Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойы қарсаңында, шілденің 1-і күні бірқатар қазақстандық телеарналар «Назарбаевпен басты мәселелер хақында» («С Назарбаевым о главном») атты орыс тілінде түсірілген фильм көрсетті. Шамамен бір сағатқа созылатын фильм деректемелік хроникадан алынған көріністер негізінде, президент телерадиокешені жетекшісі Ерлан Бекхожиннің сауалына президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жауап беруі түрінде құрастырылған.
Ерлан Бекхожиннің айтуынша, фильмде қозғалған барлық мәселелерге қатысты Нұрсұлтан Назарбаев 1990-шы жылдардың басында өз пікірін білдірген. Сондықтан да болар, президент Назарбаев көбіне бұрыннан белгілі пікірлерін қайталады. Алайда Азаттық сауалына жауап берген сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың аузынан жақында мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлау нәтижесіне қатысты жаңа дерек естігендерін айтты. Ресми дерек бойынша, ол сайлаушылардың 97,7 пайыз дауысын жинаған.
«ҰЛТ ҚАЛЫПТАСТЫ»
Фильмде Қазақстан президенті қазақстандық қауым үшін барынша өткір тақырып – біртұтас ұлт қалыптастыру тақырыбын қозғап өтті. Назарбаев жұдырығын түйіп ұлттың тұтастығын бейнелеп:
- Соңғы сайлау кезіндегі ынтымақтастық, ол үшін халқымызға үлкен алғыс айтамын, арасында АҚШ та бар - ешкім ешқандай тәртіп бұзушылық таппады, ең алғаш рет адамдар кезекке тұрған болар… Бұл сайлауда, - егер біреу түсінсе, біздің саясаттанушылар аңғарса, - алғаш рет мен бізде ұлт қалыптасқанын түсіндім: қандай дінге немесе ұлтқа жататынына қарамастан адамдар бір кісідей ұмтылып, бір адамға дауыс берді, ұлт қалыптасты, - деді. Бірақ ол қазақ ұлты ма, әлде қазақстандық ұлт па – қандай ұлтты меңзеп отырғанын нақты айтпады.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Азаттық тілшісімен болған әңгімеде «сөз қазақ емес, қазақстандық ұлт жайында айтылған болар» дейді.
- Бұл барынша эмоционалды пікір, ол оны сондай көтеріңкі үнмен айтты. Демек, ол Қазақстан ұлтының дамуындағы әлдебір кезеңді атап өтті. Ұлттар – мемлекет қалыптастырушы субъект ретінде өз ішінде әртүрлі этникалық топтардан құралады. Өткен сайлауда байқалған осындай бірлік оған ұлттық мемлекетті жасап отырған ұлттың қалыптасуындағы белгілі бір кезеңнен өттік деп айтуға мүмкіндік береді, - деген саясаттанушы «осындай бүкілхалықтық қолдау президент Назарбаевқа карт-бланш беріп, жоспарлаған реформаларды жүргізуіне жол ашқанын» айтты.
«КҮШТІ ПРЕЗИДЕНТТІК БИЛІК»
Нұрсұлтан Назарбаев бұл фильмде «Украина мен Грузия сияқты парламенттік республикалар саяси тұрақтылығымен ерекшеленбейді» деген тәрізді бұрын айтылған пікірін тағы қайталап:
- Қазақстанда Украина немесе Грузия, Молдавиядағыдай жағдайлардың болғанын қалайтындар бар ма? Кім оны қалайды? Мәселе мынада, олар - парламенттік республикалар. Мен үнемі айтамын, оны біреу қалайды, біреу қаламайды, естімейді: біз америкалық әдіске келеміз, бірақ оған уақыт қажет, - деді.
Кейде сынға ұшырап жататын Қазақстандағы күшті президенттік билік Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, «ешкімге қысым жасамайды». Назарбаев Бекхожинге берген сұхбатында:
- Бұл бір сәтте шешілетін мәселе емес. Мен жұрттың не айтатынын білемін, - «бізде күшті президенттік билік, вертикальді билік» деседі. Бірақ біздің күшті президенттік билік ешкімге, халыққа қысым жасамайды ғой. Ол мемлекеттік аппарат халыққа қызмет етуі үшін, бағдарламаларымыз жүзеге асуы үшін, реформалар орындалуы үшін жұмыс істейді, сол үшін жоғарыдан төмен және төменнен жоғары тәртіп орнатылған, - деді.
Азаттыққа «Ар.Руқ.Хақ» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина «Назарбаевтың «парламенттік билік үлгісі постсоветтік елдердегі тұрақсыздыққа әкелді» деген тұжырымы күтпеген пікір болды» деді.
