Шығыстағы үш саммит

Барак Обама мен Си Цзиньпин. Санкт-Петербург, G-20 саммиті, 6 қыркүйек 2013 жыл.

Барак Обама Қытай, Мьянма және Австралиядағы үш бірдей саммитке қатысу арқылы Вашингтонның Азияға бет бұрғанын аңғартты.

Апта бойы әлемнің ақпарат құралдарының назары Азия мен Тынық мұхит аймағына ауады. Қарашаның 10-11-і күндері - Пекинде Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтыстығы ұйымы елдерінің маңызды жиыны; қарашаның 12-сі күні - Мьянмада АҚШ пен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) екікүндік саммиті; қарашаның 15-16-сы күндері Австралияның Брисбен қаласында G-20 басшылары басқосуы болады.

«АБЫРОЙ ЖИЮ» МЕН «ТӨБЕ КӨРСЕТУ»

Экономикаға қатысты халықаралық ірі жиындардың бірде-бірі экономика жағынан әлемдегі ең алып держава – АҚШ президентінің қатысуынсыз өтіп көрген емес. Ішкі саяси «майданда» өте ауыр сыннан өткен Обама іле-шала сыртқы саясатта да аса қиын кездесулер өткізуге мәжбүр. Осы аптада ол Қытай басшысы Си Цзиньпинмен және Ресей президенті Владимир Путинмен жүздеседі. АҚШ басшысының бұл аптадағы қалған сапарлары тек «төбе көрсетіп қайту» сипатында болмақ.

Президенттік қызметке кіріскелі Барак Обама «АҚШ-тың сыртқы саясаттағы бағыты өзгерді, енді біз Еуропа мен Таяу Шығыстан Азия-Тынық мұхит аймағына қарай ойысамыз» деп келеді. Вашингтонның жаңа доктринасына сәйкес 21-ғасырдың ең маңызды экономикалық және әскери-саяси оқиғалары осы аймақта болады.

АҚШ президентінің аймақтағы үш бірдей маңызды басқосуға (Қытай, Мьянма, Австралия – ред.) қатысуы Вашингтонның Азияға бет бұрғанын көрсетеді. Мұның үстіне бұл сапар жақында ғана өткен Конгресс сайлауында Демократиялық партияның жеңілісінен соң Обаманың төмендеген беделін қайта көтеру мақсатын да көздейді.

Президент рейтингі құлдырағандықтан ба, әлде осы сапарда журналистерге кететінін шығынның көптігінен бе - әдетте АҚШ президентімен бірге жүретін журналистер саны бұрынғыдан әлдеқайда аз. Бұл сапарға Обамамен бірге аттанса, әр тілшіге кететін шығын 60 мың долларға жуықтайды.

​Сапар барысында Обама экономика және саясат мәселелерін талқыламақ. Сарапшылардың айтуынша, бұл жолы экономикалық проблемаларға баса назар аударылады. Үш форумның күн тәртібі мемлекеттік аппараттың да болашақтағы жұмыс бағдарына айналатын түрі бар. Мәселен, American Enterprise институтының сарапшысы Дерек Сизорстің айтуынша, «Обаманың АТЭС-тің (Азия – Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы саммиті) жұмысына қатысуы оның Қытайға мемлекеттік сапарымен тығыз байланысты».

– Қытай басшысы Си Цзиньпин Обамамен инвестицияларды қорғау туралы келісімді талқыламақ. Бір қызығы, АҚШ заңдары мұндай келісімсіз-ақ Америкадағы Қытай инвестицияларын жан-жақты қорғайды. АҚШ экономикасына Қытай инвестицияларын әкелуге онсыз да кеңінен жол ашылған. Ал Қытайда жұмыс істейтін америкалық компаниялардың ахуалы қиындау, олар көп қағажу көріп, арбитраж сотындағы даулы істерде ұтылып қалып жатады. АҚШ Конгресі мүшелерінің пікірінше, Қытайдағы бұл ахуалды ешқандай келісім өзгерте алмайды. Сондықтан, президент мұндай келісімге қол қойған күннің өзінде Конгресс оны бекітпейді. Соған қарамастан, Қытай екіжақты құжатты қабылдатуға барынша күш салып жатыр. Қытай үкіметі АҚШ сияқты америкалық инвесторларға жеңілдіктер мен қамқолық жасай алмайды. Теңдік болмаған жерде мұның бәрі бос әрекетке айналады. Меніңше, Обама саммит қожайынынан Қытайдың АҚШ-қа қарсы экономикалық тыңшылығын тоқтатуды сұрайды. Экономика тақырыбынан осы екі мәселе маңызды болмақ, - дейді сарапшы.

