Шеберлер тұскиіз бен киізден де киім тігеді

Ұлболсын Бақтығалиқызы жібек матаға киізден оюлаған киімін көрсетіп тұр. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.

Бұрынғы қазақ тұрмысында киіз үйдің бір бұйымы ғана болған тұскиіз бен киіз қазір сән әлеміне де енді. Шеберлердің сәнді киімдері арасында тұскиізден тігілген кеудеше мен киізден басылған көйлектер бар.
2001 жылдан бері киізден киім тігумен айналысатын Ұлболсын Бақтығалиқызы қыз-келіншектердің көңілінен шығу үшін соңғы сән үлгісінен қалыс қалмайтынын айтады.

– Киіз киімнің сапасы жоғары болғанымен үлгі жағынан қалыс қалып жатса, тұтынушылар да азаяры сөзсіз. Сол себепті соңғы сән үлгілерінен хабардар болып жүремін. Киізден бір тігіс салмай, тек басу арқылы көйлек, пальто, камзол, күртеше – не қалағаныңызды жасауға болады. Бұл киімдер бір дана ғана жасалатындықтан ешкімде жоқ, ерекше үлгі болады, – дейді ол.

«КИІЗ ОЮ – ШЫҒЫНСЫЗ КӘСІП, ТАҢСЫҚ ДҮНИЕ»

Ұлболсын Бақтығалиқызының биыл ашқан жеке шеберханасында төрт адам жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда «киіз басып үйренемін» дейтін адамдарға ақылы оқыту курстары да (сағаты – 1200 теңге, немесе 8 доллар) өтеді. Шебер киізден басылған оюлы киімдер топтамасын шығаруды жоспарлап жүргенін, бірақ тапсырыстың көптігінен қолы босамайтынын айтады.

Оның қолынан шығатын киім үлгілерінің басым бөлігі – күнделікті киетін бұйымдар. Ара-арасында жас қыздардың салтанатты кештерге киетін көйлектерін де тігетін шебердің сөзінше, «тапсырыс әр жастағы ​қыз-келіншектерден түседі, бірақ басым көпшілігі – қазақи ою-өрнекпен ерекшеленіп, өз стилін айқындағысы келетін жастар».

Ұлболсын Бақтығалиқызының жібек матаға киізден оюлаған киім. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.


– Бір рет киіз киім алған адам тұрақты сатып алушыға айналады. Егер бір адам тапсырыс берсе, міндетті түрде оның таныстары немесе туғандары қалаған үлгісінде киім тіккізеді. Сондықтан тіпті киіз баса алмайтын дизайнерлердің өзі жібек матаға киізден ою-өрнек басқызып алып жатады. Тұрақты алатын дизайнерлеріміз де бар, – дейді Ұлболсын Бақтығалиқызы.

Шебердің киімдерінің орташа бағасы: кеудеше – 10-20 мың теңге (65-135 доллар), жұқа пальто – 35 мың теңгеден (235 доллар) ары, жібек матаға киіз ою басылған көйлек – 20 мың теңгеден жоғары.

– Біздің оюдай ою еш жерде жоқ. Бір қызығы, қазақ оюларының оңын кесіп алғанда терісі де ою болып шығады. Тіпті кейбір шеберлеріміз кішкентай қиықтарды пайдаланып, түрлі киіз әшекейлер жасап шығарады. Сондықтан бізде қиық, қалдық бола бермейді. Киізден басылған киімнің ең үлкен ерекшелігі – оның табиғилығы. Мысалы, басқа матаның үстіне киізден ою басу керек болды делік – мата табиғи болмаса, киіз оған жабыспайды. Жүнді бояйтын бояулар да табиғи жолмен алынған, – дейді ол.

Енді шетелдердегі көрмелерге, «Еxpo-2017»-ге қатысқысы келетін Ұлболсын Бақтығалиқызының тұрақты клиенттерінің бірі Бақыттың айтуынша, «киіз киімдер – таңсық дүние».

– Қазіргі дүкен сөрелеріндегі киімдер – бағасының қымбаттығына қарамастан
Киізден басылған киімнің ең үлкен ерекшелігі – оның табиғилығы.
синтетикалық заттар. Өзім табиғи өнімді ұнататын болғандықтан, тапсырыс беріп пальто мен кеудеше жасаттым. Енді балаларым мен жұбайыма киім тіккізуді ойлап жүрмін. Денеге де ыңғайлы, үлгісі де қазіргі заманға сай. Кез келген жерде сатылмайтындықтан бұл ерекше таңсық дүние боп көрінеді, – дейді ол.

