Қырғыз депутаттары 23 жасқа толмаған қыздарға шетелге жұмысқа баруға тыйым салуды ұсынды. Олар мұны жас қыздарды жыныстық эксплуатация мен адам саудасынан қорғау амалы деп түсіндірді. Сыртқы істер министрлігі депутаттар ұсынысын кері қайтарды. Саясаткерлер бұрын да осыған ұқсас ұсыныс айтып, әйел құқығы үшін күресіп жүрген белсенділердің сынына қалған.
Қырғызстан – шетелге жұмысқа кететін әйел азаматтарының саны ерлерден асып түсетін Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Мигрант әйелдердің көбі 20-ға толмаған.
Қырғызстан экономикасы шетелден келетін ақша аударымдарына тәуелді. Кей саясаткерлер тұрмыс құрмаған жас әйелдерге шетелге жұмысқа жалғыз баруға тыйым салғысы келеді.
Шенеуніктер жас қыздар құлдыққа түсіп, еңбек мигранты ретінде көп қиындыққа тап болуы мүмкін дейді.
Өткен айда консерватив көзқарастағы депутат Надира Нарматова 23 жасқа толмаған қыздарға шетелге жұмысқа баруға тыйым салуды ұсынды.
24 мамырда әйелдер және көші-қон тақырыбындағы талқылауға қатысқан Нарматова әйелдері мен қыздарын шетелге жұмысқа жіберіп, өзі үйде жататын ерлерді сынады.
Осындай көзқарастағы тағы бір депутат Шайлообек Атазов 26 мамырда парламентте өткен жиында шетелге жұмысқа жалғыз аттанатын әйелдер билікке қайда және не үшін бара жатқанын айтып түсіндіруі керек деді.
Былтыр Атазов 23 жасқа толмаған, күйеуге шықпаған қыздарға шетелге ата-анасынсыз шығуға тыйым салуды ұсынып, қоғам сынына қалып еді.
Депутаттың ұсынысы белсенділер наразылығына себеп болған. Олар мұндай бастама әйел құқығын бұзады деп, Атазовтың отставкасын талап еткен.
– 18 жастағы қыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек дегенімізде қысқа белдемшемен парламентке келіп, "18-деміз, қайда баратынымызды өзіміз білеміз" деп наразылық білдірдіңдер, – деді Атазов былтырғы наразылықты еске алып.
ОТБАСЫН АСЫРАУШЫ ӘЙЕЛДЕР
10 жыл бұрын депутат Юргал Қадыралиева 23-ке толмаған қыздарға ата-анасының рұқсатынсыз шетелге шығуға тыйым салуды ұсынған еді.
Қадыралиева бұл шектеулер шетелге оқуға немесе жұмысқа шақырту алған қыздарға емес, қара жұмыс істейтін мигрант әйелдерге қатысты қолданылады деп түсіндірді.
Депутаттың пікірінше, бұл шара қырғыз қыздарын адам саудасы мен жыныстық эксплуатациядан қорғайды.
30 мамырда Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Атазов пен Нарматованың ұсынысына жауап беріп, әйелдердің шетелге шығуын шектеу Конституцияны бұзады деді. Ведомство шетелде жүрген қырғыз мигранттарының қауіпсіздігін күшейту жолдарын қарастырып жатқанын айтты.
Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстандағы көп отбасы шетелде жүрген туыстарының ақша аударымдарымен күн көріп отыр. 1,5 миллион қырғыз мигранты басқа елдерде жұмыс істейді.
Былтыр Қырғызстанның еңбек және көші-қон министрі Құдайберган Базарбаев 2014 жылдан бастап шетелде жұмыс істейтін қырғыз әйелдерінің саны артып келе жатқанын айтып еді.
Кей дерек бойынша, шетелде жұмыс істеп жүрген қырғыз әйелдерінің шамамен 14 пайызы – 20-ға толмаған қыздар.
Түркияда шамамен 30 мың қырғыз азаматы жұмыс істесе, соның көбі – әйелдер.
Олар негізінен қонақүйлер мен басқа да қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Көбі денсаулығы жоқ адамдарға қарап, үй тазалап, бала күтуші болып ақша табады.
"ҮЙДЕ ЖҰМЫС БОЛСА, ШЕТЕЛДЕ ҚАҢҒЫМАС ЕДІК"
Ресейдің Сургут қаласында жұмыс істейтін қырғыз әйелі Қаныкей шетелге шығуға тыйым салынса да, күнкөріс қамымен басқа елге кететіндер азаймайды дейді.
– Елден жұмыс таба алмаған соң, шетелге кетіп жатырмыз ғой, – деді ол.
Қаныкей 18 жасында Ресейде тұратын әпкесінің жанына көшкен. Әкесі өндірісте жарақат алып, жұмысқа жарамай қалған.
Бойжеткен шетелдегі еңбек жолын көпқабатты үйлердің дәлізі мен баспалдағын жуудан бастаған. Ай сайын ата-анасына 150 доллардан жіберіп тұрған. Қазір дүкенде істейді, тауарларды сөреге қоюмен айналысады.
– Кей саясаткерлер шетелде жұмыс істейтін мигрант әйелдер туралы не ойлайтынын білмеймін, бірақ Ресейде жүрген қырғыз қыздары шетінен тәрбиелі, еңбекқор. Олар бар болғаны отбасына көмектескісі келеді, – деді Ресейде отандасына күйеуге шыққан Қаныкей.
– Ата-анам мен бауырларым аш қалмасын деп жүрмін. Ресейге сол үшін келдім, – деді ол.
Қаныкейдің сөзінше, Қырғызстанда жақсы жұмыс пен жоғары жалақы болса, мигранттардың бәрі елге оралар еді.
ПІКІРЛЕР