"Путин соғыста жеңсе, мұнымен тоқтап қалмайды". Ресей соғысы мен пропагандасын зерттеген ғалыммен сұхбат

Украинаны қолдап, соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Ресейдің Қазақстанға ақпараттық шабуылдарының астарында не жатыр? Кремль пропагандасы қалай жұмыс істейді және халыққа қалай әсер етеді? Мәскеудің Украинадағы соғысы Қазақстанға несімен қауіпті? Азаттық бұл сұрақтарды Нидерландыдағы "Цицерон қоры" сараптама орталығының директоры, "Путиннің пропаганда машинасы", "Путиннің соғыстары" (Putin’s Wars: the Rise of Russia’s New Imperialism) және "Путинизм" (Putinism), "Путиннің пропаганда машинасы" (Putin’s Propaganda Machine) кітаптарының авторы, саясаттанушы Марсель Х. Ван Херпенге қойып көрді.

Азаттық: Жақында Ресей журналисі Тигран Кеосаян Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күніне мерекелік шара өткізбейтінін сынап, қазақстандықтар "Украинадағы жағдайға мұқият қарап, сабақ алуы тиіс" деп мәлімдеді. Бұл Кеосаянның жеке пікірі ме, әлде Мәскеу Қазақстанға айтарын журналист арқылы жеткізіп отыр ма?

Саясаттанушы Марсель Х. Ван Херпен.

Ван Херпен: Меніңше, бұл − Кеосаянның өз көзқарасы. Алайда оның айтқаны Ресейдегі агрессияшыл әрі шовинистік көңіл-күйге сай келеді. Оның пікірі көптеген топтың, оның ішінде Кремльдегілердің ойымен бір жерден шығуы мүмкін.

Азаттық: Қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізетін Demoscope тобының Ресей әскерінің Украинаға басқыншылығы жайлы сауалнамасына қатысқандардың 39 пайызы бұл қақтығыста Ресейдің әскери операциясын қолдайтынын айтқан. Зерттеушілер орыстілді қазақстандықтардың Мәскеу әрекетін қолдауы мен Ресей пропагандасы арасында тікелей байланыс барын анықтады. Ресей пропагандасы Қазақстанда неге сонша "нәтижелі" болып жатыр?

Ван Херпен: Меніңше, Қазақстанда әлі де өзін советтік Ресеймен байланыстыратын орыстар бар. Мұндай мәселе Эстония мен Латвияда да бар.

Азаттық: Зерттеу авторлары елдің ақпарат кеңістігінде мемлекеттік ақпарат құралдарымен салыстырғанда Ресей ақпарат құралдарының агрессияшыл нарративі басым дейді. Қазақстан билігі мен ақпарат құралдары Ресей пропагандасының ықпалын қалай азайта алады?

Ван Херпен: Украинадағы соғыс жайлы жан-жақты ақпарат беріп, Ресей тарататын жаңалықты да, Украина мен Батыс тарататын хабарды да ұсынсаңыз, өзгеріске бастаушы нарратив сол болар еді.

Азаттық: Пропаганда ықпалын азайту үкіметтің ерік-жігеріне де келіп тірелмей ме?

Ван Херпен: Қалай болғанда да Ресей пропагандасын тоқтату өте маңызды. Бірақ меніңше, Қазақстанның қазіргі үкіметі оны іске асыра алмайды. Бәлкім, ресми түрде оны жасай аламыз десе де, бейресми түрде оны жүзеге асыра алмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстанда кремльшіл пропаганданың зәрлі даусы қатты шығады"

Азаттық: Сонда бұған не кедергі? Мысалы, бұл Эстония үкіметінің қолынан келді ғой?

Ван Херпен: Иә, өйткені олар НАТО-ға мүше. Ал Қазақстан анағұрлым осал екенін есепке алу керек.

Азаттық: Украинаға басып кірмес бұрын Ресей президенті Путин Украинаның мемлекеттігін жоққа шығарды. Путин 2014 жылы Қазақстан жайлы да осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. Ол "қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған, оны Назарбаев құрған" деді. Путиннің мемлекетті жоққа шығаруы қаншалық қауіпті? Оның арты неге апаруы мүмкін?

