Есікте «топпен зорлау» ісі бойынша үкім шықты

Есікте "бір топ жігіт зорлады" деген Жібек Мусинова зорлық-зомбылықпен күрес туралы конференцияда сөйлеп тұр. Астана, 24 қараша 2016 жыл.

Есік қаласының соты "бірнеше адам бірігіп зорлады" делінген Жібек Мусинованың ісі бойынша үкім шығарды. Есіктегі оқиға әлеумет реакциясын тудырып, жұрт назарын аударған.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы аудандық сот 2016 жылы қарашаның 28-і күні Жібек Мусинованы "топпен зорлады" деген адамдарға қатысты үкім шығарды.

Your browser doesn’t support HTML5

Жібек Мусинованың ісі бойынша үкім шықты. Аудиоподкаст.

Айып тағылған төрт адам да кінәлі деп танылып, ұзақ жылдарға сотталды: Асхат Бектұрсын – 10 жылға, Елтай Нұрбол – 9 жылға, Алмас Ермеков – 9 жарым жылға, Ербол Ермеков – 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот зорлау оқиғасы болған автокөлікті тәркілеуге үкім етті.

ҮКІМНЕН КЕЙІНГІ ЭМОЦИЯЛАР

Үкім оқылған соң сот залында қақтығыс басталды. Сотталғандардың бірінің туысы қоштасуға ұмтылып, оны айдауылдар сотталған азаматтарға қарай жібермей қойды. Мұнан соң сот ғимаратының алдында сотталғандардың туыстары тілшілерге тиісті, видео түсіріп жүрген бір операторды құлатты, Жібек Мусинова мен оның адвокаты Айман Омароваға қарата ұятты сөздер айқайлады. Полиция бұл оқиғаға кешірек араласып, сотталғандардың туған-туыстарын тоқтатты.

Your browser doesn’t support HTML5

Есікте «топпен зорлау» ісі бойынша үкім шықты

– Қыз зорлау оқиғасынан кейін олардың туыстары сотталушыларды қалай ақтауға тырысады, осыны түсінбейміз?! Жібек үшін ар-намысы қандай ақшадан да жоғары тұрады, – деді Жібек Мусинованың адвокаты Айман Омарова.

Айыпталушылардың адвокаты Андрей Иванников үкіммен келіспейтінін айтады.

– Апелляциялық шағым береміз. Іс қолдан құрастырылған, сот процессуалдық қайшылықтар тапты, бұл туралы бірнеше рет мәлімдеген едік. Сол мәлімдемелерден кейін ақтау үкімі шығуы тиіс болатын. Жоғарғы инстанцияларға шағымдануға толық құқығымыз бар, – деді ол.

Алматы облысындағы Есік қаласындағы аудандық сотта Жібек Мусинованы зорлады деген адамдардың үстінен қозғалған істі қарау қазанның 19-ы күні жабық режимде басталған еді. Айыпталушылар – 22-29 жас аралығындағы Асхат Бектұрсын, Елтай Нұрбол және немерелес туыстар Алмас Ермеков және Ербол Ермеков. Оларға қылмыстық баптар бойынша «зорлау», «жыныстық сипаттағы күш көрсету», «адам ұрлау» айыптары, ал екеуіне қосымша «бұзақылық» айыбы да тағылған. Сотталғандардың біреуі бұрын ұрлық жасап сотталған. Олар сот кезінде Еңбекшіқазақ ауданының тергеу абақтысында қамауда отырды.

ВИДЕОҮНДЕУДЕН КЕЙІНГІ ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ

Бұл қылмыстық іс жұрт әлеуметтік желіде Есік қаласы полициясының жұмысын қатты сынағаннан кейін қозғалды. Өйткені тамыздың 19-ы күні Facebook-те Жібек Мусинованың анасы Гүлбадар Мусинова видео үндеу жариялаған болатын. Оның сөзіне қарағанда, тамыздың 14-іне ауған түні оның қызын біреулер ұрлап кетіп, зорлаған. Осы кезде оның ұлы да соққыға жығылған. Туыстары қыздарын тауып, шабуыл жасаған төрт адам ұсталған еді. Бірақ кейіннен оларды полиция босатып жіберді. Гүлбадар Мусинова "Есік полициясы істі ың-шыңсыз жауып тастағалы отыр" деп мәлімдеген.

Мұнан соң төрт полицейге қарсы тәртіптік шара қолданылды. Қыркүйектің 14-і күні тергеуі бөлімі бастығының орынбасары, екі тергеуші және Есік қаласының ішкі істер басқармасының кадр бөлімі бастығы қызметтерінен кетті. Алматы облысы ішкі істер департаменті бұл адамдарға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Жібек Мусинованың зорлады деген адамдарды сотта Андрей Иванников пен Қосанәлі Тұрманбетов қорғады. Олар қорғауындағы азаматтардың кінәсі жоқ екенін мәлімдеп, оларды толық ақтауды сұрады.

Адвокаттар Жібек Мусинова күдіктілердің бірімен жыныстық қатынасқа түсуге "өз еркімен келіскен" дейді. Олардың сөзіне қарағанда, "Жібек Мусинованың олардың қорғауындағы бір азаматпен кафеден 20 минутқа шығып келгенін көрген куәлер бар". Кейіннен Мусинова бір қызбен төбелескен. Адвокаттардың айтуынша, тәуелсіз дәрігер тексерген кездегі Мусинованың денесіндегі көгерген жерлер мен ісіктер осы төбелес кезінде түскен. Күдіктілер оларды ажыратып, Мусинованы қонақүйге апарып тастаған.

Есікте "бір топ жігіт зорлады" деген Жібек Мусинованың зорлық-зомбылықпен күрес туралы конференцияға келген кезі. Сол жағында оның адвокаты Айман Омарова тұр. Астана, 24 қараша 2016 жыл.

Молекулалық-генетикалық сараптама адвокаттар болжамына сәйкеседі. ДНҚ экспертизасы бойынша, Жібек Мусинованың бойынан Асхат Бектұрсынның ғана генетикалық материалы табылған. Молекулалық-генетикалық сараптама жасаған эксперттің сөзіне қарағанда, қалған айыпталушылар жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түспеген.

Мұндай болжаммен жәбірленуші тарап мүлде келіспейді. Жібек Мусинованың адвокаты Айман Омарова молекулалық-генетикалық сараптамаға, оны жасаған экспертке сенбейтінін айтады.

– Менде қазір осы эксперттің жұмысына күдік тудыратын үш іс қаралып жатыр. Біз оны сотқа береміз. Өйткені құқық бұзу әрекеттері бар, – дейді адвокат.

Жібек Мусинованы зорлау үкімі қарашаның 15-і күні шығуы тиіс болған. Алайда сот-биологиялық және молекулалық-генетикалық сараптама қорытындылары сәйкеспеген. Судья Ерлан Баймолдинов эксперттерді қарашаның 18-і күнгі сот отырысына шақырды. Эксперттер бұрынғы қорытындыларын қайталады.