Қанат Ислам он сегізінші қарсыласын да жеңді

Ортада - қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам. (Сурет www.nelsonspromotion.com сайтынан алынды).

АҚШ-тағы қазақ боксшысы Қанат Ислам кәсіпқой рингтегі он сегізінші кездесуінде де жеңіске жетті. Проумоутері бұл жекпе-жектің Қанат Исламға қиын болмағанын айтады.

АҚШ-та тұратын кәсіпқой қазақ боксшысы, 29 жастағы Қанат Ислам он сегізінші кездесуін Колумбияда өткізіп, сол елдің боксшысы Фидель Монтеррос Муньоспен кездесті. Қанат Ислам сегіз раундтық жекпе-жектің бесінші раундтында қарсыласын нокаутқа түсірді. Қазақ боксшысы осымен 18 сайыстағы 15 қарсыласын нокаутпен жеңді.

«ЧЕМПИОНДЫҚ ТИТУЛҒА ТАЛАСУҒА ЖАҚЫН»

Қанат Исламның проумоутері, америкалық Нельсон Лопес Колумбиялық боксшы рингте 44 жекпе-жек өткізген, Қанатқа қарағанда тәжірибелі спортшы болғанын айтады.

– Бірақ Қанатқа бұл жекпе-жек жеңіл болды. Ол енді он тоғызыншы кездесуін қазан-қараша айларында өткізеді деп жоспарлап отырмыз. Қарсыластары әлі белгісіз, келісім жүргізіп жатырмыз, – деді Қанат Исламның проумоутері Азаттық тілшісіне.

Қазақстандық спорт шолушылары мен бокс мамандары Қанат Ислам он сегізінші жеңісінен кейін рейтингтегі орны жоғарылап, чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік алады деп болжайды.

– Қанаттың бастапқы қарсыластары әлсіздеу болды. Қазіргі қарсыластары өте тәжірибелі. Алдағы кездесулеріндегі қарсыластары қиындай береді. Қанат Исламның өзі «биылғы жылдың соңына дейін біраз кездесу өткізіп, чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік беретін рейтингтік позицияға жетуім керек» деген. Ол сол мақсатына жақындап келеді, – дейді бокс тақырыбында мақалалар жазып жүрген журналист Тағабай Қасым.

Боксшы Қанат Ислам. (Murat Almasbekuly есімді Facebook қолданушысы жариялаған сурет)

Қанат Ислам қазір WBA (Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы) рейтингінде орта салмақ (63-69 кг) бойынша тоғызыншы орында тұр. Ол – WBA тұжырымы бойынша орташа жеңіл салмақта Fedecaribe (Америка және Кариб теңізі аймағы чемпионы) атағының иегері.

2013 жылдан бері АҚШ-тың Флорида қаласында тұрып, сонда жаттығағатын Қанат Ислам биыл «Астана» президенттік спорт клубы «Астана арландары» бокс клубына шақырғанын айтқан.

– «Астана арландары» кәсіби бокс клубының директоры Болат Манкенов да қайта келуімді сұраған. Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдамаға таласуыма мүмкіндік бар екенін де айтты. Мен бас тарттым. Енді кәсіпқой рингте жетістікке жетуге талпынамын, – деген еді Қанат Ислам бұған дейін Азаттық тілшісіне берген сұқбатында.

Қытайда туған этникалық қазақ Қанат Ислам 2008 жылы Пекин олимпиадасына сол елдің атынан қатысып, қола жүлде иеленген. Ол 2010 жылы Қазақстан азаматтығын алып, «Астана арландары» клубында бокстасып жүрді. Боксшы 2012 жылы Лондон олимпиадасына атажұртының атынан қатысуына байланысты азаматтық-құқықтық дау туған соң кәсіпқой боксқа бет бұрып, АҚШ-қа кеткен.