БҰҰ КОМИТЕТІНІҢ АЙЫПТАУЫ
Осы аптада батыс басылымдарының көбі осының қарсаңында жарияланған БҰҰ-ның нәсілдік дискриминацияны жою жөніндегі Комитетінің баяндамасы мен олардың жасаған мәлімдемесіне қатысты комментарийлер берген. Тамыздың 30-ы күні комитет өкілдері Қытайды "Шыңжаңдағы ұйғыр және өзге де мұсылман этникалық азшылығын қудалауды дереу тоқтатуға" тағы да шақырған.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Қытайда қамалғандар арасында этникалық қазақтар да көп, олардың ішінде Қазақстанда туыстары бар адамдар да жетерлік.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Астанада топ азамат Қытайдағы туыстарын босатуға көмек сұрадыБритандық Guardian басылымы БҰҰ-ның нәсілдік дискриминацияны жою жөніндегі Комитеті деректерінен үзінді келтірген. Онда Шыңжаңдағы қамау орнында "ондаған мыңнан миллионға дейін адам" отыруы мүмкін екені айтылған. БҰҰ мамандары 2009 жылдан бері алғаш рет Қытайдағы адам құқығына қатысты жағдайды екі күн қатарынан тексеріп, осындай қорытындыға келген.
"Тәуелсіз сарапшылар [Комитеттің] миллиондаған этникалық ұйғырды "жаппай қамау лагері тәрізді құпияға толы орында" ұстап отырғаны туралы көптеген шынайы ақпарат алды. Комитет сарапшысы Гай МкДугал оны "құқықсыз аймақ" деп сипаттаған. […] Биліктің "қатаң қадағалауына" қарамастан, [бұл "орталықтардағы"] ұрып-соғу мен адам өлімі туралы хабарлар тарап жатыр", - деп жазады Guardian.
Пекин бұл айыптарды терістеп, Шыңжаңдағы саясатын сынаушылардың артында "Қытайға қарсы күштер тұр" деп санайды. Guardian БҰҰ-ның нәсілдік дискриминация жөніндегі Комитетінде сөйлеген Қытай өкілі Ху Лианхенің: "Ауыр қылмыс жасамаған қылмыскерлер "кәсіби-техникалық білім алу және жұмыспен қамту орталықтарына" жіберіледі. Орталықтарда миллиондаған ұйғыр бар деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды", - деген сөзін келтірген.
Басылым дерегі бойынша, АҚШ-та сенатор Марко Рубио бастаған Конгрестің бір топ өкілі президент Дональд Трамптың әкімшілігін Шыңжаңдағы "жаппай қамау бағдарламасына" және "адам құқығына қатысты жалғасып отырған дағдарысқа" қатысы болуы ықтимал қытай шенеуніктеріне қарсы "Магнитский заңын" қолданып, санкция салуға шақырған.
Британдық ВВС корпорациясы да тамыздың 30-ы күні БҰҰ сарапшылары жасаған мәлімдеме жайлы егжей-тегжейлі комментарийлер беріп, халықаралық ұйымның "терроризмге ауқымды анықтама беру, экстремизмге түсініксіз сілтеме жасау және қытай заңнамасындағы сепаратизм анықтамасының анық еместігін" сынағаны туралы хабарлаған. Комитет Қытайды адамдарды ешқандай айып тақпай, сот шешімі мен үкімінсіз ұстау тәжірибесін тоқтатуға, заңсыз ұсталғандарды дереу босатуға, тұтқындар мен олардың тұтқындалу негізі жайлы ақпарат беруге, сонымен бірге бейтарап тергеу жүргізуге шақырған", - деп хабарлайды ВВС.
Bloomberg іскерлік ақпарат агенттігі "Қытай ұйғырларға қысым жасап жатқанда мұсылман мемлекеттері үнсіз отыр" деген мақаласында БҰҰ комитеті сарапшыларының Шыңжаңға қатысты мәлімдемесіне мұсылман елдерінің реакциясын талқылаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдағы қысым туралы татарлар да айта бастады"БҰҰ ресми өкілі [Қытайдағы] "қайта тәрбиелеу" лагерлерінде миллионға жуық түркі тілдес ұйғырлар жатқанын "шынайы" мәлімет деп хабарлағаннан кейін үш аптаға жуық уақыт өтсе де тұрғындарының басым бөлігі мұсылман елдердің үкіметтері бұл мәселеге қатысты елеулі мәлімдеме жасаған жоқ. АҚШ-тың қос партиясының өкілдерінен тұратын конгресмендер тобы осы аптада Қытайдың жоғары лауазымды шенеуніктеріне қарсы санкция салуға шақырғаннан кейін олардың үнсіздігі бұрынғыдан да айқын байқалды", - деп жазады Bloomberg.
Агенттіктің пікірі бойынша, Қытай көптеген мұсылман елдерінің "негізгі сауда әріптесі болғандықтан және оларға көмек беретіндіктен" осындай жағдай болып отыр және бұған Қытайдың өзі бұрыннан ұстанатын "басқа мемлекеттің ішкі саясатына қатысты пікір білдірмеу" саясаты да ықпал еткен.
