Accessibility links

"Мен қарсымын, ал ол қолдайды". Украинадағы соғыс қазақстандықтарды жікке бөлді ме?


Украинаны қолдап, соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Украинаны қолдап, соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс қазақстандықтарды бір-біріне қарсы қойып, Қазақстан қоғамындағы бірқатар мәселені ашып көрсетті. Бұған не себеп, пропаганданы толассыз тарататын ресейлік федералды ақпарат құралдары қалай әсер етті?

24 ақпанда Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін ақпарат құралдары мен Қазақстан қоғамындағы талқылаулар саяси сипат ала бастады. Қазақстандықтардың көбі екіге бөлінді: біреулер Ресейдің Украинаға басып кіруін сынап, орыстарға жеккөрініш сезімімен қараса, басқалар керісінше, "Владимир Путин жарады, Ресей әскері Украинаны нацистерден тазартып жатыр" деп сенеді. Осы текетірестің салдарынан көп адам туыс-жақын, дос-жаран, әріптестері және көршілерімен түсінісе алмай, сөзге келіп қалған.

Алматы тұрғыны, 35 жастағы Елена Самойлова (кейіпкер аты-жөнін өзгертуді өтінді) күйеуімен тату-тәтті тұрған. Бірақ Украинада соғыс басталғалы отбасында ұрыс-керіс көбейген: ерлі-зайыптының саяси көзқарасы түйіспей, соғыс жайлы әңгіме қозғалса жиі сөзге келіп қалатын болған.

– Күйеуім екеуіміздің ойымыз бір жерден шыға бермейді. Бұрын бір мәселеге қатысты келісе алмасақ, қызық талқылау жүргізетінбіз, ал қазір пікірталасымыз көбіне ұрыс-керіспен, жылаумен аяқталады. Ол ақпарат іздеп, балама көзқарасты қарап, зерттегенді ұнатпайды. Бос уақыты аз болғандықтан, кешкісін Youtube ұсынған бағдарламаларды ғана көреді. Ол бұрыннан Путинді қолдайтын, оның федералды арналардағы мәлімдемелерін сағаттап көріп, достарымен талқылайтын. Менің "кез келген әскери іс-қимылға қарсымын" деген пікіріме "осылай жасау керек болды", "басқа жол жоқ" деп жауап береді, – дейді Елена.

Елена күйеуімен болған кезекті ұрыстан кейін "Украинадағы жазықсыз адамдардың қазасын қайғы-қасірет көрмейтін адамды сүйе алмаймын" деп айтып салған.

– Әрине, кейін өз-өзіме келіп, ашуым басылған соң "енді бұл тақырыпты қозғамай-ақ қояйықшы" деп өтіндім. Әкеммен қарым-қатынасым да мәз емес. Бір жарым айдан бері тек хат алмасып қана сөйлесеміз. Соңғы рет телефонмен сөйлескенімізде сөзге келіп қалғанбыз. Анам мен әпкем Ресейде тұрады. Олар да өз үкіметін қолдайды және бұл жағдайдан еш жамандық көріп отырған жоқ. Тіпті менің Алматыда өткен соғысқа қарсы митингіге қатысқаныма наразы болды. Енді ешкімге ештеңе дәлелдеуге тырыспаймын деп шештім. Уақыт бәрін өз орнына қояр деп ойлаймын, – дейді ол.

Елена мен оның отбасының хикаясы – Ресей мен Украина арасында соғыс басталғалы қазақстандықтар арасында болған мыңдаған тартыстың бір мысалы ғана.

"БІРТҰТАС ҚОҒАМ ЖОҚ"

Сәуірдің басында Demoscope қоғам пікіріне жедел мониторинг жүргізу бюросы қазақстандықтардың Ресей күштерінің Украинаға басып кіруі жөнінде не ойлайтынын білу мақсатымен жүргізген сауалнама (Азаттық бұл туралы жазған) қорытындысын жариялаған. Сауалнамаға қатысқан 1348 адамның 428-і немесе 39 пайызы Ресейді қолдаған (105 адам ғана Украинаны жақтаған). 400 респондент (36,3 пайызы) Ресейдің Украинаға шабуылын "нацистерге қарсы арнаулы операция" деп түсінеді. 424 адам (38,5 пайызы) Украинадағы соғыс туралы ақпаратты қазақстандық ақпарат құралдарынан оқиды, 258 респондент (23,4 пайызы) ресейлік арналарды қарайды, ал 387 азамат (35 пайыздан астам) жағдайды бағалау үшін Қазақстан, Ресей, Украина және батыс елдерінің ақпарат құралдарында жарияланған материалдарды салыстырып көреді. Сауалнамаға қатысқандардың 23 пайызы қазақ тілінде, 77 пайызы орыс тілінде жауап берген.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев сауалнама қорытындысы Қазақстан қоғамында жікке бөліну барын көрсетпейтінін, өйткені респонденттердің көбі бейтарап позицияны таңдағанын айтады.

