Қазақстанның төрт алтыны

Лондон олимпиадасының чемпионы қазақстандық ауыр атлет Светлана Подобедова, 3 тамыз 2012 ж.

Олимпиаданың алғашқы аптасында Қазақстан құрамасы төрт алтын иемденіп, елдің спорт тарихында жаңа белес алынды. Төрт алтынның үшеуін ауыр атлетикадан сынға түскен қыздар жеңіп алды.

ТӨРТІНШІ АЛТЫН

Олимпиада ойындарының жетінші күні Қазақстан құрамасына төртінші алтын медальды ауыр атлет Светлана Подобедова әперді. Жұма күні әйелдер арасында 75 килограмм салмақта алтын жүлде үшін қазақстандық атлет пен ресейлік спортшы арасында аса тартысты бәсеке өтті.

Светлана жұлқа көтеруде 126 килограмды тек екінші мәрте шыққанда ғана басынан

Қазақстандық ауыр атлет Светлана Подобедова, Лондон, 3 тамыз 2012 ж.

асыра ұстап тұра алды. Ал үшінші талпынысында 130 килограмды қиналмай көтерді.

Подобедованың басты қарсыласы саналған ресейлік атлет, 2011 жылғы әлем чемпионы Надежда Евстюхина үш рет талпынғанымен 125 килограмды көтере алмай жарыстан шығып қалды. Ал ресейлік тағы бір спортшы Наталья Заболотная 131 килограмды еркін көтеріп, жұлқа көтеру жаттығуы бойынша алға шықты. Сөйтіп бас жүлде үшін негізгі тартыс Заболотная мен Подобедованың арасында өрбіді.

Серпе көтеруде Заболотная 147, 155, 160 килограмды оңай көтеріп, бірінші орынға шықты. Ал Подобедова 150, 156, 161 килограмды басынан асырды. Екі спортшының қоссайыс (жұлқа көтеру+серпе көтеру) қорытындысы бойынша алған ұпайлары тең шықты – 291 килограмм. Ереже бойынша мұндай жағдайда спортшылардың салмағы шешуші рөл атқарады. Сөйтіп, Подобедова Заболотнаядан салмағы сәл жеңілдеу болғандықтан олимпиада чемпионы атанды. Қола жүлдені беларусь атлеті Ирина Кулеша иеленді, оның жиынтық көрсеткіші - 269 килограмм.

Светлана Подобедованың жеңісінің нәтижесінде Қазақстан ұлттық құрамасы өз тарихында алғаш рет бір олимпиада ойындарында төрт алтын жүлдеге ие болды.

Бұған дейін Қазақстан командасындағы үш алтын медальды велоспортшы Александр Винокуров, ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло және Майя Манеза әперген еді.

ТӨРТ ЖЫЛ КҮТКЕН ЖЕҢІС

Жарыстан кейін Светлана Подобедова мен ұлттық құраманың бапкерлері Лондондағы қазақ ауылында баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында сөз алған Подобедова: «Басты мақсат әлемдік рекорд емес, олимпиада алтыны болды. Барлығы ауыр тиді. Қатты толқыдым. Дегенмен, күшіме сендім. Дайындығымыз өте жоғары деңгейде өтті. Соңғы шешуші көтеру кезінде төрешілер жымиып, көтеріп тұрған штанганы жерге тастауға рұқсат берді. Осы сәтте чемпион болғанымды түсіндім» деді.

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни «2008 жылы тамыздың 3-і күні Пекиндегі олимпиада ойындарында Светлана Подобедованы жарысқа қатыстырмай қойған еді. Енді 2012 жылы тамыздың 3-інде ол чемпион атанды» деп бастады өз әңгімесін.

- Ресейдің екі бірдей спортшысы Подобедованы жеңу үшін келді. Бірақ тактикалары жүзеге аспады. Біз үшін ауыр тиді. Дегенмен, тактикалық тұрғыдан ұтып кеттік. Подобедованың жарыс кезінде 164 килограмды көтеріп, әлем рекордын жаңартуға да мүмкіндігі бар еді. Біз сақтанып, бұл салмаққа тапсырыс берген жоқпыз, - деді бас бапкер.

