Созылмалы кемшілік. Қызылағаш апаты әсер етпеген су саласы

Қызылағаш апаты құрбандарына орнатылған ескерткіш. Алматы облысы, 1 қыркүйек, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

2010 жылғы Қызылағаш апатынан бергі су тасқыны мен одан зардап шеккендер, олардың проблемалары Азаттық радиосында қалай қамтылды? Елде су апаты жыл сайын неге қайталана береді? Одан қандай қорытынды түюге болады? Осы және өзге сұрақтарға инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов жауап береді.

Your browser doesn’t support HTML5

Су шаруашылығы. Қызылағаш апаты әсер етпеген сала

АПАТТАҒЫ ӘБІГЕР

2010 жылғы 12 наурызға ауған түні сол кездегі Алматы облысы Ақсу ауданы аумағындағы Қызылағаш су қоймасының бөгеті жарылып, төмендегі 2600-ден астам тұрғыны бар Қызылағаш ауылын тып-типыл етіп кетті. Жоғарыдан құлдилаған таудай толқындар ауылды тұтастай дерлік жермен-жексен қылды. Ресми дерек бойынша, кемінде 45 адам қаза тапты. 1800-ден астам үйді су алды. Апаттан соң үш адам қызметіне салғырт қарады деген айыппен 5 жылға сотталды. Екі жылдан кейін олар рақымшылыққа ілініп босап шықты.

Тасқыннан кейінгі Қызылағаш

Жергілікті тұрғындар Қызылағаш бөгетінің қандай жағдайда екені апаттан бұрын да белгілі болған дейді. Бірақ бөгет қақырап жарылып, ондаған адамды мерт қылып, бүтін ауылды толық күйреткенге дейін ешқандай шара қарастырылмаған.

Қызылағаштықтардың кейбірі 11 наурыз күнгі кешкі он жарымнан бастап, бөгет тесіліп, су кете бастағанын байқаған. Содан кейін екі жарым сағаттан соң су бөгетті бұзып-жара ауылға лап қойған. Сол аралықта бөгет басындағылар ауыл халқына телефон соғып, хабар беруге тырысқан. Бірақ сол күні боран соғып, Қызылағашта біраз үйде жарық сөніп қалған. Жұрттың апат кезінде толық хабардар болмауының бір себебі осы болса керек.

Your browser doesn’t support HTML5

Апатта ерлік жасаған

Азаттықтың 2010 жылғы 8 сәуірде жасаған репортажында Қызылағаш қоймасына су толған кезде механикалық тоспа – шлюзді қолмен ашу қияметке айналғаны баяндалған. Сонда бөгеттегі үш тоспаның екеуі ғана жұмыс істеп тұрған.

"ҚАНДАСТАРДЫҢ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЖОҚ..."

Арада 5 ай өтеді. Сонда ғана сол кездегі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осынша адам қаза тапқан оқиға болған жерге барады. Дұрысы – апат құрбандарына тұрғызылған ескерткішті ашуға барған. Ауыл сырттай қалпына келтірілгенімен, әлі де инфрақұрылым жұмыстары бітпей жатқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Автократтар апаттан да ұпай жинауға үйір

Тамыз айында Қызылағашқа сапарлаған Назарбаев биліктің жауапсыздығы, қайғылы оқиғаның себебі жөнінде емес, оның салдары туралы айтады. Жылу жинап, жауапты мекемелердің жауапсыздығын жапқан әрекетті үздік тәжірибе ретінде атайды. Назарбаев қызды-қыздымен жылу жинап жұмылуды "тәуелсіздіктің нәтижесі" деп бағалайды. Одан да зорғысы – "бұл халық осындай үйлерде тұрамын деп ойламаған шығар" деген президент өктем сөйлеп.

"Менің білуімше, сол ауылдағы судың астында қалған елдің жартысына жуығы – біздің сырттан келген қандастарымыз. Қазақстан дүниежүзіндегі өзінің қандастарын, оралмандарды алып келіп жатқан бірден-бір мемлекет. Мемлекеттен қаражат шығарып, шақырып, тарыдай шашырап кеткен қазағымыздың басын қосайық деп мен көп шаруа жасап жатырмын. Ол азаматтардың, әрине, Қазақстанға әлі еңбегі сіңген жоқ. Қазақстанның бүгінгі өркендеп-өскеніне олардың ешқандай еңбегі жоқ..." – деген еді президент Назарбаев.

