Билікті қолдап келген діндар Кремльге жақпай қалды

Протоиерей Всеволод Чаплин.

Ресей православ шіркеуі өкілі болған кезінде протоиерей Всеволод Чаплинге ешкім тимейтіндей көрінген. Ресейде БАҚ арқылы танылған ол әсіреконсервативтік шетін пікірлерін айтатын. Енді ол жұмыстан босады.

Протоиерей Всеволод Чаплиннің «қамқоршысы» болып келген патриарх Кирилдің өзі ондай шетін пікірлер айтқан емес. Желтоқсанның 24-і күні Чаплин 2009 жылдан бері өзі басқарып келе жатқан шіркеудің қоғаммен байланыс бөлімі «оңтайландыру» мақсатымен басқа бөліммен біріккен кезде жұмысынан босап қалды.

Чаплиннің шіркеудің баспасөз хатшысы кезінде Мәскеудегі Франция елшілігіндегі Бастилия күні түскен суреті. 14 маусым 2007 жыл.

Кезінде оның пікірін жиі жариялап келген мемлекеттік баспасөз құралдары одан енді теріс айнала қалды. Оның басындағы аянышты хал Ресей президенті Владимир Путиннің көңілі суыған жағдайда Кремль одақтастарының шетқақпай көретінін аңғартады.

Аяқ астынан шетке қағылған Чаплин Азаттыққа берген сұхбатында шіркеу мен мемлекет басшыларын сынады. Сұхбат оның жаңа кеңсесінде – Мәскеу орталығындағы жаңа шіркеудің бақшасындағы жұпыны, ағаштан ойылған бастырма астында өтті.

47 жастағы Чаплин ежелгі қолдаушысы, 2009 жылдан бері Орыс православ шіркеуі басшысы болып келе жатқан патриарх Кирилмен қарым-қатынасы нашарлаған соң және өткен күзде Кремльдегі ірі шенеунікпен сөзге келіп қалған соң қызметінен айырылды.

«Ресейдің ұлттық санасы монархиялық» деген уәжбен Чаплин Путинді қолдап келген еді. Бірақ ол Кремльде басқаша ойлауды мүлдем жақтырмайтын топас әрі ымырасыз күштер бар екенін, президент қасындағы шеңбер тарылған сайын орыс ақсүйектері арасында «наразылық күшейіп келе жатқанын» ескертті.

Чаплин Путин әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары, елдегі саясатты бақылайтын өктем шенеунік Вячеслав Володинді «элитаға ықпал жүргізіп, ультиматум қояды» деп айыптады.

ДӨРЕКІ КҮШ

Үстелдегі компьютерін қосып қойған, діни киім киген Чаплин «Володин тәуелсіз пікірлерге төзе алмайды, ол «адамдар менің ұсыныстарымды ойланбай орындай беруі керек» деп санайды. Өктем адам, қасына тек «мақұл» дейтін кісілерді жинаған » деді.

Чаплиннің айтуынша, оның бұрынғы қолдаушысы «Кирилл де барған сайын автократқа айналып барады, Орыс православ шіркеуінде ойына келгенін жасайды». Ол «мұның классикалық мысалы патриархтың ақпанның 12-сі күні Папа Францискпен кездесуге (Кубада өтті - ред.) өте құпия дайындалғаны» дейді.

Бірақ шіркеу мен Кремльдің арасындағы байланысқа келсек, Чаплиннің сөзінше, Кирилл Кремльге қарсы шықпайды. Наурыздың 4-і және 15-і күні берген сұхбаттарында ол Кирилді «жалтақ, мемлекет пен шіркеу арасында советтік «мәміле» саясатын астыртын жүргізіп отыр, ескіліктен арылмаған» деп айыптады.

«Оның қолданатын әдістері, шіркеу мен мемлекет қарым-қатынасындағы тәсілдері - бұрынғы заманның әрекеттері. Оның бәрі бізді өткен күнге қарай кері тартады» деген Чаплин Азаттыққа жұмыстан қуылғалы патриархпен сөйлеспегенін айтты.

«Дін қызметкерлері үрейде өмір сүріп, билікке шындықты айта алмайтын, оларды сынай алмайтын советтік кезеңнен қалған қорқыныш әлі бар. Бірақ ол ұзаққа созылмайды» дейді ол. Алайда жұмыстан босамай тұрған кезінде Чалиннің өзі де шіркеуді немесе Кремльді сынаған емес.

Шын мәнінде, шіркеудің қоғаммен байланыс бөлімін басқарған алты жылда ол барған сайын консерватор бола бастаған шіркеудің «жаңашыл өкілі» ретінде көрінді. Батыс құндылығы, гейлер құқығы мен дарашылдыққа қарсы ашық сөйлеген Чаплин бірде «бетін бояп, қысқа юбка киген әйелдер біреудің өзін зорлағанын аңсайды, егер ол ішімдік ішсе, онда тіпті күмәнданбаңыз» деген еді.

Елдегі либералдар қарғысқа ұшырап жатқан кезде Чаплин Кремльге «жат» пікір айтпаған еді. Путин айтатын «дәстүрлі орыс құндылықтары» шеңберінен шықпаған болатын. Жириновский сияқты әсіреұлтшыл саясаткерлер қоғамның консерваторлық және Батыс елдеріне қарсы позицияларын қоздырып, Кремльге көмектеседі. Чаплиннің айтуынша, Кирилл қоғам алдында олай сөйлеуден тартынады.

АДАЛ КӨМЕКШІ

Коммунистік партия ережелеріне сай дінді жоққа шығаратын советтік кезеңде өмірге келген көптеген ресейліктер тәрізді Чаплин де 13 жасында құпия түрде шоқынған.

Ол Михаил Горбачевтің реформалары қоғамдағы жариялылыққа ықпал еткен 1980-жылдардың ортасында діни білім алған, 1990 жылы орыс православ шіркеуінің сыртқы байланыстар департаментіне қызметке тұрған.

Шіркеудегі сыртқы істер министрлігі тәрізді мекеменің басшысы ол кезде Владимир Гундяев болатын, кейін ол патриарх Кирилл атанды.

Патриарх Кирилл (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Киев, 27 шілде 2013 жыл.

Сыртқы байланыстар бөлімі 1946 жылы советтік диктатор Иосиф Сталиннің бұйрығымен құрылды. «Ресейдегі сенім – коммунизмнен соңғы діни саясат» кітабының авторы Джеральдин Фаганның айтуынша, сол кезде бұл мекеме мемлекеттің шіркеуді бақылауына мүмкіндік берді.

«Институтционалдық мәдениет сондай еді... Ол және патриарх Кирилл Кремльдің көңіл-күйіне лайықты әрекет жасап отырмыз деп сенді, әйтпесе Чаплин соңғы бес жылда сенсациялық мәлімдемелер жасамас еді» деді ол элекрондық пошта арқылы сөйлескенде.

1990-жылдары либерал саналатын Чаплиннің көзқарасы Путин кезінде, ол сыртқы байланыстар департаментіне орналасқан соң, «оңшыл» болып өзгерді. 2009 жылы патриарх Алексий дүние салып, оның орнын Кирилл басқанда Чаплин шіркеудің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды, оның сөзінде әсіреконсерваторлық сарын күшейе түсті.

2011 жылдың қыркүйегінде Чаплин Путиннің 2012 жылы президент сайлауына түсу ниетін қолдады. Оған дейін Путин төрт жыл премьер-министр болған еді. Путиннің бұл шешімі либералдардың ашу-ызасын тудырды, олар наразылық білдіріп, шеруге шықты, ал Чаплин оның бәрін «Ресейдегі билік бейбіт әрі достық жолмен ауысты» деп сипаттады.

