Қайрат Сатыбалдының Kaspi-ге қатысы және Сағынтаевтың "қымбат киімге әуес" қызы

Alatau Capital Invest компаниясының басқарушы серіктесі Қайрат Сатыбалдыұлы мен Baring Vostok халықаралық инвестициялық компаниясының тең басқарушы серіктесі Майкл Калви. Алматы, 29 ақпан 2016 жыл. Суретті kaspi bank баспасөз қызметі ұсынған.

Осы аптада басылымдар Kaspi-дің артында Қайрат Сатыбалды тұруы мүмкін деген болжам айтты және Қазақстанның банк секторы Назарбаев әулетінің төңірегіне шоғырланып жатқанын жазды. Бұған қоса шетел басылымдары Сағынтаевтың қызы қымбат киімдер дүкенінің "өте маңызды сатып алушысы" екенін де сөз етті.

KASPI-ДІҢ АРТЫНДА НАЗАРБАЕВТЫҢ НЕМЕРЕ ІНІСІ ТҰР МА?

Қазан айында қазақстандық kaspi.kz компаниясы Лондон сауда биржасына акцияларын шығарып, үлкен табысқа кенелген. Ақпарат құралдары бірер күнде бірнеше миллион акциясын сатқан компанияның негізгі акционерлері Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе "миллиардерлер қатарына кірді" деп жазған. Forbes журналы Kaspi.kz-тің "шағын стартаптан қаржылық техника саласындағы алпауытқа айналуының" артында үлкен гәп бар дейді және Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұл команиямен әлі қатысы болуы мүмкін деп болжайды.

"Kaspi-дің негізінде үш адам мен жеке инвестициялық қор арасындағы миллиардтаған доллар ақша төңірегіндегі келісім жатыр. Лондон қор биржасының, демеушілердің және қадағалаушылардың жіті бақылауына қарамастан, бұл келісім көп сұрақ тудырады" дейді Forbes авторы.

Көрнекі сурет

Үш адам деп отырғаны – Kaspi.kz-тің басты акционерлері: директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мен басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе және... "бұрынғы инвестор әрі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "саяси тұрғыда ықпалды" немере інісі Қайрат Сатыбалды" деп жазады басылым. Автордың айтуынша, ол биліктегі "Нұр Отан" партиясының "белді адамы" әрі елдегі "бизнес және саясат элитасының өкілі".

Kaspi.kz өкілінің басылымға берген дерегі бойынша, 2018 жылы Ким 390 миллион доллардай ақшасын жұмсап, Kaspi акцияларын сатып алады және сол кезде 500 миллион долларға бағаланған үлесін "белгілі бір ақшасыз сыйақыға" Ломтадзеге тапсырады. Автордың жазуынша, Kaspi өкілі Кимнің бұл акцияны сатып алу үшін жүздеген миллион долларды қайдан алғанын "түсіндірмеген".

Қайрат Сатыбалдының Kaspi-ден кетуі тек формалды болды және бұл ІРО-мен тікелей байланысты.
Досым Сәтпаев

Он жылға жетер-жетпес уақыт ішінде Kaspi Қазақстандағы онлайн төлем жүйесін "жаулап" алды дей келе басылым елдегі электрондық транзакциялардың 68 пайызы осы компания арқылы жасалатынын ескертеді.

"Қазақстан үкіметімен тығыз байланысы бар Kaspi [үкіметтің] салық пен айыппұл төлейтін бейресми онлайн банкіне айналды, ол болмағанда бұл рөл әлдебір мемлекеттік мекемеге я қызмет көрсетушіге берілген болар еді, соның арқасында ел аумағында оның қолданушысы арта берді. Ол тіпті пандемия кезінде әлеуметтік төлемді үлестіруге көмектесті" деп жазады Forbes.

Әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде компания табысы еселеп өскен.

"Kaspi-дің Қазақстандағы жетістігі көзге көрініп тұр, бірақ ондағы меншік иелерінің жұмбақ түрде ауысуы Kaspi-дің қоғамдық листингін жіті қадағалайтын Morgan Stanley, Citigroup, Renaissance Capital және Ұлыбритания қаржылық әрекеттер басқармасы мен Лондон қор биржасы тәрізді аса ықпалды институттардың тексеруінен қалай өткені түсініксіз".

Автордың айтуынша, Сатыбалды 2015 жылы Kaspi акцияларын сатып алып, Ким және Baring Vostok компанияларымен бірге негізгі үш акционердің біріне айналады. 2017 жылғы желтоқсанда акциялардың 30 пайызы Сатыбалдыға, 21 пайызы – Кимге, ал 38 пайызы Baring Vostok-қа тиесілі болған.

Сатыбалды - қазақ саяси элитасындағы сахна сыртындағы ең ықпалды ойыншылардың бірі.
Кейт Мэллинсон

Kaspi 2019 жылы IPO-ға шығуға алғаш талпыныс жасаған. Соның алдында, 2018 жылдың шілде-қыркүйек айларында Қайрат Сатыбалды Kaspi-дегі үлесін Қазақстан қор биржасында толық сатып жібереді. Дәл осы кезде Ким 39,9 миллион акцияны сатып алып, Ломтадзенің атына жазады.