Your browser doesn’t support HTML5

Президент Назарбаевтың Қызылағашта сөйлеген сөзі

СУ ҚОЙМАСЫН ҚАЙТА САЛУҒА ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ МЕ?

Арада 2 жыл өтеді. Адамы қайтса да, ауыл қалпына келеді. Бірақ бөгеттің бұзылуы көп жайға бөгет болады.

Азаттық радиосы 2012 жылғы 12 наурыздағы хабарында Қызылағаш өзенінің суы шаруаларға су көзі болудан қалғанын айтады. Қызылағаштықтарға бұл да ауыр соққы болған. Азаттық тілшісі Мақпал Мұқанқызының хабарлауынша, апаттан кейін игерілген егістік көлемі бар болғаны 100-200 гектар аралығын құраған. Су қоймасы жарылмай тұрған кезде Қызылағаш маңында игерілуге тиісті алқап 2400 га деп шамаланатын.

Your browser doesn’t support HTML5

Қызылағаш. Тасқыннан кейінгі он жыл

Апаттан кейін Қызылағашта бөгенді қалпына келтіру туралы да сөз болған. Алайда сол кезде Азаттықтың сауалына ресми мекемелер мен тиісті шенеуніктер нақты жауап бермеген. Кейбір мәліметке қарағанда, 2011 жылы бөгет құрылысына қаржы бөлінген көрінеді. Бірақ оны ешкім не растамады, не жоққа шығармады. Ал апаттан бері 15 жылдай уақыт өтсе де Қызылағаш су қоймасы қалпына келтірілмеді.

ТАСҚЫННАН СОҢ САЛЫНҒАН ҮЙДІ ТАҒЫ СУ БАСҚАН

Азаттық радиосы 2010 жылғы Қызылағаш апатынан кейін 2011 жылы Батыс Қазақстанда, Жайық бойында болған су тасқындары туралы да хабарлаған. Оралда адамдарды эвакуациялау кезінде аяғы ауыр әйелдерді қонақүйге орналастырған. Ал адам шығыны жөнінде нақты мәлімет айтылмайды. Алайда су бетінде қалқыған мәйіттер байқалған.

Азаттық радиосының 2011 жылғы 15 сәуірдегі тікелей эфирдегі хабарының модераторы Сағат Батырхан Прагадағы студиядан аймақтағы тілші Әбдібек Бекмырзамен байланысып, тікелей хабар таратқан.

Азаттық радиосы 2011 жылғы 6 мамыр күнгі хабарында Алматы маңындағы табиғи апат зардаптарына тоқталады. Онда Алматы облысында көктем кезінде су тасып, оның соңынан жерасты дүмпуінен қабырғасы жарылып кеткен үйлеріне кіре алмай жүрген адамдарды сөйлетеді.

Кейіннен Азаттық радиосы эфирде хабар таратуын тоқтатып, веб-сайт форматына көшкен кезде "Азаттық арнасы" подкасы ашылған. Су тасқыны жөніндегі мәліметтердің кейбірі осы "Азаттық арнасында" да қамтылып отырған.

Мұстафин ауылындағы тасқын зардабы

"Азаттық арнасы" подкасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы шығарылымында Астана төңірегінде болған селдің зардабы, Оразақ ауылындағы ахуал сөз болады. 2015 жылғы селден кейін үйлері құлаған адамдарға жаңа баспана салынған. Алайда оның сапасыз екенін көрген адамдар жаңа үйге кіруден бас тартқан.Бұл туралы Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай хабарлаған.

Атырауда су жайылды

"Азаттық арнасы" 2016 жылғы 22 тамыздағы шығарылымында көктемде су жайылғаннан кейін бірнеше ай өтсе де жағдайы оңалмай отырған адамдардың өмірін суреттеген. Азаттық тілшісі Қасым Аманжол Солтүстік Қазақстан облысы Мәмлүт ауданы Чистое ауылындағы ахуалды баяндайды. Көктемде жиналған су балдырға айналып, төңірекке мүңкіген иіс жайылған. Ауыл адамдарының жиған-терген жем-шөбі көгеріп кеткен. Сол кезде ауылдағы судың әлі тізеден келетіні айтылады. Ал су соратын құралдан хабар жоқ...

