31 жастағы Айгүлдің үшінші балаға аяғы ауыр. Ол қыста құрсағындағы баласының резус-факторы теріс екенін білген. Жатырдағы бала қанының резус-факторы теріс, ал шешесінікі оң болса, нәрестенің иммунитеті нашар болады. Бала дүниеге келген соң түрлі қан ауруына шалдығуы мүмкін. Ана мен бала қанындағы мұндай айырмашылықты дәрігерлер резус-конфликт деп атайды.
Айгүлге гинекологы жүктіліктің жетінші айында – биыл сәуірде резонатив уколын салдыру керегін айтқан. Аяғы ауыр әйел наурыздан бері сол дәріні іздеп жүр.
– Қаңтарда дәріханаларда бар еді. Арнайы күтімі бар укол болғандықтан, ерте алғым келмеді. Енді уақыты жеткенде таба алмай қалдым, – дейді ол.
Айгүл Қазақстан бойынша "барлық дәріханаға" хабарласып шыққанын айтады.
– Маған "бұл – Ресей арқылы келетін дәрі" деді. Украинадан да келеді екен. "Жеткізілмей жатыр. Қашан түсетінін білмейміз" деді.
"ҮЙРЕНШІКТІ ЖАҒДАЙ"
Қазақстанның фармацевтика нарығы импортқа қатты тәуелді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, дәріханалардағы антибиотиктердің – 85 пайызы, дәрумендердің 100 пайызға жуығы шетелден әкелінеді.
Былтыр Қазақстан 21,7 мың тонна дәрі-дәрмек импорттаған. Оның үштен бірінен көбі – 7,5 мың тонна Ресейден жеткізілген. Одан кейінгі орында 879 тонна препарат әкелінген Украина тұр.
Ең ірі екі серіктесі – Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салқыны Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығына да кері әсер етті. 18 наурызда денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният соғыс аймағынан дәрі жеткізу қиындағанын айтты.
– Украинадан 25 түрлі дәрі аламыз. Олар бойынша [дәрі қоры] 40 пайызға толтырылды. Бұдан кейінгі тасымал бола ма, жоқ па – белгісіз, – деді министр.
Оның сөзінше, Ресей мен басқа да тасымалдаушылардан дәрі импорттау ісінде проблема жоқ. Министр ұлттық оператор арқылы сатып алып, ауруханаларда мемлекеттің өзі беретін дәрі-дәрмектер жайлы айтты. Жекеменшік дәріханалардағы қордың ахуалы туралы ештеңе демеді.
Қазақстанда 8 мыңнан аса дәріхана бар. Олар дәрі-дәрмекті мемлекеттен бөлек – көтерме саудамен айналысатын тасымалдаушылардан алады. Жекеменшік дәріханаларда да, денсаулық сақтау министрлігінің жазуынша, ешқандай тапшылық жоқ. Бірақ ведомство басқа сценарийлерге де әзірленіп жатқан сыңайлы.
25 наурызда министрлік "Қазақстаннан дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын әкетуге тыйым салу" туралы бұйрық жобасын әзірлеп, талқыға шығарды. Министрлік "геосаяси жағдай тұрақсыз кезде нарықта дефицит болмас үшін" елден дәрі-дәрмек шығаруға алты айға дейін тыйым салуды ұсынған. Ведомство мұны "тек сақтық шарасы" деп атаған. Бұйрық жобасы 6 сәуірге дейін көптің талқысына салынады.
Алматыдағы Чайковский көшесінің бойында қаз-қатар орналасқан дәріханаларда жұрт ұзын-сонар кезекте тұр. Қала ішіндегі бағадан біршама арзанға дәрі алғысы келгендер осында келеді.
Дәрі-дәрмектің бөлшек саудасына соғыс әлі әсер ете қоймаған сияқты. Бірнеше сатушы Украинадан жеткізілетін корвалол дәрісі келмей жатқанын айтты. Бірақ олар препараттардың кейде кеш жететінін, кейде мүлдем келмейтінін "үйреншікті жағдай" дейді.
Дәріханалардың бірінде кезекте тұрған орта жастағы әйел бүйрегі мен жүрегі ауыратынын айтады.
