Еуропалық одақ Өзбекстаннан Әндіжандағы қанды оқиғадан кейін қойылған соңғы санкцияны алып тастады. Оппозиция мен адам құқықтарын қорғаушылар Батыс өзінің демократиялық қағидаларынан алшақтай бастады дейді.
ТАҒЫ ДА КАРИМОВҚА ЖОЛ БЕРУ
Осы жылдың 27 қазанында Люксембургте өткен Еуропалық одаққа мүше 27 елдің сыртқы істер министрлерінің мәжілісінде Өзбекстанға қару жеткізуге қойылған эмбаргоны алып тастау жөнінде шешім қабылданды. Бұрынырақ мұндай қадамға ЕуроОдақ мемлекеттерінің елшілері қолдау көрсеткен еді.
«Өзбек билігін құқық үстемдігін нығайтуға және адам құқықтары төңірегіндегі ахуалды жақсартуға бағытталған әлде де елеулі қадамдар жасауға ынталандыру үшін және Өзбекстанның міндеттемелерін ескере отырып, Еуропалық одақ өкілдерінің кеңесі қалған шектеулерді жаңартпау жөнінде шешім қабылдады, - деп хабарлады ЕуроОдақтың баспасөз қызметі.
ЕуроОдақ мәжілісіне қатысушылар өзбек билігінің кейбір қадамдарын маңызды санады, атап айтқанда адам құқықтары жөнінде ЕуроОдақпен диалог жасауы, азаматтық қоғамның кейбір белсенділерін түрмеден шығаруы, Қызыл крест қызметкерлерінің пенитенциарлық мекемелерге қайтадан мұрсат беруі, өлім жазасын алып тастауы, жеке тұлға құқықтарына кепілдеме енгізуі және бала еңбегі жөніндегі халықаралық конвенцияларды мақұлдауы.
Еуропалық одақ Өзбекстан басшылығына қатысты санкцияларды қанды Әндіжан оқиғасынан кейін енгізген болатын. Еске сала кетейік, 2005 жылғы 13 мамырда өзбек әскері Әндіжан тұрғындарының бейбіт шеруін атқылаған. Ресми мәлімет бойынша өзбек әскерінің бейбіт шеруді аяусыз жаныштауы кезінде 187 адам мерт болған. Ал, бейресми ақпарат көздері мыңға жуық бейбіт тұрғынның қаза тапқанын айтады.
Әндіжан оқиғасынан кейін бұған қатысқаны да бар, қатыспай, сыртынан бақылағаны бар, жүздеген өзбек азаматы, адам құқықтарын қорғаушылар және оқиға туралы хабар таратқан журналистер Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болған. Олар қуғындаушылықтан, қысым жасалуынан және тұтқындаудан қауіптенген.
Сол оқиғадан кейін өзбек үкіметі көптеген шетелдік БАҚ пен журналистердің Өзбекстан аумағында қызмет етуіне тыйым салды, атап айтқанда «Азат Еуропа/«Азаттық» радиосының Өзбек қызметі бюросы жабылды.
ЕуроОдақ Өзбекстан билігінен Әндіжан оқиғасы бойынша халықаралық тергеу жүргізуді талап етті, ал Өзбекстан үкіметі одан бас тартты.
Содан кейін Еуропалық одақ санкциялар енгізді, олардың қатарында Өзбекстанға қарудың кез - келген түрін және әскери техника тасымалдауға эмбарго, қаржылай көмекті шектеу және Өзбекстанмен сауда жасауға шектеу қою болды. Бейбіт тұрғындардың өліміне жауапты он екі өзбек шенеунігіне Еуропалық одаққа мүше елдерге келулеріне тыйым салынды.
ҚОЙЫЛҒАН САНКЦИЯЛАР ӘУ БАСТАН-АҚ ЖАСАНДЫ ЕДІ
Бірақ, 2008 жылдың қарашасында ЕуроОдақ «Өзбекстанда адам құқықтарына қатысты елеулі алға басушылық бар» деген желеумен санкциялардың көбісін алып тастайтынын мәлімдеді. Ал, өзбектің саяси эмиграциясының жетекшілері мен адам құқықтарын қорғаушылар өзбек билігіне қатысты санкциялар әу бастан-ақ жасанды еді және санкциялардың алынып тасталуы қайтадан Каримов режимінің қолдарын босатады дегенді айтады.
Брюссель қаласында орналасқан Еуропалық саяси зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Майкл Эмерсон «Азат Еуропа» радиосы/«Азаттық» радиосына символикалық санкциялар Өзбекстандағы ахуалды айтарлықтай жақсартпайды дейді. Оның пікірінше санкциялардың алынуы елеусіз өзгерістерге ғана түрткі болуы мүмкін.
- Өзгерістерді іс жүзінде көргісі келген Еуропалық одақтың көңілінен шыққан әлдебір үстірт қадамды, мәселен, жеке тұлға құқықтарына кепілдік енгізуді қоспағанда, санкциялар Өзбекстандағы адам құқықтарының жағдайы мен саяси ахуалға тікелей әсер еткенге ұқсамайды, - дейді Майкл Эмерсон.