Садовое ауылындағы күнкөріс

"Азаттық арнасы" 2017 жылғы 19 сәуірдегі шығарылымында Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданы Садовое ауылындағы тасқын судың зардаптарын баяндаған. Осы ауылда 2015 жылғы тасқыннан кейін жаңадан салынған үйлерді 2017 жылы тағы да су басып қалған.

ҚАЙТАЛАНАТЫН ҚАМСЫЗДЫҚ

Жылда дерлік қайталанатын оқиғалар нені білдіреді? Сол кезде мамандар не деп еді? Эколог Мұсағали Дуамбеков жергілікті биліктің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан кейінгі жылдары өзендердің төменгі жағы бітеліп қалатынын айтады.

2017 жылы Қазақстанның барлық аймағында қар қалың жауғанына мән берген су маманы Оразхан Қарлыханов та жергілікті жердегі қамсыздықты сынайды. Саяси белсенді Зәуреш Батталова болса, мәселені жаһандық жылынумен байланыстырып, Қазақстанда оның алдын алуға әрекет болмағанын айтады.

Төтенше жағдай саласының маманы Ғабдолла Шағыров сол жылы наурыз айында жергілікті әкімдермен бірге әуеден бақылау жүргізілгенін, соған сай шешімдер қабылданатынын атап өтеді.

Ақтөбедегі су тасқыны

Азаттықтың хабарлауынша, 2017 жылғы 11 сәуірде Қазгидромет ауа райын болжау қызметі күннің күрт жылынатынын, су тасқыны күшейе түсетінін ескерткен. Сол күні су Петропавлдың шеткері жағындағы үйлерді басып қалған.

14-16 сәуір аралығында Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ондаған елді-мекенге су жайылып, жүздеген адам эвакуацияланған.

"Азаттық арнасы" осы хабарында 2015 жылғы су тасқынынан зардап шеккендердің арада екі жыл өтсе де өтемақы ала алмай әуре-сарсаңға түсіп келе жатқанын да баяндаған.

Мақтааралдағы ауылдар. Тасқынға дейін және су басқан кез

Азаттыққа тасқын жөнінде пікір білдірген мамандардың сөзінен елде бұрыннан бар қателіктер жыл сайын жүйелі түрде қайталанатынын көреміз.

АУЫЛДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДІҢ ХИКМЕТІ

Былтыр күзде Қазақстанда арнайы салалық мемлекеттік басқару органы – су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Арада жарты жыл өткенде елдің басым бөлігін су басты. Биылғы тасқынды билік кейінгі 80 жылда болмаған оқиға деп сипаттайды.

Жылда су тасиды, мал-жан шығын болады, соңынан қолы жеткендерге азын-аулақ өтемақы төленеді, құлаған үйлердің орнына жаңа баспана салынады. Бірақ сол үйлер келесі тасқында қайтадан суға кетеді. Инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімовпен сұхбатта әуелгі айтылған мәселе де осы болды.

Қазақстанның батысында бірнеше елді мекенді су алды

– Жаңа ауыл немесе үйлер салынатын болса, құрылысын жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Үйді қырат жерге салған дұрыс. Егер сол үйлер ойпаң, тегіс жерге салынатын болса, сол аумақты қорғау қажет. Жан-жағына дамбы салынғаны жөн. Ауыл ішінде де су ағатын арықтар болуы тиіс. Суды жинап, сыртқа шығарып жіберетін насос та керек-жарақтың бірі. Ауылды қалпына келтірген кезде осы нәрселерді ескеру керек. Осының бәріне, менің ойымша, қаржы жетіспейді-ау! – деп топшылайды су маманы.

СУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНДА ТАСҚЫНҒА ҚАРСЫ ШАРА ҚАМТЫЛМАҒАН...

Былтыр қыркүйек айында құрылған су ресурстары және ирригация министрлігін биылғы тасқын кезінде "қауқарсыздығын көрсетті" деп кейбіреулер сынға алды. Әмірхан Кеншімов ондай пікірге қосылмайды.