Лондондағы Chatham house саяси зерттеу орталығының ғылыми қызметкері "акциялар үлесінің бір қолдан екінші қолға еш түсіндірместен тапсырылуы – нағыз қазақтарға тән корпоративтік мінез-құлық" дейді. "Қожайындардың арасында Сатыбалдының аты тұрғанда, листингке қызыққан кез келген қаржы институтына қызыл ескерту берілген болар еді. Назарбаевтың үлкен әулеті сахна сыртында [Қазақстандағы] банк секторының басым бөлігіне иелік етеді, ал Қайрат [Сатыбалды] – солардың ең ықпалдысы" дейді сарапшы Forbes-қа берген сұхбатында.

Қайрат Сатыбалды.

Мэллинсон Сатыбалдыны Қазақстандағы "саяси және экономикалық биліктің басты көзі" Назарбаевтың "сенім артатын немере інісі" әрі "қазақ саяси элитасындағы сахна сыртындағы ең ықпалды ойыншылардың бірі" деп атайды. "Басқаша айтсақ, Сатыбалды саяси жағынан айқын көрініп тұрған адам, сондықтан ол IPO алдында бақылаушы акционерлер тізімінде қала берсе, қадағалаушы ұйымдардың жіті назарына іліккен болар еді" деп жазады автор.

"Тәуекелді бағалау тобының" зерттеушісі Досым Сәтпаевтың айтуынша, "Қайрат Сатыбалдының Kaspi-ден кетуі тек формалды болды және бұл ІРО-мен тікелей байланысты, себебі оның акционерлер тізімінде болуы ІРО кезінде банктің беделіне кері әсер еткен болар еді".

"Қайрат Сатыбалды өз акцияларын өзге акционерлерге беріп (немесе сатып), ал ол акционерлер активтердің номиналды иесі ретінде оның мүдделерін ескеруге, шынайы қожайынның талап етуіне қарай ол акцияларды қайтаруға сенімді түрде уәде берген болуы мүмкін" деп болжайды Сәтпаев.

САЯСИ ЭЛИТА ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА ҚОЛДАН ҚОЛҒА ӨТКЕН БАНКТЕР

Банк тақырыбын сөз еткен авторы Паоло Сорбелло да Қазақстандағы қаржы институттарының Назарбаев пен оның айналасындағы саясат пен бизнес элитасының қолында екенін айтады және елдегі банк секторы тарылып бара жатыр деп болжайды.

"Халық банк" кеңсесі алдында кезекте тұрған жұрт. Шымкент, 4 сәуір, 2020 жыл.

Қарашаның басында Jýsan Bank қарсыласы – "АТФ банкті" сатып алуға келісті. "Jýsan Bank – үлкен қаржы мекемесі болған, 2018 жылы "құтқарылып", кейін 2019 жылдың басында іс жүзінде [Қазақстанның экс-президенті] Назарбаев тиімді басқарып отырған First Heartland компаниясына сатылған "Цесна банктің" ребрендингтен өткен түрі" деп жазады автор.

Банктің ресми сайтында "First Heartland Securities" акционерлік қоғамы -"Назарбаев университеті", "Назарбаев зияткерлік мектептері" және "Назарбаев қоры" дербес білім беру ұйымдарының тобына тиесілі қаржылық холдингтік компанияның инвестициялық бөлімшесі" деп жазылған. Автор "Назарбаев тиімді басқарып отыр" дегенде бұл мекемелер тек экс-президенттің атын ғана иеленіп қоймай, оған басқа жағынан да тиесілі дегенді айтқысы келсе керек.

"АТФ банкті" алған Jýsan Bank активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы екінші ірі банкке айналды. Ал алғашқы орындағы "Халық банк" нарықтың 32 пайызына бақылау жасайды және ол Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевқа тиесілі саналады. Қазақстандағы ең ірі жеті банк нарықтың 78 пайызына бақылау жасайды. Төрт жыл бұрын нарықтың осындай бөлігін тоғыз банк бақылаған болатын.

Қаржылық бақылау агенттігі "бұл елдегі банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етеді" деп мәмілеге ге рұқсат берді.

"Кей сарапшылардың айтуынша, келісімнің саяси астары көбірек" деп жазады автор. Оның айтуынша, Jýsan Bank "жұтып қойған" "АТФ банкті" соңғы жиырма жылда Назарбаевқа жақын адамдар бір-біріне сатып жүрген. Банктің негізін қалаушы, президенттің іс басқарушысы, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы сияқты қызметтерді атқарған Болат Өтемұратов 2007 жылғы қарашада оның 91,8 пайыз акциясын 2,1 млрд долларға италиялық Unicredit Group тобына сатқан. Ал 2013 жылы оны "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қазіргі басшысы, бұрынғы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің күйеу баласы – Ғалымжан Есеновке тиесілі компания "өте арзан" бағаға сатып алған.