Ван Херпен: Меніңше, бұл дәл Украинаға төнген тікелей қауіп тәрізді нәрсе. Әлбетте, Украина Путин үшін маңыздырақ болды. Путин Украинадағы басқыншылық соғыста жеңіске жетсе, ол онымен ғана тоқтап қалмай, әрекетін жалғастырады. Ондай жағдайда басқа елдерге де қауіп төнеді. Сондай елдердің бірі – орысы көп Қазақстан. Сондықтан Қазақстан үшін Ресейдің Украинадағы соғыста жеңілуі маңызды. Себебі Путин еш уақытта Совет одағының ыдырағанына мойынсұнған емес.

Ресей президенті Владимир Путин нацистік Германияның Совет одағына шабуыл жасағанына 80 жыл толуына байланысты соғыс құрбандарын еске алу рәсімінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 22 маусым 2021 жыл.

Азаттық: Қазақстан мұндай жағдайда не істей алады? Басшылық Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын айтты. Бұдан өзге қалай әрекет етуі керек?

Ван Херпен: Қазақстан көпвекторлы сааясатын жалғастыра беруі керек. Қазақстан Кремльдің жауына айналмауы керек, сөйте тұра дос та болмауы қажет. Әрі әлемнің басқа елдерімен, әсіресе Батыс әлемімен ашық қарым-қатынас ұстанғаны жөн.

Азаттық: Украинаға басып кірерден бұрын Ресей ол елге ақпараттық шабуыл жасап, "Украинаны неонацистер басқарады" деді. Путиннің Украинаға соғысы жайлы Ресей ақпарат құралдары пропаганда мен жалған ақпаратқа толы хабар таратып жатыр. Жалпы, пропаганда қалай жұмыс істейді? Және Ресей неліктен пропаганда машинасына сүйенеді?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "ZаПацаноV". Ресейдің Украинаға шапқыншылығы символы қалай пайда болды?

Ван Херпен: Пропаганда жайлы сөз қозғағанда үш нәрсені айту керек. Біріншіден, пропаганда бұрыннан бар идеяларға сәйкес келуі керек. Екіншіден, пропаганда тек қана жалаң әрі жалған мәлімет бола алмайды, онда көп ретте өтірік пен фактілер аралас жүреді. Үшіншіден, бәсекелес нарративтерді бақылау керек. Ал бәсекелес ой-пікірді әлеуметтік желілер тудырады. Ресейде жас буын әлеуметтік желіні қолданатындықтан, оларға пропаганда басқалар тәрізді әсер етпейді, олар оның жетегіне оңай еріп кетпейді. Сондықтан Кремль әлеуметтік желілерді бақылауға алды.

Азаттық: Ресейдегі сауалнама нәтижесі ресейліктер негізінен Путин әрекетін қолдайтынын әрі бұған мемлекеттік арналардағы пропаганда да ықпал ететінін көрсетеді. Жұрт не себепті Ресей пропагандасына сенеді?

Ван Херпен: Меніңше, мұның себебі пропаганда бұрыннан бар идеяларға негізделген. Ресейде елді сыртқы жаулар қоршап тұр деген түсінік бұрыннан бар. Бұл идея патшалық Ресей кезінде де, Совет одағында да болды. Кремльдің бүгінгі ресми нарративі де – осы. Сондықтан осы негізгі идеяға жаңа түсініктерді қосады, ол ой-пікір бұрынғы идеямен үйлеседі.

Азаттық: Ресейдің Украинаға агрессиясы 2014 жылы басталды. Ал ақпараттық шабуылы қалай басталған еді?

Ван Херпен: Ресейдің Украинаға ақпараттық шабуылы 2014 жылдан ертерек басталды, өйткені Путин мен Медведев "орыстар мен украиндар − бір халық" деген мәлімдемелерді оған дейін айтты. Бұл – 2008-2009 жылдары айтылған ескі нарративтер.