"Бірақ мұндай үнсіздікті қолдау барған сайын қиындай түсуі мүмкін, себебі Шыңжаңдағы Қытай саясатының жаңғырығы шетелге де жетіп отыр. Қытайдың көршісі және "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясындағы негізгі экономикалық әріптесі Қазақстанда этникалық қазақ әйел лагерьде сабақ беруге мәжбүрлеген соң [Қытайдан] құжатсыз қашып шығуға мәжбүр болғаны туралы куәлік берді. Пекинді ашуландырып алу қаупі болса да, Қазақстан билігі оның елде қалуына рұқсат етті", - деп жазады Bloomberg.
- Бұл оқиға репрессия Қытайдың сыртқы қарым-қатынасына да ықпал ете бастағанын көрсетті, - деген Bloomberg агенттігіне Джорджтаун университетінің профессоры, "Еуразия қиылысы: Шыңжаң тарихы" кітабының авторы Джеймс Миллвард.
TELEGRAM ЧАТЫНА ҚОСЫЛҒАНЫ ҮШІН СОТТАУ
Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайтында жарияланған "Хабар алмасу қосымшасы Қазақстанда сотқа тартылды" деген мақалада Telegram чатына қосылған деген күдікпен істі болған қазақстандық ерлі-зайыптылардың соты туралы пікір айтылған. Абловас Жұмаевқа "әлеуметтік араздықты қоздырғаны" үшін, ал оның әйелі Айгүл Ақбердіге Telegram чаты арқылы "билікті құлатуға шақырғаны" үшін айыптар тағылған. Билік аталған чатты шетелде қуғында жүрген оппозиционер Мұхтар Әблязовпен және оның "ҚДТ" [Қазақстанның демократиялық таңдауы] партиясымен байланыстырады. Биыл наурызда Қазақстан соты "ҚДТ"-ны экстремистік ұйым деп таныған. Ақберді Eurasianet.org сайтына жұбайы екеуін аталған чатқа өздерінің келісімінсіз қосқандарын, өзі бұған дейін "саясатқа қызығушылық танытпағанын" айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тelegram чаты үшін қамалған Жұмаевтың соты басталдыЖұмаев пен Ақберді ісі туралы хабарлаған Eurasianet.org сайты "Қазақстан билігі саясатты талқылағаны үшін Telegram қолданушыларына шүйлігіп алды" деп мәлімдейді. "Бұл осы мессенджер анық аталған Қазақстандағы алғашқы іс болса керек", - деп жазады Eurasianet.org.
Басылым осындай қосымшаларды, соның ішінде ең әуелі Telegram-ды пайдалануды реттемекші болған өзге елдердің мысалын келтірген: "Ресей мен Иран тәрізді мемлекеттерді Telegram-ның қандай ауқымдағы аудиторияны қоса алатын мүмкіндігі шошытады. Биыл екі мемлекет те қауіпсіздікке қатер төндіреді деген сылтаумен осы қосымшаны пайдалануға тыйым салған. Бірақ тыйымды техникалық әдіспен айналып өтудің арқасында оны қолдану деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Цензура енгізу техникалық тұрғыдан қиын болғандықтан, билік тізгіндеу саясатына көшті", - деп жазады Eurasianet.org.
КИІККЕ ТӨНГЕН АЖАЛ ҚАУПІ
National Geographic Қазақстандағы ақбөкен популяциясының жай-күйі, сонымен бірге мүйізі дәстүрлі қытай медицинасында қолданылатын түз жануарына браконьерлерден төнетін қауіп-қатер туралы егжей-тегжейлі зерттеу жариялаған.
Журнал Oryx ғылыми зерттеу басылымы жүргізген сауалнаманың нәтижесін келтірген. Сауаланмаға жауап берген тегі қытайлық сингапурлардың 13 пайызы соңғы жылы киік мүйізінен жасалған қандай да бір затты пайдаланғандарын айтқан. Ондай "дәрі" тұтынғандардың 25 пайызының жасы 18 бен 35 аралығында болыпты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңа автожолдар киік көшіне қалай әсер етеді?National Geographic тілшілері Қазақстан даласындағы браконьерлермен күрескен рейнджерлер жұмысын біраз уақыт бақылаған. "Аса тәжірибелі үш рейнджер браконьерлерде қару, көлік пен жабдықтың жақсылары барын айтады. Рейнджерлер айына 180 долларға жуық жалақы алады, сондықтан олардың браконьерлерге қосылып кетулері де ықтимал. Былтыр қорықта браконьерлікпен айналысқан жеті рейнджер ұсталған. Олардың әрбіріне 17 мың доллар айыппұл салынған", - деп жазған Қазақстанда рейнджер командаларымен болған әңгімені келтірген National Geographic.
Олардың бәрі "[Қазақстанда] заңның тым жұмсақ екенімен келіседі, тек оны күшейтсе ғана браконьерлік азаяды деп санайды" деп жазады басылым.
Сирек кездесетін киік қазір тек Қазақстан, Моңғолия мен Ресейде қалған. 2018 жылғы зерттеу бойынша, бұл елдердегі бөкеннің жалпы саны 225 мың басты құрайды. Қытайда браконьерлер киікті 1960 жылдары толық құртып жіберген.