Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылында ақпанның 17-і кешке жүздеген адам тағы да орталық көшеге жиналып, осы ауылда сейсенбінің кешінде «бұзақылық жасаған» деген уәжбен ұсталған бірнеше адамды босатуды талап еткен. Куәгерлердің айтуынша, кеше ол адамдарды полиция ауылдағы кейбір тұрғындардың үйіне тас лақтырғаны үшін ұстаған.
Your browser doesn’t support HTML5
Бүгін полиция кеше ұсталғандарды босатуды талап еткен наразылардың тағы бірнешеуін ұстады деп хабарлады оқиға орнынан Азаттық тілшісі. Қазір ауылды полицияның арнайы жедел қимыл тобы (СОБР) бақылап тұр. Ауылға кіріп-шығатын жолға полиция күзеті қойылып, тәртіп күшейтілген. Сәрсенбі күні Бурыл ауылында Азаттық тілшісіне өздерін «ресми орыннанбыз» деп қана таныстырған үш адам журналистің қолынан планшетін тартып алды.
Тұрғындар наразылығына осыдан екі күн бұрын Бурылда алты жастағы баланы өлтіру қылмысы түрткі болған.
Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) сәрсенбі күні таратқан хабарламада 15 ақпанда Бурылдағы бір үйден кәмелетке толмаған жеткіншектің жансыз денесі табылғаны, баланы әлдекімнің күш қолданып өлтіргені анықталғаны айтылған. Полиция осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, 16 ақпанда 18 жастағы Д.К. есімді азаматты қылмысқа күдікті ретінде қамауға алған.
«Халық алаңдаушылығына байланысты жергілікті билік және құқық қорғау органдары жиын өткізіп, тұрғындарды тергеудің алдын ала нәтижелерімен таныстырды. Ауылды жердегі жағдай тұрақты. Тергеу арнайы бақылауға алынды» деп хабарлады облыстық ІІД.
Бурыл тұрғындарының айтуынша, 17 ақпан күні күндіз ауыл орталығына жүздеген адам шығып, күдіктінің отбасының қаза тапқан жеткіншектің үй-ішінен кешірім сұрауын талап еткен. Сонымен бірге наразылардың кейбірі жергілікті билік орындарына күдіктінің отбасын ауылдан басқа жаққа көшіру туралы талап айтқан.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық тілшісіне өз есімін атамауды сұраған Бурыл тұрғынының айтуынша, ауылға сейсенбіден бастап полицияның арнайы жасағы (СОБР) апарылған. Олар сол күні кешкісін ауылдағы орталық көшеде жиналмақ болған жұртты таратып жіберген. Тұрғын қаза болған баланың Бурылға осыдан біраз уақыт бұрын Талас ауданынан көшіп келген әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан екенін айтады. Бұл қылмысқа кінәлінің жазадан құтылып кетпеуін талап еткен халық сәрсенбі күні ауыл көшесіне қайта шыққан.
– Күдікті жауапкершіліктен сытылып кетуі мүмкін деген сыбыс тараған соң халық көтерілді. Бірақ, полиция ауылда ешқандай төтенше оқиғаға жол бермеуге тырысып жатыр. Ауылда тұрғындардан мылтықпен, итпен жүрген СОБР өкілдері көп қазір, - деді Бурыл тұрғыны.
Оның айтуынша, Бурылға сәрсенбі күні облыстық және аудандық әкімдіктерден билік өкілдері барып, ашулы халықты тыныштандыруға тырысқан.
– Облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімінің орынбасарлары болды ауылда. Олар «тыныштық болсын, сабыр сақтаңыздар» дейді, басқа не деуші еді?! Ауылға Жамбыл облысында түрік диаспорасын басқарған кісі де келді. Сосын екі-үш ауыл ақсақалы болды. Олар да ауыл халқын ашумен артық қимылға бармауға шақырды, - дейді ол.
Бурылдағы наразылық туралы фотогалерея:
Бурылдағы бала қазасына байланысты наразылық оқиғасынан соң тұрғындар мен билік орындары өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, оған түрік диаспора өкілдерінен де бірнеше адам кірген.
Сәрсенбі күні Бурыл ауылына қаза болған баланың отбасына көңіл айтып барған Жамбыл облыстық түрік диаспорасының өкілі Дуниядар Абдуллаев халық наразылығына түрткі болған қылмыстық оқиға туралы өз болжамымен Азаттықпен бөлісті.
– Бұл – тұрмыстық сипаттағы қылмыс. Үйге ұрлыққа түскен адам өзін көріп қойған баланы өлтірген. Міне, ең күрделі тұсы – осы. Біз бұл қылмысқа кінәліге ең ауыр жаза беру керек деп айттық, - деді ол.
Ресми ақпарат бойынша, Тараз қаласынан бірнеше шақырым ғана жердегі Бурыл ауылындағы тоғыз мыңға жуық тұрғын халықтың шамамен 30 пайызын этникалық түріктер құрайды.