Дәрігер Жәкішевтің денсаулығы туралы бұрынғы айтқандарынан бас тартты

Владимир Боборыкин, кардиолог-дәрігер. Алматы 23 ақпан 2010 жыл.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты сот процесі дәрігерлік жанжалға ұласатын тәрізді.Танымал кардиолог Владимир Боборыкин топ-менеджердің денсаулық жағдайына байланысты осы ақпан айының басында сотта дәрігерлік куәлік бергенде қателескенін айтады.
«ҚАТЕЛІГІМДІ МОЙЫНДАЙМЫН»

Кардиология мен ішкі ағза аурулары ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, кардиолог Владимир Боборыкин, 23 ақпан күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің денсаулығының нашарлығы туралы бұдан бұрын сотта айтқандарынан бас тартатындығын мәлімдеді.

Дәрігердің айтуынша, Жәкішев оның жеке қарауында ешқашан болмаған, бір мәрте ғана оның қан қысымын өлшеп көрген.

- Оның қан қысымы 200 де 110 болды. Бірақ қан қысымын өлшеу дәрігерлік қарауға жатпайды. Науқастың денсаулық жағдайына қатысты қорытынды жасау үшін амбулаториялық қағаз және науқасты жеке қарап шығу қажет, - деді Боборыкин.

Кардиолог Астана қаласы № 2 Сарыарқа аудандық сотына куәгер ретінде қатысуға барғанда Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев оған медициналық құжаттардың көшірмесін беріп, сол бойынша топ-менеджердің денсаулығына баға беруін сұрады деп мәлімдеді.

- Сот барысында мен судьяның және адвокаттардың көптеген сұрақтарына жауап бердім. Мен медициналық құжаттардың түпнұсқасы негізінде емес, көшірмесіне қарап жауап бердім. Көшірмеде мөр де басылмаған, - деді Боборыкин.

Адвокат Бейсекеевтің айтуынша, кардиолог-дәрігер Боборыкин сотта науқас өзінің қан қысымын қасақана көтере алмайтындығын айтқан, сол арқылы ҰҚК-нің дәрігері Ғалым Қалиевтің бұған дейінгі болжамын жоққа шығарған.

- Мен сотта негізcіз куәлік жасаған болып тұрмын. Бұл қателікті мен мойындаймын. Соған байланысты сотқа мен тарапынан қателік кеткендігі туралы өтінішімді жібердім. Егер қажет деп тапса, мен тағы тағы да Астанаға барып, дәлелді куәлік етуге дайынмын, - деді кардиолог-дәрігер.

Сонымен бірге, Боборыкин топ-менеджердің денсаулығын Астанаға барып тексеріп беруін «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақтылы Түменова мен Жәмила Жәкішева сұрады деп мәлімдеп отыр.

«ДӘРІГЕРГЕ ҚЫСЫМ КӨРСЕТКЕН»

Бұл ретте Жәмила Жәкішева, Азаттық радиосына берген сұхбатында, танымал дәрігерді Астанаға баруға ешкім күштеп мәжбүрлеген жоқ деген пікір білдірді.
- Ол кімді барып тексеретіндігін жақсы білді. Анализ құжаттары негізінде жазбаша қорытынды берді. Сотта ант қабылдап куәлік етті. Қалай мен үлкен кісіні Астанаға күштеп алып бара аламын? – деді Жәкішева.
Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.


Топ-менеджердің зайыбы кардиологтың өз ұстанымынан бас тартуына мемлекеттік орган ықпал етуі мүмкін деген болжамын білдірді.

- Менің пікірімше, ҰҚК оған қысым көрсетіп, оған осындай баспасөз мәслихатын өткізуге мәжбүрлеген. Өйткені дәрігердің сотта айтқандары ҰҚК-нің мүддесіне, атап айтқанда дәрігер Қалиевтің қызметіне кесірін тигізіп тұр, - деді Жәкішева.

Алайда Боборыкиннің өзі сырттан ешқандай қысым жасалмады деп мәлімдеп отыр.

- Маған жоғарыдан ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Одан қалды институт директоры менің Астанаға барғанымды білген жоқ, мен жеке тұлға ретінде бардым. Ол аз десеңіз, институт басшылығы менің бүгінгі баспасөз конференция өткізу туралы ұсынысыма қолдау көрсетті, - деді Боборыкин.

2009 жылы мамыр айынан бері ҰҚК-нің тергеу абақтысында отырған Мұхтар Жәкішев өзінің денсаулық жағдайына байланысты ем қабылдауға мүмкіндік беруін сұрап, мемлекеттік билік органдарына бірнеше мәрте қайырылған болатын.

Бұған дейін Мұхтар Жәкішевке толық медициналық көмек көрсетілуін «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақтылы Түменова, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, сондай-ақ басқа да қоғамдық және саяси партиялардың өкілдері талап еткен-ді.