"Алаштың" алғашқы қадамы. Қамаудан шыққандар қайта қамалды

Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп, аштық жариялаған белсенділер. Алматы, 1990 жылғы мамыр.

Алматы мен Киевтегі митингілердің соңы не болды? Тіркелмеген "Алаш" партиясының мүшелері Азаттықпен сұхбатында тоқсаныншы жылдарғы өздерінің тұжырым, жоспары, жастар белсенділігі және биліктің қысым тәсілдері жайлы айтады.

Азаттық радиосының әр жылдарғы маңызды хабарларына арналған шолу – "Азаттық толқыны" подкасында 1990 жылы күзде тіркелмеген "Алаш" партиясының белсенділерімен сұхбат талданады.

Your browser doesn’t support HTML5

Қуғыннан көз ашпаған "Алаш" партиясы

"ҚАЗАҚСТАН ОДАҚТАН БӨЛІНЕТІН БОЛСА..."

Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин жүргізген сұхбатқа "Алаш" партиясы белсенділерінен Рашид Нұтышев, Руслан Қажымұратов және Салтанат Ермекова қатысқан.

Билік тіркеуден өткізбеген бұл партия Ұлы Түркістан құру идеясын ұстанғаны белгілі. Партия белсенділері Қазақстанның Совет одағынан тезірек бөлінуін талап етті. Бұл талап қойылған кезде Қазақстанның тәуелсіздік алуына бір жылдан аса уақыт қалған еді. Ал жаңарған одақ құрамындағы егеменді елдер қатарына қосылу үшін Қазақ ССР мемлекеттік егемендігі де енді жарияланған кез. "Алаш" партиясы кейін Егемендік декларациясын өткір сынады да.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан тәуелсіздігін жарияласын деп талап қойғандар неге қудалауға түсті?

Азаттыққа берген сұхбатында Руслан Қажымұратов "Алаш" партиясының Қазақстанның тәуелсіздік алуындағы мүддесін баяндайды.

"Біз [одақтан] бөлінбей, дербестігімізді алмайтын болсақ, қай жерге барады екенбіз? Балтық елдері СССР-дан бөлінген кезде шетелден көп көмек болмады деп ойлаймыз. Оның себебі осы елдерде шикізат базасы болған жоқ. Ал Қазақстан өз алдына бөлінетін болса, түркішілдікті көтеретін болса, Орталық Азия елдерімен бірігіп, түркістандық рынок қалыптастыратын болса, өте бай мемлекет болар еді. Неге одақтан шығып, осындай мәселелер көтермеске?! Біз өзіміз Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстандағы неформал ұйымдармен байланыс жасап отырмыз", – деген ол.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап еткен белсенділер Жоғарғы кеңес алдында аштық жариялап жатыр. Алматы, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке архивіндегі фото.

Руслан Қажымұратов кім? "Алаш" партиясында қалай келген? Бұл туралы Азаттыққа Русланның өзі 1990 жылғы сұхбатта қысқаша айтып берген.

"Алматыға келгеніме көп болған жоқ. Туған жерім – Орал облысы. Қаратөбе ауданында тудым. Онжылдық мектепті сол қаладан бітірдім. Кейін Ауыл шаруашылығы институтын зоотехник, мал мамандығы бойынша тәмамдадым. Бұл партияға кіргеніме де көп болған жоқ. Партия өкілдерімен сөйлескенімізде көзқарастарымыз түйісті. Содан бастап осы ұйымның жұмыстарына атсалысып жүрмін", – деген Руслан Қажымұратов.

"БҰРЫНҒЫ "АЛАШ" ПАРТИЯСЫМЕН ҮНДЕС..."

Белсенді Руслан Қажымұратов билік "Алаш" партиясын сүйкімсіз етіп көрсетуге тырысқанын айтады. Соның салдарынан көпшілік бұл партиядан сақтанатын да болса керек деп түйеді.

"Бұл ұйымның қанат жайып кетпеуінің бір себебі – БАҚ хабарларында бізді "экстремист" ретінде көрсетеді. Шын мәнінде, біздің ондай пиғылымыз жоқ. Біз мешіттерге барып, дінімізді үйреніп жатырмыз. Дін болмаса, ұлттық дәстүр, салт-санамызды жойып аламыз. Ал бізге қарсы жазылған мақалаларда бізді жұмыс істемейтін, арақ ішетін, есірткі шегетін адамдар ретінде көрсетуге тырысады", – деген ол.

