Қамау орындарында азаптау тыйылмай отыр

Көрнекі сурет.

"Қылмыстық реформа мониторингі мен адам құқықтары комитеті" қоғамдық ұйымы жетекшісі Светлана Ковлягина Қазақстандағы азаптауға қатысты "алаңдатарлық" ахуалға байланысты тұтқындар шағымдана алатындай қауіпсіз тетіктерді іске қосу қажет деп санайды. Ол Астанада алты аймақтағы қамау орындарында арнайы жүргізілген мониторинг қорытындысымен таныстырды.

"РЕЗЕҢКЕ ШӘРКЕЙЛЕР БАР, ӘЖЕТХАНА ЖОҚ"

Қоғамдық ұйым өкілі ұсынған мониторинг қорытындысында колонияларда видеобақылау камералары орнатылып жатқаны игі шара ретінде аталған, енді "түрме әкімшіліктерінде тұтқындардың не істеп, немен айналысатынын бақылап, мұндай оқиғаларды (азаптау мен зорлық-зомбылықты айтады - Азаттық) дер кезінде тойтару мүмкіндігі бар".

Павлодар облыстық адвокаттар алқасының адвокаты әрі "Қылмыстық реформа мониторингі мен адам құқықтары комитеті" қоғамдық ұйымы жетекшісі Светлана Ковлягина:

- Мекемелерде резеңке шәркейлер барын да игі іс ретінде атауға болады. Ұсақ-түйек болғанымен, жақсы нышан. Душқа барған кезде тұтқындарға резеңке шәркейлер береді. Бұған қоса, тұтқындардың спортпен шұғылдануы үшін қарапайым тренажерлер орната бастаған. Біздің заңдарда тұтқынға дене жаттығуларымен айналысуға мүмкіндік жасалады деп жазылмаған, - дейді.

Бұған қоса, оның айтуынша, кей колониялар "ақша қарастырып душ кабиналарын орнатып жатыр, ал орталықтандырылған ыстық су жүйесі жоқ колонияларда су жылытқыш құралдар пайдаланылады; ауыз су [тұрақты берілетін желісі] жоқ колонияларда ауыз су құйылған үлкен ыдыстар тұр".

Бірақ Светлана Ковлягинаның сөзінше, мониторинг кезінде көптеген кемшіліктер де анықталған.

Камераларында желдеткіш шағын терезесі де жоқ мекемелер бар. Бұл үлкен проблема.

- Камераларында желдеткіш шағын терезесі де жоқ мекемелер бар. Бұл үлкен проблема. Камерада отырған адамдар бөлмені өздігінен, қалаған кезде желдете алмайды. Желдеткіш терезелер сырттан ашылады. Жаздың ыстығында не болатынын ойлаңыздаршы, әрі камераларда бір-екі адам ғана отырмайды ғой, - дейді Светлана Ковлягина.

Осындай жайттың кесірінен туберкулезге шалдыққан тұтқындар да бар. Кей түрмелерде санитарлық торапты оқшауламаған әрі қоршамаған. Күзде жылуды қосқанға дейін колониялардың көбінде қатты суық болады, еш жерде жылыту құралдары жоқ. Түрмелердегі жарық та көмескі, сондықтан өзге қиындықтардан бөлек, тұтқындардың көруі де нашарлайды.

Қазір ешкім маршпен жүрмейді дегенге бізді иландыруға тырысады, бірақ мұндай шағымдар бір емес, бірнеше облыстан түсті.

Ковлягинаның сөзінше, колонияларда тұтқындарды маршпен, сап түзеп жүруге мәжбүрлейді, тіпті әлі сотталмаған адамдар отыратын тергеу абақтыларының өзінде тұтқындардың шашын тықырлап алып тастайды. Бұл кінәсіздік презумпция принципін бұзады дейді ол.

- Қазір ешкім маршпен жүрмейді дегенге бізді иландыруға тырысады, бірақ мұндай шағымдар бір емес, бірнеше облыстан түсті. Демек ондай оқиғалар болып тұрады, - дейді Светлана Ковлягина.

Белсенділер әзірлеген есептердің көбінде тұтқындар кейде денесін жарақаттап, зақым келтіреді, кейін оларды түрме тәртібін бұзғаны үшін қосымша қылмыстық жауапқа тартады, бірақ тұтқын денесін не үшін жарақаттағанын анықтауға ешкім тырыспайды деп көрсетілген.

Кей аймақтарда тұтқындардың түрмеде "сұмдық" жағдайда отырғаны айтылған: түрме баяғы заманда салынған ескі, орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ ғимараттарда орналасқан, ал әжетханалары далада тұр.

- Жаны сірі адам болмаса, мұндай азапқа шыдау мүмкін емес, - дейді Светлана Ковлягина.

Қамау мекемелеріндегі азаптау тақырыбына арналған жиынға қатысушыларға бас прокуратура өкілдері көрсеткен слайд. Астана, 21 қараша 2017 жыл.

Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова Азаттыққа "азаптау мен қатігездікке қатысты жаппай шағыммен қазір маған Қазақстанның бар аймағынан жүгініп жатыр" дейді. Оның сөзінше, қазір қолында бар 10 шағымның төртеуі – Семейдегі колония тұтқындарынан түскен. "Денесін жарақаттады" деген айып бойынша істерін сот қарап жатқан тұтқындардың енді жаза мерзімін ұлғайтуы мүмкін.