Барак Обама мен Си Цзиньпин.

АҚШ пен Қытай атмосфераға бөлінетін өндірістік зиянды газ көлемін қысқарту мәселелерін де талқылауды жоспарлап отыр. Алайда Дерек Сизорстің айтуынша, АҚШ-тың қазіргі Сенаты мұндай келісімге ешқашан қол қоймайды.

АҚШ ПЕН ЖАПОНИЯ ДАУЫ

BRICS тобына кіретін елдер (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және ОАР – ред.) жақында BRICS банкін және Инфрақұрылымдық инвестициялар қорын құрып, Батысты алаңдатып тастады. Себебі бұл екеуі де АҚШ пен Батыс елдерінің экономикалық институттарына қарсы құрылды. Дерек Сизорстың айтуынша, экономикалық ықпалдың балама орталығы пайда болды дегенді білдірген бұл оқиғаның ақпараттық әсері де ерекше болған. Бірақ бұл жаңа ұйымдардың нақты экономикалық қауқары аз, себебі олар шындап келгенде Қытайдың сыртқы экономикалық саясатының кішкене тетіктері ғана, яғни Батыстың ықпалын кеміте алмайды.

Бірақ соған қарамастан, Вашингтон ол ақпараттан тіксініп қалды. Обама Си Цзиньпинмен BRICS банкінің инвестициялық саясатын талқылауды жоспарлап отыр.

– АТЭС саммитіне аса қатты мән бермес едім. Бұл – жарнамадан арыға бармайтын, фотоға түсу, банкетте кездесу, қол алысу сияқты рәсімдерден тұратын қатардағы жиын ғана. Бұл саммитте маңызды ештеңе болмайды. Егер АТЭС-тің осы басқосуында АҚШ пен Жапония өз араларындағы саудаға қатысты даулардың бір парасын шеше алса, ол Тынық мұхиты аймағындағы әріптестік жөніндегі келіссөздерге серпін берер еді. Бұл жердегі маңызды түйткіл осы ғана. Себебі ондай қадам әлемдегі жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын шығаратын 12 елдің экономикасына әсер ететін еді. Бұл келіссөздерде Вашингтон өзінің ауылшаруашылығы өнімдерін Жапонияға экспорттауға қойылған шекті алып тастауға күш салса, Токио өз автокөліктерін АҚШ-та сатуға қойылған кедергілер жайын сөз етпек.

Барак Обама мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ. 2014 жылдың наурызы.

Дерек Сизорстың айтуынша, жапондар Обаманың Тынық мұхиты аймағында тығыз әріптестік орнату ниетіне сенеді. Дегенмен олар оның бұл істі соңына жеткізетініне күмәнмен қарайды, себебі тіпті Обаманың өз партиясы арасында (Демократиялық партия) еркін сауданы құптамайтын ықпалды топтар баршылық. Бір қызығы, сыртқы сауда келісімдерін бекітетін Сенаттағы орындардың көбін Республикалық партияның алуы Обаманың Жапониямен сауданы арттырудағы жұмысын біраз жеңілдетеді. Себебі, дәл осы партия еркін сауданы көбірек қолдайды.

«ТҮК ШЕШПЕЙТІН G-20»

– Мьянмада өтетін АСЕАН саммитінен де ерекше жаңалық күтпеймін. Үндістан, Жапония, АҚШ және Австралия АСЕАН ұйымымен келісімдер жасасқан. Дегенмен іс жүзінде олар аймақ елдерімен арадағы екіжақты келісімдерді ратификациялаудан ары аспай отыр. Егер жоғарыда айтқан Тынық мұхитындағы әріптестік дамитын болса, онда АСЕАН блогының болашағы не болады? Себебі, оның кейбір мүшелері Тынық мұхиты әріптестігінің құрамына кіреді. Ондай жағдайда АСЕАН ұйымы тарап кетуі де мүмкін, себебі мұнда бір-біріне кереғар тенденциялар жүріп жатыр. Мәселен, Вьетнам экономиканы либералдандыру жолына түссе, Лаос, Индонезия сияқты елдер керісінше ашық экономикалық саясат жүргізуден тартынып отыр, – дейді Сизорс.

Дағдарыстың ауылы алыс кезде, яғни қазіргідей қалыпты жағдайда G-20 саммиті жай символдық ұйым болып қала береді.

