Бәс тіккендер арасында бес миллион теңге ұтқан адам бар

Букмекерлік кеңсенің сыртқы көрінісі. Алматы, 30 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет.

Футболдан Еуропа чемпионаты кезінде қазақстандық фанаттар букмекерлік кеңселерге бәс тікті. Бәс тігіп, бес миллион теңге ұтқан адам – алматылық.

БОЛЖАМ ЖАСАП ҰТҚАНДАР

Алматыдағы ірі букмекерлік кеңселердің бірін басқаратын Бауыржан Жүнісов:

- Еуропа чемпионаты кезінде үлкен ұтыстар болды. Біздің кеңседе бір жанкүйер 2 миллион теңге тігіп, соның үстінен 5 миллион теңге ұтып алды, - деді.

Бауыржан Жүнісов футбол жанкүйерінің қауіпсіздігі үшін 5 миллион теңге ұтқан жігіттің есімін жариялаудан бас тартты.

Ал футбол жанкүйері Мейірбек Нүрекеев Еуропа чемпионаты кезінде бәс тігіп, пайда тапқан екен.

Футбол фанаты Мейірбек Нүрекеев. Фото жеке архивінен алынды.


- Испания мен Ирландия ойынына 999 теңге тігіп, 44 мың 505 теңге ұтып алдым. Бұл кездесуде Испания жеңеді, екінші таймда көп гол соғылады және екінші таймда офсайд екеуден көп болады, бұрыштама доп жетеуден көп болады, қақпаға соққы 15-тен көп болады деп болжадым. Барлығы сай шықты, - деді ол.

Орал есімді 24 жастағы жанкүйер 400 мың теңге ұтқан.

- Биылғы біріншілікте Испанияның жеңісіне сендім. Испания Хорватияны, Францияны, Португалияны және финалда Италияны ұтады деп болжадым. 400 мың теңгеден сәл асатын ақша ұттым, - деді фанат.

ҰТЫЛҒАНДАР ДА БАР

Футбол фанаты Мәулен Қалиев «Болжам жасап тапқан ақшаны букмекерлік

Футбол фанаты Мәулен Қалиев. (Сурет жеке архивінен алынды).

кеңселерге қайтарып бергенін» айтты.

- Германия мен Грекия ойынына 500 теңге қойып, 3 мың теңге ұттым. Ал Германия мен Италия ойынында "италиялықтар келесі кезеңге шығады" деп болжап, 12 мың теңге алдым. Алайда осы ұтқан ақшамды финалға тіктім де ұтылып қалдым. Шешуші ойында Италия жеңіске жетеді деп болжаған едім, - деді фанат.

Ал студент Нұршапағат Несіпбаев Еуропа чемпионатының басында пайда тауып, кейін қайта шығынға ұшыраған.

- Еуропа чемпионаты кезінде үш рет бәс тіктім. Италия-Хорватия кездесуіне 1 мың 500 теңге қойып, екі таймда да гол болады деп болжадым. Болжамым дәл шығып,

Футбол жанкүйері Нұршапағат Несіпбаев. Алматы, 3 шілде 2012 жыл.

5 мың теңге ұттым. Ал финалда Испания қосымша уақытта немесе пенальтиде ұтады деп қойып едім, өкінішке орай болжамым шықпады, - деді студент.

Футбол жанкүйері Бабыр Байменов биылғы Еуропа чемпионатының барлық кездесулерін көріп шыққан. Бірақ ол бәс тігуге қарсы.

- Бәс тігуге қорқамын. Жұрттың біразы харам іс деп жатады. Менің ойымша, кездесуді болжау, ақша тігу - күпірлік, - деді жанкүйер.

«БИЫЛ БӘС ТІККЕНДЕР КӨП»

Букмекерлік кеңсе өкілі Бауыржан Жүнісовтің айтуынша, "Бәс тігушілер Еуропа чемпионатының басында біраз пайда тапты. Ал соңында букмекерлік кеңселер пайдаға кенелді. Соңында фаворит командалардың көбі күтпеген жерден жеңіліп қалды".
«Ресей Грекияны ұтады», «Англия Италияны жеңеді», «Германия Италияны жарыстан шығарады» деген болжамдарға көп адам тікті. Ақшалары «күйіп» кетті.

- Мәселен, «Ресей Грекияны ұтады», «Англия Италияны жеңеді», «Германия Италияны жарыстан шығарады» деген болжамдарға көп адамдар ақша салды. Бірақ олардың салған ақшалары «күйіп» кетті. Финалда жұрттың біразы Италияның жеңісіне сенді. Бірақ Италия бәс тіккендердің болжамын жоққа шығарды, - деді ол.

Букмекерлік кеңсе басшысының айтуынша, биылғы біріншілікте бәс тігушілердің саны көп болған. Бауыржан Жүнісов:

- Биылғы біріншілікте әйел адамдар да бәс тікті. Тіпті финалдық ойынды отбасымен келіп тамашалап, болжам жасағандар болды. Биылғы біріншілік пен 2008 жылғы Еуропа чемпионатын салыстырсақ, фанаттар биыл белсенділік танытты, - деді.

«БУКМЕКЕРЛЕР ЗАҢ БҰЗЫП ОТЫР»

Ал Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмақанов «букмерлік кеңселер заңды белден басып отырғанын» айтты.

Алматы қаласы Бостандық ауданы прокуратурасының өкілі Бауыржан Жұмақанов. Алматы, 2 шілде 2012 жыл.


- Заң бойынша 21 жасқа толмаған адамдарға букмекерлік кеңсеге кіруге болмайды. 21 жасқа дейінгілерге бәс тігуге тыйым салынған. Заң бұзғандарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 338-бабының 2-бөліміне сәйкес 300 айлық есептік көрсеткіш, яғни 400 мың теңге айыппұл салынады. Биылғы Еуропа чемпионаты кезінде талай кеңселерде бұл заңды сақтамау фактілері тіркелді. Қазір тексеріске жауапты салық комитеті осы іспен айналысып жатыр, - деді ол.