"Қырғызстан Беларуське ұқсап барады". Бішкекте 10 күнде Ресейдің үш белсендісі ұсталған

Ресей азаматының паспортын ұстап отырған адам.

Қырғызстан билігі Ресейде іздеу жарияланған ресейлік белсенділерді қармап жатыр. Оларды адамды түр-тұлғасынан танитын арнайы жүйенің көмегімен ұстаған сияқты. Ресей осы жүйеге іздеуде жүрген ондаған мың азаматының деректерін берген деген хабар бар. Кейінгі он күнде Қырғызстанда үш ресейлік ұсталған.

Қырғызстанда ұсталған Ресей белсенділері Алена Крылова мен Лев Скорякин босқын мәртебесін сұрады. Олар Қырғыз Республикасының еңбек, әлеуметтік қамту және көші-қон министрлігіне өтініш берді. Белсенділерге босқын мәртебесін беру не бермеу туралы түпкілікті шешімді осы мекеме шығарады.

Маусым айының басында Бішкекте Украинадағы соғысқа қарсы наразылық білдірген ресейлік белсенді Алексей Рожков ұсталған. Қырғызстан оны Ресейге депортациялады.

"БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН БЕРМЕСЕ, ЭКСТРАДИЦИЯЛАУЫ МҮМКІН"

Маусымның басынан бері Бішкекте Қырғызстанға көшкен үш ресейлік белсенді ұсталды. 12 маусымда Первомай аудандық сотының қаулысымен Ресейдегі "За права человека" қозғалысының бұрынғы баспасөз хатшысы Алена Крылова тергеу изоляторына қамалды. Соттың баспасөз қызметі белсенді 4 шілдеге дейін қамауда болатынын айтты.

Қолда бар деректерге қарағанда, Алена Ресей билігі экстремистік деп таныған "Левое сопротивление" қозғалысына мүше болған. Туған жерінде Алена Крылова мен тағы бес адамға қарсы экстремистік ұйым құрды деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Ресейлік құқық қорғау органдарының пікірінше, "Левое сопротивление" билікке қарсы митингілер, шерулер, пикеттер өткізіп, халықты полициямен қақтығысқа үндеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеудегі парад және Орталық Азия басшылары. Кремль аймақ президенттерін қалай көндірді?

Крылованың адвокаты, "Әділет" ұйымының заңгері Марат Қыдыров қорғауындағы азамат Қырғызстаннан босқын мәртебесін сұрап, өтініш бергенін айтты. Мемлекеттік орган шешім қабылдағанша, белсенді елден депортацияланбайды.

– [Еңбек, әлеуметтік қамту және көші-қон] министрлігі жұмысты бастап кетті. Хат жазғанбыз. Крыловаға қатысты тергеуді Свердлов аудандық милиция бөлімшесі жүргізіп жатыр. Адвокаттар қорғауындағы азаматпен ордер алып қана кездесе алады. Ал министрлік өкілдеріне тергеушінің рұқсаты жеткілікті. Тергеушіден рұқсат сұрағанбыз, жауабын күтіп отырмыз. Босқын куәлігі берілсе, мәселе шешіледі. Қырғызстан кезінде Жогорку кеңеш қаулысымен БҰҰ-ның Босқындар мәртебесі туралы конвенциясына қосылған. Бірақ босқын мәртебесін бермесе, белсенділерді Ресейге экстрадициялайды, – дейді адвокат.

Алена Крылова қандай жағдайда ұсталғаны белгісіз.

Марат Қадыровтың қорғауындағы екінші азамат – Лев Скорякин. Бұл туралы 9 маусымда "Левый блок" қоғамдық қозғалысы хабарлады. Ұйымның телеграм-арнасында 2021 жылы желтоқсанда Лев Скорякин мен тағы бір белсенді Руслан Абасовқа қарсы Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 213-бабы ("бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылады.

Бұған қауіпсіздік органы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні Федерациялық қауіпсіздік қызметі басқармасының алдында өткен акция себеп болған. Белсенділер файер жағып, Федерациялық қауіпсіздік қызметі басқармасының Оңтүстік-батыс округі бойынша бөлімшесінің алдында "ЧКистер күні" деген баннер ұстап тұрған. Полиция белсенділерді ұстап, уақытша қамау изоляторына жеткізген.

Жеті айдан кейін бостандыққа шыққан белсенділерге бірқатар шектеу қойылған. "ОВД-Инфо" дерегінше, 2023 жылғы 10 қаңтарда Абасовқа іздеу жарияланып, Скорякиннің ісі жеке өндіріске берілген. 27 қаңтарда Скорякин Ресейден кетіп қалды. Ақпанда белсендіні сырттай тұтқындау туралы ордер шықты, сәуірде оған іздеу жарияланды.

"Левый блок" қозғалысының аты-жөнін көрсетпеуді сұраған мүшесі Азаттыққа сұхбатында Лев Скорякин Федерациялық қауіпсіздік қызметі басқармасының алдындағы акцияға қатыспағанын, ақпанда Қырғызстанға көшіп, босқын мәртебесін алуға тырысқанын айтып берді.

– Күш құрылымдары өкпелеп, "бұзақылық" бабы бойынша іс қозғады. Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кейін Лев Скорякин мен Руслан Абасовты ұстады. Олар жеті ай бойы тергеу изоляторында отырды, кейін біраз шектеумен бостандыққа шықты. Елден кетеміз деді, Скорякин Қырғызстанды таңдады. Атап өтерлік жайт: Лев Скорякин акция болған жерге [ФҚК ғимаратына] барған да жоқ... Бірақ қылмыстық іс жабылмады, ол енді жеті жылға қамалуы мүмкін. Ресейде Мәскеу сотының шешімімен Скорякин мен Абасовқа іздеу жарияланған. Қырғызстандағы күш құрылымдарының өкілдері ресейлік әріптестерінің өтінішімен бейбіт наразылыққа қатысқаны үшін қолдан құрастырылған іс бойынша айыпталған саяси эмигрантты тал түсте көшеде ұстап әкететіні өкінішті. Жолдасымызды Ресей сотына бермейтін шығар деп үміттенеміз, – дейді ол.

Патрульдік милиция Лев Скорякинді Бішкектің орталығында көшеде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы танып, ұстаған. Свердлов аудандық сотының шешімімен белсендіні бір айға уақытша ұстау изоляторына жіберген.

Лев Скорякин.

"ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚАЛУ ҚАУІПТІ"

6 маусымда Екатеринбургтің іргесінде әскери бөлімшені өртеді деп айыпталған Алексей Рожковтың Қырғызстаннан Ресейге депортацияланғаны белгілі болды. "Зона солидарности" құқық қорғау жобасының хабарлауынша, қазір ол тергеу изоляторында отыр.

Алексей Рожков.

Құқық қорғаушылардың дерегінше, Свердловск облысына қарасты Березовский қалалық соты белсендіге қарсы қозғалған қылмыстық істі қайта ашқан. Белсенді алғашқылардың бірі болып Украинадағы соғысқа қарсылық білдірді. 2022 жылы наурызда әскери бөлімшені өртеді. Оқиға орнында ұсталып, қамауға алынды.

Басында Рожковқа "бұзақылық ниетпен, асқан қатыгездікпен және қоғамға қауіпті әдіспен адам өміріне қастандық жасады" деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, белсенді әскери бөлімше ғимаратында күзетші барын білген. Бірақ қызметкерге қандай да бір зақым келгені туралы дерек жоқ. Алексей Рожковты ұстаған полицей ғимаратта ешкім болмады деген.

Кейін айыптау бабы өзгеріп, белсенді "біреудің мүлкін қасақана жойып жібермек болды" деген күдікке ілінді. Осыған байланысты Рожковты қаладан кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа шығарды.

Ресейдің бас штабы әскери бөлімшені өртеу теракт деп есептеледі және мұндай қылмысқа барған адамдар 15 жылға дейін бостандығынан айырылады деп мәлімдегеннен кейін, Алексей Рожков 2022 жылы желтоқсанның аяғында Қырғызстанға қашып келген.

Белсенді Бішкекте қалай ұсталғанын "Зона солидарности" ұйымының мүшесі, құқық қорғаушы Евгения Шамина толық айтып берді.

Евгения Шамина.

– 5 маусымда бізге Шаминнің досы хабарласып, үйде жоқ, хабарсыз кетті деді. Ол белсендіні милиция ұстап, Ресейге жіберген болуы мүмкін деген күдігін жасырмады. Дәл сол күні Екатеринбург сотының сайтында сот отырысы туралы ақпарат шықты. Яғни 5 маусымда Алексей Рожков Ресейде болған. Істің жай-жапсарын білмейміз, изоляторға адвокат жібердік... Леша таңертең Бішкектегі жалдамалы пәтерінде ұсталған. Үйіне бес-жеті жедел қызметкер келген. Бірден техникасын, телефоны мен компьютерін тартып алған. Ешкімге хабарласа алмаған. "Заттарыңды жина" деген, бірақ оны да жинауға мұрша бермеген. Рожковты Ресейдің сұрауымен ұстаған, бірақ өзіне ештеңе айтпаған. Оны милиция бөлімшесіне емес, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетке апарған, яғни ресми тіркемеген. Азаптаймыз деп қорқытқан, Леша құқық қорғау қызметкерлерінен қорлық көріп жатқан басқа адамдардың дауысын естіген. Бішкекте адамның түр-тұлғасын анықтайтын камералар жүйесі пайда болды. Іздестіру базасы жиі жаңарып тұрады. Бұрын олай емес еді. Сондықтан Ресейде іздеуде жүрген адамдарға Қырғызстанда қалу қауіпті, – дейді Шамина.

Екатерина Шаминаның айтуынша, Бішкекте ұсталған Лев Скорякин де Ресейде іздеуде жүрген. Бейбіт акцияға қатысып, қудалауға ұшырағаны үшін ресейлік "Саяси тұтқындарды қолдау. Мемориал" жобасы оны саяси тұтқындар тізіміне қосқан.

Шамина белсенділердің бәрі өздеріне қарсы қозғалған қылмыстық істер үшін емес, Украинадағы соғыс кезінде Ресей мен Қырғызстан билігі тығыз байланыс жасай бастағандықтан ұсталды дейді.

Кей құқық қорғаушылар Қырғызстанға көшкен ресейлік белсенділерге елден кетіңдер деп кеңес беріп жатыр.

Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін елдегі ондаған мың азамат Қырғызстанға көшкен. Олардың жартысынан көбі Ресейге оралған не басқа елдерге қоныс аударған. Қолда бар деректерге қарағанда, қазір Қырғызстанда 30 мың релокант тұрады. Кей азаматтарға Украинадағы соғысқа қарсы пікір білдіргені үшін қоқан-лоқы көрсетіле бастаған.

"ЕШ АМАЛ ТАБЫЛМАДЫ"

Жуырдағы демалыс күндері Бішкекте ресейлік "Порнофильмы" панк-тобының концерті өтпей қалды.

Ресей президенті Владимир Путиннің саясатын ашық сынап, Украинадағы соғысқа қарсылық білдіріп жүрген музыканттар Instagram-дағы парақшасына 10 маусымда Бішкектегі клубтардың бірінде концерт өтуі керек болғанын, бірақ ол жерге күш құрылымдары келіп, қоқан-лоқы көрсеткенін жазды.

"Амал іздеп көрдік, бірақ Бішкектегі басқа орындар да біздің концертімізді өткізуге болмайтынын тез түсінді. Ұзақ келіссөздер жүргізіп, концерт өткізетін жер іздедік. Бірақ ештеңе таба алмадық" деді музыканттар.

Мобилизация жарияланған кезде Қырғызстанға көшкен ресейлік журналист әрі белсенді Стас Захаркин кейінгі оқиғаларды "жаңа саяси өмір" деп атады. Оның айтуынша, ресейліктердің көбі қорқып, Қырғызстаннан кетуге тырысып жатыр.

– Ұсталған үш белсендінің бірін Ресейге жіберді, екеуі тергеу изоляторында отыр. Бұл азаматтар бірнеше ай бойы Қырғызстанда тұрды. Ешкім тиген жоқ. Бірақ кейінгі 10 күнде бәрін ұстап әкетті. "Порнофильмы" тобына Ресейде концерт өткізуге рұқсат бермейтін. Енді олар Қырғызстанда да өнер көрсете алмайды. Бұл да – жаңалық, өйткені бұрын Қырғызстанға көп музыкант келіп, концерт қойып кететін... Белсенділерді ұстау мен концертке тыйым салудың арасында байланыс бар деп ойлаймын. Бір жағдай болған сияқты. Не әсер еткенін білмеймін, бірақ қазір мұнда қауіпті. Қырғызстан Беларуське ұқсап бара жатыр. Саясатпен айналысатындар Қырғызстанға бармай-ақ қойсын деген ақпарат тарады. Алексей Рожковты у-шусыз ұстап әкетті. Ол ұсталғанын білмей де қалдық. Ақпарат құралдарындағы дерекке қарағанда, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет азаптаймыз деп қорқытқан. Сондықтан белсенді адвокатына да хабар бермеген. Ол тіпті соттағы заңды құзыретін де пайдаланбаған. Оны экстрадиция туралы заңдарсыз-ақ Ресейге жіберді... Ресейліктердің көбі қорқып, басқа жаққа кетіп жатыр. Transparency International ұйымы Ресейде қылмыстық іс қозғалған адамдарды Бішкектен басқа жерге көшіруге көмектесуге дайын, – дейді Захаркин.

Наурызда "Красная крыша" қоғамдық бірлестігінің жобасы құқық қорғау органдарының қысымымен жұмысын тоқтатты. Бұл ұйымға негізінен Қырғызстанға Ресейден көшіп келген азаматтар мүше еді. Бейресми қозғалыстың Instagram-дағы парақшасындағы ақпаратқа қарағанда, ұйымға учаскелік милиция мен салық қызметінің өкілдері, "Бишкекводоканал" қызметкерлері келіп, экстремизммен және заңсыз миграциямен күрес қызметі қоқан-лоқы көрсеткен.

ІІМ мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет ресейлік белсенділердің ұсталуына қатысты пікір бермеді.​

"КЕЗ КЕЛГЕН УАҚЫТТА ҰСТАУЫ МҮМКІН"

Қырғыз құқық қорғаушысы Азиза Абдирасулова елде босқындар туралы заң нашар жұмыс істейді дейді. Оның айтуынша, Украинадағы соғыстың кесірінен басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған азаматтарға көмектесетін тетіктер жоқ.

Азиза Абдирасулова.

– Олар өз елінен қашып келді, яғни босқын. Бізде "Босқындар туралы" заң бар, ратификацияланған. Бірақ Қырғызстанда бұл заң мен [БҰҰ-ның босқындар мәртебесі туралы] конвенциясы нашар жұмыс істейді. Құқық қорғаушылар бұл мәселеге келгенде кібіртіктеп қалады. Кей елдерде соғысқа қатысқысы келмей, қашып келген азаматтарға арналған процестер жолға қойылған. Ал бізде ешқандай механизм жоқ. Біздің Жогорку кеңештің талқыламайтын тақырыбы жоқ: "23 жасқа толмаған қыздарды шетелге шығармайық", "тұрмысқа шыққан қыздарды тексерейік" деген небір ұсыныс айтады. Бірақ бейбітшілікті қалап, соғысқа барғысы келмей, Қырғызстаннан пана іздеген мыңдаған адамды қорғау мәселесі көтерілмейді. Олар өз арамызда жүр, жағдайы қиын. Ресей белсенділерін кез келген сәтте ұстап әкетуі мүмкін. Ресей елден кеткен азаматтарының көбіне қандай шара қолданарын білмейді, өйткені кім қайда кеткені белгісіз. Бірақ Қырғызстанда ғана емес, басқа елдерде де әлеуметтік желі арқылы пікір білдіріп жүрген белсенділерді тауып, тергей бастады. Бізде босқын мәртебесін сұраған азаматтарды қолдау жүйесі бар, олардың тіркеу мерзімін ұзартып, үшінші елдерге жібереді, бірақ Ресейден қашқандардың 99 пайызы қолдаусыз қалып отыр. Оларға кеңес беретін қызмет те көрсете алмай отырмыз, – дейді құқық қорғаушы.

Мобилизациядан қашқан ресейліктерді Ресейге депортациялау Қазақстанда да тіркелген.

2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қырғызстанға ресейлік мигранттар ағылған. Олардың арасында Қырғызстан Республикасының азаматтығын алуға тырысып жүргендер де бар.

Қырғызстан Украинадағы соғысқа қатысты бейтарап позиция ұстанатынын бірнеше рет мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғыз депутаттары 23 жасқа толмаған қыз шетелге жалғыз шықпасын дейді. Ұсыныс заңға айнала ма?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Біз Киргизия емеспіз". Ресей Қырғызстанның ресми атауын неге мойындамайды?