Жастардың ВИЧ туралы сауаты әлі шала

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. (Көрнекі сурет)

1 желтоқсан – Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні. Азаттық тілшісі жүргізген шағын зерттеу шипасы жоқ дерттің қалай жұғатынын жастардың көбі білмейтінін көрсетті.
Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күнінің мақсаты – халыққа ВИЧ/СПИД туралы толық ақпарат тарату. Азаттық тілшісінің шағын зерттеуі Қазақстандағы жастардың бұл дерт туралы өте аз білетінін көрсетті. Ресми дерекке қарағанда, елдегі ВИЧ жұқтырғандардың саны 20 мың адамнан асқан. Мамандардың есебінше, олардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

АҚПАРАТ ЖЕТКІЗУ

Университеттің екінші курс студенті, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Достар» үкіметтік емес жастар ұйымының волонтері, 18 жастағы Ақмарал Сман сабақтан бос уақытында өзі құралпы жастар арасында ВИЧ/СПИД-тің алдын алу жөнінде тренингтер өткізеді.

– Менталитетіміздің ерекшелігі болар, бірақ бізде үлкен кісілер жасөспірімдерге ВИЧ/СПИД-тің жұғу жолдары сияқты нәрселерді айтуға ұялады. Сондықтан біз Y-Peer – «Теңіңмен тең сөйлес» принципін басшылыққа аламыз. Тренингке қатысқан жасөспірімдер бізден естіген ақпаратты өз құрдастарына жеткізеді, ал олар өз таныс балаларына айтады. Дәрістер осы тізбек бойынша жалғаса береді. Жасөспірімдер жыныстық жолмен жұғатын инфекция мен ВИЧ-тен қорғану үшін

«Достар» үкіметтік емес жастар ұйымының волонтері, студент Ақмарал Сман.

мүшеқапты дұрыс пайдалану туралы бір-бірімен қысылмай сөйлесе алады. Бірақ бұл істе қиындықтар да бар. Кейбір мектеп директорлары «ұят нәрселерді үйретесіңдер» деп, жоғары сынып оқушыларына мұндай тренингтер өткізуге рұқсат бермейді, – дейді Ақмарал Сман.

Волонтердің айтуынша, жергілікті халықтың бұл мәселеден сауаты шала болғандықтан, ВИЧ жұқтырған жандар қоғамнан безіп, оқшауланып алады. Жұрттың көбі «ВИЧ ауа арқылы, ортақ ыдыс, қол алысу арқылы жұғады» деп ойлайды.

– Біз тренингтерде ВИЧ-тің қан арқылы, сақтанбай жыныстық қатынасқа түсу арқылы ғана және анасынан балаға жұғатынын түсіндіреміз, – дейді Ақмарал Сман.

ВИЧ жұқтырған адам дер кезінде емделсе, дені сау адам сияқты талай жыл өмір сүре алады. Бірақ кейбір адамдардың өресіздігінен көбінесе кемсітушілікке ұшырайтын олар қоғамнан оқшау өмір сүруге мәжбүр болады.

– Біздің нагізгі мақсатымыз – жасөспірімдерге ВИЧ/СПИД туралы нақты ақпаратты жеткізу. Өйткені олардың әркімнен естіген ақпараты дұрыс болмауы мүмкін. Өкінішке орай, қоғамда бұл мәселеге тиісті көңіл бөлінбейді де, мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Бірақ мен тренинг өткізуге қажет ватман қағазға 150 теңге мен аптасына бір-екі сағатымды аямаймын, – дейді Ақмарал Сман.

ВОЛОНТЕРЛЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ

Қазақстанда Y-peer принципі бойынша жасы 14-тен асқан 2 мыңдай волонтер жұмыс істейді. «Теңіңмен тең сөйлес» принципі бойынша жастарды оқыту ісі Шымкент қаласынан басталып, қазір басқа аймақтарға тарала бастады. «Теңіңмен тең сөйлес» принципінің бір тиімділігі – оған көп қаражат кетпейді. Бір-бірін үйрететін жасөспірімдер арқылы тренингтер тұрақты сипат алып, жастар арасында кең таралады.

ВИЧ вирусы жыныстық қатынас, қан арқылы жұғады, сондай-ақ ауру анадан туған балаға берілуі мүмкін.

Ақмарал Сманның айтуынша, жастарды ВИЧ/СПИД профилактикасы тақырыбы көбірек қызықтырғанымен, тренерлер оларды репродуктивті денсаулықтың басқа мәселелерін де талқылауға тартады.

– Тренинг басталарда бізге «Мұны несіне түсіндіресіздер? Бізге бұл қажет емес» деушілер жиі болады. Бірақ тренинг өткен соң қатысушылар «көп нәрсені біліп қалдым» деген пікір қалдырады. Салауатты отбасын және салауатты қоғам құру үшін жастарға ақпарат беру өте маңызды, – дейді Ақмарал Сман.

Азаттық тілшісі Алматы қаласының кейбір тұрғындарынан ВИЧ/СПИД жайлы не білетінін сұрап көрді. Алматы қаласының мына жас тұрғындары ВИЧ/СПИД жайында мүлде аз білетіні белгілі болды:

Your browser doesn’t support HTML5

ВИЧ/СПИД жайлы не білесіз?


Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген жасөспірімдердің көбі ВИЧ ауа арқылы жұғады немесе оны жеке гигиенаны сақтамаудан жұқтыруға болады деп қателеседі. Сауалнамаға қатысқандардың барлығы дерлік ВИЧ жыныстық қатынас арқылы жұғатынын айтты. Бірақ олар жыныстық қатынас кезінде сақтану қатерлі вирустан қорғайтынын айтпады.