2010 жылы Қырғызстанның Қытайдан алған несие көлемі мемлекеттің жалпы қарыз көлемінің 5,7 пайызын (150 млн доллар) құраса, 7 жыл ішінде бұл көрсеткіш 41,6 пайызға (1,7 млрд доллар) жеткен.
Қарыз алу көздерін әртараптандыру үшін және несиелік тәуекелді азайту мақсатында 2018 жылы көктемде қырғыз үкіметі арнайы шектеу енгізген. Оған сәйкес, бір кредитордан алған несиенің мөлшері сыртқы қарыз көлемінің 50 пайызынан асып кетпеуі тиіс. Бұл межеге тек Қытай ғана жақындаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Несие шақыратын сапарда қайтарым жайлы айтылмайдыМемлекеттің қарызы көбейгеніне қарамастан оның ЖІӨ-ге шаққанда арақатынасы жылдар бойы 55-65% аралығында болып келген. Бірақ басқа сұрақ туындайды: неге Қырғызстан соңғы жылдары Қытайдан көп несие алатын болды?
2018 жылы 31 шілдеде Қырғызстанның сыртқы қарызының жалпы көлемі 4 млрд 415 млн долларды құрады. Оның 1,7 млрд доллары – Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінен алынған.
2010 жылдан бері мемлекеттің қарызы 1,6 есеге ұлғайған. Ал Қырғызстанның Қытай алдында қарызы 11 есеге өскен. Дәл осы жылдан бастап Бішкек Пекиннің қаржылық қолдауына қайта-қайта ұмтыла бастады.
НЕСИЕ ШАРТТАРЫ
Қытай несиелерді жеңілдетілген шарттармен береді. Белгілі америкалық зерттеу институты Brookings Institution арнайы есебінде Қытайдың несие беруде икемді екенін және қағаз-құжаттарды азырақ талап ететінін атап өтеді. Зерттеу ұйымының жазуынша, ол инфрақұрылымдық жобаларды қалған халықаралық қаржы-несие институттарына қарағанда салыстырмалы түрде жылдам аяқтайды.
Brookings Institution жазуынша, мысалы Дүниежүзілік банк несие алушыларға тым көп талап қояды. Қарыз беру туралы шешім қабылдамас бұрын өте ұзақ уақытқа созылатын зерттеулер жүргізіледі. Оны тәуелсіз сарапшылар жасауы тиіс. Бұдан бөлек, ұзаққа созылатын кеңесулер, талқылаулар бар.
Осы жағдайларды ескерген дамушы елдердің басым бөлігі Қытайдың инфрақұрылымдық жобалардың демеушісіне айналғанын жылы қарсы алды. Әйткенмен Brookings Institution сарапшыларының айтуынша, Қытай несиелерін алу оңай болғанмен, жобаларды жүзеге асырудың кейінгі кезеңдерінде көп сұрақтар туындауы мүмкін екенін айтады.
“Экономикасы тұрақты дами бастаған Қытайда 2000 жылдардан бастап елдерге несие беру мүмкіндігі пайда болды. Эксимбанк техникалық-экономикалық негіздемесіз қарыздарды жеңілдетілген шарттармен береді. Бірақ талаптары қатаң: несие мерзімі 20 жылдан аспауы тиіс, бұған қоса жыл сайынғы пайыздық үстемақысы 2 пайызды құрайды. Барлық даулар Қытай территориясында шешіледі және Қытай заңдары негізінде. Сол себепті 2000 жылдардан бері Ақаев та, Бакиев те, Отынбаева да Қытайдан несие алған жоқ. Тек келесі президент басқарған жылдары Эксимбанктен 2,1 млрд доллар қарыз алды. Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуразиядық даму банкі екі-үш жыл бойы келіссөздер жүргізіп, несиені тек техникалық-экономикалық негіздемені зерттегеннен кейін ғана береді - несие алушының қарызды қайтара алатынына көзі жеткеннен кейін барып береді. Бірақ олар несиені 10 жылдық жеңілдікпен 40 жылға береді. Он жылдан кейін проценттер бойынша төлемдер басталады. Негізгі соманы төлеу 15-18 жылдан кейін басталады. Ең жоғары пайыздық мөлшерлеме жылына 0,75 пайыз” дейді қырғыз парламентінің депутаты Ақылбек Жапаров.
Видео: "Халықаралық нарықта озуды көздеген Қытайдың триллион долларлық жоспары" (Vox репортажы - ағылшын тілінде)
Қытайдың несие алушыларға аз талап қоятынын америкалық VOX басылымы да "Халықаралық нарықта озуды көздеген Қытайдың триллион долларлық жоспары" атты репортажында атап өтеді.
