «инфляция төмен» деп жар салады. Бірақ азық-түліктің бағасы жыл сайын қымбаттайды. Азық-түлікті былай қойғанда, қызмет түрлерінің де бағасы өсіп барады. Инфляцияны ұстау үшін үкімет халық тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыруы тиіс деп ойлаймын, – деп қынжылады.

10 мың теңгелік банкноттар. Алматы, 4 желтоқсан 2010 жыл.

Егер бұрын қарапайым халық бағаның зейнетақы мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысына ілесе өсетінін байқаса, қазір жалақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың көбінің деңгейі өзгермесе де, тауар мен қызмет бағасы қымбаттайды.

Экономика ғылымдары докторы Арсен Сүлейменов тамақ өнімдері, коммуналдық тарифтер, жарық пен газдың бағасын үкімет реттеуге міндетті деген идеяны құптайды. «Елге мықты теңге керек, ал ұлттық банк оның курсын рубль мен доллардың бағамына тәуелсіз етуі тиіс» дейді ол. Сүлейменовтің айтуынша, елдегі инфляция деңгейі туралы дұрыс ақпарат берілмейді.

– Үкімет жариялайтын инфляция деңгейі мен базардағы бағаның айырмасы – жер мен көктей. Қазақстанда инфляция сыртқы сауда көлеміне қарай есептелсе, базардағы баға ішкі сұранысқа қарай белгіленеді, – дейді Арсен Сүлейменов.

«ГОЛЛАНДИЯ АУРУЫ» ҚАУПІ

Инфляция көп жағдайда құрылымдық диспропорция мен экономиканы реттеу механизмдерінің дұрыс қолданылмауы кесірінен көтеріледі.

«Макроэкономикалық зерттеулер орталығының» директоры, экономист Олжас Құдайбергенов:

– Біздегі инфляция қорлардың тозуы мен тарифтердің өсуі, өңдеуші өнеркәсіп саласының әлсіздігі, несиелендірудің жоғарғы ставкасы сияқты ішкі себептердің әсерінен ғана көтеріледі, – дейді.

Дүкен. Қазақстан, Орал, 6 ақпан 2009 жыл.

Өндіруші салалар басымдыққа ие болатын құрылымдық диспропорция экономикада үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Энергия көздері мен басқа да пайдалы қазбаларды сыртқы нарыққа шығарып сатқан елге қыруар валюта түседі. Мұнай экспортының өсуі инфляция мен жұмыссыздықты өсіріп, өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін экспорттауды төмендетеді, кірістің өсу қарқынын бәсеңдетеді. «Голландия ауруына» ұрынбау үшін үкімет пен ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды реттеу тетіктерін қосады.

«Голландия ауруы» дегеніміз – өндіру секторына ғана басымдық беру салдарынан ұлттық валютаның нақты бағамын нығайту арқылы экономикалық дамуға тигізетін кері әсер.

Әр елдің өзіндік инфляциялық ерекшеліктері мен онымен күресудің түрлі әдістері бар. Қазақстандық мамандар инфляция деңгейін түсіру үшін түрлі жолдар ұсынады. Мысалы, экономист Олжас Құдайбергенов ұлттық банктің ақша-несие саясатын жұмсарту арқылы банк жүйесін ұзақ мерзімді несиемен қамтамасыз етуге болады деп есептейді. Бұл жағдайда банктер инвестициялық жобаларды 5-7 пайызбен несиелендіруге мүмкіндік алар еді. Оның пікірінше, бұл шаралардың арқасында банктер қорларын жаңартып, ал экономика өзінің өндіріс саласын кеңейтіп, импортқа тәуелділікті азайта алады да, тарифтердің өсуі тоқтайды.

Мақаланы әзірлеуге Руслан Меделбек қатысты.