- Ал олар неліктен бұлай істеді деген сұрақ туады. Еріккеннен бе? Олар аяусыз азаптауға төзе алмаған. Өздерін азаптап, қорлағандықтан тұтқындар денесін жарақаттап тастаған. Олардың арыздарын, әрине, ешкім алмай қойған, прокуратураға жолдамаған, есесіне үстерінен жаңа іс қозғаған, - дейді Елена Семенова.

Бұған қоса, Семенованың айтуынша, туыстары азаптауға ұшыраған тұтқындарға түрмелерде медициналық көмек көрсетпейді, ал тіпті қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) белсенділеріне берсе де, арыз-өтініштері түрмеден шықпайды деп шағымданған. Елена Семенованың сөзінше, кей еріктілер тұтқындарға көмектесуге құлықсыз, олар беделін ғана ойлап, ақша дәметеді.

- Естір құлақ болса, ол жақта (колонияларда - Азаттық) азаптау жайлы ашық айтуға әзір адамдар көп, - дейді Елена Семенова.

"Қадыр-Қасиет" қоғамдық ұйымының тұтқындардың ар-намысын құрметтеу, азаптаудан қорғау құқығын сақтау жайына қатысты жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша есебінде бас прокуратураға қарасты құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті дерегі келтіріліп, былтыр азаптау туралы 78, ал биылғы жылдың тоғыз айында - 100 хабарлама тіркелгені айтылған.

ЖАБЫҚ МЕКЕМЕЛЕРГЕ АРНАЛҒАН "ЖАБЫҚ" ҰСЫНЫСТАР

Бас прокуратураға қарасты екінші қызмет, яғни күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің аға прокуроры Ержан Жақыповтың сөзінше, қазіргі кезде "түзеу мекемелерінде аяқты қадап басып, сап түзеп жүру жаттығуларына тыйым салынған, бұрын олар күн тәртібіне енгізілген болатын".

Ол "Азаптаудан ада қоғам" жобасы аясында бас прокуратура мемлекеттік органдармен бірлесіп азаптаудың алдын алу шараларының тиімділігін арттыру жөнінде заң жобасы әзірленгені туралы айтты.

Азаптау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтіп, қылмыстық жауапқа тартылатын субъектілер тізімін ұлғайту ұсынылған.

- Жобада азаптау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтіп, қылмыстық жауапқа тартылатын субъектілер тізімін ұлғайту ұсынылған. Азаптау істері бойынша сотқа дейін бітімге келу немесе бас бостандығынан айыру жазасынан құтылып кету мүмкін болмайтындай етіп жасауды ұсындық, - дейді Ержан Жақыпов.

Оның айтуынша, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Қарағанды мен Павлодар қалаларында азаптауға қатысты шағымдарды арнайы прокурорлар ғана тексере алатын жүйе сынақтан өтіп жатыр, қазір олардың қарауында 92 қылмыстық іс бар.

- "Жәбірленушілерге келтірілген зиянды өтеу қоры туралы" заң жобасын мәжіліс биыл ақпанда алғашқы оқылымда мақұлдаған болатын. Оның мақсаты – азаптау құрбандарын оңалту және оларға келген зиянды өтеу. 30 АЕК (айлық есептік көрсеткіш – Азаттық) көлемінде ақшалай өтемақы қарастырылған, - дейді Ержан Жақыпов.

Бірақ ол Азаттыққа әлгі қор жайлы толығырырақ айтып бере алмай, бас прокуратураның баспасөз қызметіне хабарласуға кеңес берді.

"Халықаралық түрме реформасы" (Penal Reform International - PRI) ұйымының аймақтық директоры Азамат Шамбилов. Алматы, 16 маусым 2017 жыл.

Penal Reform International ("Халықаралық түрме реформасы") ұйымының Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбиловтың айтуынша, Қазақстан азаматтары, яғни салық төлеушілер еркіндігінен айыру және шектеу орындарында не болып жатқанын білуі тиіс, ал бұл үшін Қазақстан билігі БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің ұсыныстарын ашық жариялауы керек. Қазақстан БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына қосымша факультативтік хаттамаға қол қойғандықтан, аталған комитеттің өкілдері былтыр елге алғаш рет келген. Қазір "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы өкілдері Қазақстан түрмелері мен тергеу абақтыларындағы жағдай бойынша ұсыныстар тізімін әзірлеген. Азамат Шамбиловтың айтуынша, билік сараптамалық шолуды ел азаматтары түгілі, жабық мекемелерді аралайтын ҚБК (қоғамдық бақылау комиссиялары) мен ҰПМ-мен (ұлттық превентивтік механизм) де әлі күнге дейін бөліспеген.

- Дамыған елдерде транспаренттілік (ашықтық) және мемлекетті есеп беруге міндеттейтін принциптерді ұстанады. Бұл "мемлекет азаматтар үшін, азаматтар мемлекет үшін" деп аталады. Ал Қазақстанда ақпаратқа, жабық мекемелер бойынша ақпаратқа қол жеткізе алмаймыз, сондықтан Қазақстан үкіметінен әлгі құжатты жария етіп, жұртқа таныстыруды және БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің факультативтік хаттамасына Қазақстан қосылған 2008 жылдан бері қандай істер атқарылғаны жайлы айтып беруін сұраймыз, - дейді Азамат Шамбилов.

Оның сөзінше, Қазақстан хаттамаға қосылған 10 жылдан бері бірталай шаруа атқарылған, бірақ азаптауды түп-тамырымен жоюға қатысты міндеттер қандай деңгейде шешіліп жатқанын білу қажеттігі туындап отыр.