Путин халық наразылығын басып, Кремльге оралғанда орыс православ шіркеуін елдің моральдық келбеті ретінде қолпаштады, Кирилл 2012 жылдың наурызына дейінгі сайлауда Путин кезеңін «Құдайдың кереметі» деп атады.

Олардың бір-бірін қолдауы либералдар, құқық қорғаушылар және елдегі діни азшылықтың жүйкесіне тиді, өйткені конститутцияда Ресей «зайырлы мемлекет» деп көрсетілген.

Pussy Riot панк тобы 2012 жылы Құтқарушы Христос ғибадатханасына барып, Иса пайғамбардың анасы Мариядан «Путинді қуып шығуды» сұрағанда әншілер шіркеу мен Кремль арасында тығыз байланысты келеке еткен еді. Pussy Riot тобына қатысты пікірталастар кезінде Чаплин суырылып алға шықты, ол панк топтың әрекетін қатты сынап, олардың әрекетін «Сайтанның ашуы» деп сипаттады.

Протоиерей Всеволод Чаплин орыс православ шіркеуін қолдау акциясында жүр. Мәскеу, 21 сәуір 2012 жыл.

Оның пікірлері Путиннің консерваторлық позициясын алдын ала білдіретін, тіпті ең қатты кеткен күнде де ол Кремльдің неден қауіптенетінін көрсететін сияқты еді. Бір қызық жері, Чаплин Кремльдің біраз қорқынышын бір кітапқа сыйғызып жіберді.

Бүркеншік атпен жазылған, бірақ 2015 жылы Чаплиннің жұмысы екені айтылған «Маша және аюлар» атты антиутопиялық роман либерализмге қарсы ескерту тәрізді, онда Мәскеудің 2043 жылы украиналықтар, исламдағы әсіредіншілдер мен гомосексуалдарды жеңіп, ядролық ақырзаманда ең биік шыңға шыққаны баяндалған.

БИЛІККЕ ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫ МА?

Чаплин Сирия мен Украинадағы соғысқа қатысты пікір айтып, Кремль мен Кирилдің позициясына қайшы шыққан кезде билік қаһарына ұшыраған тәрізді. Чаплин Азаттыққа Кирилл екеуінің қарым-қатынасы 2014 жылдың сәуірінде басталған Украина шығысындағы шиеленіске қатысты нашарлағанын, сол кезде ол «шіркеу мемлекетті сынауы керек» деген позиция ұстанғанын айтады. Оған қоса, ол Кирилдің шіркеудегі істеріне қарсы шыққанын баяндады.

Чаплин Украинадағы ресейшіл сепаратистерді қолдайды, бұл соғыста 9100 адам қаза тапқан еді және ол бұрынғы советтік елдер мен алыс шетелде тұратын орыс тілді адамдарды, яғни «Орыс әлемін» барынша қолдауға шақырды.

Қарамағында орыс шіркеуінің киевтік бөліміне қарайтын миллиондаған украиналықтар бар Кирилл басқа пікірде болды, 2014 жылдың маусымында ол украиналықтар мен орыстар арасындағы «бауырлардың бірін-бірі өлтіруін» тоқтатуды талап етті.

2014 жылы Путин патшалық дәуірдегі «Орыс әлемі» және «Новороссия» терминдерін қолданып, «Украинаның көп бөлігі Ресейге тиесілі» дегенде Кирилл өз үндеуін доғарды.

Всеволод Чаплин сөзге келіп қалған Ресей президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Вячеслав Володин.

Мәскеу Украинадан бөлінген сепаратистік аймақтарды Ресейге қосып алмайтынын бірнеше рет айтты. Ал Чаплин Мәскеу мен орыс православ шіркеуі қолдау және басшылық күткен шығыс украиналықтарға лайықты қолдау жасамады деп санайды. Ол Азаттыққа «Ресей мен шіркеу Украинаның шығысындағы адамдарды бұдан да қаттырақ қолдауы керек еді. Оларды сатып кеттік» деді.

