«Украина дағдарысы ТМД-ның шарасыздығын ашты»

Наталья Герман, Молдованың сыртқы істер министрі. Кишинев, 18 сәуір 2014 жыл

Азаттыққа көлемді сұхбат берген Молдаваның сыртқы істер министрі Наталья Герман Украинадағы дағдарыс, Молдованың ЕО-ға қосылуы, орыс тілді БАҚ рөлі туралы пікірімен бөлісті.
Азаттық: - Ресей президенті Владимир Путиннің сәуірдің 17-сінде халық сауалына жауап беріп, Приднестровье туралы сұраққа: «Бұл демократияның көрінісі, Приднестровье халқы өздерінің қалауы бойынша таңдау жасады» деген жауабы туралы не айтасыз? Бұндай пікір Ресейдің «5+2» процесіндегі мәртебесіне ықпал ете ме?

Наталья Герман: - Біз осыған ұқсас жағдайды еске алып, Тираспольдегі жоғарғы кеңестің Ресей Федерациясына 2006 жылғы референдум нәтижесін қайта қарауды ұсынғанын айтқымыз келеді. Онда Ресейге елдің еркін қосылуы туралы айтылған болатын.

Бірнеше күн бұрын жасалған осы үндеуге ресейлік биліктің нақты қалай жауап беретінін естігіміз келеді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Ресей Федерациясы Молдова Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейді, Приднестровье шиеленісін «5+2» форматы аясында қарастырады» деп айтты. Осы нақты жағдайға байланысты қандай ресми реакция туатынын көрсек дейміз.

Владимир Путиннің тікелей эфирдегі сұхбатын көрсетіп жатқан телемониторлар. Мәскеу, 17 сәуір 2014 жыл



Сәуірдің 17-сі күні Ресей президенті Владимир Путиннің Приднестровье шиеленісін реттеу мен халықтың қалауы туралы айтқан сөзін ескеріп отырмыз. Оны «5+2» форматында талқыламақпыз. Өкінішке қарай, «5+2» соңғы рет Приднестровье тарабының өтінішімен кейінге шегерілді. Енді биылғы мамыр айында өткізбекпіз. Ресей жағы осы мәселені күн тәртібіне енгізгелі отырғандықтан, біз пікірталасқа қатысуға дайындалып барамыз.

Азаттық: - Молдова Украинаның ұстанымына қалай қарайды? Олар ресейлік баспасөздің Украинадағы әрекетіне қатысты дәлелдерін қабылдай ма? Молдова сондай шаралар үшін алаңдамай ма?

Герман: - 2013 жылдың жазынан бастап Молдова Республикасында орыс тілді басылымдардың ерекше белсенділік танытып, Молдованың да Мәскеу басқаратын Кеден Одағына кіруін қолдайтынын байқадық. Ал біз Еуропа Одағына кіруді ішкі және сыртқы саясат үшін ең басты жетістік деп санаймыз.
Кенеттен біз үлкен ақпарат кампаниясының астында қалдық. Ресурстарды бағалап көрдік, сонда біздің үкімет атынан істеген жұмысымыз (Еуропамен бірігуді түсіндіру мен оған өту кезеңдері және оның пайдасы) ресейлік тараптан келген үндеуге қарсы тұра алмайды екен. Бұл мәселеге қатты алаңдап, оянғандай болдық.

Тираспольдегі екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арнап қойылған ескерткіш. 17 сәуір 2014 жыл



Азаттық: - Осы жақтың парламенті ресейлік БАҚ-ты осында отырып бақыласа деген бастама бар деп естідім. Соны нақтылап айта кетесіз бе?

Герман: - Екі күн бұрын Молдовадағы парламент мүшелері елдегі орыс тілді баспасөзді бақылауға алайық деген ұсыныс жасады. Кеше ұлттық аудио визуалды кеңес парламенттің бастамасын құптап, орыс тілді бағдарламаларды қатаң қадағалауды мақұлдады. Өздері де қарап отырмайтын болды. Осының бәрі дұрыс деп ойлаймын, сонда ешкім БАҚ-қа қатысты шектеу мен тыйымнан сытылып кете алмайды. Оны тәуелсіз сарапшылар жүргізіп, келесі әрекеттеріне түсінік беріп отыруға тиіс.

Азаттық: - ТМД Украинадағы оқиғалар кезінде қалай әрекет етті? Ол осындай жағдайларға үн қоса алатын халықаралық ұйым ба? ТМД мүшесі болғаннан Молдова не пайда тапты? Үкіметте ТМД құрамынан шығуға қатысты пікірталастар жоқ па?

Герман: - Өкінішке қарай, ТМД ұйым ретінде жағдайды талқылау үшін сыртқы істер министрлерінің кезектен тыс жиынын шақыра алмады. Тек Молдова Республикасы ғана украиналық тараптың кезектен тыс отырыс туралы талабын қолдады. Басқа ТМД мүшелерінің ешбірі Украинаның ұсынысына қосылмады. Менің ойымша, бұл қынжыларлық жайт. Ұйымның екі мүшесінің арасында ашық қақтығыс туындаған төтенше жағдайда ұйым барлық мүшелерінің мәселені ашық талқылауына жағдай жасауға тиіс еді. Ол мүмкін болмады.

ТМД елдерінің сыртқы істер министрлері бас қосқан жиын. Мәскеу, 4 сәуір 2014 жыл



Біз ТМД елдерінің барлық шешімдер топтамасына қатыспаймыз, тек екеуіне ғана мүшеміз. Біріншіден, ол экономикалық және сауда саласындағы шешім кластері. Біз ТМД еркін сауда аймағына қатысамыз. Екіншісі, гуманитарлық одақтастық. Адамдар арасындағы ынтымақтастық, миграция және басқа да гуманитарлық саладағы айырбастар. Біз ешқашан саяси, әскери немесе қауіпсіздік туралы шешімдер блогына қатысқан емеспіз, оны Молдова әркез ұлттық мүмкіндігіне қарап шешеді. Оның үстіне біз өзімізді Еуропа Одағының саясатымен тығыз байланыстырамыз.

ТМД мен Молдова Республикасында болған жағдайды терең талдап, бағалау керек деп ойлаймын. Солайша ұйымға біз қандай үлес қоса аламыз және біздің қажеттілігімізге ұйым қалай жауап бере алады, соны байқаймыз. Ұйым аясындағы келісім-шарттар жұмыс істеп жатыр ма? Сол келісім-шарттардың нәтижесі қандай болды? Ең бастысы, біздің сауда бойынша сарапшыларымыз ТМД еркін сауда аймағының Молдованың дамуы мен өсуі үшін берер пайдасын саралауы керек. Қалай болғанда да, Украинадағы дағдарыс осындай талдау жасау керектігін көрсетті. Осы жылдың ішінде Молдовада сондай талдау жасалады деп сенемін.

Роберт Коалсонның сұхбатын аударған - Динара Мәзен.