Болат Өтемұратов, Асқар Мамин, Әділбек Жақсыбеков. 12 қыркүйек, 2010 жыл.

Forbes журналы Өтемұратовтың 2 млрд 800 млн доллар байлығы бар деп болжаған.

Ал Jýsan Bank 2019 жылдың ақпанына дейін билікте лауазымды қызметтер атқарған, Қазақстан президент әкімшілігін, Астана қаласын басқарған Әділбек Жақсыбековке тиесілі болған.

Қаржы институттарын ең ықпалды элитаның қоластына шоғырландыру жалғасып жатыр.
Diplomat

Бұл елдің банк секторында аз, бірақ бұдан күштірек ойыншылар болуы керек деген Назарбаевтың өз қалауын орындайды" деп жазады Сорбелло.

2008 қаржы дағдарысы және биылғы коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстан үкіметі екінші дәрежелі банктерге миллиардтаған доллар көмек көрсеткен.

САҒЫНТАЕВТЫҢ "ЭЛИТАЛЫҚ КИІМ АЛАТЫН" ҚЫЗЫ МЕН СЕГІЗ ЖЫЛҒА СОТТАЛҒАН БҰРЫНҒЫ КҮЙЕУ БАЛАСЫ

Алматы қаласы әкімінің қызы Еуропадан соңғы үлгідегі сән киімдерін әкелетін Net-a-Porter онлайн дүкенінің "өте маңызды сатып алушы" (Extremely important person - EIP) мәртебесіне ие. Осы аптада британдық Financial Times басылымы "Лондон, Қазақстан және Дубайдың арасында жүретін" Меруерт Ибрагимнің қымбат брендті киімдерді қалай сатып алатынын тәптіштеп жазды. Ал осы кезде оның бұрынғы күйеуі Бақыт Ибрагим банк қаржысын ұрлады деп айыпталып, ұзақ жылға сотталды.

Financial times тілшісі ең танымал бренді киімдер сататын Net-a-Porter дүкенінің EIP сатып алушысы рөліне еніп көріп, басынан кешкендерін баяндайды. "Көз алдыңызға елестете алсаңыз, бұл VIP-дан да маңызды, әрі ритейлер бұл атақты ақшаны ең көп жұмсайтындарға береді" деп жазады автор. Оның айтуынша, EIP мәртебесі тұрақты клиенттерге "жеке сатып алушы, премиум санаттағы жеткізіп беру, арнайы шараларға шақыру" сияқты "қарапайым адамдарға" берілмейтін көп артықшылық береді. Олар, сондай-ақ, жаңа сән үлгілері сайтқа шықпай тұрып ертерек сатып алу мүмкіндігіне ие болады, жылына екі рет жеке сатып алушысын жұмсай алады және алты ай бұрын алдын ала тапсырыс беруге хақылы.

EIP болу үшін кез келген категория бойынша белгілі бір сомаға сауда жасау керек, бірақ Net-a-Porter нақты қандай сома болуы керектігін ашып айтпайды, Financial Times осы мәртебеге ие болу үшін тілші есепшотына бір аптаға 10 мың фунт-стерлинг (5 млн 662 мың теңге) салған.

FT-дің жазуынша, Бақытжан Сағынтаевтың қызы, Buro24/7 сәнді киімдер жобасының қазақстандық нұсқсының негізін қалаушы Меруерт Ибрагим (жобаның сайтында өзін Меруерт Әбдір деп жазған, Әбдір – Сағынтаевтың әкесінің есімі) үш жылдан бері Net-a-Porter-дің "өте маңызды сатып алушысы" екен.

Бақытжан Сағынтаев. 30 қаңтар, 2019 жыл.

Киімдерді таңдап беретін жеке сатып алушысын "құрбым сияқты болып кетті" деп таныстырған ол киімдер сайтқа шықпай тұрып алдын ала тапсырыс беру, Net-a-Porter ұйымдастырған шараларға қатысу сияқты EIP мәртебесінің игіліктерін пайдаланудың қыр-сырына тоқталған.

Тілші бренд киімдердің бағасына да тоқталған. Ондағы етік – 585 фунт-стерлинг (331 мың теңге), жейде – 515 фунт-стерлинг (291 мың теңге), сөмке – 1250 фунт-стерлинг (707 мың теңге), плащ 2175 фунт-стерлинг (1 млн 231 мың теңге) тұрады.

16 қарашада Алматының Алмалы аудандық соты "RBK банктен ақша жымқыру ісі" бойынша 37 адамға қатысты үкім шығарды, солардың арасында Qazaq banki-нің бұрынғы акционері, Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы Бақыт Ибрагим де бар. Ол Меруерт Ибрагиммен некеде болған. Бақыт Ибрагим сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, мүлкі де тәркіленбек. Соттың ұйғарымы бойынша банкир Жомарт Ертаевпен бірге олар RBK Bank-тен ұзақ жыл бойы қылмыстық жолмен ақша алып, жаратып келген. Ол 2018 жылы сәуірде Германияда тұтқындалып, кейін Қазақстанға экстрадицияланған.