Жаңаөзенде жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген айыппен Ақтаудағы №172/10 мекемесінде тергеуде жатқан Мұрат Қосбармақовтың адвокаты Сәулебай Сансызбаев абақтыға қамалғандар арасында аштық жариялағандар бар екенін айтты.
Азаттық тілшісі Жаңаөзен оқиғасына қатысты қамауда отырғандардың бірі - Мұрат Қосбармақовтың хал-жағдайын білу үшін оның адвокаты Сәулебай Сансызбаевқа хабарласқан еді.
Адвокат қорғауындағы Мұрат Қосбармақовқа кездесу үшін абақтыға кеше кіріп шыққанын, оның денсаулығы, хал-жағдайы қалыпты екенін айтты. «Мұрат айыпта көрсетілген тәртіпсіздік әрекеттерін жасамаған. Ол жерде барлығы болды ғой. Оның бәрін қамай берсе бүкіл Жаңаөзенді қамау керек болады» дейді адвокат.
«ЖІГІТТЕР АШТЫҚ ЖАРИЯЛАҒАН ЕКЕН»
- Қасындағы жігіттер аштық жариялаған екен. Қамалғандардың барлығы емес, кейбірі ғана жариялаған. Менің қорғауымдағы Мұрат Қосбармақов жоқ оның ішінде, - деді адвокат Сәулебай Сансызбаев.
Адвокат тергеудің түрлі сылтаулармен созылып жатқанын, «қамаудағылардың шаршағанын», «Нұр Отаннан да, прокуратурадан да көмек жоқ» екенін айтты.
Ал Мұрат Қосбармақовтың әйелі Майра:
- Ұмытпасам, сейсенбі күні тамақ апарғанымда Талғат Сақтағанов (ұйымдастырушы ретінде айыпталған азамат - ред.) үйінен келген тамақты алмай қайтарып жіберді. Аздан соң мен жіберген тамақ та қайтып келді, - дейді.
Ол Жаңаөзен прокуратурасының өкілі келіп, тамақ салынған пакеттерді «өзіміз апарып береміз» деп жинап алғанын айтты.
Аяқ астынан тамақты қайтарып жіберген соң, аштық жариялаған шығар деп ойладым.
- Бұрын күйеуім апарған тамақтарды алып жүрген. Аяқ астынан қайтарып жіберген соң, аштық жариялаған шығар деп ойладым, - дейді Мұрат Қосбармақовтың әйелі Майра.
«ЕШКІМ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАҒАН ЖОҚ»
Азаттық тілшісі осы деректі анықтау үшін Жаңаөзен қаласының прокуратурасына хабарласты. Қала прокуратурасының ресми сайтында көрсетілген телефонның тұтқасын көтерген әйел адам өзін таныстырмай:
- Ешкім аштық жариялаған жоқ, - деп телефон тұтқасын қоя салды.
Ақтаудағы №172/10 қамау мекемесінің бастығы Кәміл Жұмалиев:
- Жаңаөзен ісі бойынша бізде Жаңаөзеннен 13 адам, Шетпеден 11 адам жатыр. Ешқайсысы аштық жариялаған жоқ, - деп жауап берді.