Ғарыш айлағына туристерді пойызбен апармақ

"Союз" зымыранының Байқоңырдан ұшқан сәті.

Қазақстанда туристерге арналған жаңа маршруттарды іске қосуға тырысып жатыр. Олардың бірі – Байқоңыр. Жергілікті компаниялар нарықта орнығып алған ресейлік әріптестерімен бәсекелесіп көрмек.

Туристерді Байқоңыр ғарыш айлағына апаратын қазақстандық маршрутты «Тұран экспресс» жолаушы тасымалдау компаниясы іске қосты.

Компания сайтының хабарлауынша, үш күндік тур бағдарламасына Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз» зымыран тасығышын ұшыру сәтін бақылау, «Қорқыт ата» мемориалдық және «Байқоңыр» мұражай кешендерін аралау кіреді. Туристерді Алматы - Тараз - Шымкент - Қызылорда - Байқоңыр (Төретам станциясы) бағытында жүретін поезбен апарады. Компанияның бас директоры Роман Ботабеков Азаттыққа:

- Былтыр Байқоңырға 200-ден аса турист барып-қайтты. Байқоңыр ғарыш айлағына апару - пилоттық маршрут болатын, биыл маршрутты апта сайын шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді.

ЖҰЛДЫЗДЫ МАРШРУТ

Байқоңырға ұйымдастырылған пилоттық турға көбінесе ақпарат құралдары мен туристік агенттік өкілдері шақырылды. «Арти тур» авиатуристік агенттігі директоры Адалят Ибдиева бұл сапарға екі жиенін ертіп апарған. Ол сапардың ұнағанын, топта 80-дей адам болғанын айтады. «Туристер мұражай экспонаттарын тамашалап, мәз-мейрам болды, көбі ғарышкерлердің кабинасына отырып көрді» дейді ол.

«Арти тур» авиатуристік агенттігі директоры Адалят Ибдиева. Алматы, 14 қаңтар 2016 жыл.

- Меніңше, мына маршрут ересектер үшін қызықты болады, әсіресе мектеп оқушыларына ұнауы тиіс. Бақылау алаңына шығып, зымыран тасығышты ұшыру сәтін бір жарым минут бақылап тұрдық, тілмен жеткізе алмайтын көрініс екен. Жиенім сол мезетте ғарышкер болғысы келіп кетті, - дейді Адалят Ибдиева.

Маршрутты ұйымдастырушы - жолаушы тасымалдау нарығында 2006 жылдан бері жұмыс істейтін «Тұран экспресс» компаниясының назары енді туризм саласына ауған. «Тұран экспресс» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Дәурен Жұмаділов Азаттыққа:

- ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясымен келісімге қол қойдық, туристерге Қазақстанның көрнекті орындарын тек темір жол арқылы аралатамыз. Біздің маршруттарымыз Астана, Алматыны; оңтүстік тармақта – Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Байқоңырды қамтиды. Бұл маршрут үшін жаңа вагондарға арнайы тапсырыс бердік. Қазір Алматы-Байқоңыр аймақтық рейстерін ұйымдастыруға кірістік, ақпаннан бастап күнара тур ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді.

"Қорқыт ата" мемориалдық кешенінде жүрген туристер.

Компания өкілдерінің хабарлауынша, биылға жоспарланған алты пилоттық турдың келесісі наурыздың 19-ы күні іске қосылады. Қала мен ғарыш айлағы кіретін «Байқоңыр» кешені - жабық нысан. Дәурен Жұмаділовтің Азаттыққа айтуынша, Байқоңырға баруға рұқсатты қазақстандықтар былтырға дейін - 30 күн, шетел азаматтары 45 күн күтетін. Қазақстанның ғарыш айлағын жалға алған Ресей пилоттық тур ұйымдастырушы компанияның клиенттеріне рұқсатты 10 күнде берген.

- Біз Қазақстан туристік қауымдастығы, «Компас» турагенттігі, Қызылорда облысы әкімдігі көмегіне жүгіндік. Ғарыш айлағына баруға рұқсатты қысқа мерзім ішінде рәсімдеуге көмектескен Қызылорда облыстық әкімдігіне көп рахмет, - дейді Дәурен Жұмаділов.

Дәурен Жұмаділовтің Азаттыққа айтуынша, туристердің жеке куәлігі немесе шетелдік төлқұжаты болса жетеді. Мұражайларды, Гагариннің үйін, «Қорқыт ата» мемориалдық ескерткішін аралауға рұқсат етіледі. Бақылау алаңы зымыран ұшыратын орыннан төрт километр жерде.

Қауіпсіздік шаралары жайын баяндаған компания өкілі «Союз» зымырандарының денсаулыққа зияны жоқ, ал «Протон» жүк тасығыш зымырандарынан зиянды зат көп бөлінеді дейді. Бірақ туристер мұндай зымырандарды ұшыру сәтін бақылауға жіберілмейді.

БӘСЕКЕ

Ресей туристік агенттіктері Байқоңыр турларын ұйымдастыруға баяғыда кіріскен. «Тұран экспресс» өкілінің айтуынша, олар туристерін ұшақпен тасымалдайды, мұнымен екі-үш компания айналысады.

Байқоңыр ғарыш айлағына барған туристер.

- Былтыр Ресей ішкі туризмді дамытумен айналысатын туроператорларды мемлекеттік қолдау туралы заң қабылдаған, олардың тәжірибесін үйренсек, бізге артықтық етпейді, - дейді Дәурен Жұмаділов.

Ішкі туризмді дамыту мен ел ішінде жаңа маршруттар ашу бастамасын Алматы қаласындағы өзге туристік агенттіктер де құптайды. Амari tour агенттігі директоры Мухаббат Ахметованың пікірінше, бұл салада мемлекеттің қолдауы жетіспейді.

Ал ресми дерекке сәйкес, үкімет ішкі туризмді дамыту үшін бағдарламалар құрастырып, бюджеттен ақша бөледі. Олардың бірі - «Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі концепциясы». Бұдан бөлек,«Алматы-2020» даму бағдарламасы да бар.

Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысы Тимур Дүйсенғалиев Азаттықтың сауалына жолдаған жауабында «2016 жылға арнап Алматы қаласы туризм басқармасына жергілікті бюджеттен 566 мың 360 теңге бөлінді. Оның 54 мың 717 теңгесі «Туризм саласындағы мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде жүзеге асыру қызметтері» бағдарламасына», ал 511 мың 643 теңгесі «Туристік қызметті реттеу» бағдарламасына бөлінді» деп көрсетілген.