Азаттықтың 1990 жылғы Алаш ұйымының белсенді мүшелерімен сұхбатының жалғасында Руслан Қажымұратов "Алаш" партиясы мен партияның газетін билік тіркемей отырғанын айтқан. Ол оны советтік Қазақстанда бұрын-соңды бейресми ұйымдардың болмағандығымен түсіндіреді. Мәселен, газетті тіркеу жөніндегі өтінішке сол кездегі мемлекеттік баспасөз комитеті "Алаш" газеті мен ұйымын бұрынғы Алашордамен үндес деп тауып тіркемеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаматтық қоғамға – Алашорданың мүлкін қайтару. Төртеудің хаты

"Яғни, біздің мақсатымыз бен партиялық жүйенің мақсаты бөлек. Олардың ойынша, мақсат-мүдде түйісуі керек болған. Бұл Қазақстандағы демократияның қандай екендігін көрсетеді", – деген Руслан Қажымұратов.

Сол кезде "Алаш" газетінде жарияланған мақалалардың бірінде партия туралы көбірек мағлұмат келтірілген.

"Алаш" ұлт азаттық партиясы дәл қазір қазақ халқы мұқтаж болып отырған партияның өзі. Оның атауы мен қызметі ұлт азаттық жолында күрескен қазақ отансүйгіштері толқынымен сабақтастық нақышын білдіреді. Ол ымырасыз күреске бағытталған. Билікпен болмашы мәміленің өзі бүгінде ұлт мүддесі жолындағы сатқындық болып есептеледі. "Алаш" партиясы жалпытүркілік бірлік пен мұсылман ынтымақтастығы, азаттық және демократия идеалдарын уағыздайды" деп жазған "Алаш" газеті мақаласында. Қазақ ССР мемлекеттік баспасөз комитеті осыдан ілік тапқан сияқты.

"БИЛІККЕ ХАЛЫҚТЫҢ ОЯНҒАНЫ КЕРЕК ЕМЕС"

"Алаш" партиясының мүшесі Руслан Қажымұратов сол кезде белсенділер қанша күн ұдайы пикет ұйымдастырса, билік соның әрбір күніне жеке-жеке іс ашқанын айтқан.

"Біз пикет жасаған кездің әр күніне құжат жасаған. Мәселен, милиция 14-індегі митингі үшін бір қамадық десе, екі күннен соң 15 қазан күнгі митингі үшін қамадық деп шығады. Осындай неше түрлі сылтау тауып, жұмыс жасауымызға кедергі келтіріп отыр. Бұдан әрі жұмыс істеу қиындау болып отыр", – деген Руслан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қоғамдық қозғалыстарды құптаған Жәнібековтің идеясы өзгерді ме?

"Биліктің бізді "экстремист" деуі – арандату. Олар осы арқылы "Алаш" партиясына адамдардың қосылмауын көздеп отыр", – деген Салтанат Ермекова. Айтуынша, "Алаш" партиясы ұйымдастыратын митингілерде сол кезде билік басында отырған коммунистерге жақпайтын шындық айтылады. Оны естіген қарапайым халық ояна бастайды.

"Билікке халықтың оянғаны керек емес. Өйткені оянған халық саясатқа араласады", – дейді Салтанат.

"Алаш" партиясының мүшесі Руслан Қажымұратов өздерінің өзге де қоғамдық ұйым, бірлестіктермен қатынасын мүдде бірлігімен байланыстырады.

"Біз бейресми ұйымдардың бәрін қолдап отырмыз. Олардың әрқайсысы белгілі бір мақсатпен жұмыстарын істеп жатыр. Мәселен, "Шаңырақ" ұйымы үйсіз-күйсіз адамдарға жер алып жатыр. Біз осындай ұйымдардың бәрімен де байланысып тұрамыз", – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Компартия монополиясы, бейресми ұйымдарды тұсау және авторитаризмге апарған жол

Ал Салтанат Ермекова бейресми ұйымдар арасында келіспеушіліктер барын да жоққа шығармайды. Ол мұның жауапкершілігін зиялы қауым арқалайтынын айтқан. Салтанат зиялы қауымның коммунистерден іргесін аулақ салмай отырғанын атап өткен.

ҚАМАУДАН КЕЙІН – ҚАМАУ

Азаттықтың "Алаш" партиясының белсенді мүшелерімен сұхбатының жалғасында қамауда отырғандар жайы да сөз болған. Солардың бірі – партияның белсендісі Болатбек Ахметалиев қамаудан шыға сала қайтадан қамалған.

"Жоғарғы советтің сессиясы басталғанда оны кедергі болады деп 15 күнге қамауға алған еді. 15 күннен соң бостандыққа шыққан бойы оны паспортына тіркеу белгісі соғылмаған деп уақытша қамау абақтысына қайтадан отырғызды. Сондағы сылтау – оның Алматыда тіркелмегендігі. Бұл жердегі мақсат тіркелу-тіркелмеуде емес. Ол "Алаш" партиясы сессия кезінде шеру ұйымдастырып, бөгет жасайды деген биліктің ұйғарымымен қамауда отыр. Бұған наразылық білдіріп, абақтыда аштық жариялады", – деген Руслан Қажымұратов Болат Ахметалиев туралы.

Русланның айтуынша, абақтыда отырған кезінде Болатбек Ахметалиевтің жұбайы босанған. Осындай отбасылық жағдайын да ескерместен қамауда отырған Болатбекке екі жылға дейін бас еркіндігінен айрылу қаупі төніп отыр деді серіктері.

Осы сұхбатта баспанасыздардың бас көтеруі туралы да айтылған. Ол жөнінде "Азаттық толқыны" подкасында бұған дейін кеңірек тоқталғанбыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баспанасыздарға байқалмаған "Тұрғын үй – 91"

Азаттық радиосына сұхбат берген "Алаш" партиясының мүшесі Салтанат Ермекова сол кездегі жастардың, студенттердің белсенділігі туралы да айтып берген.

"Қазір студент жастардың сана-сезімі ояна бастағанымен, батылдығы жетпей жатыр. Мысалы, біз Жоғарғы советтің алдында бірнеше күн рұқсат етілмеген митингі өткіздік. 22-23 қазан күндері бізбен бірге "Азамат" студент ұйымы, арасында оқушылар бар, комсомол билеттерін, пионер галстуктерін және әскери билеттерін жинап алып өртеген еді. Сондағы жастардың талабының бірі – ғылыми коммунизм, марксизм сабақтарын тоқтату болатын. Осы талаппен шыққан студенттерді де қазір біз сияқты қудалап, жауапқа тартып отыр", – деген ол.

Салтанаттың сипаттауынша, студенттер батыл бастағанымен, соңынан басылып қалған. Совет одағы құрамындағы басқа елдерде сол кезде билік студенттерге қысым жасағанымен, жастар оған мойынсұнбаған. Мәселен, Украинада студенттер аштық жариялап, өз талаптарын билікке өткізе білген. Ал Қазақстанда бас көтерген студенттерді қудалау басталған. Билік қысымға алған кезде жастардың белсенділігі саябырсығаны байқалған.

КИЕВТЕ НЕ БОЛҒАН ЕДІ?

Салтанат Ермекованың осы тұста Украинадағы оқиғаны айтып, меңзеп отырғаны мынау.

1990 жылғы 2 қазанда Украина астанасы Киевте "Граниттегі революция", "Тастағы төңкеріс" деп аталатын студенттер наразылығы басталған. Олар аштық жариялап, билікке саяси талаптар қойды. Соның бірі – жаңарған одақтық шартқа қол қоймауды талап етті. Украин студенттері Киевтің орталық алаңына шатыр тігіп, 150-ден аса адам аштық жариялап жатып алды, 130-дан аса адам оларға қызмет жасап, наразылық шарасына қолғабыс еткен. Бірнеше ай бойы ойластырылған бұл акцияны басып-жаншуға биліктің батылы бармады.

"Граниттегі революция" – Украинадағы студенттер наразылығы. Киев, 1990 жылғы қазан айы.

Студенттер талабының ішінде сол кездегі парламентті таратып, көппартиялы негізе сайлау өткізу, Украина коммунистік партиясы мен комсомол ұйымының мүліктерін мемлекет иелігіне алуды және шетке әскери қызметке жібермеуді де талап еткен-ді.

Украина студенттерінің наразылығына мыңдаған адам қосылды. Әсіресе, өнер адамдары қолдау білдіріп жатты. Елдің түкпір-түкпірінен студенттер Киевке ағылды. Зиялы қауым да наразылыққа қосылды. 15 қазанда Киевте 100 мыңның үстінде адам қатысқан ірі митингі болды. Милиция қоршауын бұзып өткендер Киев университетін басып алды. Содан кейін бейбіт наразылық елдің басқа да қалаларына жайыла бастады.

Ақыр соңында билік 17 қазанда арнайы қаулы қабылдап, студенттердің талабын орындауға келісті. Наразылықты ұйымдастырғандарды жазаламайтын болып уәде бергенімен, кейін кейбірін абақтыға қамады. Алайда қоғам наразылығынан соң оларды босатуға мәжбүр болды. Екі аптадан артық наразылық пен жарты айға созылған аштық акциясының нәтижесі осындай болды. Бұл совет жүйесіндегі сәтті қарсылық ретінде аталды. Украинадағы "Майдан" наразылығының ізашары осылай басталған еді.