«Новороссия» идеясының басқа да танымал өкілдері, соның ішінде ұлтшыл идеолог Александр Дугин мен Украина шығысындағы сепаратистердің бұрынғы командирі Стрелков та мемлекеттік БАҚ назарынан шеттетілді. Сепаратистердің бұрынғы басшыларын Кремльдің басқаруына қолайлы адамдар ауыстырды.

Шіркеуге келсек, соңғы жылдары либерал немесе консерватор болып жүрген бірқатар дін қызметкерлері жұмыстан шығарылды, мұның бәрі Кирилдің тәуелсіз пікірді тұншықтыруға тырысатынын көрсетеді.

«ҚАСИЕТТІ СОҒЫС»

Қыркүйектің 30-ы күні Ресейдің Сирияны атқылауына батасын берген Чаплин терроризммен соғысты «қасиетті соғыс» деп атағанда тым артық кетті. Таяу Шығыста бұл сөзді мұсылмандарға қарсы крест жорығы деп түсінгендер де болды, ресейліктер мен америкалықтарға қарсы «жиһад» жасауға шақырған «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған) ұйымы содырлары видеодағы осы сөзге шүйлікті. Қазанның 31-і күні Синай түбегіне құлап, 224 адамның ажалына себепкер болған ұшақтағы жарылысты ИМ мойнына алған еді.

Фаган Чаплиннің «қасиетті соғыс» туралы пікірі оны жұмыстан шығаруға ықпал етуі мүмкін дей келе, басқа себептер болғанын да ескертеді. Оның пікірінше, Путин орыс православ шіркеуі мен Ресейдегі 15 миллион мұсылман арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтауға тырысады.

«Чаплиннің Сирия туралы пікірі - осы тепе-теңдікті бұзатын сөз, бірақ оны орнынан алуды кім талап етті – Ресей мұсылмандары өкілі ме және бұл Ресей үкіметімен бірлескен шешім бе, әлде үкіметтің өзі тікелей бұйырды ма - ол жағы белгісіз. Бірақ бұған патриарх Кирилдің өзі бастамашы болды деп ойламаймын, себебі Чаплин 1990 жылдан бері оның көмекшісі болып келеді» дейді ол.

Чаплин «қасиетті соғыс» деген сөзді айтқан кезде өзі мүше болып отырған қоғамдық палата туралы да Володин және Кремльмен сөзге келіп қалды. Қазанның 7-сі күні Чаплин қоғамдық палатаның Кремль тағайындаған басшылығын «өктем» деп айыптады, баспасөз мәслихатын өткізіп, ұсыныстарын ешкім қабылдамайтынын айтты.

Протоиерей Всеволод Чаплиннің Макдональдсте түстеніп отырған сәті

Чаплин орнынан алынардан екі ай бұрын Мәскеудегі саяси технологиялар орталығы сарапшысы Алексей Макаркин «әркез мемлекеттік құрылымға адал болып келген адамның кенет шиеленіске араласуы өзгерістерден хабар береді» деп жазды.

Жұмыстан қуылардан бірнеше апта бұрын Чаплин тағы бір әрекет жасады, оны Кремль де, шіркеу де «тәртіп» бұзу деп санаса керек. Ол Ресейдегі америкалық ықпалдың белгісі саналатын Макдональдске барып түскі ас ішті. Ол бұл әрекетінің «күнәға жатпайтынын» мәлімдеді.

Мансабы төмендеп, Кремль шенеунігімен керісіп қалса да Чаплин президентті қолдайды. Ол өзін қазір либерал етіп көрсеткісі келгенімен, жарытылысы ондай емес, бірақ ол «Ресей болашағы үшін Путин басқа пікірлерге де құлақ асуы қажет» дейді.

Чаплин Азаттық тілшісіне «Ресейге мықты, дербес билік керек. Бізде монархистік сана бар, ол жақсы. Монарх пен халық арасында байланыс орнауы керек. Адамдардың айтқанын президенттің естігені жақсы деп ойлаймын» дейді.

Том Бэлмфордтың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.