Аймақтағы дағдарыс пен Айдан Кәрібжановтың табысы

«ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясының Астанадағы бас кеңсесі. (Көрнекі сурет)

Батыс баспасөзі қазақстандық бизнесмен Айдан Кәрібжановқа мақала арнап, Астана мен мұнайшылар кәсіподағы арасындағы келіссөздерге қатысты пікірлерге шолу жасаған.

ТАБЫСТЫ БИЗНЕСМЕН

Американың Bloomberg медиакорпорациясы Forbes Kazakhstan журналы Қазақстанның ең ықпалды кәсіпкерлерінің бірі деп атаған топ-бизнесмен Айдан Кәрібжановқа мақала арнаған. Visor Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы әрі жеке меншік компанияларда да қызмет атқаратын, Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің теңтөрағасы Айдан Кәрібжанов 2014 жылғы дерекке сәйкес, Forbes рейтингінде 27 орында тұр.

Bloomberg «алдыңғы он жылдықта 43 жастағы Айдан Кәрібжанов жері бай, қауіп-қатері де көп аймақтағы инвестициялық күшке айналды. Ол бүкіл күш-жігерін «стан» деген ортақ атауға ие Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сияқты бұрынғы советтік, қазір тұрақсыз бес елге жұмылдырды» деп жазады.

Bloomberg мақаласында 500 миллион долларға жуық активі бар Visor Holding компаниясы – бес «станда» жұмыс істейтін санаулы жеке меншік компаниялардың бірі екенін жазады. Ірі супермаркеттер желісі, Қырғызстанда көлемі жағынан екінші орын алатын алтын өндіру шахтасы, Қазақстандағы цемент зауыты мен мұнай компаниясы сияқты ірі кәсіпорындары бар компанияның өзге активтері де жетеді.

Советтік Қазақстанда туып-өскен Кәрібжанов президенттері бір-ақ күнде биліктен қуылып, біреуге адалдық әп-сәтте өзгеретін елдерде инвесторларға қандай қарым-қатынас орнату керегін жақсы түсінеді

Кезінде Айдан Кәрібжановтың Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаевтың баласы Айдармен, Қырғызстанның екінші президенті Құрманбек Бакиевтің отбасымен, Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнарамен іскерлік байланысы болғанын ескерткен Bloomberg «советтік Қазақстанда туып-өскен Кәрібжанов президенттері бір-ақ күнде биліктен қуылып, біреуге адалдық әп-сәтте өзгеретін елдерде инвесторларға қандай қарым-қатынас орнату керегін жақсы түсінеді» деп жазған.

Bloomberg-тің жазуынша, Ресейдегі жағдайға қатысты Айдан Кәрібжанов «Ресей экономикасы ондаған емес, 2-3 жылда қалпына келе алады» деп санайды және кейбір активтерін ресейліктерге сатуға кетәрі емес.

Ал Ұлыбританияның Financial Times газеті «Ресей экономикасы құлдыраған сайын қаржы дағдарысы үрейі күшейе түсті» атты мақаласында биылғы жылдың екінші тоқсанында Ресей экономикасы 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға баяулап, соңғы алты жылдағы ең үлкен тоқырау мен 2009 жылғы қаржы дағдарысынан кейінгі алғашқы рецессияға ұласқанын жазған. Бұл көрсеткіш сарапшылар болжаған орташа бағадан біраз төмен болып шығып, қазір экономистер мұнай бағасы рубльді одан ары құлдыратып, тағы арзандаса, «тез қалпына келуі екіталай» деп жазады басылым.

МҰНАЙ БАҒАСЫ АРЗАНДАП БАРАДЫ

Американың Stratfor сараптама институты Қазақстанның мұнай саласындағы ахуалды талдап, «осы аптада Ресей, Қытай және батыстың энергетика саласы инвесторлары мұнай саласындағы толқуларға Қазақстанның төтеп бере алар, алмасын анықтайды» деп жазған. Stratfor Ресейдің оңтүстік шекарасының кіндік тұсында орналасқан әрі «Ресей мен Азия арасындағы буфер ретінде» және минералды шикізат пен энергия көздерінің бай қоры арқасында Қазақстан – «өзге көптеген елдер мен экономика секторлары үшін негізгі елге айналды» деп жазады.

«Мәскеу Астананы өзінің ең жақын одақтастарының бірі санайды, ал қазір Мәскеу кімді болсын одақтас санауға әзір. <…> Қытай Қазақстанды келешекте аймаққа тартатын энергетикалық және транспорттық дәліздері үшін негізгі әріптес санайды. Бұл ел Орталық Азия мигранттары үшін де күнкөріс бекеті, сондықтан Орталық Азияның өзге елдері экономикасына үлес қосып отыр. Қазақстанның белгілі бір тұсында тұрақсыздық басталса, ол Орталық Азияның әлсіздеу елдеріне жайылуы мүмкін» деп ескерткен Stratfor.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған азаматтар сотта тұр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.

«Энергия өндіруші өзге елдер сияқты Қазақстан да мұнай бағасының арзандау зардабын сезініп отыр. Бірақ, экономикалық қиын жағдайға қарамастан, «Астана қоғамдық толқулардың басталып кетуінен көбірек үрейленеді» және «билік бәрінен бұрын Жаңаөзен бүлігінің (қырғын деп те атайды) қайталануына жол бергісі келмейді» дейді Stratfor.

Мақалада «толқудан сескенген Қазақстан билігі қаңтарда шетелдік және жергілікті компанияларға жұмыс орындарын немесе жалақыны қысқартпауды бұйырды, бұл компаниялардың көбіне қиын тиді» деп жазылған. Осы компанияларды елде ұстап қалу үшін Астана энергетика саласындағы компанияларға жалақы мен еңбек қатынастарын реттеу жағынан көбірек өкілеттілік беру мақсатында еңбек заңдарына өзгеріс енгізуді көздейді. Бірақ бұл 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларынан кейін қол жеткізген шарттарды сақтап қалуға әзір мұнайшылар кәсіподағы тарапынан қарсылыққа ұшырап отыр деп жазады Stratfor.