- Бес институционалдық реформа жарияланды, олардың мақсаты өкілеттікті парламент пен үкіметке беру деген еді, енді осындай пікірін естіп, таңғалып отырмын. Ең басты мәселе ретінде сыбайлас жемқорлықты атады, мен «советтік мемлекеттік аппараттан» шыққан күшті президенттік билік оны жеңе алмады деп санаймын, керісінше күшті парламент пен тәуелсіз сот жүйесі коррупциямен күресте біраз табысқа жететін еді, - дейді Бақытжан Төреғожина.
РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ ІСІ ЖӘНЕ «ТИІСУГЕ БОЛМАЙТЫН ЖАНДАР»
Бұл фильмді көрсетуге бірнеше күн қалғанда Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Instagram парақшасына фильм анонсын жариялады. Билікке тәуелді БАҚ Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевті (осы жылдың ақпанында Австрия түрмесінде өлі табылған) немерелері мен олардың анасының (Дариға Назарбаеваның) көз жасы мен өтінішіне қарамастан «отырғызғаны» жайлы тұсын ерекше ынтамен жеткізді. Фильм кезінде Назарбаев бұл жайында:
- Олар анасымен бірге көз жастарын төгіп келмеді деп ойлайсыңдар ма? Келді. Мен уайымдамады дейсіңдер ме? Әрине, уайымдадым. Бірақ оның шектен шыққанын, асып кеткенін көргенде ештеңеге қарамадым. Туысқандар жиналып, бәрі үгіттеді: «Сенің қолыңда тұр ғой, бұл істі жаба сал» деді. Мен барлық туыстарым, балаларым мен достарыма ескертемін, айрықша құқыққа ешкім ие бола алмайды, - деді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мәлімдемесіне Швейцариядағы журналист және оппозициялық қайраткер, Қазақстаннан 10 жыл бұрын шетелге кеткен Лира Байсейітова пікір айтты.
- Рахат Әлиев Қазақстандағы ең жоғарғы лауазымнан үміті бар екенін ашық мәлімдеді, солайша өз үкімін өзі шығарды. Назарбаев елді жеке билеп-төстеуді қолынан шығарып алудан қатты қорқады. Рахат Әлиевтің орнында оның (Назарбаевтың-ред.) туған қызы Дариға немесе немерелерінің бірі болған күнде де Назарбаев, әрине, «уайымдай отырып», олардың кез келгенін түрмеге қамайтын еді. Адамның сұмдық қасіреті… Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы күйеубаласының сазайын тарттырып қана қоймай, өз немерелерін де моральдық тұрғыда жаншып тастады ғой, - деп жазды Азаттыққа Лира Байсейітова.
Германияда саяси эмиграцияда жүрген театр режиссері Болат Атабаев Азаттыққа жазған пікірінде Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильмдердің бәрі, оның ішінде осы жолғы фильм де президенттің көңілінен шығу үшін түсірілген дейді. Режиссердің пікірінше, фильмдегі сұхбатында ол өзін диктатор ретінде көрсеткен.
«Байқадыңыздар ма, ол Әлиевті түрмеге қамады, яғни, австриялық юстиция оның тілегін орындайды. Соған масаттанып отыр» дейді Атабаев.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «партиялар адамдарға өз бағдарламасын дәлелдесін, күрессін, парламенттен орын алып, өз адамдарын ұсынсын» деген сөзін Болат Атабаев «арсыздық» деп бағалайды.
«САЯСИ ТОҚЫРАУ»
Алматылық саясаттанушы Эдуард Полетаев Азаттыққа Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы 75 жылдық мерейтойы мен ол жайында түсірілген фильм оның билігінің қорытындысын шығаруға ақпараттық себеп болды дейді. Полетаев Назарбаевтың «саяси партиялар бәсекеге қабілетті болуға тиіс» деген пікіріне қарсы емес. Бірақ саясаттанушы «төменгі жақта» саяси тоқыраудың орнағанына биліктің жауапкершілігі бар екенін айтады.
– Қарама-қарсы дилемма байқалады, - дейді саясаттанушы Полетаев. Жоғарыда билікте саяси жаңарулар қажеттігі айтылады, ал төменде, бұқара халық немесе саяси күштер арасында соған сай әрекет байқалмайды. Полетаевтың пікірінше, бұқараның әрекеті түсініксіз, бұлыңғыр мәлімдемелермен шектеледі, бірақ олар билік орнатқан шектен шықпайды.
Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдан бері Қазақстан президенті қызметін атқарып келеді. 2015 жылы сәуірде мерзімінен бұрын өткен сайлауда ол қайтадан кезекті мерзімге сайланды. Қазақстан конституциясында бір адам екі реттен артық президент бола алмайды деп жазылған. Бірақ бұл шектеудің бірінші президентке қатысы жоқ.