Accessibility links

Азаптауды тоқтату амалдарын ұсынады


Полициядағы азаптау видеосынан алынған скриншот.
Полициядағы азаптау видеосынан алынған скриншот.

Қазақстанда заң бұзу күдігіне ілінген адам полиция күш қолданған сәттен бастап азаптау әрекеттеріне тап болуы мүмкін. Құқық қорғаушылар түрме басшылығы әдетте «екі жақтың келісімімен болған секс» деп көрсетуге тырысатын тұтқын әйелдерді зорлауды да азаптау деп тану керек дейді.

ГУЛАГТЫҢ ҚАРУЛАНДЫРЫЛҒАН МҰРАСЫ

Азаптау тәсілдері көбінесе күдікті ретінде ұсталғаннан кейін, уақытша қамау абақтысында отырған алғашқы үш тәулік ішінде, айып тағу үшін «қылмысын күшпен мойындату» кезінде қолданылады.

Жуырда Алматыда өткен «Еркіндікті шектеу орындары: болашаққа азаптаусыз барайық!» деген оптимистік тақырыпта өткен конференцияда бұған 2008 жылы ұрлық жасады деген күдікпен ұсталғаннан кейін азаптауға душар болып, кейін сотталған Қостанай облысы Рудный қаласы тұрғыны Расим Байрамовтың тағдыры көрнекі мысал бола алатыны айтылды. Байрамов түрмеде үш жыл отырып шыққан, оны денсаулық жағдайына байланысты босатқан. Адвокаты Снежанна Кимнің айтуынша, ол азаптау зардаптары мен түрмеде шалдыққан ауыр дерттен 2016 жылғы ақпанда 33 жасында қайтыс болған.

Қостанай облысының Рудный қаласы тұрғыны Расим Байрамовтың адвокаты Снежанна Ким (сол жақта) және Қазақстанның адам құқықтары бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллермен түскен суреті. Қостанай, 12 ақпан 2015 жыл.
Қостанай облысының Рудный қаласы тұрғыны Расим Байрамовтың адвокаты Снежанна Ким (сол жақта) және Қазақстанның адам құқықтары бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллермен түскен суреті. Қостанай, 12 ақпан 2015 жыл.

Айып тағылғаннан кейін күдікті айыпталушы санатына өтеді. Әдетте сот екі айға қамауға санкция береді – бұл кезде қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіледі, ал айыпталушы тергеу абақтысында отырады. «Айыпталушылар тергеу абақтысында отырған кезде азаптауға душар болуы ықтимал, өйткені тергеу өкілдері алғашқы үш тәулік ішінде нақты деректер келтіріп, күдіктіге «қылмысын толық көлемде мойындатып» үлгермеуі мүмкін» дейді құқық қорғаушылар.

Ауыр қылмыс жасағаны үшін 2009 жылы өмір бойына түрмеге кесілген астаналық тұрғын Олег Евлоевтің тағдыры жайлы Азаттық ертеректе жазған. Ол «қылмысымды мойындату үшін азаптады» деп мәлімдеп, шағым берген. Оның шағымдарын сот қанағаттандырмаған. Есесіне 2014 жылы БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті оны азаптау құрбаны деп таныған.

Сот процесінде «тергеу амалдары кезінде азаптауға душар болдым» деген мәлімдемелерді соттарда әдетте жоққа шығарады, өйткені сот азаптау жайлы жазылмайтын тергеу хаттамаларында айыпталушылардың өз қолы тұр деген уәжге сүйенеді. «Жаңаөзен ісі» бойынша 2012 жылы өткен сот процесі осының көрнекі мысалына айналды - сот азаптау жайлы өтініштердің ешқайсысын қанағаттандырмаған болатын. Ол кезде мұнайшылардың көп айға созылған ереуілі полиция тарапынан қантөгіспен аяқталған. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғалары кезіндегі тәртіпсіздіктер мен өзге қылмыстарға қатысы бар деген айыппен 13 адам сотталған. Көп ұзамай әлгі сотталғандарды түрмеден тым-тырыс босатқан, қазір олардың көбі журналистермен сөйлесуден қашқақтайды.

Орталық Азиядағы "Халықаралық түрме реформасы" өкілдігінің аймақтық директоры Азамат Шамбиловтың Азаттық тілшісіне айтуынша, Қазақстан түрмелерінде әлі күнге дейін ГУЛАГ, әсіресе ҚарЛАГ сарқыншақтары сақталған.

Орталық Азиядағы "Халықаралық түрме реформасы" өкілдігінің аймақтық директоры Азамат Шамбилов. Алматы, 16 маусым 2017 жыл.
Орталық Азиядағы "Халықаралық түрме реформасы" өкілдігінің аймақтық директоры Азамат Шамбилов. Алматы, 16 маусым 2017 жыл.

- 1990 жылдары түрмеде 100 мың тұтқын бар Қазақстан түрмеде отырғандар саны жағынан әлемдік рейтингте Америка [АҚШ] мен Қытайдан кейін үшінші орында болған. Бұл Совет Одағындағы әр жетінші сотталушы жазасын Қазақстанда өтеді дегенді білдіретін еді... Қазақстан түрмелері әлі күнге дейін ГУЛАГ жүйесінде «қалып отыр» - көп ештеңе өзгерген жоқ. Талай ұрпақ ауысты, бірақ жүйе қаруландырылған, күштік жүйе күйінде қалды. Қылмыстық-атқару жүйесі ІІМ құзырында екені аздай, түрмелерде ІІМ-нің ұлттық гвардия әскерилері қызмет етеді, - дейді Азамат Шамбилов.

Талай ұрпақ ауысты, бірақ жүйе қаруландырылған, күштік жүйе күйінде қалды.
Азамат Шамбилов

Шамбиловтың сөзінше, бүкіл түрме жүйесін жайлаған қаруландыру мен күшке сүйену оны өзге министрліктер мен ведомстволар үшін жабық жүйеге айналдырған, сондықтан олар сотталғандарды оқыту, сауықтыру және әлеуметтік тұрғыдан оңалту шараларына қатыса алмайды. Оның сөзінше, түзету мекемелері қазіргі күйінде «түзету» деп атала алмайды, өйткені олар өзінің ең негізгі функциясы - түрмеге түскен адамды дұрыс жолға салу міндетін орындамайды, алғашқы күннен бастап жазасын өтеушіні оңалту шараларымен айналыспайды.

ЗОРЛАУДЫ АЗАПТАУ ДЕП САНАУ МӘСЕЛЕСІ

Өзге құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, түрмелерде тұтқындарға азаптаумен салыстыруға болатындай ауыр жағдай тудырады. Алматы және Алматы облысы бойынша ұлттық превентивті механизм тобы жетекшісі Игорь Мирошниченконың айтуынша, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар отыратын Қостанай облысы Жетіқара кентіндегі түрмеде (ол бұрын осы түрменің бастығы болған) сондай жағдай қалыптасқаны анық байқалады. Оның сөзінше, тұтқындарға тиісті медициналық көмек көрсетілмейді, бұған қоса, түрме тәртібінің қаталдығы соншалық, олардың жаза мерзімдерін ескергенде, бұл жағдай шексіз азаптауға айналады.

Ол жақта отырудың өзі - азап, ол жақта небір сорақы дүниелер болып жатыр, оларды ешқайда шығару мүмкін емес.
Игорь Мирошниченко

- Ол жақта отырудың өзі - азап, ол жақта небір сорақы дүниелер болып жатыр, оларды ешқайда шығару мүмкін емес. Негізі, бұл проблеманы шешу қиын емес, қылмыстық-атқару кодексі (ҚАК) нормаларын орындап, ІІМ-нің осы кодекске қайшы ішкі нұсқауларын онымен сәйкестендірсе жеткілікті, - дейді Игорь Мирошниченко.

Өзге құқық қорғаушылардың айтуынша, түрмелерде тұтқындарды ашық түрде де, тұтқын әйелдерді зорлау сияқты бүркемелі түрде де жиі азаптайды. Ондай оқиғалар жұртқа жария болып кетсе, түрме әкімшілігі зорлауды әдетте екі жақтың келісімімен болған немесе тұтқын әйелдің «өзі сұранған» секс ретінде көрсетуге тырысады. Конференцияда мысал ретінде түрмеде бақылаушы қызметкерден бала туған бұрынғы тұтқын Наталья Слекишинаның есімі аталды. Ол түрмеде зорлауға ұшырағанын дәлелдеп шығып, түрме қызметкерінің өзі түрмеге қамалған болатын. Слекишинаның ісі қоғамда үлкен резонанс тудырып, ол көп ұзамай бостандыққа шыққан. Құқық қорғаушылардың айтуынша, түрме бақылаушыларынан тіпті бір емес, бірнеше бала туған тұтқын әйелдер де бар.

Наталья Слекишинаның (оң жақта) жазасын өтеуші кезінде адвокаты Айман Омаровамен түскен суреті. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.
Наталья Слекишинаның (оң жақта) жазасын өтеуші кезінде адвокаты Айман Омаровамен түскен суреті. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.

Құқық қорғаушылар «азаптау» ұғымы мазмұнын түрмеде отырғандарға қатысты кеңейтіп қолдануды ұсынады әрі оған тұтқын әйелдерге қатысты сексуалды сипаттағы зорлықты және тіпті діндар тұтқындарды діни жораларды орындау мүмкіндігінен айыруды да енгізу керек деп санайды. Кейінгі жылдары Қазақстан түрмелерінде ислам дінін ұстанатын тұтқындар саны көбейгендіктен, діндарларға қатысты жағдай тіпті өзекті болып барады. Түрмеде отырған мұсылмандардың экстремистік идеялардың ықпалымен радикалдануы тағы бір проблемаға айналды.

PRI үкіметтік емес ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда 100 мың тұрғынға орта есеппен 202 тұтқыннан келеді; тұтқындар саны жағынан әлем елдері арасында 48-орында тұр. Ресми дерекке сәйкес, 2015 жылы азаптау туралы 640 арыз тіркелген, оның 12-сі сотқа жолданған. Ал 2016 жылы 470 арыз тіркеліп, оның үшеуі сотқа жолданған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG