Францияның Ле-Ман қаласындағы Association for Human Rights in Central Asia құқық қорғау ұйымы Қарағанды облысы Жезқазған қаласындағы түрмеде отырған тұтқын Рафис Ғалиулинді азаптап әрі оны «Хизб-ут-Тахрир» діни ұйымынан шығуға мәжбүрлеп жатыр деген мәлімдеме жариялады.
Астана қаласының 1970 жылы туған тұрғыны, үш баланың әкесі Рафис Ғалиулин Қазақстанда тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир» ислам партиясына мүше екенін жасырмайды. «Діни араздықты қоздырды және заң жүзінде тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты» деген айыппен ол 2009 жылдың қазанында тұтқындалып, жеті жылға сотталған. Ғалиулин 2014 жылдың қазанынан бері Қарағанды облысының Жезқазған қаласындағы түрмеде (ресми атауы - 159/25 мекеме) отыр.
Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, түрме қызметкерлері Ғалиулинді 2014 жылдың 6 қарашасынан 11 қарашасына дейін азаптап, ар-намысын таптайтын бұйрықтарды орындауын әрі «Хизбут-Тахрир» ұйымынан шығатынын видеокамера алдында мәлімдеуін талап еткен. Болжам бойынша, Ғалиулиннің бүйрек-бауыр тұсынан, бөксесінен ұрып-соққан.
Association for Human Rights in Central Asia ұйымы таратқан баспасөз хабарламасында «2014 жылы 13 желтоқсан күні «әйелің тексеруден өтпеді» деген желеумен Ғалиулинді әйелімен кездесу құқығынан айырған. Ал әйеліне «күйеуің түзету мекемесі тәртібін бұзды» деп хабарлаған. Кездесу 2014 жылғы желтоқсанның 24-іне ауыстырылған. Колония әкімшілігі қызметкерлері соққы іздерін жасыру үшін Ғалиулиннің денесінің көгерген тұстарына 10 күн бойы мәжбүрлеп арнайы май жаққан» деп жазылған.
Құқық қорғау ұйымы «тұтқынның денсаулығы нашарлап кету мүмкіндігіне»байланысты алаңдаушылық білдірген.
Мәлімдемеде «Жезқазған лагерінде отырған бір ай ішінде Рафис Ғалиулин шамамен 10 килограмға арықтаған. Көру қабілеті нашарлап, тістері түсе бастаған. Түрме әкімшілігі оның медициналық көмек көрсетуді сұраған өтініштерін елеусіз қалдырған. Ақыры Ғалиулин қабынып кеткен қызыл иегінен азу тістерін өзі жұлып алып, аққан қанды өзі тоқтатуға мәжбүр болған. Оған туыстары әкелген дәрі-дәрмекті де бермеген. Ғалиулин асқазан тұсы ауыратынын айтқан» деп көрсетілген.
«САЛМАҒЫ ӨЛШЕНДІ»
Азаттық тілшісі Association for Human Rights in Central Asia ұйымының тұтқын Рафис Ғалиулиннің Жезқазған қаласындағы түрмеде азаптауға ұшыраған деген мәлімдемесі мен оның денсаулығына қатысты ақпаратын Қарағанды облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығы полковник Қабдырахман Шотаевқа жолдады.
Полковник Шотаев құқық қорғау ұйымының мәлімдемесін ғана емес, тұтқын Рафис Ғалиулиннің әйелінің де күйеуінің азапталғанына қатысты ақпараттарын терістейді.
Полковник Қабдырахман Шотаев «2014 жылдың желтоқсанында Қарағанды облысы қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментіне азаматша Н.В.Войтенковадан АК-159/25 мекемесі қызметкерлерінің түрмедегі жұбайы Р.Р.Ғалиулинге қатысты заңға қайшы әрекеттері туралы арыз түсті. Тергеуалды тексеру кезінде арызда көрсетілген фактілер расталмай, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы процессуалдық шешім қабылданды» деп хабарлайды.
Қарағанды облысы ҚАЖ департаменті бастығының сөзінше, Жезқазған қаласындағы түрмеге келген соң Ғалиулин «тиісті емдік шараларды толық көлемде алып, сауығып шыққан» әрі «бақылау кезеңінде бір килограмм салмақ қосқан».
Полковник Шотаевтың жазуынша, қаңтардың 15-і күні Ғалиулин тісіне протез салдыру туралы өтініш берген.
ҚАЖ департаменті бастығы Азаттық тілшісінің сауалына «Ол тісінің қақсап ауырғанын айтпаған. Оны қарап шыққан дәрігер-стоматолог тісті тұтқынның өзі жұлғанын дәлелдейтін белгілерді таппады. Қазір тұтқынның жалпы денсаулығы қанағаттанарлық. 24.12.2014 ж. толтырылған сот-медициналық сараптама актісіне сәйкес, тексеру кезінде тұтқын Р.Ғалиулиннің денесінен әлдебір жарақаттар табылмады» деп жауап берген.
КЕЗДЕСУДЕН КЕЙІНГІ ӘҢГІМЕ
Бірақ Азаттық тілшісі сөйлескен тұтқын Рафис Ғалиулиннің әйелі әрі үш баланың анасы Наталья Войтенкова өз болжамынан танбайды. Войтенкова 2013 жылдың аяғында «терроризмді насихаттады» деген айыппен бес жылға сотталған, бірақ қоғамда бұл іс үлкен шуға ұласқаннан кейін оны мерзімінен бұрын шартты жазамен босатқан.
Былтыр желтоқсанда Наталья Войтенкова Жезқазған түрмесінде күйеуімен екі сағаттық қысқа кездесу өткізген. Ол күйеуім «түрме қызметкерлері соққыға жыққандарын айтты» дейді. Оның айтуынша, күйеуін азаптап, «Хизб-ут-тахрир» діни ұйымынан шығуға мәжбүрлеген. Ол «оның ұйымға мүше екенін күйеуім де, мен де жасырмаймыз» дейді.
— Күйеуім мүгедек болып қалған, бір көзі дұрыс көрмейді, тістерінен айырылған, панкреатиті асқынып кеткен, буындары мен белі ауырады, қатты жүдеген. Бұрын денесі шымыр болатын, енді тіпті менен де әлжуаз көрінеді. Күйеуім «Хизб-ут-тахрир» ұйымынан өз еркіңмен шығатыныңды камера алдында мәлімде» деп аяусыз азаптайтындарын айтты, - дейді Наталья Войтенкова.
Тұтқынның әйелі күйеуі ұшыраған азаптауларды сипаттап, президент Нұрсұлтан Назарбаев, бас прокурор, ішкі істер министрі, ҰҚК және ҚАЖК төрағалары атына және өзге де ресми органдарға арыз жолдаған. Наталья Войтенкова президент Назарбаевтан күйеуін азаптау әрекеттеріне қатысты ақпаратты тексеру үшін комиссия тағайындауды сұраған. Ол күйеуінің денсаулығын тексеріп, оны емдетуді де өтінеді.