Лондонда орналасқан «Чатам Хауз» (Chatham House) институтындағы Ресей және Еуразия бойынша бағдарламалардың ғылыми қызметкері Джеймс Никси ЕуроОдақ санкцияларының өзбек режимінің мінез-құлқын немесе саяси тұтқындар мен негізгі бостандықтардың ахуалын өзгертетіндей елеулі күші жоқ деп санайды.
Ол Азаттық радиосына санкциялардың, айналып келгенде сыртқы саясаттың тиімсіз құралы болып шыққанын және оларды алып тастаудың себебі көп болғанын айтады. «Бұл санкциялар әу бастан-ақ жасанды еді», - деді Джеймс Никси.
Дей келе ол ЕуроОдақ елдеріне келуге он екі өзбек шенеунігіне тыйым салынса да, медициналық операциядан өтуі үшін сол кездегі Өзбекстанның ішкі істер министрі Зокиржон Алматовқа Германияға кіруге рұқсат берілгенін еске салады.
ЕуроОдақ онысын келуіне тыйым салынған лауазымды адамдар тізіміне қарамадық, өйткені адамгершіліктен кете алмадық деп түсіндірді. Виза беруге тыйым салу сарапшылардың пікірінше ең маңызды санкциялардың бірі болған, өйткені ол Әндіжандағы оқиға үшін жауапты нақты адамдарға қарсы бағытталған еді.
«Кейбіреулер осы оқиға ЕуроОдақтың Өзбекстанға қатысты әлдеқайда тиімді жазалау шарасының алдын орап кетті деп санайды»,- деді Джеймс Никси.
Орталық Азияның кейбір елдері бұрынғы Ресейге бағыныштылықты ескеріп, көпвекторлы сыртқы саясатты пайдалы санай бастайды деп есептейді ол. Ресейлік түсінік бойынша әлгі елдер Қытай мен ЕуроОдаққа қатысты саясатты енді өздері жүргізуде. Джеймс Никсидің пікірінше, бұл ең маңызды және үміт отын жандыратын жақсарушылық.
- Жазалағаннан гөрі бірлескен іс-қимыл жасаған артық. Өзбекстан қалай болсын, жазалануға тиіс емес. Сондай-ақ, Өзбекстанды жазалау Батыстың міндеті деп те ойламаймын, - деді Джеймс Никси.
«РЕЖИМГЕ БӘРІН ІСТЕУГЕ МҰРСАТ БЕРІЛМЕК»
Еуропалық одақ елдері Сыртқы істер министрлерінің мәжілісі өткен күні, 27 қазанда, Люксембургте, ЕуроОдақ ғимаратының маңында эмиграциядағы өзбек оппозициясының мүшелері, әндіжандық босқындар және адам құқықтарын қорғаушылар қатысқан наразылық акциясы болып өтті. Наразылық танытушылар ЕуроОдақтың санкцияларды алып тастаудың орынына екі есе күшейтуін талап етті.
Президент Ислам Каримовтың негізгі қарсыласы, «Эрк» партиясының жетекшісі Мухамад Салих та Люксембургтегі наразылық акциясына қатысты. Озодлик радиосының тілшісімен сөйлескен кезде ол «санкциялардың жасанды болғанын, бірақ, екінші жағынан олар Өзбекстандағы диктаторлық режимге деген Батыстың көзқарасын білдіргенін» айтты.
Өзбекстанның қудалаудағы оппозиция жетекшісі Мұхаммед Салих Азаттық радиосына сұхбат беріп отыр. Прага, 2 желтоқсан, 2008 жыл.
- Осынау санкциялар Каримовтың диктаторлығын Батыстың білетінін көрсеткен еді. Ал, санкцияларды алып тастау Батыстың «Жоқ, Каримов диктатор емес» дегенін білдіреді. Бұл жағдай Еуропаның өз ұстанымынан қайта бастағанын көрсетеді. Қазір ЕуроОдақ өзбек режиміне қатысты маңызды ештеңе істей алмайды, өйткені ол өзінің демократиялық қағидаларынан қайтты, бас тартты. Біз Еуропалық одақтан ешқандай көмек күтпейміз, бүгінгі наразылықпен тек оның бейшаралығын ғана айтқымыз келді, - деді Мухамад Салих.
Өзбектің адам құқықтарын қорғаушылары санкциялардың біржола алынып тасталғаны үшін ренжулі. Олардың пікірінше, ЕуроОдақтың бұл қадамы өзбек билігінің ары қарай да адам құқықтарын бұза беруіне түрткі болмақ. Олар санкциялардың белсенді қызметі жүріп тұрған кезде Өзбекстан адам құқықтары саласында келісімге баруға мәжбүр болды деп санайды.
Олар жоғары лауазымды өзбек шенеуніктеріне виза беруге тыйым салынғаннан кейін ресми Ташкенттің халықаралық қауымдастықпен саудаласа бастағанын айтады. Сол кезде өзбек билігі өз шенеуніктеріне ЕуроОдақтың виза беруі үшін елде жыл сайын адам құқықтары жөніндегі мәжіліс өткізіп тұруға келісті және БҰҰ, ЕҚЫҰ және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің елге келуіне әлдеқайда кеңірек құшағын ашты.