Ал жалпы бәрі "нацизм" туралы пікірден басталды. Бұл жай өтірікке негізделген сөз емес. Украинада ұлтшылдықтан рух алатын белгілі бір адамдар бар. Бірақ Мәскеу оны "бүкіл Украина, оның ішінде олардың үкіметі де нацистер" деу үшін пайдаланады.

Ресей президенті Владимир Путин Қырым аннексиясының сегіз жылдығына арналған митинг-концертте. Лужники стадионы, Мәскеу, 18 наурыз 2022 жыл.

Азаттық: Тарихшылар, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар Путин екі майданда соғыс жүргізіп жатыр дейді. Бірі Украина болса, екіншісі – Ресейдің өз іші. Ресей Батыс әлеуметтік желілерін бұғаттап, тәуелсіз ақпарат құралдарын жауып, соғысқа қарсылардың үнін өшіріп жатыр. The Moscow Times былтырмен салыстырғана мемлекеттік БАҚ-қа бөлінетін қаржы үш есе, ал әскерге бөлінетін ақша тек 11 пайызға артқанын жазды. Бұл нені білдіреді?

Ван Херпен: Ресейдегі халықтың 20 пайызы, әсіресе жастар соғысқа қарсы. Жастар әлеуметтік желілерді қолданады, интернетті жақсы біледі. Ал Ресейдегі телеарналар негізінен мемлекеттік, Кремль оларға оп-оңай ықпал ете алады. Бірақ қазір олар жастарға әсер ете алып жатқан жоқ. Ал оларға жастарды әскер қатарына шақыру керек болып тұр. Осылайша жастар пропаганда нысанасына алынды. Соғысқа әскер жіберу керек, бірақ әскер әлеуетін қысқа мерзімде күшейте алмайсың. Сондықтан бұл жерде қоғамдық пікірге ықпал ету керек.

Пропаганда тым көп болса, оны тәуелсіз ақпарат құралдары арқылы түзеу керек.

Азаттық: Зерттеушілер Ресейдің пропагандасы жылдар бойы толастамай, жауапсыз қалып, Украинаға басып кіруге ұласты деп есептейді. Ресейдің Қазақстанға ақпараттық шабуылдары жауапсыз қалып отырғанын байқауға болады. Жауапсыз ақпараттық шабуылдардың қаупі қандай? Онымен қалай күресу керек?

Ван Херпен: Пропаганда тым көп болса, оны тәуелсіз ақпарат құралдары арқылы түзеу керек. Мысалы, Russia Today арнасының пропагандасы тәуелсіз ақпарат тарату ережелеріне сай келмейді, Ұлыбритания сол себепті оны жазалап, айыппұл төлетті.

Азаттық: Қазақстан үшін Ресейдің Украинадағы соғыста жеңілуі маңызды дедіңіз. Сіздің ойыңызша, Украинадағы соғыс қалай аяқталады?

Ван Херпен: Бұл – әзірге жауабы жоқ сұрақ. Путин бұл елді үш күнде басып аламын деп ойлады, бірақ міне, екі айдан асты. Украиналықтар ерлікпен күресіп жатыр. Батыстың ауыр әскери техникасы бұған септігін тигізді, бірақ ол қарудың жеткізілуі көп уақыт алды. Дегенмен қазір Украина соғыста жалғыз емес, Батыс ауыр артиллериямен көмектесіп жатыр. Меніңше, Ресей шығыста біршама аймақты басып алады. Бірақ санкциялар да әсер етуі керек, сондықтан тап басып айту қиын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Мен қарсымын, ал ол қолдайды". Украинадағы соғыс қазақстандықтарды жікке бөлді ме?9 мамыр алдындағы дилемма. "Ажалсыз полк" Орталық Азия елдерін әбігерге салды"Вова көкені шақырамыз", "Путин, Оралды қосып алшы". Желідегі тартыс және сепаратизм қаупі"Соғыс Путин өлгенше жалғасады". Отбасы Украинада қалған қазақстандық кәсіпкердің әңгімесі"Оккупанттар зорлаған 14 жасар қыз қазір жүкті". Украинада Ресей әскерилерінің әйелдерді зорлағаны айтылды