– Қоғамның жікке бөлінгені жайлы бағалаулар асыра айтылған сияқты. Сауалнама қорытындысы да осыны көрсетеді: респонденттердің 45 пайыздан астамы қос тарапты да қолдамайтынын айтқан. Осы көрсеткішке сенсек, бұл қоғамның екіге жарылғанын емес, кімдікі дұрыс екенін білмей, нақты позицияға келмегенін білдіреді. Қоғамда ортақ пікір, бірыңғай позиция болуы керек деген идеализация бар. Бірақ шын мәнінде ешқандай елде біртұтас қоғам жоқ, барлық жерде белгілі бір оқиғаларға келгенде әртүрлі пікір бар, бұл қалыпты жағдай, – дейді сарапшы.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Әлеуметтанушы қазақстандықтардың әртүрлі пікірді ашық талқылап, көбіне ресейлік әріптестерінің шаңына ілесе алмай қала беретін отандық ақпарат құралдарынан объективті ақпарат алуға мүмкіндігі жоғын айтады.

– Саяси жүйе ашық талқылауға жол бермейтіндіктен, пікірталастың бәрі әлеуметтік желіде, таныс адамдардың ортасында өтеді. Бізде тәуелсіз ақпарат құралдары көп болса, сауалнамалар жиі жүргізілсе, болып жатқан оқиғаларға мұндай реакция білдірмес едік. Қоғамда әртүрлі пікірдің болуы – мәселе емес. Бірақ осы жерде Ресей пропагандасы деген мәселе туындайды. Кремльдің үгіт-насихаты белгілі бір көзқарас қалыптастырып, жеккөрініш сезімін туғызатынын көріп отырмыз. Бұл ақпарат кеңістігі әлсіз, ақпарат құралдары мемлекеттік саясатқа тәуелді ел үшін үлкен мәселе. Ресейлік ақпарат құралдарының белсенділігі, ықпалы мен технологиялық мүмкіндігі жоғары. Осыған ерекше назар аудару керек деп ойлаймын, – дейді Серік Бейсембаев.

"Провокатор журналист!" Қазақстанды айыптай сөйлеген Кеосаянның сөзіне депутаттар не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

"МЕДИА КЕҢІСТІГІМІЗДІ РЕСЕЙЛІК БАҚ ЖАУЛАП АЛҒАН"

Украинадағы соғысқа байланысты кикілжіңдер Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатыр. Журналист Әсем Жапишева "Ресей билігі пропагандаға өте көп қаржы бөледі, сондықтан оның әсері күшті" деп есептейді.

– Мұны қоғамның жікке бөлінуі деп бағалай алмаймын, бірақ бұл медиа кеңістігімізді ресейлік ақпарат құралдары жаулап алғанын көрсетеді. Бұл қауіпті болуы мүмкін. Біріншіден, Ресей депутаттары Латвия, Эстония, Қазақстан және басқа да мемлекеттерді денацификациялау жайлы ұсыныс айтып жүр. Екіншіден, Demoscope ұйымының кейінгі зерттеуін бәріміз оқыдық. Қазақстанда қоғамға жік салатын басқа да мәселелер жетіп-артылатынын ескерсек, бұл жығылғанға жұдырық болғалы тұр. Бұл көрсеткіш емес, бірақ төңірегімде көп адамның соғысқа байланысты өзіне жақын жандармен ұрсысып қалғанын білемін, – дейді Жапишева.

Журналист Әсем Жапишева.
Журналист Әсем Жапишева.

Жапишева Demoscope зерттеуіндегі тіл мәселесіне назар аударады: сауалнамаға қатысушылардың 77 пайызы орыс тілінде, 23 пайызы қазақ тілінде жауап берген. Орысша сөйлейтін респонденттердің 45 пайызы, қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың екі пайызы ғана Ресейді қолдаған.

– Бұл қызық жағдай. Сауалнамада қазақ тілін таңдаған адамдар жүз пайыз осы тілде сөйлеп, ақпарат тұтынады. Олар қорқатын сияқты. Өйткені Украинада адамдарды украин болғаны үшін ғана өлтіріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан алда-жалда елімізге біреулер басып кірсе, басқа тілде сөйлегеніміз үшін бізге де дәл осыны істейді-ау деген олардың қорқынышын жақсы түсінемін, – дейді Әсем Жапишева.

Журналистің пікірінше, Украинадағы соғысқа қатысты текетіресті Кремльдің жақтастары мен оларға қарсы азаматтардың таласы ғана емес, "ұрпақтар арасындағы кикілжің" деп бағалауға болады. Путиннің іс-әрекетін көбіне Совет одағын көрген ересек адамдар қолдайды. "Олар бір кезде бәріміз біртұтас мемлекет болдық деп ойлайды" дейді Жапишева.

– Жастар арасында кері процесс байқалады: Tik-Tok-та трендте жүрген тақырыптарға қарасақ, көбі деколонизациядан өтуіміз керек деген видео түсіріп жүр. Қазақ тіліне қызығушылық артып келеді, жастардың көп оқиғаға көзқарасы мүлде бөлек. Бұл медиатұтынуға байланысты. Олар теледидардан алыс, ақпаратты әртүрлі көздерден алып өскен, – дейді Әсем Жапишева.

