Салтанатты сарай, қымбат қонақ үй. Назарбаевтардың Германиядағы мүліктері

Тарихи ескерткіш мәртебесі бар зәулім сарай – Бюлерхёе қонақ үйі қазір Тимур Құлыбаевқа тиесілі деп жазады Deutsche Welle.

Deutsche Welle ("Неміс толқыны") медиакомпаниясы журналистері жаңа зерттеуінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері Германиядағы бірқатар аса қымбат мүлікке иелік ететінін жазды. Зерттеу авторлары мүлік иелерінің зәулім сарайлары мен қонақ үйлеріне (олардың кейбірі тарихи ескерткіш саналады) бір де бір рет бармағанын, бірақ осы нысандарға 100 миллион еуро инвестиция құйғанын айтады.

"ӘЛДЕҚАНДАЙ ЗАМАН БОЛАДЫ ДЕП ЖИНАЛҒАН ҚОР"

Deutsche Welle дерегінше, Баден-Баден курорт қаласындағы Зеелах (Seelach) сарайы, сәулетші Густав Штроның зәулім үйі (тарихи ескерткіш), қонақ қабылдайтын Бюлерхёе (Bühlerhöhe, тарихи ескерткіш) сарайы мен Баден-Вюртемберг жеріндегі Бюль қалашығындағы аты аталмаған тағы бір қонақ үй Назарбаевтарға тиесілі.

Зерттеуде Зеелах сарайына баса назар аударылған. DW ұсынған ақпаратқа сәйкес, сарай аумағындағы он жылға созылған құрылыс жұмыстарына кемінде 60 миллион еуро жұмсалған.

DW "Зеелах сарайының құрылыс жұмыстарынан кейінгі көркі көз қарықтырады" деп жазады. Зәулім үй аумағына субұрқағы бар саябақ, мың шаршы метр жерді алып жатқан СПА салынған. Бассейн үстіндегі 25 метрлік әйнектен жасалған күмбезді ғарыштан түсірілген суреттен де көруге болады.

"Зәулім үйге кіріп көрген санаулы адамның бәрі бір ауыздан "Бұл – постсоветтік елдерден шыққан мультимиллионерлердің ақшасына салынған нысандардың ішіндегі ең сәулеттісі" деп таңдай қағады. Зерттеу авторларының сөзінше, ақпарат көздерінің бірі мүлік иелерінің құрылысқа ақшаны аямағанын айтқан.

Германияның Баден-Баден қаласындағы Зеелах сарайы.

DW дерегінше, 2010-жылдары сатып алынған сарай мен Штро үйі әуелі қағаз жүзінде қазақстандық кәсіпкер Яков Цхайға тиесілі болған. Ол "Достар-Инвест" холдингі мен "Достар Ойл Сервис" мұнай компаниясы арқылы сарайды қайта жөндеуден өткізуге ондаған миллион еуро жұмсап, кейін үйдің меншік құқығын Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевпен байланысы бар компанияға берген.

DW Цхайды Құлыбаевтардың коммерциялық жылжымайтын мүлік саласындағы "миноритарлы серіктесі" деп атайды. Ол қоғамға белгісіз тұлға болғанға ұқсайды, ашық деректерде ол жөнінде ақпарат жоқ.

Зерттеуде қазір Зеелах сарайына Германиядағы Schloss Seelach Invest GmbH бастап, бірнеше компания иелік ететіні жазылған. Schloss Seelach Invest GmbH құрылтайшысы – қазақстандық Verus Praedium International компаниясы, ал ол өз кезегінде Алматыдағы "Кипрос" компаниясына қарайды. Зерттеу авторлары ашықтық реестріне (Германияның ақша жымқыруға қарсы күрес мақсатында құрылған деректер базасы) сілтеме жасап, түпкі бенефициар – Құлыбаев деген қорытындыға келген.

Бюльдегі қонақ үйлерді де Цхаймен байланысты Bühlerhöhe Castle Invest GmbH компаниясы 20 миллион еуроға сатып алған.

Германия ақпарат құралдарының дерегінше, ерекше маңызы бар мәдени нысан мәртебесі берілген Бюлерхёе (Schlosshotel Bühlerhöhe) 2013 жылы желтоқсанда қазақстандық инвесторлардың қолына өткен. Bühlerhöhe Castle Invest GmbH компаниясы жақын маңдағы Hotel Plättig қонақ үйін де өз иелігіне алған.

