Нью-Йоркте, БҰҰ ғимаратында әлем тілдері мәжілісі басталған еді. Ойпырмоой, төрде сөз және термин қоры жарты миллионнан асқан; латын, итальян, испан, араб, парсы, т.б. тілдерден молынан сыбаға-сөз, тарту-таралғы алған; ғылым-технология мен интернеттегі ақпараттың 70-80 пайызының қожайыны, күллі әлем аузынан тастамайтын құдіретті Ағекең (ағылшын тілі) кемеріне сыймай, дәргейінен асып-төгіліп, президиумда отыр.
Ағекеңмен иық тірестіретін кім бар? Миллиардқа шығар үндіні айтпағанда, миллиардтан асқан қытайдың өзі төбесіне тұтады. Бір ғажабы - күллі жаһан алқаған Ағекең демократияның тін-тұлғасын өзі жасап шыққаннан кейін бе, бұған насаттанып, дандайсыған емес. Бұ кісінің философиясы өзгеше. Өзімен табақтас, мәжілістес бола алады-ау деген тілдерді жанына отырғызып, сосын өзін-өзі сыйлайтын, кішкентай болса да намысы бар шақар тілдерге де қасынан орын береді. Сөйтіп, ұлы жиында жайындай аузы тарбиып, кәрлі қабағымен тәртіп орнатып отырды.
Ағекеңе датыңыз не өкпеңіз болса, жанына алған тілдердің бірінде, болмаса өзінің сөздері мен терминдерін пайдаланып айта аласыз. Әлқисса, ұлы жиынның (БҰҰ) ресми тілі болуға қауқары жеткендер жүздеген лұғаттың ішінде, Ағекеңнің өзін қосқанда алтау-ақ еді. «Қорқыт дәдем» жырының «мақамымен» таныстырсақ, былай болады: төрде өзіңізге әуелден таныс ер Ағылшын; онан соң бұл жиында ширек дүние (Латын Америкасы елдері мен т.б. мемлекеттер) сөйлейтін құдіретті Испан батыр; бір өзі жүмле ғаламның сыңарына татитын, бірнеше мемлекет сөйлейтін, қарт данышпан Қытай абыз; Африканың теріскейі мен әлемдегі бірнеше ел қатар таласқан, көркінен көз тұнған, сөзі жүрек күйдірген Француз ханым; 20-дан астам елдің құлақ тұндырған күбіріне айналған, арыстан тұлғалы Араб баһадүр; 15 елге, халқы аздау болғанмен, аумағы жағынан жарты әлемге ықпалы кеткен шақар жігіт Орыс отырған еді. Кенет... О тоба... осыған дейін мызғымаған тәртіп, тағы не бар еді - логика, қисын, жөн, рет - мейлі не десеңіз о деңіз, мұқым дәстүр шарт бұзылды.
Ағекең аңтарылып, аузы ашылды да қалды. Мұншалық парадоксты миы қабылдар емес. Барлық жоралғы аяқ асты болды. Оймайт, көтек (!), мінбеге шыққан әлгі... баяғыда... 24 жыл бұрын «Ақорда» атанып, отау көтергенінде Ағекеңнің мұның өз сөзімен, өз тілімен құттықтаған хатын барлық жосынды ысырып тастап, кері қайтарып берген, өзімен орысша сөйлесуді талап еткен баяғы шолақбелсенді емес пе! Ағекең еміс-еміс есінде қалған әлгі тілге сол ма, ол емес пе - қайта үңілді. Нақ өзі, иә... сол екен. Тірі екен. Тірі болғанда, тірі деуге келмейді. Өйткені, аузын ашқан сәттен бастап оны ешкім түсінбеді.
Бірақ көпті көрген Ағекең емес пе, әлгінің қылығын ұғынуға, осы тұрысын ақтап алуға тырысты. Ағекеңнің кез келген жағдайда алдымен істейтін әрекеті осы еді. Бірақ, бәтір-ау, «мақсатсыз әрекет жоқ» қой. Сөйлегендегі мақсат сөз ұқтыру емес пе? Ешкім ұқпаса сөйлеп керегі не? «Асықпа, оны қоя тұр» деді Ағекеңнің бір ойы. Біздің құжатымызда да, сайтымызда да «бейресми тілде» сөйлеген адам баяндамасын ресми алты тілдің біріне аударып, жазбаша нұсқасын ұсыну керек деп жазылған ғой. Оған бұл да қол қойды емес пе? Ағекең мұнша қисынсыздықтан абдырап балғасын әрең тапты. Столын тарсылдатып жатып, әлгіні тоқтатып алды. Мақсат өте қарапайым еді – мұны жұрт түсінуі керек қой! Бірақ, нән қызық енді басталды - мәтін де табылмады, аудармашы да жоқ! Шолақбелсенді қысылатын дүние еді, бірақ енді Ағекең ұялып барады. Осы мезетте 24 жыл бұрынғы тентектігі тағы айна-қатесіз қайталанбасы бар ма! Елбіреп, сүрініп жеткен көмекшісі екеуі орысша ақылдаса кеткені! Ағекең енді аздап ашуланайын деді. «Сөзіңізді доғара тұрыңыз, мінберден түсіп, ана бір орындыққа отырыңыз» деді бір түрлі дидактикалық дауыспен. Ойпырмай, дауа жоқ екен. Монтиып бес минут отырды! Қонақтардың кейбірі мұндай қолайсыздыққа шыдамай әлгі жерден шығып та кетті.
Бес минуттық пауза бұл жиынның тарихында болмаған еді. Ағекең уақыт көп болғандықтан, ойға шомды. «Бұл өзін үйінде сыйламайтын еді, өз бойынан өзі қорынып, өзгені зор тұтып жүретін еді ғой. Бұған не болды екееен...» Осы сәтте тамағын кенеген әлгі лұғат «Sorry» деп салды. Залда отырған барлық тілдер осы жалғыз сөзді ғана қапысыз түсінді. Өйткені, әупіріммен табылған тілмаштың ар қарайғы орысша тәржімесі үзік-үзік еді. Ағекең аударманы біраз тыңдап отырды да, ойға кетті. Өзі сыйламайтын һәм сөйлемейтін, әлемге таратпайтын тілді жарнамалап не керек? Темірдей қисын мен әуел бастан жоспарлы дамуды өмірінің тірегі еткен Ағекең басын шайқай берді...