– Салалық министрлікті кінәлауға болмайды. Олар қыркүйекте құрылды. Бюджет жыл басында бекітілетіндіктен олардың қаржысы болмады. Жаңа жылдың бюджетін наурызда ғана бере бастайды. Министрлікке қаражаттан тыс техника, потенциал, жаңа мекемелер құру қажет. Мұның бәрі бір күнде бола салмайды ғой, – деді ол Азаттыққа.

Жаңа министрлік биылғы түйткілдер келесі жылы да қайталанбасы үшін қандай бағытта жұмыс істегені дұрыс?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нариман Қыпшақбаев: Үкіметте судың жайын білетін басшы жоқ

Маманның айтуынша, су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Алайда ел президенті онда су тасқынына қарсы шаралар қамтылмағанын ескерткен соң барып, тұжырымдама су тасқынына қарсы іс-шаралармен толықтырылмақшы. Осы бағытта жұмыстар атқарылуы керек.

– Екіншіден, заң мәселесі бар. Қазір Су кодексі жасалып жатыр. Алайда бір кілтипан бар. Біз, мамандар, гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіздігі жайлы заң бөлек болуы керек екенін үнемі айтып жүрміз. Сол заң бойынша, Ресей мен Өзбекстандағыдай гидроқұрылымдардың қауіпсіздігін қадағалап отыратын арнайы орган болу керек еді. Бізде осы мәселе Су кодексіне енгізіліп кетті. Ал кодекс деген өндірістік құжат қой, – дейді инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов.

– Одан кейін құрылымдық мәселелерді жөнге келтіру керек. Бұрын жергілікті жерлерде ПМК (жылжымалы механикаландырылған колонна) дейтін мекеме болған. Әр облыста осындай 2-3 мекеме болатын. Соларды қалпына келтіру керек шығар. Сосын ол кезде аудандық су шаруашылығы мекемелері болатын. Қазір олардың аты бар да, заты жоқ. Оларда техника, қаржы жоқ. Солардың бәрін қалпына келтіріп, қаржыландырып, техникамен қамтамасыз ету керек. Одан кейін әрбір ауылда кем дегенде бір-бірден, немесе екі-үш гидротехник болғаны жөн, – дейді маман Азаттыққа.

"ГИДРОҚҰРЫЛЫМДАР – МЕМЛЕКЕТТІК СТРАТЕГИЯЛЫҚ НЫСАН"

Кеншімовтің айтуынша, Совет одағы кезінде төтенше жағдай министрлігі деген болған жоқ, суға қатысты шаруашылықтың бәрін салалық министрлік жүргізетін.

Кейбір елдерде су нысандарын элиталық әскери құрылым күзетеді. Қазақстанда қалай? Инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімовтің айтуынша, заңға сәйкес, экономикалық маңызы бар күрделі гидроқұрылымдар мемлекеттік стратегиялық маңызы бар нысанға жатады. Ондай нысандарды ведомстводан тыс мекемелер күзетеді.

Бұл жерде Қызылағаш су қоймасының қалай күзетілгенін сұрау артық көрінді...

Айта кету керек, Совет одағы тұсында Қазақ ССР мелиорация және су ресурстары министрлігінде 200 мыңдай адам жұмыс істеген. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін бұл министрлікті таратып, штатын қысқартып, басқа министрлік қарамағындағы су комитетіне айналдырған.

Your browser doesn’t support HTML5

Көктемде таситын суды қуаңшылықта пайдалануға бола ма?

"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 55-эпизодында Қызылағаш апатынан бергі Азаттықта қамтылған кейбір су тасқыны оқиғаларына шолу жасадық. Содан туындаған сұрақтарға инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов жауап берді. Үзіндісі баяндалған бұл мәселе туралы бүгінгі эпизодтан толығырақ тыңдауға болады.

Эпизод соңында жазда жетпейтін, көктемде кетпейтін су игілігін игеруде саланың жағдайы мүлде сын көтермесіне көз жеткізгендей болдық. Ал салалық министрлік әлі құрылымдық, ұйымдастыру кезеңін өткеріп жатыр. Бүгінгі сөзді "Қылышты қынап сақтайды, суды мұрап сақтайды" деген мақалмен түйіндейміз.

"Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдап, ой-пікір бөлісуге болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін