«Жер басып алған әйел» үйін бұзбауды сұрайды

Астана шетіндегі Өндіріс кентінің тұрғыны Қамар Досмағанбетова үйінің жанында тұр. Астана, 24 маусым 2014 жыл.

Көп жылдық стажы бар мұғалім баспанасыз қалуы мүмкін. Жуырда әйелдің заңсыз басып алған жер телімінің иесі пайда болып, үйін бұзуды талап еткен. Астана шетінде мұндай жағдайға тап болғандар көп.

Қамар Досмағанбетова күйеуімен Қостанай облысынан Астана қаласына тоғыз жыл бұрын көшіп келген. Денсаулығы сыр беріп әрі ауылда жұмыстың реті болмаған соң амалсыз қалаға көшкен. Ерлі-зайыптылар жаңа мекенде тұрмысымыз жөнделер деп үміттенген. Бірақ Қазақстан астанасында пәтер жалдау ақысы қымбат, күн көру қиын болған. Ол «қалаға көшіп келген соң іші сыз әрі суық бөлме жалдауға ғана шамамыз келді» дейді.

САМАН ҮЙ

2007 жылы Қамар Досмағанбетова оқушыларының әке-шешелерінің кеңесімен Астананың шетіндегі Өндіріс кентіне барып, бос жатқан жер телімін иеленіп алған. Ол жерді шарасыздықтан заңсыз басып алғанын айтады.

- Оқушыларымның әке-шешелері «ол жақта бос жерлерді басып алып жатқандар көп, сіз де сөйтпейсіз бе» деп кеңес берді. Мен солай істедім. Астанада мемлекет тегін беруі тиіс 10 сотық жер алуға тіпті тырысқан да жоқпын, өйткені одан ештеңе шықпайтынын білдім. Қарапайым мұғалімге жерді кім берсін? - дейді Қамар Досмағанбетова.

Қамар Досмағанбетованың саман кірпіштен салынған үйі.

Отбасы несие алып, 700 мың теңгеге заңсыз басып алған жерге саманнан үй соққан.

Қамар Досмағанбетованың үйі Өндіріс кентінің ең шетінде. Мұнда электр жарығы ғана тартылған. Қыста пеш жағады, тамақты да пешке пісіреді. Бүкіл кентте, яғни бұл үйде де су жүйесі жоқ. Жұрт суды бірнеше шақырым жердегі колонкадан тасиды.

- Жаздың күні даладағы өзіміз жасап қойған душқа шайынамыз. Моншамыз жоқ. Қыста екі аптада бір рет қалалық моншаға барып түсеміз, - дейді ол.

ЖЕР ИЕСІМЕН ТАЛАС

Қамар Досмағанбетова мектепте 30 жыл мұғалім болып істеген. Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Диплом алған соң жұмыс істеу үшін ауылға кетіп, сол жақта тұрмысқа шыққан.

«Жас кезімде жалақысы аз мұғалімдікті тастап, басқа жұмыс іздесем бе деп ойлағанмын. Бірақ мамандығымды қимадым» дейді Қамар.

Мектеп мұғалімінің жалақысы да мардымсыз. №34 орта мектептің жоғарғы сыныптарына тарих пәнінен аптасына 18 сағат сабақ беретін ол небәрі 45 мың теңге жалақы алады. Сынып жетекшілігі сияқты қосымша жұмысы жоқ.

Өндіріс кентінің балалары су тасып жүр. Астана, 24 маусым 2014 жыл.

- Мектепте жалақы қайдан көп болсын, бірақ 100 мыңға дейін жалақы алатын мұғалімдер бар. Бұдан көбірек сағат алуға денсаулығым жарамайды. Жеке меншік компанияда істейтін күйеуімнің де жалақысы аз, - дейді Қамар Досмағанбетова.

Мемлекеттен жалға пәтер алу үшін ол үш жыл бұрын кезекке тұрған. Бірақ Астана әкімдігіндегі баспана кезегі мүлде жылжымаған, ол бюджет мекемесі қызметкері ретінде жуырда пәтер аламын деп үміттенбейді.

Әйелдің айтуынша, жақында күйеуі екеуі басып алған жер телімін босатуды талап етіп, біреулер телефон соға бастаған.

Екі жыл бұрын ерлі-зайыптылардың үйінің жанынан карьер қазылған. Осы кәсіпорын қожайыны олардың жер телімін «менікі» деп мәлімдеген.

- Әлгі қожайын – депутат, бизнесмен. «Жақсылықпен жөндеріңді табыңдар, әйтпесе күштеп шығарамын» деп телефон соқты, - дейді Қамар Досмағанбетова.

Жерге таласқан тараптар мәмілеге келе алмаған. Әйел «бала-шағаммен қайда барамын, басқа баспана жалдайтын ақшам жоқ. Не болса да көріп, ақырына дейін осы жерде отырамын» дейді. Қамар Досмағанбетова көмек сұрап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасы Нұртай Әбіқаевқа хат жазып жатқанын айтады.

Жаңбырдан соң көшеде көлік жүре алмайды. Өндіріс кенті, 5 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

​Қазір Өндіріс кентінде Қамар Досмағанбетова сияқты ертеңгі күні не боларын болжай алмай ондаған отбасы тұрып жатыр. Бұлар жерді заңсыз басып алғандар ғана емес, алаяқтардың алдауына түсіп қалғандар. 10 жыл бұрын олар құжаттары жалған екенін білмей 10 сотық жерді әлдебір әйелден 500 долларға сатып алған. Қазір Өндірісте жер телімінің де, оған салған үйлерінің де құжаты жоқ ондаған шаңырақ бар. Олар жерді заңсыз басып алды деп санайтын жергілікті билік жер телімдері мен үйлерді заңдастыруға рұқсат бермей отыр. Астана әкімдігі «өнеркәсіптік аймақ болып саналатын бұл жерлер келешекте жоспарға сәйкес игеріліп, кәсіпорындар салынады» дейді.