Stuttgarter Nachrichten газетінің сайтынан алынған дерекке сәйкес, атақты Шварцвальдтың солтүстік бөлігінде 770 метр биікте орналасқан, 90 қонақ бөлмесі бар Бюлерхёе бір кездері әлемдегі ең танымал бес жұлдызды қонақ үйлердің бірі саналған. Бұл қонақ үйге патшалар, канцлерлер мен жұлдыздар түсіп, демалған. Бюлерхёе меймандары арасында Германияның бұрынғы канцлері Конрад Аденауэр, АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Кофи Аннан және басқа да танымал тұлғалар болған.

Stuttgarter Nachrichten газетінің дерегінше, сарайды ғимараттың шығынын көтере алмаған украиналық инвесторлар сатқан. Олар жылжымайтын мүлікті 30 миллион еуроға бағалаған. Бірақ сатып алушы осы соманың жартысынан көбін – 18 миллион еуро ғана төлеген.

Зерттеу авторлары Баден-Бадендегі зәулім үймен салыстырғанда, Бюльдегі қонақ үйлерге дұрыс көңіл бөлінбей, қаржы жетіңкіремей қалғанын жазады. Бюль мэрі Губерт Шнурр журналистерге қонақ үйлерді жетілдіруге инвестиция салынбағанын айтқан (қайта жөндеуге ондаған миллион еуро кетеді деп бағаланып отыр). Сатып алынғаннан бері онда Құлыбаевтың Баден-Бадендегі зәулім үйін жөндеуге Литвадан шақырылған жүздеген құрылысшы ғана тұрған.

Stuttgarter Nachrichten газеті 2014 жылы Бюлерхёе сарайындағы қонақ үй қараусыз қалғанын, мүлік иелері ғимарат шығындарын өтеп, ай сайын жылу жүйесіне 100 мың еуро төлеп отырғанын жазған.

Бюль мэрі Шнурдың сөзінше, неміс инвесторлары қараусыз қалған, бос тұрған нысандарды сатып алуға ниет білдірген. "Бірақ қазақтар хаттарыма жауап берген жоқ" деген Шнурр мүлік иелері бұл нысандарды "әлдеқандай қиын-қыстау заман туа қалса пайдаланатын қор" есебінде сақтап отырған болуы мүмкін деп топшылайды.

Баден-Бадендегі зәулім үйлердің құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін Цхай Bühlerhöhe Castle Invest GmbH компаниясының 90 пайызын Құлыбаевқа тиесілі Mercury Properties компаниясына беріп, Бюльдегі қонақ үйлерді де иесіне тапсырған.

DW ақпарат көздерінің дерегінше, мүлік иелері әлі күнге дейін өзіне тиесілі сарайлар мен қонақ үйлерге бармаған.

Зерттеу авторлары қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаевтың "Германиядағы мүлік – Назарбаевтар отбасы үшін қосымша айлақ" деген пікірін берген.

"Әр елде әртүрлі активтердің көп болғаны жақсы. Күн өткен сайын дамуы кенжелеп бара жатқан елде ерте ме, кеш пе бәрібір революция болады. Сондықтан олар қолында мүмкіндігі бар кезде елдегі ресурстарды қауіпсіз жерге шығарып үлгергуге тырысады" дейді Сәтпаев.

DW сарайлар мен қонақ үйлерге иелік етуші компанияларға хат жазып, пікір сұраған. Бірақ редакция хаты жауапсыз қалған.

Германия-Қазақстан қоғамының төрағасы Томас Хельм журналистерге берген сұхбатында "ресми тұрғыдан алғанда, Құлыбаевтың Германиядағы инвестициясы заңды деп танылады. Ал егер Қазақстанда бұл заңсыз жолмен келген байлық екені анықталса ғана Құлыбаев Германияның ақша жымқыруға қарсы күрес заңнамасын бұзған болып саналады" деп түсіндірген.

"Мүлікті тәркілеу үшін құқықтық мемлекет әдістері ғана қолданылады. Бәрін дәлелдеу керек" дейді Хельм.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Иесін анықтау қиынға соқты". Назарбаевтар мен өзгелердің Ұлыбританиядағы мүлкі

НАЗАРБАЕВТАРДЫҢ ӨЗГЕ ДЕ ДҮНИЕ-МҮЛКІ

Германиядағы сарайлар мен қонақ үйлер – Назарбаев әулетінің шетелдегі жалғыз мүлкі емес. Азаттық 2020 жылы бұрынғы президенттің батыс елдеріндегі қымбат үйлері, пәтерлері мен сарайлары туралы зерттеу жариялаған. Аталған материалдағы деректерге қарап, Назарбаевтар отбасының шетелдегі қымбат үйлерге қыруар қаржы жұмсағанын аңғаруға болады.

Азаттық есебінше, Швейцария, Франция, Испания, Ұлыбритания, АҚШ пен Чехиядағы мүлікке 785 миллион долларға жуық қаржы жұмсалған. Бұған Германиядағы сарайларды қосса, батыс елдеріндегі жылжымайтын мүлікке салынған инвестиция көлемі 900 миллион доллардан асып кетеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайлары

Назарбаевтар әулеті Қазақстанда да дәл осындай қымбат үйлерге иелік етеді. Азаттық өткен айда Нұрсұлтан Назарбаев, оның үш қызы мен немере інісінің Алматыда тау баурайындағы 135 гектар жерді алып жатқан зәулім сарайлары барын жазды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің Алматыдағы мүліктері

Совет одағы тұсында билікке араласып, Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткенімен, мемлекеттік аппаратқа ықпалын сақтап қалған еді. Биыл қаңтарда соңы ойран пен қантөгіске ұласқан үкіметке қарсы жаппай наразылықтан кейін (ресми дерек бойынша, 227 адам қаза тапқан) Назарбаев қауіпсіздік кеңесі мен өзі құрған "Нұр Отан" саяси партиясы төрағалығын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған.

Наразылар Назарбаев мұрасына – жемқорлық, тамыр-таныстық пен әлеуметтік теңсіздікке қарсы шыққан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халқын тонаған клептократтар". Ағылшын парламентінде Қазақстанды талқылап, 28 адамды атады
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың өз кланы бар ма? Назарбаевқа қандай кепілдік берілді? Саясаттанушымен сұхбат

Қаңтарда ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) Назарбаевқа қарасты төрт қайырымдылық қорының активі 7,8 миллиард доллардан асатынын, олардың бұл қаржыны қонақ үй, банк, қымбат ұшақ пен макарон өнімдерін шығаратын фабрикаға салғанын анықтаған. Қарақан басы мен туыстарын қылмыстық қудалаудан қорғайтын "елбасы" статусына ие Назарбаев бұл зерттеуге байланысты ешқандай пікір білдірген жоқ. Бұрынғы президенттің туыстары да шетелдегі активтері туралы материалдарға жауап бермейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев өзі құрған қайырымдылық қорлар арқылы қалай байыды?

Тимур Құлыбаев пен оның әйелі Динара Құлыбаева – Қазақстандағы ең бай отбасы саналады, олардың аты-жөні Forbes журналы жасаған әлемдегі ең дәулетті адамдар тізіміне кіреді. Құлыбаев – қаңтар оқиғасы басталған кезде ықпалды қызметінен кеткен бұрынғы президенттің отбасы мүшелерінің бірі. 17 қаңтарда миллиардер "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы қызметінен кететінін мәлімдеген.

Тимур Құлыбаев – елдің мұнай-газ секторындағы негізгі тұлғалардың бірі. Ол KAZENERGY мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымдары қауымдастығын басқарады. Одан бөлек, ресейлік "Газпром" компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі, ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы, Қазақстан бокс федерациясының басшысы деген лауазымдары бар. Қазақстандағы қаңтар дүрбелеңінен кейін ресейлік "Газпром" компаниясы директорлар кеңесінде Құлыбаевтың орнын Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер басуы мүмкін деген хабар тараған.

Зерттеушілер мен бақылаушылар Қазақстанда 30 жыл бойы салтанат құрған автократиялы жүйе Назарбаевтың туыстары мен оның айналасындағы адамдарды шылқи байытып, мұнай, металл, көмір мен басқа да шикізат түрлерін өндіретін мемлекеттің халқын кедейлендіре түскенін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың "тоқалы", қызының "күйеуі" және етене жақын түрік бизнесмені. Азаттық зерттеулері