Ал ол уақытта Қазақстандағы қоғамдық бірлестіктер де шатыр, киіз үй тігіп, наразылық білдіріп, билікке өз талабын қойғанымен оның ауқымын Украинадағы митингімен салыстыру қиын еді.

"Алаш" партиясының мүшесі Руслан Қажымұратов да Азаттыққа сұхбатында осы партиядағы жастардың қалай қысымға ұшырағанын әңгімелеген.

"Алаш" ұйымындағы студенттер мен жұмысшы жастар да қазір қудалауға ұшырап отыр. Поршень зауытында жұмыс істеп, бізбен бірге аштық жариялаған екі қыз баланы жұмыстан шығарған. Қазақ мемлекеттік университетіндегі қыз балаларды оқудан шығарамыз деп қорқытып отыр. Сонда химия факультетінің тағы бір студентіне жаза әзірлеп, қорқытып отыр. Әр митингі сайын қудалай берсе, не болмақ? Адам құқығының сақталуы қалай болмақ?", – деген ойын бөліскен Руслан Қажымұратов.

ЭМИГРАЦИЯ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ КОММУНИСТЕРДІ НЕГЕ ҚҰТТЫҚТАЙДЫ?

1990 жылғы 7 қарашада советтік билік әдеттегідей Қазан төңкерісінің 73 жылдығын атап өткен. Бейресми ұйымдар сол жиынға қатыспай, балама жиындар, соның ішінде қаралы жиындар өткізудің жоспарлағанымен, жүзеге аспай қалған.

"Шоқан Уәлиханов ескерткіші маңындағы алаңға бейресми ұйымдарды қолдауға барғанымызда милиция отряды қысым көрсетті. Сосын парламент алдындағы өзіміз "Бостандық алаңы" атаған жерде митингі жасамақшы болған едік. Сол жерге келіп тұра бергенімізде екі машина милиция отряды келіп, бізді тағы да қысты. Қолымыздан жұлқып, біздің 30-40 адамды таратып жібермекші болды, қолдарынан келмеді. Бірақ біз де балама митингімізді өткізе алмай қалдық. Бейресми ұйымдар батыл қимылдап, қаралы митингіні өткізгенде адамдар біздің қандай бағытта жұмыс жасап жатқанымызды түсінер еді", – деген Руслан.

"Алаш" партиясының белсендісі Салтанат Ермекова Азаттықпен сұхбатында қазақ эмиграциясы өкілдерінің коммунистік Қазақстан өкілдерімен байланысын сынаған. Ол шетел қазақтары өкілдерінің әрекетін басқа елдердің эмиграциясының іс-шараларымен салыстырған.

"Шетелдегі ағайынға ауыр тимесін, сырттан Мұстафа Өзтүрік келіп, коммунистерге құшағын жайып, мақтап жүр. Кезінде өз ата-бабасын осы жерден қуған коммунистер еді ғой. Аса құрметті Халифа Алтай ағамыз да отбасымен келіп, халықты Қазақстанның 70 жылдығымен құттықтапты. Қуғын-сүргін, нәубетті біз көрмесек те, осы кісілер көрді ғой. Бұл – біз үшін түсініксіз нәрсе. Басқа республикаларда эмиграция өкілдері ұлттық қозғалыстарға қаржы беріп, техникалық жағынан көмек көрсеткен еді. Ал мен эмиграция өкілдерінің әрекетіне өкініп отырмын", – деген Салтанат Ермекова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Коммунистер салған сүрең. Гималай асқан қазақтар

Азаттықтың "Алаш" партиясы мүшелерімен сұхбатында Рашид Нұтышев бейресми ұйымдарды зиялы қауым мен шетелдегі эмиграция өкілдері қолдап, көбірек белсенділік көрсетуі керектігін айтады. Ол сол кезді "тарихи кезең" деп сипаттап, сондағы іс-әрекеттерді "тарихқа жазылып жатыр" деген.

Руслан Қажымұратов Азаттықпен сұхбат соңында кезекті мәрте радионың еңбегіне алғыс білдірген.

"Біз шындықты Азаттық радиосынан тыңдаймыз. Қазір кешке және таңертең екі мезгіл тыңдайтын болдық. Эфирге шу қосылса да, тыңдап, құнды материалдарды осы радиодан аламыз", – деген белсенді.

Азаттықтың 1990 жылы "Алаш" партиясының белсенді мүшелерімен сұхбатта айтылған жайларды толығырақ подкаст нұсқасынан тыңдай аласыз.

"Азаттық толқыны" подкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.