Прокурор сотталушылардың «екінші Қырғызстан жасаймыз» деп ұран салып, «Жаңаөзендегі оққа ұшқан бауырлардың қаны Назарбаевтың мойнында» деп жазылған плакаттар алып шыққанын баяндады. Ал адвокаттардың бірі «Халық талабы дұрыс болғанын Назарбаев та, Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі де айтып отыр. Сондықтан бұл тек қылмыстық іс емес, саяси іс» деп санайды.
2012 жылы мамырдың 11-і Ақтау қаласында өтіп жатқан «Шетпе сотының» жарыссөз процесі бір күнде аяқталды. Айыптаушы прокурорлар қамауда отырған 12 азаматты 3 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жарыссөзге шыққан бес адвокаттың бесеуі де, айыпталушылардың бірде-бір кінәсі дәлелденбегенін айтып, азаматтар ақталып шығуы тиіс деді.
Сотталушылардың «соңғы сөзінен» кейін сот төрағасы Мырзабеков бұл қылмыстық іске байланысты үкімнің 21 мамырда түскі сағат үште айтылатынын хабарлап, бүгінгі сот процесін аяқтады.
«ЖЕҢІЛДІГІМЕН 9 ЖЫЛ»
Жарыссөзде прокурор 2011 жылы 17 желтоқсанда Шетпе стансасында болған оқиғаға қатысты айыпталған 12 азаматтың кінәлі екені дәлелденгенін айтып, оларға 3 жылдан 9 жылға дейін жаза мерзімін белгілеуді сұрады.
Ол соттан Бекберген Жылқышиев, Дүйсенбек Сәдіғұлов, Асылбек Төлеев, Қуаныш Төлеуов, Есенқос Дұрысбаев, Жұмабек Мырзатаев, Асан Әдиевтерді 3 жылға, Қасым Ермұқанұлын 6 жылға, Нұрболат Сабырбаевты 7 жылға, Ғабиден Бақытжанов пен Ержан Мәмбетовті 8 жылға, Қажымұрат Әбезовті 9 жылға соттауды сұрады.
Прокурор жазаны жеңілдететін жайлар да ескерілгенін атап өтті. «Ауыр қылмыс жасаған және қалған сотталушыларға ықпал еткен» Ғабиден Бақытжановтың 2-топтағы мүгедек және кәмелетке толмаған 5 баласы бар екені, қалған сотталушылардың да үш-төрттен балалары бар екені мәлім болды.
Прокурор «алдын-ала сөз байласып, өкімет өкілдеріне қарсы әрекет жасағындардың бірі», ең ұзақ мерзімге, яғни 9 жылға кесу сұралған Қажымұрат Әбезовтің «Екінші Қырғызстан жасаймыз» деп ұран салғанын, басқаларының да «Жаңаөзендегі оққа ұшқан бауырлардың қаны Назарбаевтың мойнында» деген плакаттарды алып шығуға үлес қосқанын баяндады.
«АДВОКАТТАРДЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ»
Жарыссөзді адвокаттар да тиімді пайдалануға тырысты. Адвокат Өстеміров ең әуелі сотталушыларды тергеу процесінің қалай жүргізілгеніне тоқталды.
«Өзім де тергеуші болғам. Бірақ дәл осындай жауапсыз тергеуді көрген жоқпын. Адамды қамайтын кезде амал таппай прокурордың өзі куә болып, өзі қамауға алады. Біз осы қайда бара жатырмыз?» деген Өстеміров өз қорғауындағы азаматтарды тергеу процесі «өрескел бұзылғанын» айтып, оларды ақтауды сұрады.
Адвокат Нұрлыбай Ізмағамбетов 2011 жылы 16-17 желтоқсанда Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасына байланысты істерді біріктіру жөніндегі өтінішінің аяқсыз қалғанын ескерте келе, бұл соттың барлық сұрақтарға жауап бере алатындай шешім шығаратынына сенбейтінін айтты.
Оның айтуынша, бұл сотта аяқ-қолынан жарақат алған бірнеше куәні айтпағанда, кісі өлімінің өзі сұраусыз қалған.
Ізмағамбетов айыпталушыларды «тәртіпсіздік жасаушылар» деп емес, «наразылық білдірушілер, жанашыр пікір айтушылар» деп қарастыру керек дейді.
- Дәл қазіргі жағдай заңдастырылса, алдағы уақытта полиция «қорықтық» дейді де елдің бәрін ата беретін болады. Ол туралы бір ауыз айтып жатқан жоқпыз. Ауыз ашпайтын жағдайға келіп отырмыз. Осы іс бойынша ешбір нақты дәлел көріп тұрғанымыз жоқ. Бар жазығы сол жерде видеоға түсіп қалғаны, - дейді адвокат
Ал адвокат Бералы Сейітмағамбетов бейнетаспада кешкі 19 сағат 45 минутқа дейінгі кезең көрсетілгенін айтады. Ал оқиға 20-дан өте басталған.
- Оқиға болған жерде тұрғандардың ешқайсысы не болатынын білген жоқ. Бұл - біздің билік пен полиция қызметкерлерінің дайындығы жоғынан, мәдениетсіздігінен, білімсіздігінен болған жайт, - дейді ол.
«КІНӘМ ЖОҚ»
Жарыссөз кезінде сотталушылардың туыстары, атап айтқанда Ғабиден Бақытжановтың әкесі, Нұрболат Сабырбаевтың анасы және Дүйсенбек Сәдіғұловтың әйелі сөйлеп, соттан әділдік сұрады. Сотталушылар да «соңғы сөздерінде» соттың әділ шешім шығаратынына сенім білдірді.
Нұрболат Сабырбаевтың анасы Айнаш есімді әйел Жаңаөзен оқиғасынан кейін үкімет комиссиясын басқарып келген премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шүкеевпен кездесуде сөз сөйлеген еді.
Сот аяқталып, жұртшылық шығып жатқанда сотталушылардың бірі - Жұмабек Мырзатаевты көріп қалып, сөзге тартқан едік. «Ешқайда кетпеу» жөніндегі қолхат жазып еркіндікте жүрген ол өзіне прокурор 2 жыл жаза сұрағанын айтып берді. Бірақ жанында тұрған адам «2 жыл емес, 3 жыл» деген соң ғана «3 жыл жаза сұрағанын» білді. «Кінәм жоқ. Барлығы да қорқытып-үркітіп жасалды» дейді ол.
«СЕНІМ ДЕ, НЕГІЗ ДЕ ЖОҚ»
«Тергеу орнының өзі 12 адамның 7-еуіне байланысты 321-бапты, яғни билік өкілдеріне қарсы күш қолдану деген бапты алып тастап отыр. Алдында бұл айыпты бәріне бірдей таққан еді. Мұның өзі, қалай болғанда да, осы көп адамның бәрін бірдей кіналай алмайтынын көрсетеді. Жасы үлкендеу, видеожазбада көрініп қалды-ау дегендерді қалдырып отыр. Бұл да айыптың негізсіз екен білдіреді. Қазіргі жүйенің қандай екені мәлім, сондықтан ақтай қояды дегенге сеніміміз жоқ, бірақ бұларды отырғызуға да негіз жоқ. Бұларды жеңіл баптарға ауыстырып, рақымшылыққа іліндіруі мүмкін,- дейді Сейітмағамбетов.