Accessibility links

Өзбек түрмесінде қаза тапқан тәжік генералы


Түрме есігі. (Көрнекі сурет)
Түрме есігі. (Көрнекі сурет)

Зокир Хасановты Ташкент түрмесінде азаптағаны, оның азапқа шыдамай дүние салғаны екі жылдан кейін белгілі болды.

Тәжікстан азаматы Нилуфар Рахимжонова биыл, қыркүйектің 13-і күні Ташкент түрмесінде қайтыс болды. Оның қазасының мән-жайы көпшілікке жарияланған соң, «Орталық Азиядағы адам құқықтары» бірлестігі Өзбекстан абақтысындағы тағы бір қайғылы уақиға - өзбек генералының азаппен дүниеден өткенін мәлімдеді.

«ҚЫЗЫЛ КРЕСКЕ ТҰТҚЫНДЫ КӨРСЕТПЕДІ»

Қыркүйектің 29-ы күні «Орталық Азиядағы адам құқықтары» бірлестігінің төрайымы Надежда Атаева Азаттыққа сұхбат беріп, «Бұрынғы армия генералы, Өзбекстанның Сурхандария облысының шекарашысы Зокир Хасановтың Таштүрмеде (Ташкенттегі түрме – ред.) екі жыл бұрын азаптаудан опат болғанын» хабарлады.

Хасанов Ленинабадта (қазіргі Худжанд) туған, этникалық тегі – тәжік. Өзбекстан азаматы ретінде ол осы елде тұрып, ұсталғанша (2011 жылы) қарулы күштер қатарында еңбек етіп келген. Оған «Тәжікстан тыңшысы» деген айып тағылған.

Надежда Атаева.
Надежда Атаева.

Атаеваның айтуынша, ұстарда полиция оның қалтасына есірткі салып жіберген. Айыптаушы тарап оны ауған армиясының бұрынғы полковнигі, Ауғанстан азаматы Муртазакул Азизулламен астыртын келісім жасап, есірткі сатумен айналысты деп айыптады.

Зокир Хасанов 20 жылға, Муртазакул Азизулла 15 жылға сотталды. Екеуі де жазасын Ташкент облысының Бекабад қаласындағы 64/21 колониясында өтеді.

2011 жылы осы колонияға Қызыл Крест халықаралық комитетінің (ҚКХК) миссиясы келді. Ұйым мүшелері Муртазакул Азизулламен кездесіп, одан Зокир Хасановтың медициналық көмекке мұқтаж екенін білді. Келесі жолы олар Хасановты да бақылау тізіміне қосты.

2012 жылы қыркүйектің 22-сі күні, ҚКХК өкілдерінің жаңа сапары алдында, осы миссияның бақылау тізіміне енген тұтқындарды Өзбекстан билігі Сырдария облысының Хаваст станциясындағы түрмеге ауыстырды.

Надежда Атаеваның блогында жазуынша, билік оларды жағдайлары қиын екені туралы ақпарат тарап кетпеу үшін ауыстырған. Өйткені, бір түрмеден екінші түрмеге ауысатын «транзиттік тұтқындардың» қайда екені бірнеше күн бойы ресми түрде тіркелмейді. Хаваст станциясында оларды 47 күн ұстап, кейін 64/21 колониясына қайта әкелген.

ӨЗБЕК ПЕН ТӘЖІК «ТЫҢШЫЛАРЫ»

Өзбекстанның жаза орындау басқармасы мұндай тәжірибені бұрыннан пайдаланып келеді. Олар осылайша тәуелсіз бақылаушыларға тұтқындарды, әсіресе, азап көрген тұтқындарды көрсетпеуге тырысады. Билік Зокир Хасановты да Хавастқа осы себеппен аттандырған еді.

2012 жылы қыркүйектің 14-і күні өзбек билігі Хасановты аяқ астынан Таштүрмеге ауыстырады. Ондағы уәждері – бұрынғы генералға жаңа айып тағылып, қосымша тергеу басталған.

Ташкент көшесінде жүрген полицейлер. (Көрнекі сурет)
Ташкент көшесінде жүрген полицейлер. (Көрнекі сурет)

Осылайша, Зокир Хасановты өзбек билігі «Қызыл Крестен» ұзақ уақыт жасырып келген. Оның Таштүрменің 4-корпусында дүние салғаны 2012 жылы қазан айында белгілі болды. Хасановты қинап, «Тәжікстан тыңшысымын» деген түсініктеме жазуға мәжбүрлеген.