Еске сала кетейік, 2008 жылы Пекин олимпиадасының қарсаңында Ресей ауыр атлетика федерациясы Светлана Подобедованың Қазақстанның атынан оимпиадаға

азақстандық ауыр атлет Майя Манезаның олимпиада тұғырында алтын медаль ұстап тұрған сәті. Лондон, 31 шілде 2012 ж.

қатысуына қарсылық білдірген еді. Себебі, Подобедова Қазақстан азаматтығын алғанға дейін Ресейдің атынан Еуропа чемпионатына қатысқан болатын. Ал спорттық ереже бойынша бір спортшы екінші елге ауысса екі жыл ірі жарысқа қатысуға болмайды. Міне осыны ескерген Ресей олимпиада комитетіне шағым түсірген еді.

Қазақстан ауыр атлетика құрамасының кеңесшісі Энвер Түркелери «бұл жеңістердің барлығы кездейсоқ емес» дейді.

- Мен Қазақстанда сегіз жыл тұрып жатырмын. Мен бүгін бақыттымын. Бұл жеңіс бізге оңай тиген жоқ. Бұл – әлем чемпионаты емес, Азия ойындары емес, бұл – Олимпиада. Қазақстанда таңғы оннан түнгі он екіге дейін жаттығу жүргіздік. Сондықтан жеңіске Қазақстан спортшылары лайық, - деді Түркелери .

Олимпиада ойындарының алдында Түркелери Қазақстан құрамасы Лондоннан үш алтын алады деген болжам айтқан еді.

ДЗЮДО, БОКС, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА

Дзю-додан әйелдер арасында 78 килограмнан жоғары салмақ дәрежесінде белдескен Гүлжан Исанова олимпиада ойындарын жетінші орында аяқтады. Исанова әуелі оңтүстік кореялық На Янг Кимді ұтқанымен, келесі жекпе-жекте онымен күрескен ұлыбританиялық Карина Брайант «вазаари» (жартылай жеңіс) алып, Исановадан басым түсті.

Содан кейін де Исанованың қола жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар еді, бірақ бразилиялық Маира Антэманға есе жіберді. Ал ерлер арасындағы аса ауыр салмақ

Британдық Карина Брайант (ақ киімде) пен қазақ спортшысы Гүлжан Исанованың белдесуі. Лондон, 3 тамыз 2012 ж.

дәрежесінде Ержан Шынкеев алғашқы кездесуінде тунистік дзюдошы Файсел Жабаллахтан жеңілді.

Сөйтіп спорттың бұл түрінен олимпиада ойындарына Қазақстаннан барған он балуанның барлығы жүлдесіз қайтатын болды.

Ал ұзындыққа секіретін қазақстандық спортшы Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден 14.79 метр нәтижесімен финалға шықты. Рыпакова іріктеу жарысында "В" тобында бірінші орын алды. Ал тағы бір ұзындыққа секіруші Ирина Эктова финалға шыға алмады. Спорттың осы түрінен финалдық бәсекелелер тамыздың 5-і күні Астана уақыты бойынша сағат 23:40-та басталады. Сондай-ақ 100 метрге жүгіруден Ольга Блудова іріктеуде 25 орын алып, жартылай финалға шықты. Жартылай финал 4 тамыз күні Астана уақытымен сағат 23:55-те басталады.

Ал 400 метр қашықтыққа жүгіруден Марина Масленко 34-орында қалып, іріктеуден өтпей қалды. 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Виктор Лептиков та олимпиаданы аяқтады. 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Артем Косинов те жартылай финалға шыға алмады - 34 орын. Ереже бойынша, жартылай финалға 26 орынға ілінген спортшылар шығады.

Жұма күні бокстан 52 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Ілияс Сүлейменов ұлыбританиялық Эндрю Селбиден ұтылып (15:19), жарысты аяқтады. Ал Қазақстан боксшылары арасында Олимпиада жүлдесінен үміткер саналатын Серік Сәпиев (69 кг) жапон спортшысы Юшихиро Сузукиді басымдықпен ұтып (25:11), ширек финалға шықты.