Атамбаев Жээнбековтің кадр саясатына өкпелі ме?

Алмазбек Атамбаевтың ҚСДП фракциясы депутаттарымен кездесуі. Бішкек. 16 сәуір, 2018 жыл.

Қырғызстанның бұрынғы президенті, биліктегі Қырғызстан социал-демократиялық партиясының төрағасы Алмазбек Атамбаев қазіргі мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбековтің кадр саясатына наразы.

Атамбаевпен 16 сәуірде өткен кездесуден кейін Жогорку Кенештегі (Қырғызстан парламенті – ред.) Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) фракциясының депутаты Рыскелді Момбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне осылай деп хабарлады.

Бұл кездесуге фракция өкілдерінің жартысы ғана қатысқан. Бұл жайт қоғамда "бұрынғы және қазіргі президенттердің арасында келіспеушілік бар екен, ал билік партиясында жік пайда болғаны байқалады" деген әңгімелерді жаңғыртуға түрткі болды.

ҚСДП секретариаты экс-президент Алмазбек Атамбаевтың депутаттармен кездеуі туралы қысқаша ақпарат таратты. Алмазбек Атамбаев ҚСДП фракциясы депутаттарымен кездескен. Атамбаев кездесуде депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, олармен партия жұмысына және партияны 2020 жылы өтетін парламент сайлауына дайындау мәселелерін талқылаған. Бұған қоса, мұндай кездеулерді жиі өткізіп тұру ұйғарылған.

Алмазбек Атамбаевпен кездесуде отырған ҚСДП фракциясы депутаттары. Бішкек. 16 сәуір, 2018 жыл.

Депутат Рыскелді Момбеков Азаттыққа жиынға қатысты жан-жақты комментарий берді. Оның сөзінше, қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің кадр саясатына Алмазбек Атамбаевтың көңілі толмайды. Ол Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) бұрынғы басшысы Әбділ Сегізбаев пен бұрынғы бас прокурор Индира Жолдыбаеваны қызметінен босауға қатысты пікірін айтқан.

- Оның [Атамбаевтың] сөзінше, ақыры осылай болған екен, демек, Индира Рыспаевнаның да кінәсі болған. Атамбаев "Ол кісі [ Жоғорку Кенешке] баруы тиіс еді, ал бармаған екен, мәселені дауысқа салуға дейін жеткізбеу үшін арыз жазуына болар еді ғой" деді. Бұған қоса, ол қазіргі президенттің кадр саясатында белгілі бір қателіктер бар деді. Бірақ оның кадр тағайындау кезіндегі өз қателіктерін біз де айттық. Кезінде белгілі бір қызметке кей адамдарды тағайындағанына біз де наразы болғанымызды айттық. Ол айтқандарымызды тыңдап отырды.Талай ащы шындық айтылды. Ол мұны тыңдауға мәжбүр болды, - дейді депутат Рыскелді Момбеков.

Кездесуде көбінесе ҚСДП төрағасының орынбасары Фарид Ниязов пен мемлекет басшысының бұрынғы кеңесшісі Икрамжан Илимиянов екеуінің атына сын айтылғаны мәлім болды. Жиында кей депутаттардың қызбалыққа салынғанын Азаттыққа ҚСДП секретариаты да растады, бірақ «бұған қатысты комментарий беріп, түсіндіргеніміз ыңғайсыз болады деп санаймыз» деді.

Бұған қоса, депутат Рыскелді Момбеков Ниязов партиядағы жұмысынан кетіп, саяси кеңес құрамынан шығарылатын болды деп хабарлады.

- Алмазбек Шаршенович Фарид Ниязов партиядағы жұмысынан кетіп, "Апрель" қайырымдылық қорын басқарады деп айтты. Кездесуде мен қазіргі президент пен экс-президент арасындағы келіспеушілік сол кісінің кесірінен туды әрі мемлекет басшысы аппаратын басқарған кезде фракциямен байланыс орнатуда қателіктер жіберді деп айттым. Менің сөзімді тыңдап алғаннан кейін экс-президент Ниязов партиядағы жұмыстан кететінін айтты, - дейді депутат Момбеков.

Ал ҚСДП секретариатының ақпараты өзгеше. Олардың дерегінше, Фарид Ниязов партия төрағасы қызметінен кеткенімен, ҚСДП саяси кеңеі мүшесі болып қала береді.

​АУДИО: Депутат Рыскелді Момбековпен сұхбат.

