Желтоқсанның 16-сында Жаңаөзенде болған қанды оқиғадан соң Орал қаласынан ішкі әскер тобын басқарып жеткен Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полковник Бисен Төремұратов полицияға наразылық білдіруші әлдекімдердің әрекетінен жараланып қалған. Бірақ бұл оқиға туралы ақпарат осы кезге дейін көпшілікке белгісіз болып келген еді.
Жаңаөзендегі қантөгістен соң Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқиға болған жерге арнайы әскер жедел түрде жеткізілгені белгілі. Солардың қатарында оралдық полиция қызметкерлерін Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полковник Бисен Төремұратов бастап барды делінеді.
Қазақстанның бас прокуратурасы 2011 жылғы желтоқсанның 22-сінде былтырғы 16-18 желтоқсаны аралығында Жаңаөзен қаласы орталық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне түскен адамдар тізімін жариялаған болатын. Осы тізімде 23.08.1962 жылы туған Төремұратов Бисен Шафқатұлы 96-ншы болып тіркелген екен. Бірақ мұнда оның лауазымы көрсетілмегендіктен, көпшілік назарынан тыс қалған сыңайлы.
«ЖАБЫҚ СЫНЫҚ»
Азаттық тілшісі оралдық полковниктің Жаңаөзендегі қанды оқиғадан кейін Маңғыстау облысына жіберілген іс-сапар кезінде жарақаттанып, аяғы сынғаны, Оралдағы госпиталде емделгені жөнінде алып-қашты ақпаратты қаңтар айында естіген еді. Алайда бұл жайтты ресми жолдармен анықтау мүмкін болмады. Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты ешқандай ақпарат бермеді.
Алайда ауызекі әңгімеде батысқазақстандық полицияның бірнеше лауазымды қызметкері мұндай оқиғаның шынында да болғанын, Бисен Төремұратовтың аяғы «жабық түрде сынғанын» растады. Бірақ бұл жайында журналистке баяндап беруге «қызмет орындарынан қорқатынын» айтып, үзілді-кесілді бас тартты.
Аты-жөнін жария қылғысы келмеген кейбір оралдықтар Бисен Төремұратовты биылғы қаңтар айында қайтыс болған қайыненесі Болдық Сабырованы жерлеу рәсімінен көріп қалғанын айтады. Ол кезде полковник балдақпен жүрген екен.
ЖАҢАӨЗЕННЕН ЖЕТКЕН ХАБАР
Наурыздың 14-інде Орал қаласынан шығатын «Земля и люди» газеті «Жанаозен: репортаж из первых уст» атты мақала жариялады. Мақала авторы Екатерина
Мақалада «полицияның бұзақыларға қарсы ерлігі, жүгенсіз сұмырайлардың сұмдық қылмыстары» жайлы суреттемелерге кең орын берілген. Репортаж кейіпкерлерінің бірі, Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Амангелді Досаханов былай дейді:
«...Сонымен қатар, бізде осы оқиғалар кезінде Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары жапа шекті. Әлгі жүгенсіз сұмырайлар автокөліктерді жарудың сорақы түрін қолданған. Жол бойы әлдебір көлікті ала салып, ішін тас-кесекпен сықай толтырады, от алдырады, сосын көлікті бағыттай бере, жүргізуші секіріп түсіп қалады, ауыр машина жоғары жылдамдықпен құйғыта жүріп, қашан жарылғанша жолындағының бәрін жапырып өтеді. Міне, Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығы орынбасарының машинасына осындай автоснаряд тап келген. Біздің бір полиция автокөлігі де осындай снарядтан жарылып кетті...»
ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚТАР
Азаттық тілшісі жоғарыда жарияланған деректі алға тартқан соң ғана ресми мекемелердің жауапты тұлғалары аздаған ақпарат бере бастады.
Мысалы, наурыздың 16-сында Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің емхана-госпиталына телефон шалғанымызда, департаменттің
Алайда полковник Төремұратовтың жарақаты туралы ақпарат БАҚ-та жарияланғанын, құпия еместігін айтқанымызда, ол бізге «Жаңаөзенде Батыс Қазақстан облыстық ІІД басшысының орынбасарынан өзге жарақат алған полиция қызметкері болған жоқ, Жаңаөзенде суық тигізген, тұмауратқан полиция өкілдері ғана бізге көмек сұрап келді» деген жауап берді.
Қазір қызметтік міндетін қайта атқарып жүрген Бисен Төремұратовтың өзімен де сөйлеспек болғанбыз. Бірақ телефон тұтқасын көтерген оның хатшысы әңгіме Жаңаөзен туралы екенін естігенде полковниктің жиналыстан қолы босамай жатқанын айтып, кейінірек хабарласуды сұрады.
Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тілді дамыту және ақпарат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Гүлжан Қанатова «мұндай сауалға тек үлкен бастықтың рұқсатымен ғана жауап берілетінін, алайда департамент бастығы генерал Арман Жалмұханбетов сырқаттанып қалғандықтан, жұмыста жоқ екенін» түсіндірді.
Осылайша біздің полковник Төремұратовқа қоймақ болған бірнеше сауалымыз жауапсыз қалды. Біз оқиғаның қашан, қай жерде, қалай болғанын, қанша адам зардап шеккенін, зардап шегушінің қайда, қанша күн емделгенін білгіміз келген. Бұған қоса «Жаңаөзен оқиғасын тергеу құжаттарында аталған оқиға туралы дерек бар ма, осы оқиға бойынша қылмыстық іс көтерілді ме, айыпталушылар бар ма?», «Жараланған жалғыз Бисен Төремұратов па?», «Неліктен жаралы полковникті ашық түрде жақын маңдағы (Жаңаөзендегі, я Ақтаудағы) ауруханаға жеткізбей, Оралға ала жөнелген?», «Полицияға қарсы наразылық таныту әрекеттері желтоқсанның 16-ынан кейін де жалғасып жатқан ба?», «Амангелді Досаханов айтқан «автоснарядтар шабуылын ұйымдастырған жаңаөзендіктер» тірі қалды ма?» деген сияқты сауалдарға жауап іздеген болатынбыз. Азаттық радиосы болашақта бұл инциденттің жай-жапсары туралы оқырмандарды құлғадар етіп тұрмақшы.