Орталық сайлау комиссиясы қаңтардың 12-сі Жаңаөзенде парламент сайлауын өткізу туралы қаулы қабылдады. Азаттық радиосына сұқбат берген қала тұрғыны, мұнайшы Жұбандық Айдарбаев жергілікті халық ішінде «Нұр Отанға кірсең - жұмысқа кіресің» деген түсінік қалыптасқанымен кейбір жаңаөзендіктердің билік партиясынан көңілі қалғанын айтады.
Азаттыққа берген сұқбатында Жұбандық Айдарбаев парламент сайлауы кезінде дауыс беру құқығын пайдаланатынын айтады. Ол Қазақстан президенті Жаңаөзенде болған кезінде «сайлауға қатысыңдар, «Нұр Отанға» дауыс беріңдер» дегенімен, билік партиясынан көңілі қалған жұрттың көп екенін айтады.
Мұнайшы сайлау туралы жергілікті БАҚ кейбір кезде біржақты ақпарат таратты деп санайды.
«Мысалы, екі-үш адам ЖСДП-дан шығып, Ақжолға кірді деп айтып жатыр. Ал неше адамның «Нұр Отаннан» шығып, ЖСДП-ға кіргенін айтпайды» дейді Жұбандық Айдарбаев.
«ӘСКЕРИ КӨЛІКТЕР МЕН ҚАРУЛЫ ЖАСАҚТАР ҮРЕЙ ТУДЫРАДЫ»
Жаңаөзен тұрғыны Жұбандық Айдарбаевтың айтуынша, қалада әскери көліктер мен қарулы жасақтардың толып жүргені елді әлі де үрейлендіріп отыр.
- Кез-келген жерден көлікті тоқтатып, әсіресе, қаланың кіреберіс, шығаберіс жерлерінде тінтіп, сондай жұмыстар жүріп жатыр. Соны көріп отырған соң, енді қалай бәрі тып-тыныш деп айта аласың? - дейді ол.
Жұбандық Айдарбаев «көп адам тергеуге алынып, қамалғандар жәбірленіп жатыр» деген сыбыс естігенімен, қамаудан шыққандар тіс жарып ештеңе айтқысы келмейді, бәрі қорқып қалған деген пікірде. Ол өзінің де қаладағы ахуал туралы бәрін ашып айтуға жүрексініп тұрғанын сездірді.
«ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ОСЫҒАН ЖЕТКІЗДІ»
Ол 60 мың адамға есептелген қалада 120 мыңдай тұрғын бар екенін айта келе, қаладағы жұмыссыздық халықты қажытып жіберді дейді.
- Халықтың саны өте көбейіп кетті. Оның бәріне жұмыс жетпейді. Жұмыс істегесі келетін жастар бар. Оқып келгендеріне де жұмыс жетіп жатқан жоқ. Содан кейін өткендегі сол тәртіпсіздіктің де бір себебі содан-ау деймін. Екі қолы алдына сыймай жүрген балалар қайда барса да, тауы шағылады. Енді ана шетелдерден түрлі жағдайды көріп жүр, жоғары жақтың назарын аудартайын деп жасаған іс болуы керек деп ойлаймын, - деген ойын айтты мұнайшы Азаттық тілшісіне.
Жұбандық Айдарбаев желтоқсанның 16-сы күні демалыс алып, Ақтауға шығып бара жатқан жолда алаңдағы жағдайдың шет жағасын көріп қалғанын айтады. Ол сол күні алаңда автобус өртеніп, шырша жанып жатқанда сол маңда тұрған өрт сөндірушілердің ешқандай әрекет жасамауы да қарсылықтың күшейіп кетуіне жол ашты деген пікірде.
- Менің бір таңқалатыным, ең бірінші автобусты өртей бастағанда сол жерде өрт сөндірушілердің техникалары тұрды. Бірақ сол әбден жанып кеткенше келген жоқ, өрт сөндіретін әрекет жасаған жоқ жаңағы шырша жанып жатқанда. Сол кезде өртті сөндірсе, ондай ештеңе болмас еді. Өртті көргеннен кейін, тұрған халық одан сайын күшейіп кетті-ау деп ойлаймын, - деді мұнайшы.
Your browser doesn’t support HTML5