Accessibility links

Азаптау құрбаны енді айыпталушыға айналды


Сот полиция азаптады деп таныған Ахмет ауылының тұрғыны Николай Синявиннің үйінде түскен суреті. Қарағанды облысы, 2016 жылдың шілдесі.
Сот полиция азаптады деп таныған Ахмет ауылының тұрғыны Николай Синявиннің үйінде түскен суреті. Қарағанды облысы, 2016 жылдың шілдесі.

Сот полицейлер азаптауына ұшыраған деп таныған Николай Синявиннің талай жылғы сергелдеңі жуық арада бітпейтін сыңайлы. Синявин азаптауға ұшырағаны үшін өтемақы алғаннан кейін әлдебір «тонауға» қатысты қозғалған іс бойынша өзіне қарсы тергеу амалдары қайта басталғанын естіген.

БІР МИЛЛИОН АЛҒАННАН КЕЙІН ТЕРГЕУГЕ ШАҚЫРҒАН

Жуырда ғана азаптау құрбаны деп танылған Қарағанды облысындағы Ахмет ауылының тұрғыны Николай Синявин енді «күш қолдану арқылы кісі тонау» ісінде айыпталушыға айналып, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр. Әлдебір тонау туралы бұл іс облыс ІІД-ісінен бір миллион теңге моральдық зиян өндіру туралы сот шешімі күшіне енгеннен кейін қайта жаңғырған. Синявин мұны «тұйыққа тірелу» деп атайды, өйткені бұл - ұрлыққа қатысты іс бойынша Николайды тергеуге әкетіп, кейін ол азаптауға қатысты шағымданған ескі оқиға. Сот Синявинді азаптады деген айыппен Қарағанды облысы Нұра аудандық ішкі істер басқармасының бұрынғы учаскелік инспекторлары Нұрәлі Бегімбаев, Берік Таңсықбаев пен Мақсат Байтілеуовті үш жылға соттаған. Синявин істі үкім шығаруға дейін жеткізуге көп күш салған. Азаптау ісіне қатысты тергеу амалдары мен сот процесі екі жылдан астам уақыт созылды. Енді Николай Синявиннің кісі тонау қылмысына қатысы жоқ екенін дәлелдеу үшін тергеу мен беттестіру шараларына қайтадан баруына тура келген.

- Мені адвокатымсыз тергеп, заңды қорғану құқығымды бұзды, сондықтан шағым жаздым. Маған таңып отырған қылмысты мойындамаймын. Тіпті азаптаса да мойындамаған «қылмысымды» әлі де мойындамаймын. Тараптарды бітістіруге де келіспеймін. Мұнымен тоқтамаймыз, жоғары жақтағы органдарға жүгінеміз, - дейді Николай Синявин Азаттыққа.

Николай Синявиннің анасы Любовь Битнер. Теміртау, 23 желтоқсан 2014 жыл.
Николай Синявиннің анасы Любовь Битнер. Теміртау, 23 желтоқсан 2014 жыл.

Николайдың анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Любовь Битнер ескі істі жаңғыртуды баласына моральдық тұрғыдан қысым жасаудың кезекті амалы деп санайды. Оны адвокат та қостайды.

- Мұны зиянды өндіріп алғаны үшін қарымта қайтару деп санаймыз. Өйткені соттың моральдық зиянды өндіру туралы шешімі күшіне енгені сол еді, әлгі істі қайта тексере бастады. Бұл бір ұзақ-сонар пинг-понг ойынына айналды. Николай Синявинді психологиялық тұрғыдан тексерген азаптау және қатігездік әрекеттеріне қатысты айғақтарды құжаттау маманы әрі жоғары санатты психолог ұйғарымының көшірмесін іс материалдарына қосу туралы өтінішімді ғана орындап, өзге өтініштерімді елемей қойды, - дейді адвокат Елизавета Ахметова Азаттыққа.

Адвокат «оның әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан», Синявинге қатысты қылмыстық істі тоқтатуды; жәбірленуші мен куәлер берген түсініктердің дұрыстығын анықтау үшін сот-психология-криминалистік сараптама өткізуді және тергеу экспериментін жүргізуді сұраған.

Бұған қоса, адвокат тергеушілерден әлдебір тонау ісіндегі «жәбірленуші» К. Владимирдің полиция қызметкерлерінің Синявинді азаптау фактісі бойынша жалған куәлік еткені үшін бес жылға шартты жазамен сотталғанына назар аударуды сұрайды. 2015 жылы әлгі адам «Синявинге тонады деп жала жаптым, Синявин ешқандай дене жарақатын салған жоқ, оған ешқандай кінә артпаймын» деп ресми мәлімдеген. Ал кейінгі тергеуде ол әлгі арызды «Синявинның қысым көрсетуімен, айтуымен жаздым» деген. Синявин мен адвокаты екеуі мұны жоққа шығарады.

Әлдебір тонауға қатысты Николай Синявин қайта айыпталған бұл істі қайта жаңғыртқанға дейін Нұра ауданы прокуратурасы оны төрт мәрте қосымша тексеруге жіберген. Ал кейінірек аудан прокуроры Синявинге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын тоқтату туралы қаулы шығарған. Қаулыда «ішкі істер органдары Синявиннің кінәсін дәлелдеген жоқ, сондықтан күдікті Синявинді толық ақтау шараларын қарастыру арқылы қылмыстық іс тоқтатылды» деп жазылған. Енді Синявин сотта жеңіп, азаптаудан шеккен зардабы үшін бір миллион теңге алғанға дейін тым-тырыс болып қалған әлгі іс қайта басталғаны белгілі болды.

ІС «ПРОКУРАТУРАҒА КЕТІП ҚАЛДЫ»

Күдіктінің қылмыстық әрекетін саралауды өзгерту мен толықтыру туралы жаңа қаулы 2016 жылғы ақпанның 4-інде шыққан. Синявинге қатысты «Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп келтірмейтін күш қолдану арқылы тонау» бабы бойынша тергеу амалдары қайта жаңғырған. Тергеушілер Синявинніңбұрын істі болып, сотталғанын (ол кезде айыптарын мойындаған) еске түсіріп, Синявин қылмыстық жолға қайта түсті деп ұйғарған. Ал бұл жолы Синявин тағылған айыптарды мүлде жоққа шығарып, моральдық қысым жайлы мәлімдейді.

Николай Синявиннің полициядағы тергеуден кейін ауруханаға түскен сәті. 2014 жылдың қыркүйегі.
Николай Синявиннің полициядағы тергеуден кейін ауруханаға түскен сәті. 2014 жылдың қыркүйегі.

Тергеу болжамынша, Синявин «тиісті қорытынды шығармаған, оның түзелу ниеті болмаған, сондықтан меншікке қарсы тағы ауыр қылмыс жасаған». Тергеу дерегінше, 2014 жылғы тамыздың 24-і күні үйінің ауласында Николай Синявин танысымен бірге арақ ішіп отырғанда оның ауласына қолында екі пакет пен гүл шоғы бар Владимир К. деген бейтаныс кісі келген. Екеуі аз-кем сөйлескеннен кейін әлгі ер адам ауладан шығып, Ахмет ауылының шетіне - Майоровка кенті жаққа қарай кеткен.

Тергеу материалдары бойынша, мұны көріп қалған Сиянвин «ішімдікке ақша табу үшін жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану арқылы оны тонауды ұйғарған». Сондықтан оны қуып жетіп, беті мен кеуде тұсынан жұдырығымен екі рет қойып қалып, «жәбірленушінің» қолындағы жеміс, үш тал гүл, екі ойыншық автомашина мен екі әйелдер иіссуы бар екі пакетті тартып алған әрі курткасының қалтасынан 25 мың теңгені ұрлап алған. Жалпы зиян көлемі 42 мың теңге деп бағаланған.

2015 жылғы сәуірде жүргізілген қосымша сот-медицина сараптамасы ұйғарымына сәйкес, емдеу мекемесі көмегіне жүгінген кезде «жәбірленуші» Владимир К.-нің денесінде әлдебір жарақаттар болмаған.

Қарағанды облысы ІІД өкілдері Синявинге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын Азаттық тілшісіне растап, «қазір іс Нұра аудандық прокуратурасына жолданды» деп хабарлады.

Адвокат Елизавета Ахметованың айтуынша, Ахмет ауылы тұрғынының әлі бітпеген эпопеясы 2008 жылы Бельгияда құрылған «Халықаралық адам құқығы әріптестігі» үкіметтік емес тәуелсіз ұйымының назарына ілігіп, ұйым өкілдері Николай Синявин ісінің материалдарын сұратқан.

XS
SM
MD
LG