Азаттыққа телефон арқылы сұхбат берген Надежда Атаева «Зокир Хасанов пен оның отбасы мүшелеріне қысым жасалды, сондықтан «Қызыл Крест» өкілдерімен кездесуден олар бас тартқан» дейді. Оның айтуынша, бұл - Өзбекстандағы саяси тұтқындардың басына жиі түсетін жағдай. Осының кесірінен ҚКХК 2013 жылы өзбек түрмелерін аралаудан бас тартты. Олардың мәлімдеуінше, «Өзбекстандағы саяси тұтқындармен кездесу шарты ұйым талаптарына сәйкес келмпейді».

Өзбекстан Тәжікстанда туысы немесе басқа байланысы бар адамға күдікпен қарайды. Оларды мемлекеттік лауазымдарға жібермейді, әскери құрылымдарға жұмысқа алмайды. Тәжікстанда да этникалық өзбектерге солай қарайды.

Надежда Атаева «Тәжікстан мен Өзбекстан арасында болып тұратын тыңшылық дауы екі ел басшыларының өзара кикілжіңінен шығып жатқанын» айтады. Ол «Өзбекстан Тәжікстанда туысы немесе басқа да байланысы бар адамдарға күмәнмен қарайды. Оларды маңызды мемлекеттік лауазымдарға жібермейді, әскери құрылымдарға жұмысқа алмайды. Тәжікстанда да этникалық өзбектерге солай қарайды. Оларға билік сенбейді» дейді.

Осы кезге дейін Өзбекстанда ондаған адам (оның көбі Тәжікстан азаматтары) ұсталып, оларға «тыңшылық жасады» деген айып тағылды. Тіпті Тәжікстанмен шекарада жезөкшелікпен айналысқан Субхандариялық үш әйелге де «интимдік қатынас арқылы өзбек офицерлерінен ақпарат алуға тырысты» деген айып тағылды.

РАХИМЖОНОВАНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Тәжікстанда «Өзбекстанның тыңшылары» деген күдікпен ұсталғандарға айып таққан кезде олардың қай елдің «жансызы» екенін билік жарияламауға тырысады.

Алайда баспасөз өкілдеріне Халық майданының бұрынғы жауынгері, «Сачан» деген лақап атпен танылған Содик Мухаммадохуновтың, «Востокредмет» компаниясының бес қызметкері және қырғыз армиясының полковнигі – этникалық тәжік Мухаммади Салимзоданың үстінен қозғалған істер белгілі.

Мәселен, қырғыз армиясының полковнигі Салимзоданы тәжік билігі «тыңшылық жасады» деп айыптап, 29 жылға түрмеге қамады. Ол Тәжікстанға қызының үйлену тойына келген еді.

Нилуфар Рахимжонованың (сол жақта) туыстарымен түскен суреті.
Нилуфар Рахимжонованың (сол жақта) туыстарымен түскен суреті.

Атаеваның пікірінше, көп жағдайда тыңшылық туралы істерде жеткілікті дәлелдер болмайды. Мысалы, Тәжікстан азаматы Нилуфар Рахимжонова туған бауырының үйлену тойына Ташкентке келген жерінен ұсталған.

2012 жылы Ташкент түрмесіне түскен Рахимжонова «терроризм» және «шекараны заңсыз кесіп өту» баптары бойынша сотталған. Кейін Ташкент қаласындағы «Зангиота» түрмесінде белгісіз жағдайда қаза тапты.

Ол - төрт баланың анасы, Тегеран университетінің оқытушысы Саидюнус Истаравшанидің әйелі. Рахимжонованың денесін Ташкентте бауыры Мухаммадикболға қыркүйектің 13-і күні берді. Оның өлімінің себептері белгісіз болып қала берді. Мәйіті шұғыл түрде жерленді.

Нилуфар Тәжікстандағы танымал дін маманы – Домулло Мағруфжон Истарафшанидың қызы еді. Иранда тұратын ол отбасымен бірге 2011 жылдың жазында Тәжікстанға туыстарын көріп қайтуға келген. Кейін ол туған бауырының Ташкенттегі үйлену тойына қатысу үшін Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өткен.

Оны ұстап алған (2012 жылы) Өзбекстан арнайы қызмет өкілдері Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасынан сөйлеп, «Өзбекстанның ислам қозғалысы (ИДУ) мүшесімін, Ташкентте теракт жасамақ болдым» деп мойындауын талап етеді. «Осыны жасасаң, бостандыққа шығасың» деп уәде берген.

Амалы қалмаған әйел оларға сеніп, айыпты мойнына алады. Бірақ кейін сот кезінде оны «терроризм» бабымен айыптап, 10 жылға соттайды. Төрт баланың анасы Нилуфар Рахимжонова 37 жасында абақтыда қаза тапты.

(Азаттық мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG