Интернеттегі ізденіс нәтижесінде кирилл әрпімен де жазылған домендер пайда болады

ICANN - Интернеттегі атаулар мен адрестерді үйлестіру корпорациясының логосы

Интернет домендік атаулар латыннан басқа да әріптермен де толтырылатын жаңа жүйе аясына көшпекші. Яғни бұдан былай ТМД аумағында орналасқан ұйымдар сайтына енгенде ондай сайттардың атауын кирилл әрпімен теруге мүмкіндік туады.
ТҮРЛІ ӘЛІПБИЛЕР ӘРІПТЕРІНІҢ БЕДЕРІ

«Гардиан» газеті интернет таяу болашақта өзінің 40 жылдық тарихындағы ең үлкен өзгерісті бастан кешпек деп жазады. Осы аптада халықаралық домендік атау – адрестерін тергенде латыннан басқа да әліпби әріптерін қолдануға рұқсат беру жөніндегі шешім қабылданбақшы. Бұл жөнінде ICANN - Интернеттегі атаулар мен адрестерді үйлестіру корпорациясы 30 қазанда Сеулдегі конференцияда хабарлады.

Домендік атау дегеніміз бұл «.com», «.net» және «.org.» тағысын-тағы осы тәрізді дербес вебсайттар мен электрондық пошта адрестеріне берілген есімдер. Мұндағы мақсат – аталған мекенжайларды ғаламторда ретпен орналастыру. ICANN басқармасының кездесуіндегі басты тақырыптың бірі ғаламторда интернеттік мекенжайлар атауын қалыптастыруда бейлатын әрпін қолдануға рұқсат беру – бермеу мәселесі болған.

Мұндай инновация әлемде қазіргіден гөрі көбірек адамның ғаламторды қолдануына мүмкіндік бермек. Себебі мекенжайлар мұндай ғаламторлық жүйеде грек, хинди, кәріс, араб, жапон және кириллица негізінде жасалған тәрізді түрлі әліпби әрпін қолдану арқылы теріле алатын болады деп атап көрсетеді газет.

«Бұл өзінің 40 жыл бұрын ойлап табылғанынан бергі интернет басынан кешіргелі отырған ең ірі техникалық жаңарту болатын болды», - деп мәлімдеді журналистер алдында ICANN басқармасының төрағасы Питер Денгэйт Сраш. Ол енгізілуі жоспарланып отырған жаңалыққа «күрделілігі фантастикалық деңгейдегі техникалық функционалдық сипаттама» деген баға берді.

Интернетті ойлап табуға бағытталған алғаш талпыныс 1969 жылы американ университеттеріндегі тәжірибелер барысында басталған еді. Алайда тек 1990 – шы жылдары ғана ол ғылыми орта мен ғылыми-зерттеу институттары шеңберінен аттап өтіп, біртіндеп жұртшылықтың өзара ақпарат алмасар құралына айнала бастады.

ICANN– ның жаңа президенті Род Бэкстром егер аталған жаңалықты енгізу мақұлданар болса, ICANN бейлатын домендік атауларын тағайындау жөніндегі өтініштерді қабылдай бастауға кірісетінін және ондай порталдардың алғашқылары ғаламторда 2010 жылдың ортасына қарай пайда болатынын тілге тиек етеді.

Сраш Денгэйттің сөзіне қарағанда, бұл интернет жұмысына өзгеріс енгізу жаңа тәржімә жүйесінің жасалуының арқасында мүмкін боп отыр. Ол әріптерінің құрылымы күрделі болып табылатын әліпби элементтерімен жазылған домендік атаулардың сөз тіркестерін дұрыс аударып, интернетте сәйкес сайттардың мекенжайын дәл табуға мүмкіндік береді.

Американ ұлттық киберқауіпсіздік жүйесінің бұрынғы басшысы Бэкстромның мәлімдеуінше, Жер шарындағы 1,6 миллиард интернет тұтынушылардың жартысынан астамы күнделікті өмірде жазба түрі бейлатын әліпбиіне негізделген тілдерді қолданады екен.

«Бұл өзгеріс әлемдегі бүгінгі интернетті тұтынушылардың жартысынан астамы үшін ғана емес, интернетті болашақта тұтынушылардың жартысы үшін де өте қажет. Себебі интернетті қолдану аясы әлі де кеңею үстінде»,- дейді ол.

ҒАЛАМТОРДА «ТІЛ РЕВОЛЮЦИЯСЫ» БОЛМАЙ ҚОЙМАЙДЫ

Бұдан бұрын ICANN өкілдері егер аталған өзгерісті енгізу қазанның 30-шы жұлдызында мақұлданар болса, онда халықаралық ұйым қарашаның 16-сынан бастап алғашқы өтініштерді қабылдайды деп айтқан деп хабарлайды «Би Би Си» сайты.

Өзгерістер ғаламтордағы домендік атаулар жүйесіне қатысты қолданылатын болады деп атап көрсетеді «Би Би Си». Ол телефон анықтамалығы тәрізді жұмыс істейді. Яғни ол «bbc.co.uk» тәрізді түсінілуі жеңіл домен атауын компьютердің оқуына қолайлы «IP мекенжай» деген атпен белгілі сандар тізбегіне айналдырып отырады. Енгізілгелі отырған жаңартулар бұл жүйе аясында бейлатын әріптерін оқып, аударуға мүмкіндік береді.

Қытай мен Таиланд тәрізді кей елдер осындай жүйені өз аумағында енгізіп те үлгіріпті. Бұл жүйе арқылы компьютерді пайдаланушылар ғаламтордағы мекенжайы аталған елдердің ұлттық тілінде жазылған сайттарға еркін ене алады екен. Алайда мұндай жаңашылдық халықаралық деңгейде әлі күнге дейін мақұлданбаған еді деп түсіндіреді «Би Би Си».

Ең әуелі американ үкіметі негізін қалауға мұрындық болған ICANN 1998 жылы құрылған. Оның міндеті ғаламтордың дамуына қадағалау жүргізу болып табылады. Өз атына көптеген сын айтылғаннан соң өткен айда американ үкіметі аталған коммерциялық емес ұйымды бақылау тізгінін босатқан сыңай байқатты. Яғни американ үкіметі жаңа келісімге қол қойды да, осының негізінде ICANN – нің дербес жұмыс істеуіне алғаш рет жол ашылып отыр.

Бұл келісім қазанның 1 жұлдызынан бастап күшіне енді және оның баптары бойынша аталған ұйым енді ғаламдық «интернет- қауымдастығының» қадағалауына бағынады деп жазады «Би Би Си». Демек, ICANN енді жаңа мәртебеге ие. Ол бұдан былай басқармас құрамындағы түрлі елдер мен компаниялардың өкілдеріне бұрынғыдан көбірек орын берілген халықаралық ұйым болып саналады.

Қазақстан жұртшылығы ішінде латын әліпбиі мен оның әріптерін компьютерде теру әлі кең таралмаған құбылыс болып қалып отыр. Демек, бұдан былай ірі кенттер ғана емес, Алматы мен Астанадан алыстағы, тіпті облыс орталықтарының да емес, ел шетіндегі ауыл – аймақтың да тұрғыны Казнет жүйесінде отырып интернеттен ақпар ала алатын болады. Егер, әрине, ол ауылдарда ғаламтор жүйесі бар болса.