Киізден басылған киімді ұнатушылардың бірі Айжан «ұлттық киімдердің мәртебесін көтеріп, жастар арасында сәнге айналдыру үшін қазақы нақышта киінетінін» айтады.

– Қазақ ою-өрнегі бар киіз көйлек, кеудеше, қысқа пальто жасатып киіп жүрмін. Бұл – оюы бар дегені болмаса, үлгісі жастардың стиліне сай тігілген киімдер. Көшеде жұрт «қандай әдемі киім» деп таңғалып кеп сұрап жатады. Енді құрбыларым да осылай киінуді ойлап жүр. Негізі жастар арасында ұлттық нақышта киінгісі келетіндер көп. Бірақ көпшіліктің теріс пікіріне қаламын ба деп тайсақтайды, – дейді Айжан.


ТҰСКИІЗДЕН ТІГІЛГЕН КИІМ

Ұлттық бұйымдардан киім тігетін шеберлердің енді бірі – жас дизайнер Дамилия Жұмабекқызы. Ол тұскиізден сырт киімдер тігеді.

– Қазақ дизайнерлерінің ұлттық нақышта тігетін қиімдерінің бәрі сахнаға арналған. Немесе камзол мен шапанмен шектеледі. Менің арманым – ұлттық нақыштағы киімдерді жастардың күнделікті киетін киім үлгісі ету. Сондықтан да ою-өрнекпен көмкерілген күртешелер тіктім, – дейді ол.

Дамилия Жұмабекқызы топтама көрсетілімінде. Алматы, 12 сәуір 2013 жыл.


Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп, қазір Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде ұстаз болып жүрген Дамилия Жұмабекқызы сәуірдің ортасында өзінің төртінші жеке сән топтамасын – түскиізден тіккен киімдерін көрсетті.

– Киім үлгілеріндегі өрнектерді өзім кестелемеймін. Дайын тұскиізді сатып аламын да, киімдерге енгіземін. Баяғыдан тұскиізге ғашықпын. Бұл жолғы топтамамның негізі етіп тұскиізді алғаным да содан, – дейді Дамилия Жұмабекқызы.

Шебер көрсеткен 50-дей киімнің 15-і – ұлттық нақышта тігілген сырт киімдер. Дамилия Жұмабекқызының айтуынша, «көрмеге қойылған күртешелердің көбі (бағасы 12-15 мың теңге, немесе 80-100 доллар шамасында) сол кезде сатылып кеткен, кейбірі сыйға берілген».

Дамилия Жұмабекқызының топтама көрсетілімінде. Алматы, 12 сәуір 2013 жыл.


– Дамилияның тіккен киімдерінің ерекше стилі бар. Өз стилін таба алмай жүрген және ашық түсті ұнататын жастарға арналған. Бұл – сахнадан жылтырап көрінетін дүниелер емес, шын мәнінде күнделікті өмірге арналған сапалы киімдер. Маған топтама көрсетілімінде киген күртешелерім қатты ұнаған еді. Солардың бірін сыйға берді. Қазір соны үнемі киемін, – дейді осы кеште сән үлгісін көрсеткен Есет есімді модель жігіт.

Гүлжанар Амантайқызы есімді алматылық та Дамилия Жұмабекқызы тіккен киімдерді киетінін айтады.

– Екі жылдан бері оның тіккен киімдерінен ұнағанын алып киіп тұрамын. Күнделікті киюге арналған киімдердің денеге ыңғайлы болғаны дұрыс деп санаймын. Сол талапқа сай болғандықтан киімдері ұнайды, – дейді.

Дамилия Жұмабекқызының топтама көрсетілімінде. Алматы, 12 сәуір 2013 жыл.


Дамилия Жұмабекқызының киімдер көрсетілімінде болған дизайнер Ұлан Нұғымановтың ойынша, «ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артып тұрған қазіргі уақытта бұл топтама өз орнын тапты деуге болады».

– [Бұл киімдер] жас эстрада жұлдыздарымен қатар елден ерекшеленіп киінгісі келген жастардың талғамына сай келеді, – дейді ол.