"ЖАН-ЖАҚТАН ТОЛАССЫЗ АҒЫЛҒАН ПРОПАГАНДАҒА ЕРІКСІЗ СЕНІП ҚАЛАСЫҢ"

Ерқанат Өтепов – Оралда тұратын, 30 жылдық еңбек тәжірибесі бар құрылысшы. Ол Кремльдің саясатын қолдамайды, сондықтан үйіне кабель желісімен келіп тұрған, ресейлік арналарды көрсететін телевидениені өшіріп тастаған. Ерқанат жаңалықтарды Telegram және YouTube арналарынан қарайды, әртүрлі сарапшылардың пікірін тыңдайды. Ол кейінгі үш айда көп досымен, туысымен араласуды қойған. Ерқанаттың айтуынша, арадағы салқындыққа "саяси көзқарастар қайшылығы" себеп болған.

– Достарымның көбі – 50-лер шамасындағы, жеке пікірі жоқ адамдар. Олардың пікірін теледидар мен ресейлік пропагандистер қалыптастырады. Ақпаратты әртүрлі көзден алуға тырысамын, Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдарын да оқимын. Өйткені Путиннің саясатын да бақылап отыру керек. Ғалым не саясаткер емеспін, қарапайым құрылысшымын. Бірақ Путин басқаратын Ресей көзіне көрінгенді ырқына жығуға тырысатын, Украинаға ғана емес, Қазақстанға да көз тігіп отырған агрессор мемлекет екенін түсінуге ақылым жетеді. Достарым мен туыстарымның көбі осыны түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Жездем қонаққа келсе, мені, қазақ баласын "бандеровшы" деп атайды. Оның миында не барын білмеймін, – дейді құрылысшы.

Ерқанат 1990-жылдары Қазақстаннан Германияға көшкен ұлты неміс достарының Путинді қызу қолдайтынына таңғалады. Ол мұны достарының елге деген сағынышымен (олар өздері туып-өскен қазақ ауылын "ұлы" Совет одағынан бөліп қарамайды) және ақпараттық ортадан алыс болуымен байланыстырады.

– Қоғамда жікке бөліну бар-жоғын білмеймін, бірақ достарым мен жақындарым менен шынымен алыстап кетті, – дейді Ерқанат Өтепов.

Астаналық психолог Айгүл Федорова Ерқанаттың сөзіне қосылады. Сарапшының пікірінше, саяси көзқарасқа байланысты келіспеушіліктер ең алдымен тұрмыста байқалады. Айгүл мұны адамдардың жеке басының қауіпсіздігі үшін алаңдап, өзін сабырға шақыратын ақпаратқа сенуімен түсіндіреді.

– Қаңтар оқиғасы кезінде және Украинада соғыс басталғанда байқағаным, адамдардың қорқынышы күшейді. Ал қауіпсіздік бастапқы қажеттіліктің біріне жатады. Осындай стресс кезінде адамдар бәрі жақсы екенін сезіну үшін тірек іздей бастайды. Көбіне мұндай тіректің рөлін сенім атқарады: біреу Құдайға, енді біреу қандай да бір идеяға сенеді. Бұл "жағдай бақылауда, бәрін түсінемін, демек бәрін бақылауда ұстап отырмын" деген жалған сезім туғызады. Халықтың бойында үрей бар, сондықтан көп адамнан еститін "қазір позициямызды нақтылау керек" деген пікірді жиі айтады. Адамдар осы арқылы жанындағыларды "өз адамым, бөтен кісі" деп ажыратып алғысы келеді, – дейді сарапшы.

Психолог қазақстандықтардың көбі әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарынан түскен ақпаратқа сын көзбен қарамайды деп қынжылады.

– Бәріне бірден сеніп қаламыз, өйткені миымыз солай жұмыс істейді, өзі үшін ең жеңіл әрекетті таңдайды. Пропагандаға келсек, өз бетінше ақпарат іздеп, оны басқа көздерден алынған деректермен салыстырып шыққанша, Instagram-дағы қысқаша сипаттамасы бар суретке сене салған оңай, әрине. Біз мұндай талдау жүргізе алмаймыз, өмір бізді ондайға үйреткен жоқ. Ал пропаганда жан-жақтан ағыла берсе, оған сөзсіз сеніп қаласың, – дейді ол.

Айгүл Федорова Қазақстан қоғамына (және басқа кез келген қоғамға) сыни ойлау қабілетін дамытып, басқаша ойлауды үйрену керек деп есептейді. Бұл өзіңмен жұмыс істеуді және мемлекеттік деңгейде біраз іс тындыруды қажет етеді. "Білім жүйесінен бастап қоғамға дейін бәрін қайта құру керек: адамдар жеке пікірі мен азаматтық позициясын қалыптастыруы қажет" дейді психолог.

– Өкінішке қарай, қазір біздің қоғам жас нәрестеге ұқсайды. Адам өзін бала сияқты ұстағанда, үлкен, мықты біреу келіп, қорғағанын қалайды, – дейді Айгүл Федорова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG