Атамбаев Мирзияевтің келуін "тарихи оқиға" деді

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) Бішкек әуежайында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті қарсы алып тұр. 5 қыркүйек 2017 жыл

Қырғызстан президенті Бішкекке ресми келген өзбекстандық әріптесінің сапарын "екі ел үшін де тарихи оқиға" деп атады.

Қыркүйектің 5-інде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қырғызстан астанасына екі күндік ресми сапармен келді. Келіссөз кезінде Алмазбек Атамбаев әріптесіне шақыруын қабыл алғаны үшін алғыс айтты.

- Қырғыз және өзбек халқы бұл сапарды 20 жылдан астам уақыт күтті. Жаңа дәуірді бастайтын бұл сапар көптеген мәселелерді шешеді, екі елдің арасында жаңа кезең басталды, - деді Атамбаев.

Сөзін қырғызша бастаған Мирзияев Қырғызстанды "стратегиялық әріптес" деп атап, Өзбекстанның көршілерімен қарым-қатынасын жақсартуға ден қойғанын мәлімдеді.

- Шекарамызды достық шекарасына айналдыруымыз керек, - деді Мирзияев.

Екі президенттің келіссөзі кезінде қол қойылатын құжаттардың бірі - шекараның 80 пайыздан астам бөлігін демаркациялау пактісі. 1400 шақырымдық өзбек-қырғыз шекарасының 230 шақырымы әлі даулы бөлік деп саналады.

Қырғызстан мен Өзбекстан басшыларының кездесуі. Бішкек, 5 қыркүйек 2017 жыл



Бұған дейін бұрынғы Өзбекстан президенті Ислам Каримов Қырғызстанға соңғы рет 2000 жылы ресми сапармен барған еді. Совет заманынан бергі автократ билеуші Каримов 2016 жылы дүние салғасын Мирзияев билік басына келген бойы Қырғызстанмен қарым-қатынасты жақсартуға тырысып жатыр.

Каримовтің кезінде Өзбекстан көршілерімен шекара дауы, этникалық жанжал және аймақтағы су мен энергетика мәселелері бойынша үнемі керісіп келген.

Мирзияев Қырғызстанға қазанның 15-інде өтетін президент сайлауының қарсаңында келіп тұр. Атамбаевтың бұл сайлауға түсуіне конституциядағы шектеу жол бермейді, бірақ ол өз жақтасы һәм бұрынғы премьер-министр Сауранбай Жиенбеков сайланады деп үміттенеді. Ал Мирзияев былтыр желтоқсанда бес жылға сайланып алған.

30 миллион халқы бар Өзбекстан - Орталық Азиядағы халық саны ең көп мемлекет. 6 миллион халқы бар Қырғызстанның оңтүстігінде үлкен өзбек диаспорасы тұрады.