Accessibility links

Несие шақыратын сапарда қайтарым жайлы айтылмайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Пекиндегі қабылдау кезінде. 7 маусым 2018 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Пекиндегі қабылдау кезінде. 7 маусым 2018 жыл

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға кезекті мәрте ресми сапары басталған күні Қазақстанның Қытайдан 730 млн доллар көлемінде несие алатыны белгілі болды. Сарапшылар Қытайдың Қазақстанға берген несиесі мен инвестициясы төңірегінде әртүрлі пікір айтады.

Маусымның 7-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай астанасы Пекинде осы ел басшысы Си Цзиньпинмен кездесті. Назарбаевтың сапары барысында бірқатар ақпарат құралдары Қытайдың экспорт-импорттық банкінің Қазақстанға жол жөндеу үшін 730 млн АҚШ доллары көлемінде несие беретіні туралы ақпарат таратты.

Қазақстан үкіметі қаулысына сәйкес, қаржы министрлігіне Орталық - Оңтүстік дәлізі бойындағы Астана-Қарағанды-Балқаш-Күрті-Қапшағай-Алматы (Қарағанды-Бұрылбайтал) тас жолының Қарағанды-Балқаш участогы бойынша Қытайдың экспорт-импорттық банкіне «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 727 млн 212 мың доллар көлеміндегі заемына мемлекеттік кепілдік құжаттарын дайындап, ұсыну тапсырылғаны айтылады.

«ДОСТЫҚТЫҢ АЛЫП КЕМЕСІ» ҚАНША ТҰРАДЫ?

Жыл өткен сайын елге келетін Қытай инвестициясы мен несие көлемі артып барады. Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құйған алғашқы алты мемлекеттің бірі. Қазақстан ең көп қарыз алған алғашқы бес мемлекеттің бірі – Қытай. Ресми дерек бойынша, Қазақстанның Қытай алдындағы қарыз көлемі 12,3 млрд АҚШ долларын құрайды.

Маусым айының басында Қытайдың мемлекеттік Синхуа агентіне берген сұхбатында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың 1991 жылдан бері елге 16 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйғанын айтқан. Президенттің айтуынша, елде қазіргі кезде қытай капиталының қатысуымен 1200 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Қытайдың CNPC, CGNPC, CITIC сияқты танымал компаниялары да бар.

Оқи отырыңыз: "Шәуешек келісімі" қазақ-қытай шекарасының негізі болды"

Бұған қоса, биыл құны 2 млрд АҚШ доллары болатын алты жоба іске қосылмақшы. Оның агроөнеркәсіптік кешен, тау-металлургия, химия өнеркәсіп салаларына қатысты жобалар екені айтылады.

Маусымның 7-сі күні Қазақстан президенті Назарбаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинпен кездесуде «Бір жол – бір белдеу» жобасын қолдады. Ал Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстан арасындағы «достықтың алып кемесін» Назарбаевпен бірге басқаруға дайын екенін жеткізді.

Назарбаев Пекиндегі кездесуде екі ел басшыларының 2012 жылдан бері жоғары деңгейдегі 18 кездесу өткізгенін, жалпы сомасы 67 миллиард долларды құрайтын екі жақты 127 құжатқа қол қойылғанын айтты.

«Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім - 30 пайыздан астам. Екі жақты қатынастарымызды ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«ҚАЗАҚСТАН ҚЫТАЙҒА СЕРІКТЕС БОЛА АЛМАЙДЫ»

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Қазақстан экономикасының барған сайын Қытайға тәуелді болып бара жатқанын атап өтеді. Екі ел арасындағы көлік инфрақұрылымы, мұнай-газ, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салалар бойынша ірі жобаларды атап өткен сарапшы өзге Орталық Азия елдері сияқты Қазақстанның да бірте-бірте Қытайдың “несие инесіне” тәуелді бола бастағанын айтады. “Инвестиция тұрғысынан да, несие тұрғысынан да біз Қытайдың инесіне отырып жатырмыз” дейді сарапшы.

Оның айтуынша, әркім өз мүддесін қорғауға тырысқанымен, Қазақстанның Қытаймен тең дәрежеде қатынас жасай алмай отырғанын мойындау керек.