Басылым Батыстан инвестиция тарту үшін несие алушы елдер өте қатаң экономикалық және этикалық талаптарға сәйкес болуы керек деп жазады. Әйткенмен репортаж авторлары “Бір белдеу бір жол" жобасы демократиялық емес елдерде қатты танымал болғаны таңқаларлық нәрсе болмады. Қытай Беларусь, Әзербайжан, Сауд Арабиясы сияқты авторитарлы елдермен, Таиланд сияқты әскери режимді елдермен және кейбір жемқорлық көп елдермен келісімге қол қойды” деп Қытайдың халықаралық аренада ықпалын одан әрі күшейтуге тырысып отырғанын меңзейді.
Қырғызстанның бұрынғы қаржы министрі Ақылбек Жапаров Азаттықтың Қырғыз қызметіне Бішкек жылу электр станциясын (ЖЭС) жаңарту мақсатында Эксимбанкпен жасалған несие келісім-шартынан үзінді көрсеткен. Онда несие шарттарын орындай алмаған жағдайда кредитордың жазбаша ескертіп, кредиттік линияны жаба алатыны және негізгі қарыз сомасы мен проценттерді және барлық келісімге сәйкес төлемдерді төлеуді талап ете алатыны жазылған.
Бұған қоса, Қытай несиелерді "қытай компаниясымен игерілуі тиіс" деген шарттармен береді. Бұл туралы Азаттыққа қамалғанға дейін берген сұхбатында Қырғызстанның экс-премьер министр Жанторо Сатыбалдиев айтқан.
Қарай отырыңыз: Жанторо Сатыбалдиевтың сұхбаты (орыс тілінде)
Қырғызстан Қытайдан несие алып жүзеге асырған негізгі жобаларының барлығын қытай компаниялары игеріп жатыр:
- “Солтүстік-Оңтүстік” балама жолы. Эксимбанк 400 млн доллар бөлген. Құрылысты China Road жүргізіп жатыр.
- "Датка" станциясы. 208 млн доллар. TBEA;
- «Датка-Кемин» электр беру линиясы. 389 млн доллар. TBEA;
- Бішкек ЖЭС модернизациялау. 386 млн доллар. TBEA.
ӘРІ ҚАРАЙ НЕ БОЛАДЫ?
Несиелерді өтеу. Парламент депутаты Ақылбек Жапаровтың есептеуінше, Қырғызстан қазіргі сыртқы қарыздардың негізгі бөлігін 2025-2029 жылдары өтеуі тиіс. Дәл осы аралықта мемлекеттің шетелдік қаржы ұйымдарына төлеуі тиіс қаражат көлемі 320 млн АҚШ долларына жетеді. Олардың елеулі бөлігін Қытай несиелері құрайды.
Халықаралық аренада барған сайын қаржылық ықпалын күшейтіп келе жатқан Қытай экономикалық одақтастары үшін ірі кредитор болып келеді. Америкалық Center for Global Development сараптау орталығының дерегінше, Қытай несиесіне тәуелді сегіз ел бар: Джибути, Лаос, Мальдив, Моңғолия, Черногория, Пәкістан, Тәжікстан және Қырғызстан.
Мамандардың есептеуінше, Қытай "бір белдеу – бір жол" бағдарламасы аясында 68 елге сегіз триллион доллар құйған. Зерттеу орталығының айтуынша, қаржы құйған жобалары Қытайға өзінің экономикалық және сыртқы саяси мақсаттарына жетуіне көмектеседі.
Ал бірақ сарапшылардың пікірімен Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев келіспейді.
“Мен елді басқарған жылдары Қытай бізге көмек ретінде 400 млн доллар бөлді. Барлық бай батыс елдері және қаржы институттары қаржылай көмектен бас тартқан кезде бұл ұлы көршіміз энергетикалық және транспорттық тәуелсіздікке жету үшін жеңілдікпен несие де бергенін айта кету керек" деген экс-президент Алмазбек Атамбаев.
Қазақстан да Қытайдан көп қарыз алады. Сарапшылардың айтуынша, Қытай - Қазақстан ең көп қарыз алған алғашқы бес елдің бірі (Нидерланд, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Франция). Соңғы дерек бойынша, Қазақстанның Қытайдан алған қарыз көлемі - 49,8 миллиард долларды құрайды.
(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы)