Орталық Азияға рәсімдік сипаты басым сапар

Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 27 ақпан 2017 жыл.

Батыс баспасөзі Владимир Путиннің Орталық Азияға сапарын, Қытайдың жаңа Жібек жолы жобасын және скандинавиялық телекоммуникация алыбы - Telia компаниясының Еуразия нарығынан біртіндеп кету жоспарын талқылаған.

ПУТИННІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА САПАРЫ

Америкалық Newsweek журналындағы «Путин аймаққа сапарында Орталық Азия басшыларымен дос-жаран екенін көрсетті» атты мақалада осы аптада Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстанға жасаған сапарын сипаттап, оған қоса Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен де телефон арқылы сөйлескенін жазған. «Путин бұрын Совет одағының басқаруында болған Орталық Азия елдері билігімен өткен уақыт ішінде тығыз байланыста болды, оның жуырдағы қысқа сапары Мәскеудің саяси ниеті-жоспарынан тың хабар береді» делінген мақалада.

Мұнай-газ саласы - Орталық Азияның негізгі кіріс көзі, ал Ресейдің экономикалық бақуатты болуы сауда-саттық үшін маңызды мәнге ие. Maplecroft [консалтинг компаниясының] Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Камилла Хагелундтың сөзінше, Путиннің сапары «Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) тартымдылығын арттыратын ынтымақтастық жобаларын жариялау стратегиясының бір бөлігіне» айналды. 2015 жылдың басынан іске қосылған ЕАЭО-на қазір Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мүше. Скептиктер әсіресе экономикалық дағдарыс күшейіп, Қырымды аннексиялағаны үшін Ресейге Батыс елдері санкция салғаннан кейін бұл одақтың Ресейден өзге мүше елдерге ұтымды екеніне күмән келтіреді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен (сол жақта) кездесу кезінде Ресей президенті Владимир Путин Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесіп отыр. Душанбе, 28 ақпан 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың реакциясына қатысты комментарийінде Newsweek журналы ол «одақ жайлы мүлде құлықсыз сөйледі әрі жуырда ол Еуроодақ және Қытаймен бірлескен жобаларды дамыту жайлы ойын білдірген» деп жазады. Украина ЕАЭО-мен ынтымақтастықтан бас тартып, Еуропамен жақындасуды таңдағаннан кейін «екінші негізгі әріптес ретінде Қазақстан басты фигураға айналды» деп жазады Newsweek. Путиннің [Қазақстанға] ықпалы және Мәскеудің Астанамен байланысы жалғаса беретін сыңайлы, өйткені [билікті біртіндеп беру басталуы ықтимал шақта Мәскеу] баяғыдан достық құрған режимнің мұрагерімен үйлесімді қарым-қатынасты қамтамасыз еткісі келеді» деп жазады Newsweek.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесуде Путин Ресей Ауғанстанмен шекарадағы проблемаларды шешуге көмектесу мүмкіндігін қарастыратынын айтты. Камилла Хагелундтың пікірінше, Путин «аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз етуде елдің негізгі әріптесі Пекин емес, Мәскеу екенін көрші Қытайға аңғартқысы келді». Қазір Тәжікстан ЕАЭО-на кіру мәселесін қарап жатыр. «Путин сапарының саяси мәнінен гөрі, рәсімдік сипаты басымдау болып көрінді» делінген мақалада.

ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫ

Америкалық Wall Street Journal басылымында жарияланған «Жаңа Жібек жолындағы империя құрылысы» атты мақалада 2012 жылғы қарашада Қытайдың жаңа басшысы Си Цзиньпин енгізген термин - «Қытай арманына» қатысты комментарий берілген. Кезінде Еуразия арқылы өткен тарихи Жібек жолы бойында жатқан елдермен сауда-саттықты нығайтуды көздейтін амбицияға толы «Бір белдеу - бір жол» бастамасы – осы стратегияның басты бөлігі.

Қырғызстан мен Қытай арасындағы халықаралық автокөлік жолы құрылысы. Сәуір, 2014 жыл.

Wall Street Journal бұл аймақ ұйғыр ұлттық қозғалысы белсенді әрекет ететін беймаза Шыңжаң провинциясымен шектесетінін ескертіп, «Пекиннің Орталық Азияға мұндай ықылас танытуы тегін емес» деп жазады. «Қытай шекарасының арғы жағымен экономикалық байланыстарды нығайтуды ішкі тынышсыздыққа қарсы ұтымды стратегия санайды» деп жазады басылым.

Мақалада Қытай Орталық Азияға инвестиция құю арқылы «аймақта көшбасшылығын нығайтып, АҚШ-тың Азиядағы одақтастық құрылымынан қорғануға және энергия жеткізуді диверсификациялауға жәрдемдесетін экономикалық тәуелділік желісін құруға ұмтылып отырғаны» айтылған. Бірақ бұл саясат Орталық Азияда экономикалық үстемдікке ие болғысы келетін «Ресеймен геосаяси шиеленіс тудыруы мүмкін» деген болжам жасайды.

ТӘЖІКСТАНДАҒЫ TELIA

Жапонияда шығатын Diplomat газетіндегі «Маған қоңырау шал, Душанбе. Telia Тәжікстаннан кеткісі келеді» деген мақалада скандинавиялық алып компанияның Тәжікстанның Tcell ұялы байланыс операторындағы үлесін сату туралы жасаған келісіміне қатысты комментарий берілген. Тәжікстан билігі Telia компаниясынан салыққа қарызы мен 155 миллион сомони (шамамен 20 миллион доллар) айыппұлды төлеуді талап еткен. Бұл дау шешілмей акцияларды сату мәмілесіне монополияға қарсы органдардың рұқсат беруі екіталай.

Ертеректе TeliaSonera деп аталған швед-фин коммуникация алыбы 2015 жылдың күзінде Еуразия нарығынан біртіндеп толық шығып, қызмет өрісін Солтүстік Еуропада шоғырландыратыны туралы жариялаған еді. Бұған бір жағынан Өзбекстандағы коррупцияға қатысты жанжал түрткі болған. Америкалық және швед прокурорларының пікірінше, Өзбекстан нарығына кіру үшін компания Өзбекстанның бұрынғы президенті марқұм Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға пара ретінде жүздеген миллион доллар төлеген.

Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, Қазақстандағы Kcell операторы акцияларының көп бөлігі де Telia компаниясына тиесілі. Еуразия нарығынан кету туралы шешім Kcell активтерін де сатуға алып келмек, бірақ Telia-ның Kcell компаниясынан шығу жай-жапсары әзірше жарияланған жоқ.