Мәскеулік адам құқықтарын қорғау қоғамы «Мемориалдың» мәліметі бойынша бүгін Өзбекстан түрмелерінде қолдан жасалған айыптаулармен тұтқындалған және қайта-қайта азапталып жатқан мыңдаған өзбек діндарлары мен он алты адам құқықтарын қорғаушы отыр.
Өзбектің бұрынғы саяси тұтқындарының бірі, Адам құқықтары жөніндегі неміс-өзбек форумының құқық қорғаушысы Өзбекстандағы адам құқықтарының ахуалы қазір осыдан екі жыл бұрынғыға қарағанда да нашар екенін айтады.
- Адам құқықтарының күрескерлері, соның ішінде мен де бармын, Әндіжан оқиғасынан кейін түрмеден босатылдық, ол рас. Бірақ, жалпылай қарайтын болсақ, тура сол мөлшерде, тіпті, одан да көп азаматтық қоғамның белсенділері түрмеге тоғытылды, - деді адам құқын қорғаушы.
Өзбектің адам құқықтарын қорғаушыларының кейбірі өзбек билігінің халықаралық міндеттемелерді орындамағанын, адам құқықтарын және сөз бостандығын бұзғанын, ал, санкциялардың алынуыменен Каримов режимі тіпті есіріп кететінін айтады.
Өзбектің адам құқықтарын қорғаушысы Сурат Икрамов ЕуроОдақ үшін адам құқықтары онша маңызды мәселе емес екенін ұйым ашық көрсетті дейді.
- Кезінде мен Еурокомиссия өкілдеріменен кездестім, санкцияларды алып тастауға болмайтынын түсіндірдім. Олар Өзбекстанға қатысты қатқыл саясат Батыс үшін есіктің жабылуына әкеп соғуы мүмкін деді. Өйткен жағдайда Батыстың өзбек үкіметімен диалог жүргізуі қиынға соғады деген. Десе де мен Өзбекстанның әлдебір аралда емес, Орталық Азияның ортасында тұрғанын, сол себепті ұзақ уақыт бойы оқшаулықта қала алмайтынын түсіндіріп бақтым. Халықаралық қауымдастықтан оқшаулау диктаторлық режимнің шаруасын бітіруші еді, ол процесті жеделдетіп жіберуші еді. Бірақ, Еурокомиссия өкілдері бізді тыңдамады. Оларға біздің ресурстарымыз қажет, Ауғанстанға бейәскери жүк жөнелтулері үшін біздің жеріміз қажет. Сондықтан Батыс адам құқықтары тақырыбын қозғамайтын болады. Біздің қатты көңіліміз қалды, - деді өзбектің адам құқықтарын қорғаушысы біздің Азаттық радиосына.
БАТЫСҚА ЖӘНЕ ШЫҒЫСҚА БАРАТЫН ВЕКТОРЛАР
Еуропалық саяси зерттеулер орталығынан Майкл Эмерсон соңғы рет Орталық Азияға барған кезінде санкциялардың Өзбекстанға әсер ету мүмкіндігі жайында талқылаған.
Сарапшы Өзбекстандағы ахуалдан хабардар жұрттың «енді Әндіжан оқиғасы болмайды, болуы екіталай» деген пікірде екенін айтады. Сол себепті Майкл Эмерсон санкцияның енгізілуі мақтауға лайық шара деп санап, Өзбекстан мен президент Ислам Каримовтың халықаралық беделі мен абыройына елеулі соққы берді деп мәлімдейді.
- Сол себепті болашақта тағы бір «Әндіжан» болған кезде полиция мен қауіпсіздік қызметі әлдеқайда кәсібилік, ұстамдылық және бірқалыптылық танытатын болады, - деді Майкл Эмерсон.
Көптеген бақылаушылар Өзбекстаннан санкцияларды алып тастауменен Еуропалық одақ ресми Ташкенттің ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріндегі режимдердің алдында осалдық көрсетті деп санайды.
Мәскеулік әскери сарапшы және «Новая газета» шолушысы Павел Фельгенхауэр Азаттық радиосына Орталық Азия елдеріндегі режимдер тамырынан тұрақсыз және аймақтағы тұрақсыздану барлығын бірдей апатты салдарға әкеп соғады дейді.
- Барлық орталықазиялық республикаларда авторитарлы диктатура орнаған. Бұл жақсылық емес. Ал, екінші жағынан қарасақ, олардың бәрі зайырлы. Басқаша айтқанда, олар радикалды исламға қарсы, ал, бұл басты нәрсе. Сондықтан, әлгі режимдер Шығыстан да, Батыстан да қолдау табады, - деді мәскеулік әскери сарапшы.
Павел Фельгенхауэр Орталық Азия елдерінің басшылары исламист немесе тағы сол сияқты әрекеттер болмас үшін өздерін Батыстың жақтырса да, жақтырмаса да қолдайтыны жөнінде әлдебір хабар алған деп санайды.