– Дипросалик дәрісі жоқ. "Жеткізбей жатыр" дейді. Қазір үйде артығы бар, бірақ тағы алуым керек. Маған өте қажет дәрі. Күнде ішемін. Басқа баламалары көмектеспейді. Дринамияны да таба алмай жүрмін, – дейді ол.
Қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы жетекшісі Талғат Омаров нарықта "тапшылық сезілетін уақыт таяп келе жатқанын" айтады. Омаров басқаратын қауымдастыққа Қазақстан бойынша бөлшек саудада дәрі сататын 800-ден аса компания кіреді.
– Кәсіпкерлер арасындағы ақпарат бойынша, жекеменшік дәріханалар халық сұранысының 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Дәріханалар қазірден-ақ тапшылық сезе бастады. Әзірше қоймадағы дәріні сатып жатыр. Сондықтан білінбейді, – дейді ол. – Украинадан, Ресейден дәрі келмей жатыр. Шекарадан өте алмайды, өткендері кеш келеді. Жаңадан жеткізілген дәрілер 800-1000 теңгеге қымбаттап келе бастады. Себебі нарықта дәрі азайып барады.
"МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ ӨЗГЕРУІ КЕРЕК"
Омаровтың сөзінше, Қазақстанға дәрі тасымалдаушы компаниялар дәрі импорттайтын елді жергілікті тұтынушылар жағдайына қарап таңдайды.
– Дәрі-дәрмек импортының Ресейге қарап тұрғаны да содан. Себебі ол жақтан келетін дәрілер біршама арзан. Қазақстандағы тұтынушы кедей ғой, – дейді Омаров.
Бірақ Қазақстанның дәрі саласындағы негізгі одақтасымен еркін сауда таяуда қиындауы мүмкін. Украинаға соғыс бастағалы бері Ресей тығырыққа тірелді. Батыс елдерінің Мәскеуге салған санкциялары дәрі-дәрмек нарығына да әсер етіп жатыр. Диабетке, тері аурулары мен қатерлі ісікке шалдыққан науқастар шетелдік дәрі таба алмай, дабыл қағып отыр. "Тапшылық мәселесін ушықтырып алмас үшін" Ресей билігі 8 наурызда ел аумағынан шетелдік препараттарды алып шығуға тыйым салып, отандық дәрі-дәрмек өндірісіне қолдау көрсетуге кірісті.
– Бізге ондай одақтастың не керегі бар? Соғыс қанша уақытқа созыларын ешкім білмейді. Сондықтан Қазақстан Ресейге бағынбай, басқа амалын табуы керек. Басқа серіктестер тауып, олардың препараттарын Қазақстанға тіркеуі керек. Түркияның, Еуропа елдерінің компаниялары бар, – дейді Омаров. – Өзіміз де бірнеше зауыт ашуымыз керек. Шетелден дәріге қажет шикізатты алып келіп, Қазақстанда жасап, осында сатып отырған зауыттар бар. Солардың үлгісімен жұмыс істей беруге болады.
Қазақстан билігі отандық фармацевтика өндірісі жыл сайын ұлғаятынын айтады. Бірақ оған қоса импортқа тәуелдік те артып келеді.
– Мемлекеттік саясатты өзгерту керек. Бірақ фармацевтика нарығында мүдде көп. Реттелмей жатқаны содан. Бір-бірімен байланған адамдар… Жемқорлық мәселесі ушығып тұр, – дейді Омаров.
Қазір резус-конфликт анықталған аяғы ауыр әйелдер өзара чат ашып, аса қажет дәріні жұмыла іздей бастаған.
Айгүл отыратын чатта Қазақстанның түрлі қаласынан жиналған әйелдер бар. Резонативті әзірше ешқайсы таппаған.
Айгүл резонатив екпесін 14-15 сәуірге дейін салдыруы керек. Танысына тапсырыс беріп, қазір хабар күтіп отыр.
Оның сөзінше, екпе салдыратын уақыты келіп қалған әйелдер "әсері біршама аз" балама екпелерді салуға мәжбүр. Дәрі таппаған басқа әйелдер қажет дәріні Қырғызстан мен Ресейге барып іздемек.
ПІКІРЛЕР