Алмазбек Атамбаев депутаттармен кездесу өткізеді деген хабар тарағалы қоғамда бұл шараға социал-демократтардың ішінен дәл кімдердің қатысатынын білгісі келетіндер көп болды. Секретариат дерегінше, кездесуге фракция жетекшісі Иса Омуркулов, депутаттар Чыныбай Тұрсынбеков, Абтандил Кұлбарақов, Данияр Аттокуров, Азамат Арапбаев, Анвар Артықов, Марат Аманкұлов, Айнуру Алтыбаева, Бақыт Жетігенов, Мурадыл Мадеминов, Әсел Кодуранова, Рыскелді Момбеков, Эльвира Сұрабалдиева, Евгения Строкова, Альфия Самигуллина, Мұхтарбек Айнақұлов, Карамат Орозова, Сайдолимжон Жураев және Дастан Бекешев қатысқан.

ҚСДП СЪЕЗІ ЖӘНЕ АТАМБАЕВТЫҢ БАСПАСӨЗ ЖИЫНЫ

31 наурыз күні Бішкекте өткен ҚСДП-ның 17 съезінде экс-президент Алмазбек Атамбаев партия төрағасы болып сайланды. Жабық түрде өткен съезден кейін Атамбаев тілшілердің алдына шықты. Бұл оның президенттігі аяқталған сәттен бері журналистердің сауалдарына бірінші рет жауап беруі еді.

Қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің інісі Асылбек Жээнбеков бастаған бір топ депутаттың Атамбаев өткізген жиынға қатыспауы партиядағы ықтимал жікшілдік пен саяси тартыс туралы пікірталасқа түрткі болды.

ҚСДП фракциясы жетекшісінің орынбасары Торобай Зулпукаров экс-президентпен кездесуге қатыспау себебін "үлгермей қалдым" деп түсіндірді. Сонымен бірге ол фракцияда ешқандай бөлініп-жарылу жоқ деп мәлімдеді.

- Біз аймақтарды аралап кеткенбіз. Кешігіп келіп, кездесуге қатысуға үлгермей қалдық. Қазір ҚСДП атына қилы жорамалдар айтылып жатыр. Бірақ, құдайға шүкір, фракциямыз өте тату. Шақырған жерден қалмай, шақырмаған жерге бармаған жөн. Жиынға қатысқым-ақ келген еді, бірақ үлгермей қалдым. Алмазбек Шаршенович екеуміздің арамыз өте жақсы. Алмазбек Шаршеновичпен бірге Сооронбай Шариповичті қолдап алдағы алты жылда атқарылатын процестердің бәріне көмектесеміз деп үміттенемін, - дейді ол.

Бірақ Торобай Зулпукаров қазіргі мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбековтің кадр саясатына экс-президент Алмазбек Атамбаевтың көңіл толмайды деген пікірге қатысты комментарий беруден бас тартты.

Мукар Чолпонбаев.

​Бұл жиын Алмазбек Атамбаевтың саяси салмағы мен қос билік туралы жорамалдарға түрткі болды. Жогорку Кенештің экс-спикері Мукар Чолпонбаев жиынға қатысты мынадай комментарий берді.

- Бұл жиын Алмазбек Атамбаевтың ҚСДП-на қандай депутаттарды, қандай адамдарды жинап алғанын көрсетті. Екінші мәселе - бұл тартыстың күшейіп келе жатқанының белгісі. Бұл қазір Атамбаевтың саяси ықпалы әлсіреп бара жатқанын көрсетеді. Үшіншіден, фракцияның ішінде келіспеушілік бары, бірлік жоғы түсінікті бола бастады, әркім әр жаққа тартып жатқаны байқалып қалды. Бұл партиялық тізім бойынша сайлау өткізу неге соқтыратынын көрсетеді, - дейді ол.

Бекбосун Борубашев.

Сарапшы Бекбосун Борубашев егер Алмазбек Атамбаев президент болса, бұл жиынға депутаттардың бәрі қатысар еді деп санайды.

- Өз депутаттарымен, ҚСДП депутаттарымен кездесу өткізуге Алмазбек Атамбаевтың құқы бар. Бұл - партияның ішкі мәселесі. Кездесуге қатыспаған 19 депутат партиялық тәртіпке бағынбады. Бәлкім, біреулері ауырып қалған шығар немесе әлдебір дәлелді себептермен келе алмаған шығар. Бірақ егер Атамбаев оларды президент болып тұрғанда шақырса, әлгі 38 депутат тіпті төсек тартып жатса да, бірі қалмай келер еді. Депуттардың түгел қатыспауы бұл тұлғаның ықпалы төмендеп бара жатқанын көрсетеді, - дейді ол.

Алмазбек Атамбаевтың депутатармен кездесуі билікте түбегейлі кадрлық ауыс-түйіс болып жатқан тұста өтті. Мысалы, ертеректе президент Сооронбай Жээнбеков өз өтініші бойынша отставкаға жіберген Болот Сүйімбаевты 16 сәуірде премьер-министр Сапар Исаков экономикалық қылмыспен күрес қызметі басшысы етіп тағайындады. Алмазбек Атамбаевтың сенімді адамы саналатын Болот Сүйімбаев бұған дейін Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының мақаласынан аударылды)