ВИДЕО: Қазақ - Қытай қатынасы туралы Досым Сәтбаевтың пікірі

"Қазақстан - Қытай үшін шикізаттың көзі"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

- Қазақстан ешуақытта Қытайға тең серіктес бола алмайды. Қытай өз мүмкіндіктері мен күшін жақсы біледі. Яғни, Қазақстан – Қытай үшін қатардағы мемлекеттің бірі, ауыл шаруашылығы мен мұнай-газ секілді шикізаттың көзі. Сонымен бірге Қытайға Қазақстан Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекет ретінде керек. Қазақстан экономикалық жағынан мүлдем бәсекеге қабілетті емес. Біз әлемдік экономика үшін әлі де шикізат көзі болып отырмыз. Экономикамызды индустриалды-инновациялық даму негізінде көтере алмай келеміз, - дейді Досым Сәтбаев Азаттыққа.

Оның пікірінше, егер Қазақстан мен Қытай мүддесі бір жерде түйісіп қалса, онда Қытай қатаң саясат жүргізе бастайды. «Оны практика да дәлелдеп отыр» дейді ол.

ҚЫТАЙ ҚАРЖЫСЫНА ҚЫЗЫҚПАУҒА БОЛА МА?

Қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы Қытайдан инвестиция тарту мен несие алу мәселесінде мемлекет ұлттық қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлмей келе жатыр деп есептейді.

Дүкен Мәсімханұлы, қытайтанушы, Еуразия университетінің профессоры
Дүкен Мәсімханұлы, қытайтанушы, Еуразия университетінің профессоры

- Кез-келген байланыста қауіпсіздік жағы ескерілуі керек. Ал бізде ұлттық қауіпсіздік мәселесін ескеріп жатқан жоқ. Тек қана экономикалық тиімділік жағын алға шығарады. Біз Қытаймен достық қарым-қатынаста болайық, тату көрші ретінде өмір сүрейік, бірақ Қытайдың кез келген демографиялық экспаниясынан уақытында сақтана білуіміз керек. Қытайдың маңында Моңғолия, Жапония, Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея, Вьетнам, Үндістан сияқты елдер өмір сүріп жатыр. Олар Қытай азаматтарын заңсыз бір күн тұрғызбай, инвестициясына қызықпай-ақ, өз күндерін өздері көреді. Солардан үлгі алуымыз керек. Қазақстан халқы Қытайдың бір провинциясын ғана құрауы мүмкін. Сол жағын ескеруіміз керек, - дейді Дүкен Мәсімханұлы Азаттыққа.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда синофобия күшейді ме?

Кейбір сарапшылар Қытай инвестициясы мен несиесіне қатысты “күмән-күдіктер” қоғамда тым әсіреленіп көрсетілген деп есептейді және инвесторларға жағдай жасау, елдің инвестициялық потенциалын толық пайдалану сияқты мәселерге үңілу маңыздырақ деп санайды. Қытай инвестициясының Қазақстан экономикасына әсері туралы ойын айтқан қытайтанушы сарапшы Әділ Кәукенов “Қытай – Қазақстандағы мұнайдан тыс салаға ірі көлемде инвестиция құюға қызығушылық танытып отырған бірден бір мемлекет” дейді. Инвестор ұғымына қатысты елде қате түсінік қалыптасып отырғанын айтқан сарапшы “синофобия елдің экономикалық және инвестициялық потенциалын қатты шектеп отыр” дейді.

Әділ Кәукенов, cарапшы
Әділ Кәукенов, cарапшы

Депутат Владислав Косарев көрші ел инвестициясынан қауіптенудің қажеті жоқ дейді.

- Қытай инвестициясынан қауіптену негізсіз. Себебі, дамуы тиіс бірде-бір ел инвестициядан бас тартып отырған жоқ. Біз сол Қытай инвестициясының арқасында өнеркәсіптік кәсіпорындар салып жатырмыз. Мұнай химиясында ғылыми жобаларды игеріп жатырмыз, - дейді депутат Азаттыққа.

Оқи отырыңыз: "Қазақстандағы мұнайдың 25 пайызын Қытай өндіреді"

2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымының көлемі 11 млрд АҚШ долларына жуықтап, 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Былтыр Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Астанаға келген сапарында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай компанияларын "жақсы серіктес" деп бағалаған.

(Мақала Аян Қалмұраттың қатысуымен жазылды)

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG