«Алға, Қарақалпақстанның» жетекшісі жәрдем сұрады

Қарақалпақстан тартылып бара жатқан Арал теңізінің маңында қалған.

«Алға, Қарақалпақстан» қозғалысының жетекшісі Аман Сағидоллаев Қырғызстандағы босқындар лагерінде тұрып жатыр. Ол «мені Өзбекстанға ұрлап әкетуі мүмкін» деп қауіптенеді.

Қырғызстанда жасырынып жүрген Аман Сағидоллаев «Өзбекстан арнайы қызметі мені ұрлап әкету үшін Бішкек қаласынан іздеп жүр» деп мәлімдейді. Құқық қорғау органдары дерегінше, Сағидоллаев пен оның отбасына қауіп төнген.

Қарақалпақстан ішкі істер басқармасындағы «сенімді ақпарат көздеріне» сілтеме жасаған Аман Сағидоллаев «Өзбекстан ұлттық қауіпсіздігі қызметінің екі қызметкері мені ұстау үшін Бішкекке келді» дейді. Оның айтуынша, әлгі қызметкерлер жүріс-тұрысын он күннен бері аңдып жүр. Сондықтан Сағидоллаевтың отбасы босқындар лагерінен ешқайда шыға алмай отыр. Босқынның Азаттыққа хабарлауынша, балалары сабаққа бара алмай қалған.

– Қазанның 22-сі күні өзін «күштік құрылымнан келдім» деп таныстырған белгісіз ер адам №67 орта мектеп директорының орынбасары Ирина Борисовнадан біздің қайда тұратынымызды, мекенжайымызды, балаларымыздың қайда екенін сұрапты. Қазанның 27-сі күні МҰҚК-нің (мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті) үш қызметкері де келіп кетіпті. Қазанның 16-сынан бері ешқайда шықпай, тығылып отырмыз. Қырғызстандағы БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі комиссариатына шағымданып едік, ондағылар сенбеді. Біздің өмірімізге қауіп төнгенін «Әділет» құқық қорғу ұйымы растайды. Өзім босқындар лагерінде қала берер едім, бірақ балаларды қауіпсіздеу жерге ауыстыру керек, – дейді Аман Сағидоллаев.

Қарақалпақстанның тәуелсіздігі жайлы ұран.

Саяси қудалауға ұшыраған Аман Сағидоллаев 2011 жылы Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болған. Ол 2012 жылдан бері Қырғызстанда тұрады. Оның айтуынша, Өзбекстанда «ірі көлемде ақша жымқырған әрі оны орынсыз мақсатта жұмсаған» деген айыптау бойынша оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. «Мені саяси қызметіме байланысты қудалап, Қарақалпақстанның тәуелсіздігі туралы референдум өткізуді ұсынғаным үшін бұл істі ойдан шығарды» дейді ой.

Сағидоллаевтың айтуынша, әйелінің туған-туыстары, аға-інілері Жұмабай мен Бақыт Сағидоллаевтар да саяси қудалауға ұшырап, Қырғызстанға кетуге мәжбүр болған.

– Прокуратураның түнгі сағат 11-ден таңғы 4-ке дейін созылған азаптауы мен тергеуіне шыдамай аға-інім Қырғызстанға құжатсыз қашып келді. Қазір Өзбекстанда тегі Сағидоллаев деп жазылатын ер адам қалған жоқ. Бәрі қашуға мәжбүр болды. Ол жақта үйлерімізді тінтіп, ақша-мүлкімізді тартып алды. Мұның бәрі менің саяси қызметіме байланысты. Ешқандай ақша ұрлаған жоқпын. Біз Қарақалпақстанның тәуелсіздігі туралы референдум өткізу ді ұсындық, – дейді Аман Сағидоллаев.

АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТ ОРГАНДАРЫНЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

«Алға, Қарақалпақстан» қозғалысы жетекшісі 2012 жылдан бері саяси босқын мәртебесін ала алмай жүр. Оның БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасына, Қырғызстан еңбек, көші-қон және жұмыспен қамту министрлігіне екі мәрте жолдаған өтінішіне сол күйі жауап келмеген.

«Қылым шамы» құқық қорғау ұйымы Сағидоллаевқа араша түскен. Оның басшысы Әзиза Әбдірасулованың айтуынша, мұндай жандардың тағдырына халықаралық ұйымдар да немкетті қарайды. Ол басқа мемлекеттердің арнайы қызметтері Қырғызстанда бұрын да келгенін айтады.

Қарақалпақстандағы мақта теріп жүрген адамдар. (Көрнекі сурет)

– Шындығын айтқанда, Сағидоллаев Қарақалпақстандағы азаматтардың құқығы бұзылатынын айтып, өз еліне тәуелсіздік беруді ұсынды. Мұны түрлі сайттардан білдік. Қазір оны ғана емес, әйелі мен туыстарын да қудалап жатыр. Қырғызстанға келгеніне көп болғанына қарамастан, БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Ұйымның Алматыдағы өкілдігіне адвокаттың көмегімен өтініш жолдап едік, ол жақтан әзірше жауап келген жоқ. Неліктен жауап бермей жатқандарын білмейміз. Өзбекстан арнайы қызмет орындары Қырғызстанға келіп, мұндай жандарды бұрын да аңдыған. Әндіжан оқиғаларынан кейін Өзбекстаннан Жалал-Абад, Базар-Қорған және Ошқа қашып барған адамдарды Өзбекстан арнайы қызмет орындары ұрлап әкеткен, – дейді Әзиза Әбдірасулова.

БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы өкілдігі бұл жайқа қатысты комментарий бермеді. МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Марат Иманқұлов «басқа мемлекеттердің арнайы қызметтері Қырғызстан территориясында әрекет ете алмайды» дейді. Бұл үшін арнайы рұқсат алуы тиіс, ал арнайы қызмет органдарының ынтымақтастығы ТМД елдері арасындағы келісімдер аясында реттеледі.

Бұл мәселеге байланысты жайттарды МҰҚК-нен анықтау мүмкін болмады. Бұрын қуғында болған дипломат Ташболат Юлдашевтің айтуынша, ресми Ташкенттің қарақалпақстандықтарға қатты қысым көрсететіні шындық.

Қарақалпақстан автономиясында газ бен жарық жоқ, бензин де тапшы.
Ташболот Юлдашев.

– Сағидоллаевтың қорқатындай жөні бар. Қарақалпақстан халқы кедей әрі өзбек билігі қарақалпақстандықтарға күн көрсетпейтін болғандықтан Сағидоллаев «Өзбекстаннан бөлінсек жақсы болар еді» деген. Қарақалпақстан автономиясында газ бен жарық жоқ, бензин де тапшы. Африканың өзінде мұндай жағдай жоқ. Ал Каримовты сынайтын адамдарды кім ұнатсын? Сондықтан олар Сағидоллаевты аңдып жүр. Мұны өз басымнан өткергендіктен оның өміріне қауіп төнді дегенге сенемін, – дейді Ташболот Юлдашев.

2005 жылғы Әндіжан оқиғасы кезінде және одан кейін Өзбекстанның 450-ден аса азаматы Қырғызстанда саяси босқын мәртебесін алып, кейін оларды Еуропа елдеріне жіберген. Ал ауыр қылмыс жасады деп айыпталған төрт адамға босқын мәртебесін бермей, Өзбекстанға қайтарғаны үшін әлем елдері Бішкекті сынаған.

Сарапшылар Қарақалпақстанның егеменділігі конституцияға сай оңай шешілетін мәселе екенін айтады. Ол үшін қарақалпақстандықтардың көпшілігі референдумда тәуелсіздікті қолдап дауыс беруі керек. Бірақ референдум өткізу туралы заңды Өзбекстан парламенті қабыл алуы тиіс. Алайда Каримовтың бақылауындағы парламентте ондай заңды қолдаушы депутаттар жоққа есеп. Соңғы жылдары Қарақалпақстаннан 200 мыңдай адам көшіп кетті деген расталмаған мәліметтер бар.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Қанымгүл Элкееваның мақаласын аударған – Айжан Оралғазы.