Сооронбай Жээнбеков белгілеген жеті бағыт

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков аймақтарды дамыту үшін реформаны жергілікті билік функцияларын өзгертуден бастау қажет деп мәлімдеді. Биылғы жыл Қырғызстанда аймақтар жылы болып жарияланған.

Қаңтардың 23-і күні Бішкекте аймақтарды дамыту мәселесіне арналған жиында президент Сооронбай Жээнбеков жұмысшы тобына тиісті реформа мен оның нормативтік базасын мамырдың 1-іне дейін әзірлеу туралы тапсырма берді.

ӘКІМДЕР ҚҰЗЫРЕТІ КҮШЕЙЕ МЕ?

Президент жария еткен жеті бағыттың арасында аймақтарға бөлінетін қаржыны теңестіру, жеңілдікті несиелерді аймақтардың мұқтаждығын ескере отырып бөлу, облыстар брендін қалыптастыру, ауыз сумен қамтамасыз ету және жергілікті билік қызметін реформалау жөніндегі міндеттер бар.

Президент Сооронбай Жээнбековтің сөзі (қырғызша):

Жээнбеков бүгінде жергілікті биліктен түңілген тұрғындардың электр жарығы сөнсе де тікелей президентке жүгінуді жөн санайтынын айтқан. Оның пікірінше, халықтың сеніміне ие болу үшін жергілікті әкімдер, ауыл басшыларының қызмет функцияларын олар мәселені дербес шеше алатындай дәрежеге жеткізу қажет.

- Жергілікті мемлекеттік әкімшіліктер мен жергілікті өзін өзі басқару органдары тиісті заңнамаларды қайтадан талдап, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуі қажет. Кейде қабылданған заңдар толыққанды жұмыс істемей, тіпті керісінше, жұмыс істеуге бөгет болатыны да байқалады. Аудандық билік күшті болғанда ғана аймақ шынайы дами алатыны дау тудырмайды. Біз аудандық мемлекеттік билікке тиісті өкілеттіктерді беру арқылы ғана аймақтарды тұрақты даму жолына шығара аламыз, - деген президент.

Кейде қабылданған заңдар толыққанды жұмыс істемей, тіпті керісінше, жұмыс істеуге бөгет болатыны да байқалады
Сооронбай Жээнбеков

Үкімет аппаратының жергілікті өзін өзі басқару бөлімі жетекшісінің орынбасары Жетіген Бакировтың айтуынша, жергілікті әкімдер үкімет қызметін атқаратын, бірақ қолында ешқандай қаржы тетігі жоқ билік өкілі болып қалып отыр.

- Жергілікті тұрғындарға олардың мәселесін кім шешетіні – әкім бе, әлде ауыл окмоты (билігі) ме – маңызды емес. Сондықтан біз заңның бұл тұсын қайта қарауымыз керек. Өйткені бүгінгі таңда ауылдық кенеш (кеңес) депутаттары сайлайтын ауылдық басқарма басшысы муниципалдық қызметкер болып саналады. Ал әкім – мемлекеттік қызметші. Бірақ қазір депутаттар өздеріне әкімнің есеп беруі туралы мәселе көтеріп отыр. Сонда мемлекеттік қызметші муниципалдық қызметкерлер алдында есеп бере ме деген ой туады, - дейді Жетіген Бакиров.

Оның сөзінше, ауылдық басқарма басшысын сайлау процесі коррупциядан ада емес, оның үстіне жергілікті депутаттар ауыл проблемаларын шешудің орнына ауыл билігін сайлаумен ғана айналысып кеткен.

1992 ЖЫЛҒЫ ЗАҢ

Аймақтарды дамыту жөніндегі жұмысшы тобы жергілікті билік органдарының құқықтары мен міндеттерін айқын ажырату қажеттігі туралы айтады. Президент аппаратының құқықтық қамтамасыз етубөлімі меңгерушісі Анарбек Исмаилов бұл үшін ескі заңдарда жазылған шараларды қолдануға болады деп санайды.

- 1992 жылғы жергілікті билік туралы заңда әкім мемлекеттік органның келісімі арқылы жергілікті ішкі істер органы, санитарлық-ветеринарлық бақылау, сәулет және техникалық бақылау қызметтерін құруға құқылы деп жазылған. Әкімнің оларды бақылайтын құқығы болды, бірақ сонымен бірге оған жауапкершілік те жүктелді. Басқаша айтқанда, мемлекетіміз ондай кезеңнен өткен, осындай тәжірибесі бар, - дейді ол.

Жергілікті мемлекеттік әкімшілік және жергілікті өзін өзі басқару заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмысшы тобы келіп түскен ұсыныс-ескертулерді назарға ала отырып реформа әзірлеумен айналысатын болады.

Мухамметкалый Абулгазиев

Жұмысшы тобының жетекшісі, президент аппараты жетекшісінің орынбасары Мухамметкалый Абылгазиев мемлекет басшысы аталған міндеттерді орындауға 1 мамырға дейін мұрсат бергені туралы Азаттыққа хабарлады.

- Бұл мерзімге дейін жұмысшы тобы аймақтарды дамыту туралы, заңдар, қаржы, жергілікті билік пен мемлекеттік әкімшілік байланысы бойынша, несиелер жөнінде және басқа мәселелер туралы ұсыныстар әзірлейді. Бүз үш топқа бөлініп жұмыс істемекпіз – бірінші топ экономика және қаржы мәселелерімен, екінші топ – заң шығарумен, ал үшінші топ – ауыл билігі және ауылдық кенештер жұмысын реформалаумен айналысады, - дейді ол.

ПРЕЗИДЕНТ ҮКІМЕТТІҢ ЖҰМЫСЫН ІСТЕП ОТЫР МА?

Қырғызстан Жогорку Кенеші депутаты Кенжебек Бокоев президенттің аймақтарды дамытуға бағытталған іс-әрекеттерін құптайды, бірақ сонымен бірге бұл - үкіметтің жұмысы екенін айтады. Парламент мүшесінің пікірінше, аймақтық реформаны жүзеге асыру үшін үкіметке саяси жігер керек, бірақ қазіргі министрлер кабинетінің құрамында ауыл проблемаларын жақсы білетін жетекші жоқ.

Кенжебек Бокоев

– Премьер-министр мен оның командасына қарасаңыз ауыл басшысы болып істеген, жергілікті проблемаларды білетін адам таппайсыз. Ауыл шаруашылығы институтын бітірген ешбір министр жоқ. Үкімет бұл реформаны қалай іс асыратынын білмеймін. Реформа жүргізу – үкіметтің тікелей міндеті, бұл президенттің жұмысы емес. Сірә, премьер-министр ауыл проблемасынан мақұрым болғандықтан президент кірісіп отырса керек, - дейді ол.

Президент Сооронбай Жээнбеков жоғары биліктегі алты жылдық мерзімінде аймақтарды дамыту мәселесі қызметінің басым бағыты болатынын мәлімдеген.

Қазіргі кезде Қырғызстанда 483 ауылдың 382-і (84%) дотацияға тәуелді. Сонымен бірге орталықтан қаржыландырылатын екі қала бар. 2017 жылы мемлекеттік бюджеттен аймақтарға дотация ретінде 1 миллиард 818 миллион сом бөлінген. Биыл бұл сома 1 миллиард 850 миллион сомға жетті.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласынан аударылды.)