Қола жүлдені қанағат тұтқан күн

Беларусь балуаны Алим Селимовты (қызыл) қазақстандық атлет Даниал Гаджиевтің (көк) жыққан сәті. Лондон, 6 тамыз 2012 жыл.

Тамыздың 6-сы күні Қазақстан қоржынына қола жүлде түсті. Грек-рим күресінен 84 килограмм салмақ бойынша күресетін Даниал Гаджиев жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.
Гаджиев алғашқы белдесуінде болгариялық Христо Мариновты ұтқанымен, екінші белдесуінде ресейлік Алан Хугаевтан жеңіліп қалды. Кейін Хугаев финалға шығып, Гаджиевке қолаға таласатын болды. Қолаға жету жолында Гаджиев белоруссиялық Алим Селимов пен грузиялық Владимир Гегешидзені жеңді.

«ТІНӘЛИЕВКЕ ЖАРАҚАТЫ КЕДЕРГІ КЕЛТІРДІ»

Ал Алмат Кебіспаев (60 килограмм) алғашында украиналық Лемур Темиров пен Лиендо Луис Игнасионы (Венесуэла) ұтты. Алайда ширек финалда ирандық Омид Нурозиден жеңіліп қалды. Нурози кейін финалға шығып, Кебіспаев қолаға таласуға мүмкіндік алды. Қола үшін белдескенде Кебіспаев болгар балуаны Иво Ангеловты ұтқанымен, жапониялық Рыаторо Мацумотодан жеңіліп қалды.

Ту ұстаушы Нұрмахан Тінәлиев (120 килограмм) бірінші кездесуінде-ақ швециялық Йохан Еуреннен жеңілді.

Балуан Алмат Кебіспаев. Шілде, 2012 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


Лондонда жүрген қазақстандық журналистерге сұхбат берген ұлттық құраманың бас бапкері Мұратбек Қасымханов «Тінәлиев Лондондағы жаттығулардың бірінде аяғын қайырып алған еді. Осының салдарынан өзін толық көрсете алмады. Ал Кебіспаев нағыз «өлім тобына» түсті. Кездесулерінің арасында демалуға уақыты болған жоқ. Кілемде үш сағаттың ішінде үш кездесу өткізді. Шаршағаны рас. Ал Гаджиев үмітті ақтады» деді.

Жеңіл атлетикада 100 метрге жүгіруден Анастасия Пилипенко, Наталья Ивановская, Анастасия Сопрунова іріктеуден өте алмады. 200 метрге жүгіруде Виктория Зябкина да төмен нәтиже көрсетіп, жартылай финалға шыға алған жоқ.
Су добынан Қазақстан құрамасы Хорватиядан 4:12 есебімен ұтылып, топтағы ең соңғы орынды иеленді.

Синхронды жүзуден Анна Кулькина мен Әйгерім Жексембинова еркін бағдарламада 15-орын алып, финалға шығу мүмкіндігінен айырылды. Бұл спортшылар жарыстарын аяқтады.

ҚОРЖЫНДА КЕМ ДЕГЕНДЕ ЕКІ ҚОЛА БАР

Жанкүйерлер қауымын боксшылар қуантты. Әйелдер боксынан Марина Вольнова (75 килограмм) ағылшын Саванна Маршаллды ұтып, жартылай финалға шықты. Қазір Вольновада кем дегенде олимпиада ойындарының қола жүлдесі бар. Бокс ережесі бойынша, олимпиаданың жартылай финалына шыққан споршылар финалға жете алмаса, қола жүлдені иеленеді.

Қазақстандық боксшы Марина Вольнованың жартылай финалға шыққан сәті. Лондон, 6 тамыз 2012 жыл.


Ерлер арасында 90 килограмм салмақ бойынша Иван Дычко ширек финалда канадалық боксшы Симон Кинді 20:6 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты. Дычконың да кем дегенде қола жүлдесі бар.

Ал Ғани Жайлауов (60 килограмм) кубалық Ясни Толедо Лопестен ұтылып, жартылай финалға шыға алмады. Жайлауов қубалық боксшымен осымен үшінші рет кездесіп, барлығында ұтылып қалды.

Ауыр атлет Александр Зайчиков (105 килограмм ) зілтемір көтеруден 11-орын алды. Бұл салмақта украиналық Олексей Торохтый чемпион атанды. Украина спортшысы қос сайыста 412 килограмм көтерді (жұлқа көтеруде 185, серпе көтеруде 227 килограмм). Қазақстандық Илья Ильин 94 килограмм салмақта жарысса да бұл спортшыдан көп көтерген – 418 килограмм. Демек Ильин бұл салмақта сынға түссе де чемпион атанар еді.

ШЕТЕЛДЕН МАМАН ШАҚЫРЫЛУЫ МҮМКІН

Қазақстандық дзюдошылар биылғы олимпиададан жүлдесіз қайтты. Енді Қазақстан құрамасын жаттықтыруға шетелдік маман келуі мүмкін. Бұл туралы ұлттық құраманың аға бапкері Жексембай Саламатов мәлімдеді. Әзірге жаттықтырушының қай елден келетіні белгісіз. Қазақстандық мамандар Лондонда үш алтын алған Ресей құрамасының тәжірибесіне сүйенбек. Бүгінде Ресей дзюдошыларын италиялық бапкер Энцио Гамба жаттықтырады.