- Дағдарыстың ауылы алыс кезде, яғни қазіргідей қалыпты жағдайда G-20 саммиті жай символдық ұйым болып қала береді. Осы сапар барысында Обама Австралияның Брисбен қаласында соңғы аялдамасын жасап, G-20 саммитіне қатысады. Бұл форумды тіпті түкке керегі жоқ жиын дер едім. Форумның «жұлдызды сәті» әлемдік дағдарыс алқымнан алған 2008-2009 жылдары болған, сонда жұрт олардан әлемнің банк жүйесін аман алып шығатындай жүйелі жұмыс күткен. Бұл істі БҰҰ-ға тапсыра алмайсыз ғой! Үндістан мүше болған, әрі шешімдері консенсус арқылы қабылданатын кез келген халықаралық сауда ұйымының жұмысы тұралайтыны анық. Себебі Дели мұндай ұйымдарда өз фермерлерін субсидиялау талабын қойып, қасарысып отырып алады, – дейді American Enterprise Институтының сарапшысы Дерек Сизорс.

«ҚЫТАЙДЫҢ ЕКПІНІН ТЕЖЕУ»

Үш саммитте қандай саяси мәселелер қозғалуы мүмкін? Бұл жөнінде Heritage қорының қызметкері Уолтер Ломан былай деді:

– Обама айтып жүрген «Азияға бетбұрыс» деген сөз – экономикалық және әскери тұрғыдан алып державаға айналып келе жатқан Қытайдың екпінін тежеуді көздейтін сыпайы дипломатиялық термин. Қытай саудада да, жер мәселесінде де аса белсенді әрекет етіп жатыр. Қытайдың экспансионизмін тежемей, Азияның, соның ішінде Тынық мұхиты аймағының экономикалық тұрғыдан гүлдене қоюы неғайбіл. Сондықтан, АҚШ Вьетнаммен, Австралиямен, Сингапур және Филиппинмен, Үндістанмен әскери әріптестікті нығайтып жатыр. Қытайды «бізді құрсаулап жатыр» деп үрейлендіріп алмау үшін Вашингтон әзірге сақ қимылдайды. Қытайды ешкім тұйыққа тірегісі келмейді, мақсат – тек оның аптығын басу. Мұнда экономикалық келісімдер әскери-саяси келісімдерге қосымша рөлін атқарады. Обама мен Си Цзиньпин тактикалық мәселелерді шеше ала ма – маған осы жағы қызық болып тұр. Олар Шығыс Қытай және Оңтүстік Қытай теңіздерінде екі елдің әскери ұшақтары мен кемелерінің кішігірім қақтығыстарын болдырмауға уағдаласа ала ма? Мәселен, АҚШ пен СССР арасындағы осындай келісімдер тіпті қырғиқабақ соғыс кезінде де жұмыс істеп тұрған. Бірақ Пекинде қандай да бірлескен мәлімдеме жариялана қоймас, - дейді Уолтер Ломан.

«МЬЯНМА – ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ ҚҰРАЛ»

Барак Обама Мьянмаға 2012 жылы қарашада келген еді.

Мьянмаға келсек, онда әскери келіссөздер болмайды, тек саяси, гуманитарлық мәселелер, соның ішінде адам құқықтары, қуғындалып жатқан мұсылман топтары мәселесі талқыланады. Мұнда елді демократияландыру мәселесі де ортаға салынады. Вашингтон Мьянманы демократияландыру мәселесін Қытайға идеологиялық қысым жасау үшін пайдаланады. Себебі Қытайға демократиялық елден гөрі еркіндік жоқ елді билеп-төстеу әлдеқайда оңай. Обама соңғы екі жылда Мьянмаға осымен екінші рет бара жатыр. 2012 жылдағыдай ол бұл жолы да президент Тейн Сейнмен және еркін, әділ сайлауда жеңіске жеткен оппозиция көсемі Аун Сан Су Чжимен кездеспек.

- Сапар соңында, Брисбенде, G-20 басқосуында Обама Путинмен кездеседі. Меніңше, жалпы кездесуден гөрі оңаша отырыстардың маңызы зор. Путиннің Батыс елдері басшыларымен басқа кездесулері сияқты бұл жүздесу де оңай болмайтын түрі бар. Дегенмен ешкім әлі шектен шыға қойған жоқ, Ресеймен арадағы дипломатиялық қатынас үзілген емес. Бұл, айталық, Барак Обама мен Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің кездесуінен де күрделі кездесу, – дейді Heritage қорының сарапшысы Уолтер Ломан.

(Евгений Ароновтың мақаласын орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей)