Қазақтар Варшавада әлемге үндеу жолдап қайтты

ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы конференциясына қатысушы қазақстандық белсенділер солдан оңға: Ғалым Ағелеуов, Екатерина Курамшина, Асқар Айдархан және Мұхтар Үмбетов. 2 қазан 2014 жыл

ЕҚЫҰ жиыны аяқталар кезде Варшавада қазақстандық қатысушылар жергілікті құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған белсенділерді босатуға ықпал етуді сұрап халықаралық ұйымдарға арыз айтты.

Қазақстандық азаматтық белсенділер мен саяси тұтқын деп танылған белсенділердің туыстары қазанның 2-сі күні кешкісін Польша астанасы Варшавада дөңгелек үстел өткізіп, елдегі саяси репрессия және саяси тұтқындардың жағдайы туралы хабарлады. Олар ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқығы бюросының екі аптаға созылған адами өлшем жөніндегі дәстүрлі жиыны жабылар кезде сөз сөйледі. Қазақстан билігі "ешкім саяси көзқарасы үшін сотталмағандықтан елде саяси тұтқындар жоқ" деп санайды.

«ҚАЗАҚСТАН ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ ДӘРМЕНСІЗДІГІ»

Шаңырақ ауылында болған оқиғаларға қатысы бар деген айыппен 18 жылға сотталған ақын, әрі диссидент Арон Атабектің баласы Асқар Айдарханның айтуынша, жиын Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандарды еске алуға арналған бір минут үнсіздіктен басталған. Бірақ жиында 2011 жылдың желтоқсанында полиция оқ атқан мұнайшылар ереуілі жетекшілері мен қатысушыларының тағдыры ғана сөз болмаған.

Асқар Айдархан Азаттық тілшісіне «денсаулығы мүлде нашарлап кеткен әкемді ұрып-соғу, азаптау фактілерін келтірдім және оның науқас екенін білсе де, түрме басшылығы Арон Атабекті карцерден шығармай отырғанын айттым» дейді.

Арон Атабек, Шаңырақтағы тәртіпсіздік үшін сотталған диссидент, ақын

- Біз халықаралық әлеуметтен Қазақстан билігінің сегіз жыл өткен Шаңырақ оқиғасына қатысты әрекеттерін өзгертуге ықпал етуін сұрадық. Олар бұл істің тапсырыспен әдейі ұйымдастырылғанын, жазықсыз жандардың жазаға тартылғанын жақсы біледі. Елдің ішкі институттары, құқық қорғау ұйымдарының бәрі Қазақстандағы саяси тұтқындарға жәрдем көрсетуге дәрменсіздігін көрсетті. Кейбір тұлғалар көмектескісі келсе де бұл іске араласудан қорқады, - дейді Асқар Айдархан.

Дөңгелек үстелде құқық қорғаушылар мен белсенділер тыйым салынған «Алға» партиясының жетекшісі, "Жаңаөзенде әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен жеті жарым жылға сотталған Владимир Козлов туралы да айтты.

АРНАЙЫ ХАТТАР ЖЕТКЕН БЕ?

Бұдан ертеректе ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы жиынында саяси тұтқын деп танылған белсендінің әйелі Екатерина Курамшина да сөз сөйлеген. Қыркүйек айында Курамшин он күннен аса аштық жариялаған. Әйелінің айтуынша, Курамшин аштықты түрмедегі қорлау-кемсіту әрекеттері мен бас прокуратура мен адам құқығы жөніндегі уәкіл (омбудсмен) Асқар Шәкіровтің үнсіздігіне қарсы наразылық шарасы ретінде өткізген.

Адам құқығы жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі Азаттыққа бұл ақпараттың жалған екенін, ал омбудсменнің атына Вадим Курамшиннің өзінен де, оның туыстарынан да ешқандай өтініш-шағым түспегенін мәлімдеді.

Вадим Курамшин, қамаудағы құқық қорғаушы

Қазанның 3-і күні Азаттық редакциясына жолданған хатта: «Оның жағдайын адам құқығы уәкілі үнемі өз бақылауында ұстап отыр. Бұл мәселе бойынша БАҚ және өзге де ақпарат көздерінен түскен деректерді тексеру шаралары жүргізіледі. Бірақ «Азаматтық және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заң талаптарына сәйкес мұндай ақпараттар өтініш-шағым ретінде қаралмайды» деп жазылған.

Ал Курамшиннің анасы Ольга Колтунова Қазақстан омбудсмен кеңсесінің «Курамшин мен оның өкілдерінің шағымдары түскен жоқ» деген сөздерін терістейді. Ольга Колтунова Азаттық тілшісіне «Адам құқығы уәкілінің кеңсесі, прокуратура және өзге де мемлекеттік инстанцияларға әйелі Екатерина Курамшина жолдаған арнайы хаттардың түбіртектері қолымызда сақтаулы» екенін айтады.

САЯСИ ТҰТҚЫН ДЕГЕН КІМ?

Халықаралық құжаттарға сүйенген қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, қазір елде бес саяси тұтқын түрмеде отыр және «мәжбүрлі түрде емделіп» жатыр. Әдетте "саяси тұтқын" деп саяси қызметіне, атап айтқанда оппозициялық жұмысына немесе ел билігін сынауына байланысты сотталған тұлғаны айтады.

ҚОСЫМША ОҚЫҢЫЗ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ТҰТҚЫНДАР КІМДЕР?

Қазақстандық режиссер әрі саяси эмигрант Болат Атабаев ЕҚЫҰ-ның Варшава жиынында «Жаңаөзеннің ереуілге шыққан мұнайшыларын қуып таратып, қанды қырғынға ұшыратты, ал саясаткер әрі оппозициялық партия жетекшісі ретінде өз парызын орындағаны үшін Владимир Козлов түрмеге қамалды. Қазір түрмеде отырған мұнай өндіру кәсіпорны жұмысшысы Роза Төлетаеваны «қылмысын» мойындату үшін азаптаған. Құқық қорғаушы Вадим Курамшин де түрмеде отыр, ал адвокат Зинаида Мухортованы психиатриялық клиникаға тағы жапты. Профессор-ғалым Саят Ыбыраев сопылық көзқарастары үшін 12 жылға сотталды» деп мәлімдеді.

Айгүл Соловьева, парламент мәжілісінің депутаты

Ел билігі мұндай тұжырыммен келіспейді. Астана әдетте «саяси көзқарасы үшін ешкім сотталмағандықтан, Қазақстанда саяси тұтқындар проблемасы да жоқ» деген уәж айтады.

Парламент депутаты Айгүл Соловьева сотталған азаматтық белсенділердің проблемаларымен жиі айналысады. Ол қылмыстық баптар бойынша сотталып, түрмеде отырған азаматтық белсенділерді "саяси тұтқын" деп атау қиын деп есептейді. Азаттықпен сұхбатында Айгүл Соловьева тұтқындардың туыстарынан ара-тұра шағым түсетінін айтады.

- Кейбір тұтқындарға зорлық-зомбылық көрсетілетін жайттарға қатысты проблема барын білемін, бірақ оны азаптау немесе немесе саяси тұтқындардың құқығы бұзылды дей алмаймын. Оларды белгілі бір қылмыстық бап бойынша соттады ғой, сондықтан ондай анықтама берудің өзі қиын. Ал бізде "саяси тұтқындар" деген бап мүлде жоқ. Мұны заң терминологиясына сүйеніп айтып отырмын, - дейді Айгүл Соловьева.

Оның айтуынша, парламент депутаттары да, бас прокуратура да азаматтардың өтініш-арыздарын мұқият қарайды және тиісті тексеру жүргізеді. Айгүл Соловьеваның сөзінше, Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесі түрме жүйесін ізгілендіру және сотталғандар санын азайту амалдарын қарастырып келеді. Бұл шаралар парламент жаңадан қабылдаған қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару және әкімшілік кодекстерде көрініс тапқан.

Қазақстанда қатыгездік әрекеттері туралы шағымдарға қатысты дереу әрекет ету үшін түрме әкімшілігі келісімінсіз түрмеге кіріп, тексеруге мүмкіндік беретін ұлттық превентивті механизм туралы да заң қабылданған.