Үш тілді білім жайлы мәлімдеме сынға ілікті

Талғар ауданындағы үш тілді мектептегі ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан мектептерінде үш тілді білім жүйесін енгізуді қолдап бір топ қазақстандық бизнесмен мәлімдеме жасады. Бірақ қоғамда бұл бастамаға сын айтушылар басым.

ҮШ ТІЛДІ БІЛІМ ЖҮЙЕСІ

Қазақстанда осы аптада бір топ бизнесменнің атынан жазылған мәлімдемеде елдегі мектептерде қазақ, орыс және ағылшын тілді білім жүйесіне негізделген бағдарламаны енгізу «өте тиімді» және «балалар болашағы үшін өте қажет» екені айтылған.

«Қазіргі кезде Қазақстанда үш тілде оқитын миллионнан астам мектеп оқушысы бар, келесі оқу жылында олар төртінші сыныпқа көшеді. Бұл балалардың жеткен жетістіктерін көріп отырмыз, бәрі тамаша болып келе жатыр. Қазақстандық бизнес өкілдері осындай модернизацияны қос қолмен қолдайды. Ол қазіргі кезде қоғам мен елімізге өте қажет жаңа адам капиталын тәрбиелеп шығарады» делінген жергілікті сайттарда жарияланған мәлімдемеде.

Бизнесмендер «қазақ мектептерінде оқып жатқан жастардың сапалы білім алу барысында мүмкіндіктерінің шектелетінін» жазып, «бұл жүйеге күмән келтірушілерді пікірлеріне құлақ түруге» шақырған. Мәлімдемеге қол қойғандардың арасында Айдын Рахымбаев, Айгүл Жайлаубекова, Анатолий Побияхо, Арманжан Байтасов және т.б. бизнесмендердің аттары аталған.

Бизнесмендердің үш тілді білім жүйесін қолдап жазған мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталасқа негіз болды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ СЫН

Қазақстандық экономист Айдан Кәрібжанов Facebook-тағы парақшасы арқылы мәлімдеме жасаушыларға «бұл жүйенің артық-кем тұсын сараптай алатын педагогика саласының маманы еместігін» айтқан.

«Ал әріптестер, бұл тақырып бойынша қоғамға ашық хат жазып үндеу тастайтындай осы мәселені терең білесіздер ме? Табысты және бай болу – барлық мәселеге пікір айту құзыретіне ие болуды білдірмесе керек» деп жазған ол.

Мектептегі сабақ кезі. (Көрнекі сурет.)

«Совет кезіндегідей үштілділік науқаны жүріп жатқанын» жазған журналист Асқар Құмыран мәлімдемені қолдап жатқан ұйымдар мен азаматтардың моральдық құқығы жөнінде мәселе қозғайды.

«Көпшілігі білім министрлігінің тапсырысы үшін жұмыс істеген немесе жұмыс істеп жатқан жастар ұйымдары білім министрлігінің бастамасын қолдап жүз мың қол жинадық деп шулатуға моральдық құқығы бар ма? Және де үш тілді білім туралы айтып жатқан бизнесмендердің оған не қатысы бар, егер олардың көпшілігі қазақ тілінде сөйлей алмаса?» деген сауал қойған.

ҰСТАЗДАР ПІКІРІ

Ұзақ жылдардан бері білім саласында еңбек етіп келе жатқан жоғары санаттағы мұғалім Өмір Шыныбекұлы мәлімдеме авторларының білім саласына «өз еріктерімен» араласқанына күмән келтіреді.

«Жоғарыдағылар өздерінің шала туған бағдарламаларын насихаттау үшін бизнесмендерді өздеріне белгілі әдіспен пайдаланып отырған секілді. Мәселен, фискалды органдардың күшімен. Қол қоймаса, салық инспекциясы немесе СЭС бар дегендей. Артық проблеманың оларға қажеті жоқ қой» деп пайымдайды ол.

Абай атындағы қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі және әдебиет кафедрасының жетекшісі Жанат Дәулетбекова «білім саласындағы күрт өзгерістерді сол саладағы өз ойын батыл түрде айта алатын мамандар талқылап, сараптағаны жөн» деген пікір айтады.

Мектеп оқулықтары.

«Қазақ тілі мемлекеттің қауіпсіздігінің ең басты кепілі. Сондықтан да ол үш тілдің бірі емес, ең алдымен соның бірегейі. Өркениетті елдердің қайсысына қарасаңыз да, қойыртпақтық деген дүние жоқ. Үш тілділікті өз басым «қойыртпақ білім» деп есептеймін» дейді Жанат Дәулетбекова.

Ол «Қазақстанда билік үш тілді білім жүйесін таңып жатқанымен, ертеңгі күні зардабы ең әуелі балаларға тиетінін ұмытпау керек» дейді.

Қазақстанда 2018 жылдан бастап барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәнін алтыншы сыныптан бастап тек қазақ тілінде, ал «Дүниежүзі тарихын» - орыс тілінде оқыту жоспарланып отыр. Сонымен бірге 2019 жылдан бастап жоғары сынып оқушылары жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде меңгеретін болады деп хабарланған. Ал 2022 жылдан бастап толығымен көптілді білім беру жүйесіне ауысу жоспарланған.