Усманов пен Навальный YouTube-те айтысты

Ресейлік магнат Алишер Усманов (сол жақта) және оппозициялық саясаткер Алексей Навальный

Ресейлік магнат Алишер Усманов пен оппозиция жетекшісі Алексей Навальный бір-бірін айыптайтын видео үндеу жариялап, Мәскеу сотының жала жабу ісі бойынша бітімге келу ұсынысын қабылдамады.

Кремльге жақын, Өзбекстанда туған миллиардер Усманов сәуір айында Навальный мен оның "Жемқорлықпен күрес" қорын сотқа берген. Наурыздың 2-сінде Навальныйдың қоры премьер-министр Дмитрий Медведевтің "жеке дәулеті" туралы зерттеу жариялап, "Усманов Медведевке қарасты бір ұйымға қымбат ғимаратты қайтарымсыз берді" деп мәлімдеген. Бизнесмен өзіне жала жабылды деп санайды.

Бұл іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтерден сәл бұрын мамырдың 17-сінде Усманов YouTube желісінде видео үндеу жариялап, Навальныйды "жолы болмаған бизнесмен" деп сипаттайды. Кейбір көрермендер сөйлеу мәнерін қылмыс әлемінің өкіліне ұқсатқан Усманов Навальныйға "сен" деп, "Леша" деп сөйлейді.

"Маған жапқан жалаң кәнденнің пілге үргені сияқты" деген Усманов Навальныйға "сенің өзің шартты жаза өтеп жатқан қылмыскерсің" дейді. Ресей соты Навальныйды саяси белсенділігі күшейген кезде екі мәрте "қаржылық алаяқтық жасады" деген айыппен жауапқа тартқан. Усманов Навальныйды кешірім сұрауға шақырып, сөзін бетіне түкіргендей ишарамен бітірді.

Екі тарап Люблино аудандық сотының бітім жасау ұсынысын қабылдамай қойған соң Навальный да видео үндеу арқылы жауап берді. Саясаткер магнатты "бастауыш блогер" деп мысқылдап, "пара алғыш, пара бергіш алаяқ, жемқор адам" деп сөгеді.


Усманов - қазіргі Ресейдің ең дәулетті адамы. Оның бизнесі негізінен кен орындары мен медиа компанияларды және басқа да индустрия салаларын қамтиды. 1980 жылдары алты жыл совет түрмесінде отырғасын мерзімінен бұрын босатылған. 2000 жылы Өзбекстанның жоғарғы соты оны "кезінде нақақ қудаланды" деп ақтап жіберген.

Усмановтың видеодағы сөз саптауы мен отырысы әлеуметтік желілерде сынға ұшырады. Бірақ Ресейдің сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Facebook парақшасында миллиардерді қорғап шықты. Захарова Усмановтың үндеуін "нағыз ердің жауабы" деп мақтап, "университеттерде риторика мен PR мамандары зерттеуге лайық" деп бағалады.

Навальныйдың Медведевке қатысты "әшкерелеуші зерттеулері" наурыздың 26-сында Ресейдің көптеген аймақтарында халықтың жемқорлыққа қарсы митингілер өткізуіне түрткі болды. Наразылықтан соң 15 тәулікке қамалған Навальный отандастарын маусымның 12-сінде тағы да демонстрацияға шығуға шақырды. Оппозиция жетекшісі 2018 жылғы наурызда өтетін президент сайлауына түскісі келеді. Көпшілік келесі жылы президент Владимир Путин тағы алты жыл мерзімге сайлануға тырысады деп ойлайды.